Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 16 қаңтардағы № 30 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 18 қаңтарда № 31709 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Жоғары

      аудиторлық палата


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Стратегиялық жоспарлау және

      реформалар агенттігінің

      Ұлттық статистика бюросы

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары -
Қаржы министрінің
2023 жылғы 16 қаңтардағы
№ 30 Бұйрықпен
бекітілген

Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 599 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12544 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 14-бабы 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережесінде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің ІАҚ қоспағанда, орталық мемлекеттік органдардың, орталық мемлекеттік органдары ведомстволарының, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ІАҚ өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасының Заңына, қолданыстағы заңнама талаптарына және мемлекеттік органның ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.";

      12-тармақтың екінші бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер тиісті Қазақстан Республикасы Жоғарғы аудиторлық палатаның, тексеру комиссияларының және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне енгізілмесе, ІАҚ орталық мемлекеттік органның бірінші басшысының, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің тапсырмасы бойынша жоспардан тыс мемлекеттік аудит жүргізеді.".

      2. "Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 640 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14624 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларында:

      9-тармақтың төртінші бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шоғырландырылған қаржылық есептілікке өзгеріс енгізілген кезде есептіліктің Қазақстан Республикасы Жоғарғы аудиторлық палатасына (келесі – Жоғарғы аудиторлық палата) бұдан бұрын жіберілген данасына тиісті өзгерістерді енгізу қажет.";

      12-тармақтың төртінші бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган келіскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей Жоғарғы аудиторлық палатасына ұсынады.".

      3. "Қаржылық есептілік аудиті" рәсімдік стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 272 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15209 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Қаржылық есептілік аудиті" рәсімдік стандартында:

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдарында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау Қазақстан Республикасы Жоғарғы аудиторлық палатасымен және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Заңның 2-бабы 3-тармағына сәйкес осы органдардың бірінші басшылары айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.".

      4. "Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы № 392 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16689 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі уәкілетті органның ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларында:

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Ведомство және оның аумақтық бөлімшелері мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі бекітілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Жоғарғы аудиторлық палатаға (келесі - Жоғарғы аудиторлық палата), тексеру комиссияларына, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға жібереді.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Ведомство және оның аумақтық бөлімшелері Жоғарғы аудиторлық палатаның және тексеру комиссияларының мемлекеттік аудит объектілері тізбелерінің өзгерістеріне тоқсан сайынғы негізде мониторинг жүргізеді.";

      114-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "114. Аудиторлық іс-шараны жүргізу барысында немесе аудиторлық қорытындыны ведомство және оның аумақтық бөлімшелері бекіткеннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит тобының жетекшісі және (немесе) аудиторлық іс-шараны өткізген мемлекеттік аудитор мемлекеттік аудит материалдарын ведомствоның ақпараттық жүйесіне енгізеді.

      Ішкі мемлекеттік аудит материалдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің "Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 28 қарашадағы № 7-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12459 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорына енгізу үшін Жоғарғы аудиторлық палатаға ұсынылады.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі аудит қызметтерінің ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларында:

      7-тармақтың екінші бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ішкі аудит қызметтері егер тиісті объектілер Казақстан Республикасы Жоғарғы аудиторлық палатасының (бұдан әрі – Жоғарғы аудиторлық палата), облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиясының (бұдан әрі – тексеру комиссиялары) және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне енбесе, орталық мемлекеттік органның, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің тапсырмасы бойынша жоспардан тыс мемлекеттік аудитті жүргізеді.";

      12-тармақтың бірінші бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 590 және Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің бақылау жөніндегі есеп комитетінің (бұдан әрі – Есеп комитеті) 2015 жылғы 28 қарашадағы № 10-НҚ нормативтік қаулысы мен бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12502 болып тіркелген) бекітілген стандарттарға, бірыңғай қағидаттар мен тәуекелдерді басқару жүйесіне тәсілдерге, тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тізбесін қалыптастыру және ішкі мемлекеттік аудит жүргізу кезінде қолданылатын Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 597 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12490 болып тіркелген) бекітілген Тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесіне (бұдан әрі – ТБҮЖ) сәйкес жүзеге асырылады.";

      15-тармақтың бірінші және екінші бөлімдері мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Ішкі аудит қызметінің мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі әзірленеді және Жоғарғы аудиторлық палата, тексеру комиссиялар, уәкілетті органмен оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерін есепке ала отырып, жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейін Заңның 18-бабының 2-тармағына сәйкес бекітіледі және күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде уәкілетті органға жіберіледі.

      Мемлекеттік аудит объектілерінің бекітілген тізбелері, сондай-ақ оларға өзгерістер олар бекітілген күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 14 наурыздағы № 390-16қ қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) сәйкес құпиялық, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге құпиялық режимінің сақталуы ескеріліп, мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырылады.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады