"Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 207 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2023 жылғы 23 қаңтардағы № 4 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 27 қаңтарда № 31797 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 207 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14422 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Банк белгілеген нысан бойынша банкке қағаз тасымалдағышта немесе электрондық түрде ұсынылған клиенттің өтініші (бұдан әрі – өтініш) негізінде клиент пен банк арасында банктік шот шарты және (немесе) банктік салым шарты (бұдан әрі – банктік қызмет көрсету шарты) жасалған кезде банктiк шот ашылады.

      Мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мақсаты үшін банктік қызмет көрсету шартын жасасқанға дейін ақпараттық өзара әрекеттесу арқылы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган банкке ұсынған жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірін және тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) қоса алғанда, ол туралы ақпарат негізінде банктің клиентке жеке сәйкестендіру кодын беруіне рұқсат етіледі. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган жеке тұлғаның келісімімен жеке тұлға туралы ақпаратты ұсынады және ол клиенттің электрондық нысанда жіберілген банктік шотты ашу туралы өтінішіне теңестіріледі. Бұл ретте осы Қағидалардың талаптарына сәйкес банктік қызмет көрсету шарты жасалғаннан кейін ғана осы банктік шот бойынша шығыс операцияларын жасауға рұқсат етіледі.

      Тұрғын үй төлемдерін есепке алуға және "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Тұрғын үй қатынастары туралы заң) 101-5-бабына сәйкес мақсатта төлемдерді жүзеге асыруға арналған банктік шот банк, клиент – тұрғын үй төлемдерін алушы болып табылатын қызметкер және қызметкері тұрғын үй төлемдерін алушы болып табылатын мемлекеттік мекеме арасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 желтоқсандағы № 1727 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына (бұдан әрі – № 1727 қағидалар) 10-қосымшаға, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 49 қаулысымен бекітілген Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына (бұдан әрі – № 49 қағидалар) сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 872 қаулысымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына (бұдан әрі – № 872 қағидалар) 8-қосымшаға сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № 524 қаулысымен бекітілген Ішкі істер органдарының қызметкерлерін қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына (бұдан әрі – № 524 қағидалар) 5-қосымшаға сәйкес тұрғын үй төлемдері туралы шарт жасалған кезде ашылады.

      Клиент пен банк арасында Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10610 болып тіркелген "Білім беру жинақтау салымы туралы үлгілік шартты және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы үлгілік келісімді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 63 бұйрығына 1-қосымшаға сәйкес білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасалған кезде "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заң) 7-бабына сәйкес білім беру жинақтау салымына арналған банктік шот ашылады.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Қағидалардың 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, клиент электрондық түрдегі өтінішті банкке электрондық цифрлық қолтаңбаны немесе серпінді сәйкестендіруді пайдалана отырып ұсынады.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Қазақстан Республикасының резиденті-жеке тұлғаларына мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді есепке алу үшін олардың талабы бойынша ағымдағы шот ашылған кезде клиент банкке мыналарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) ағымдағы шоттың белгіленуін қамтитын өтінішті ұсынады.

      Осы тармақтың талаптары Қағидалардың 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайға қолданылмайды.".

      2. Төлем жүйелері департаменті (Е.Т. Ашықбеков) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (А.С. Касенов) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасары Б.Ш. Шолпанқұловқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Ұлттық
Банкінің Төрғасы
Г. Пирматов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Әділет министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты

      әлеуметтік қорғау министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады