Жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2023 жылғы 17 наурыздағы № 105 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 17 наурызда № 32098 болып тіркелді

      "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 11-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың үлгілік біліктілік сипаттамалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Ақпарат
және қоғамдық даму министрі
Д. Қыдырәлі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық
даму министрі
2023 жылғы 17 наурыздағы
№ 105 бұйрығымен
бекітілген

Жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың үлгілік біліктілік сипаттамалары

1-тарау. Жалпы ереже

      1. Осы жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың үлгілік біліктілік сипаттамалары (бұдан әрі – біліктілік сипаттамалары) "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 11-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жастармен жұмыс жөніндегі мамандарды дұрыс іріктеуді қамтамасыз етуге, жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың біліктілік сипаттамаларын айқындауға бағытталған.

      2. Жастармен жұмыс жөніндегі маман – жастардың жеке адам ретінде және әлеуметтік дамуын қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыратын, біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін қажетті біліктілігі бар маман.

2-тарау. Жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың үлгілік біліктілік сипаттамалары

      3. Лауазымдық міндеттері:

      жастар арасындағы өзекті мәселелер (жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру, репродуктивті денсаулықты қорғау, құмар ойындардың (лудоманияның) қауіптілігі) бойынша ақпараттық-түсіндіру, консультациялық жұмыс жүргізуді қамтамасыз етеді;

      мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру бойынша отандық және шетелдік жұмыс тәжірибесін зерделейді және жинақтайды;

      жұмыс іздеп жүрген адамдарды, өз бетінше жұмыспен қамтылғандарды, жұмыссыздарды және аз қамтылғандарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша мүдделі жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынастарды жүзеге асырады;

      жұмысқа орналаспаған жастардың деректер базасын қалыптастыру бойынша жұмыс мәселесін ұйымдастырады;

      жастардың әртүрлі топтарымен және санаттарымен жұмыс істеу түрлері сонымен қоса әдістерін жетілдіруге бағытталған іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;

      қажетті және дұрыс есеп беруді қамтамасыз етеді;

      еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі және санитарлық

      гигиеналық нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді;

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар жасайды және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының сақталуына дербес жауапты болады.

      4. Білуге тиіс:

      Қазақстан Республикасының Конституциясын;

      Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін;

      Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін;

      "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңды;

      "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасының Заңды;

      Қазақстан Республикасының еңбек қатынастарын, білім беруді реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді;

      мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың негіздері, қағидаттары мен бағыттарын.

      5. Біліктілікке қойылатын талаптар:

      гуманитарлық ғылымдар немесе әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес, немесе құқық (құқықтану, халықаралық құқық), немесе білім, немесе жаратылыстану ғылымдары, немесе техникалық ғылымдар және технологиялар мамандықтары бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады