"Республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шаралары шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 28 желтоқсандағы № 431 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 17 ақпандағы № 24 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 22 ақпанда № 31958 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шаралары шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 28 желтоқсандағы № 431 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16221 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 141) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шаралары шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2023 жылғы 17 ақпандағы
№ 24 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2017 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 431 бұйрығымен
бекітілген

Республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шаралары шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шаралары шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 141) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шаралары шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау мақсатында әзірленді.

      2. Осы Әдістемеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      2) көрсетілетін қызмет – республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде көрсетілетін қызмет (ақпараттық-консультациялық көрсетілетін қызметтер, іскерлік консультациялық көрсетілетін қызметтер, жергілікті өнімді әзірлеу және ілгерілету жөніндегі көрсетілетін қызметтер, кәсіпкерлік қызметті жүргізуді сервистік қолдауды ұсыну жөніндегі көрсетілетін қызметтер, оқыту бойынша көрсетілетін қызметтер, біліктілікті арттыру, іскерлік байланыстар орнату);

      3) оператор – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 728 қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде қызмет көрсету процесін үйлестіруді қамтамасыз ететін ұйым;

      4) операторлық шығыстар – қызмет көрсету процесін үйлестіруді қамтамасыз ету үшін қажетті оператор шығыстары.

      3. Республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде көрсетілетін қызмет құнын айқындау (бұдан әрі – көрсетілетін қызмет), бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезінде ескеріледі.

2-тарау. Республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шаралары шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау

      4. Көрсетілетін қызметтердің құнын айқындауға қойылатын негізгі талаптар:

      1) көрсетілетін қызметтер құнының есептемелерін құжаттармен және (немесе) қызметтер көрсету үшін қажетті шығыстардың ақпарат көздерімен растау арқылы көрінетін анықтық, тиімділік пен негізділік;

      2) көрсетілетін қызмет құнының баға ұсыныстарының нарықтық бағаларға сәйкестігінен көрінетін шынайылық.

      5. Іс-шараларды іске асырудың болжамды экономикалық әсері көрсетілетін қызметтердің сметалық құнын айқындау үшін негіз болып табылады.

      6. Қызмет көрсетудің құны оператор ұсынатын шығыстар баптарының сметасына сәйкес айқындалады, оған:

      1) әлеуметтік салық және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымдарды (оператор шығыстары) қамтитын оператор жұмыскерлерінің жалақысы;

      2) оператордың қызметтерді көрсету үшін бөгде ұйымдарды және жеке тұлғаларды тартуы;

      3) жалдау ақысы;

      4) коммуналдық көрсетілетін қызметтер;

      5) материалдарды сатып алу;

      6) іссапар шығыстары;

      7) байланыс қызметтері;

      8) банк көрсететін қызметтер;

      9) амортизациялық аударымдар;

      10) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер кіреді.

      7. Оператор жұмыскерлерінің жалақысында еңбекақы төлеу, әлеуметтік салық, "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары көзделеді.

      Iс-шараларды іске асыруға тартылған оператор жұмыскерлерінің еңбекақысын есептеу бюджеттік қаражат есебінен жасалған шарттарға сәйкес қаражат көлеміне пропорциоаналды, бірақ білім деңгейіне және экономикалық қызмет түрлеріне және атқаратын лауазымына сәйкес жобаны іске асыру орны (өңір) бойынша орташа айлық жалақыдан жоғары емес көлемде жүзеге асырылады.

      8. Бөгде ұйымдарды және жеке тұлғаларды тарту шығыстарында қосалқы мердігерлікке жұмсалатын шығыстар және қайтарымды қызмет көрсету шарттары бойынша тартылатын жеке тұлғалар көрсететін қызметтердің төлемі көзделеді.

      Қосалқы мердігерлікке тартылатын бөгде ұйымдар мен жеке тұлғаларды конкурстық (тендерлік) негізде оператор айқындайды.

      Қайтарымды қызмет көрсету шарттары бойынша тартылатын жеке тұлғалардың санын айқындау кезінде шығыстар сомасында:

      1) көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілік;

      2) көрсетілетін қызметтің еңбек сыйымдылығы;

      3) Қазақстан Республикасының бағдарламалық құжаттарының талаптары;

      4) мемлекеттік органдардың ұсыныстары ескеріледі.

      9. Жалдау ақысында қызмет көрсету үшін үй-жайларды жалдау шығыстары көрсетіледі.

      10. Коммуналдық көрсетілетін қызметтер электр энергиясына, жылуға, сумен жабдықтауға, су бұруға және газға жұмсалатын шығыстарды қамтиды.

      11. Байланыс қызметтеріне пошта байланысы, интернет, телефония (ұялы байланыс қызметтерін қоспағанда) бойынша шығыстар жатады.

      12. Материалдарды сатып алу құнын айқындау кезінде кеңсе және жұмсалатын материалдарды сатып алу шығыстары ескеріледі.

      13. Іссапар шығыстары "Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысына сәйкес ел ішінде Қазақстан Республикасы ішіндегі іссапарлар бойынша шығыстарды қамтиды.

      Іс-шараларды іске асыруға тартылған жұмыскерлердің операторлық шығыстарын есептеу бюджет қаражаты есебінен жасалған шарттарға сәйкес әкімшілендірілетін сома көлеміне пропорционалды түрде жүзеге асырылады.

      14. Көрсетілетін қызмет құнын қалыптастыру ақылы білім беру қызметтерін көрсетуге арналған шығындарды толық өтеуге негізделген, бұл ретте баға жүзеге асыруға жұмсалған ресурстар құнының негізінде қалыптасады.

      15. Ұйымның бірінші басшысы қол қойған шығыстардың түрлері бойынша егжей-тегжейлі есептері мен негіздемелері бар шығыстар баптарының сметасын мемлекеттік көрсетілетін қызмет операторы республикалық бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде уәкілетті органға ұсынады.

      Уәкілетті орган ұсынылған шығыстар баптарының сметасын осы Әдістеменің 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негізгі талаптарға сәйкестігі тұрғысынан 10 жұмыс күні ішінде қарайды және ескертулер болған жағдайда, оларды көрсете отырып, шығыстар баптарының сметасын пысықтау үшін жазбаша түрде қайтарады.

      Оператор уәкілетті органның ескертулерін алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға пысықталған шығыстар баптарының сметасын ұсынады.

      16. Қазақстан Республикасының өңірлері бойынша көрсетілетін қызметтің құны көрсетілетін қызметті алушылардың жоспарланған жалпы саны және қызмет көрсету күні ескеріле отырып, шығыстар бабына сәйкес есептік әдіс негізінде ағымдағы бағаларда айқындалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады