Глубокое аудандық мәслихатының 2015 жылғы 25 ақпандағы № 33/2-V "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық мәслихатының 2022 жылғы 22 қазандағы № 25/3-VII шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 26 қазанда № 30308 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық мәслихатының 2024 жылғы 20 наурыздағы № 10/5-VIII шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық мәслихатының 20.03.2024 № 10/5-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Глубокое аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Глубокое аудандық мәслихатының "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасын бекіту туралы" 2015 жылғы 25 ақпандағы № 33/2-V шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3794 болып тіркелген) келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "Глубокое ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы";

      көрсетілген шешімнің кіріспесі жаңа редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 15)-тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету Ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Глубокое аудандық мәслихаты ШЕШТІ:";

      көрсетілген шешімнің 1 және 2 тармақтары жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес Глубокое ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес Глубокое аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.";

      көрсетілген шешіммен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібін көрсету қағидаларының жоғары оң жақ бұрышындағы мәтіні жаңа редакцияда жазылсын:

      "Глубокое аудандық мәслихатының 2015 жылғы 25 ақпандағы № 33/2-V шешіміне

      1 қосымша";

      көрсетілген шешімге қосымшаның жоғары оң жақ бұрышындағы мәтіні жаңа редакцияда жазылсын:

      "Глубокое аудандық мәслихатының 2015 жылғы 25 ақпандағы № 33/2-V шешіміне

      2 қосымша";

      осы шешімнің қосымшасына сәйкес тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы қағидасы жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Глубокое аудандық мәслихатының хатшысы А. Калигожин

  Глубокое
аудандық мәслихатының
2022 жылғы 22 қазандағы
№ 25/3-VII шешіміне қосымша
  Глубокое
аудандық мәслихатының
2015 жылғы 25 ақпандағы
33/2-V шешіміне 1 қосымша

Глубокое ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағында жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда Глубокое ауданының аумағында тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 10 (он) пайыз мөлшерінде белгіленеді.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындауды "Глубокое ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырады.

      3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға "Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 226 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20498 болып тіркелген) бұйрығымен айқындалған тәртіппен есептейді.

      4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге арналған шығыстарға ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының Глубокое аудандық мәслихаты белгілеген шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес пайдалы алаң, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес алаң нормасы қабылданады.

      5. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне сәйкес "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) жүгінеді.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      7. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      8. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау аудан бюджетінде тиісті қаржы жылына көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      9. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган екінші деңгейдегі банктер арқылы тұрғын үй көмегін алушылардың, қызмет көрсетушілердің жеке шоттарына есептелген сомаларды аудару жолымен жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады