"Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 26 қаңтардағы № 19 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 26 қаңтарда № 31778 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13288 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларында:

      2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидалар мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және ОӘК-мен қамтамасыз ету тәртібін, оларды орындау мерзімдерін, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік), оның ведомстволық бағынысты ұйымы – "Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының (бұдан әрі – РҒП БМСО), Министрліктің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттерінің (бұдан әрі – Департамент), білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдардың және білім беру ұйымдарының функцияларын бекітуді айқындайды.";

      13-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "13. Білім беру ұйымдарының әдістемелік бірлестіктері немесе әдістемелік бірлестіктері жоқ білім беру ұйымдарының педагогтері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 9 желтоқсандағы № 491 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31060 болып тіркелген) Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау қағидаларына сәйкес алдағы оқу жылына оқулықтар мен ОӘК таңдауды жүзеге асырады және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінімдер толтырады.";

      16 және 17-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "16. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 25 сәуірге дейін білім беру ұйымдарының өтінімдері негізінде оқулықтар мен ОӘК-ді басып шығаруды жүзеге асыратын баспалармен осы Қағидалардың 24 және 24-1-тармақтарында көзделген шарттарды көрсете отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес шарттар жасайды.

      17. Жергілікті атқарушы органдар оқулықтар мен ОӘК-ді басып шығаратын баспалармен "Оқу басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-124 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25657 болып тіркелген) сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысы болған жағдайда ғана шарт жасасады.";

      22, 23 және 24-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "22. Оқулықтарды сараптамаға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 бұйрығымен бекітілген Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендері мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, оларға сараптама, сынақ өткізу және мониторинг жүргізу, оларды басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7876 болып тіркелген) сәйкес баспалар оқулықтардың сапасын қоғамдық талқылау жүргізу мақсатында өзінің интернет-ресурсында орналастыру үшін оқулықтың электронды нұсқасын РҒП БМСО-ға жібереді.

      23. РҒП БМСО Департаменттермен бірлесе отырып, 1 маусым және 10 қыркүйек аралығында он күн сайынғы мониторингті жүргізеді, оның барысында жергілікті атқарушы органдар жеткізу туралы, баспа - жөнелту туралы мәліметтерді ұсынып отырады.

      24. Баспа мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар сатып алған оқулықтар мен ОӘК-ні келесі жағдайларда ауыстырады:

      1) полиграфиялық ақау анықталған жағдайда;

      2) баспаның пәндік сараптама комиссиясы бекіткен нұсқадан ауытқуы нәтижесінде жіберілген қате (қателер) және (немесе) басқа да кемшіліктер анықталғанда.";

      мынадай редакциядағы 24-1-тармақпен толықтырылсын:

      "24-1. Полиграфиялық ақау анықталған кезде баспа полиграфиялық ақауы бар оқулықтар мен ОӘК-ні ауыстырады.

      Баспаның пәндік сараптау комиссиясы бекіткен нұсқадан ауытқуы нәтижесінде қателер анықталған жағдайда, баспа табылған қателерді жойғаннан кейін бүкіл тиражды ауыстырады.";

      26 және 27-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "РҒП БМСО 10 қыркүйек және 10 қараша аралығында ҰБДҚ деректеріне сәйкес сатып алынған оқулықтар мен ОӘК әдістемелік бірлестіктердің немесе педагогтердің (әдістемелік бірлестіктер болмаған жағдайда) өтінімдеріне сәйкес мониторингті жүзеге асырады.

      27. РҒП БМСО ҰБДҚ арқылы мектеп кітапханаларының жай-күйіне және олардың оқулықтармен, ОӘК-мен, оның ішінде электрондық оқулықтармен, көркем, ғылыми-танымал және ғылыми-әдістемелік әдебиеттермен толықтырылу процесіне тұрақты түрде мониторингті жүзеге асырады және оның нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар жолдайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады