"Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 96 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 21 сәуірдегі № 152 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 21 сәуірде № 32340 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 96 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9936 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      1-1-тармақта 15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) тұтынушы – тұрмыстық, коммуналдық-тұрмыстық, өнеркәсіптік тұтынушы, өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор немесе электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушы, ірі коммерциялық тұтынушы, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлға";

      3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Өнеркәсіптік, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, ірі коммерциялық тұтынушылар, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар, цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғалар тауарлық газды өнім берушілерден Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарттар негізінде сатып алады.

      Электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушыларға, ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға, цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіруді жүзеге асыратын тұлғаларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларды электр энергиясымен жабдықтауды жүзеге асыратын тұлғаларға тауарлық газды өткізу шарттарында:

      электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылардың халықты, заңды тұлғаларды, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларды энергиямен жабдықтау үшін тауарлық газдың пайдаланылуын бөлек есепке алуды жүргізу жөніндегі;

      ірі коммерциялық тұтынушылардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, сондай-ақ халық пен заңды тұлғалар үшін жылу және (немесе) электр энергиясын және басқа да тауарларды өндіру үшін тауарлық газдың пайдаланылуын бөлек есепке алуды жүргізу жөніндегі;

      цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалардың цифрлық майнингті және өзге де қызметті жүзеге асыруға тауарлық газдың пайдаланылуын бөлек есепке алуды жүргізу жөніндегі;

      электр энергиясын өндіруді жүзеге асыратын тұлғалардың цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға және өзге де тұлғаларға электр энергиясын өндіру үшін тауарлық газдың пайдаланылуын бөлек есепке алуды жүргізу жөніндегі;

      тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтауды жүзеге асыратын тұлғалардың цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға және өзге де тұлғаларға электр энергиясын өткізу көлемін бөлек есепке алуды жүргізу жөніндегі міндеттемелері көзделеді.";

      6-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "6. Олар үшін резервтік (авариялық) отынның басқа түрлері белгіленген коммуналдық-тұрмыстық, өнеркәсіптік тұтынушылармен, өнеркәсіптік тұтынушылар-инвесторлармен, ірі коммерциялық тұтынушылармен, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалармен жасалған шарттарда тұтынушының күзгі-қысқы кезеңдегі газ шығынын газ тұтыну броніне дейін қысқарту көзделеді.";

      8, 9 және 10-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "8. Жеткізуші газды жеткізудің белгіленген орташа тәуліктік нормасы шегінде бір ай ішінде, ал қажет болған жағдайда тараптар мен тасымалдаушының келісімі бойынша – диспетчерлік график бойынша газды біркелкі жеткізеді, ал өнеркәсіптік тұтынушы, өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор, ірі коммерциялық тұтынушы, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлға алады (іріктейді).

      9. Күзгі-қысқы кезеңдегі температураның ауытқуы салдарынан өнеркәсіптік тұтынушыға, өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторға, ірі коммерциялық тұтынушыға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаға газ жеткізудің орташа тәуліктік нормасынан асып кету газ иесінің (егер өнім беруші меншік иесі болып табылмаса) және тасымалдаушының келісімі бойынша, егер бар болса, газ қоймасындағы газдың технологиялық қоры есебінен, егер бар болса, сондай-ақ жеткізушінің басқа да көздерінен өтелуі мүмкін. Бұл жағдайда газды нормативтен артық алу газды жеткізудің (тұтынудың) орташа тәуліктік нормасының 5%-нан аспауы тиіс.

      10. Өнеркәсіптік тұтынушыға, өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторға, ірі коммерциялық тұтынушыға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаға не цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаға газды бөлшек саудада өткізудің орташа тәуліктік нормасы 5%-дан астам өскен жағдайда, тасымалдаушыға жеткізушімен келісім бойынша тұтынушыға бұл туралы ескертілген сәттен бастап үш сағат өткен соң газды жеткізудің (тұтынудың) орташа тәуліктік нормасына дейін газ жеткізуді мәжбүрлеп шектеу құқығы беріледі.";

      12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "12. Тауарлық газ жеткізушінің келісімінсіз артық жұмсалған жағдайда өнеркәсіптік тұтынушы, өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор, ірі коммерциялық тұтынушы, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлға не цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлға шартта белгіленген көлемнен артық өзі алған (іріктеп алған) газ көлемінің құнын және оны тасымалдау құнын әрбір тәулік үшін:

      1) 15 сәуірден 15 қазанға дейін – 1,2;

      2) 15 қазаннан 15 сәуірге дейін – 1,5 коэффициентін қолдана отырып қосымша төлейді.";

      43-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "43. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, өнеркәсіптік тұтынушылар, өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар, ірі коммерциялық тұтынушылар, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар не цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғалар пайдаланатын тауарлық газдың көлемін есепке алу:

      1) тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерінде орнатылған есепке алу аспаптары бойынша;

      2) есепке алу аспаптары болмаса, олардың ақаулары болса не олар газ жабдығының параметрлеріне сәйкес келмесе – газ тұтынатын жабдықтың қуаты бойынша жүргізіледі.";

      47-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "47. Осы Қағидалардың 36-тармағының 1) тармақшасы бұзылған жағдайда, жеткізуші газ шығысын:

      1) соңғы тексеру жүргізілген күннен бастап анықталған күнге дейінгі кезеңде, бірақ екі айдан аспайтын мерзімде, ал есепке алу аспабы болмаған жағдайда - ағымдағы есептік кезең басталған күннен бастап анықталған күнге дейін тұрмыстық тұтынушыға – кіреберістегі кранға дейін газ құбырының өткізгіштік қабілеті бойынша, ал пәтерлер үшін – ысырмалы кранға дейін;

      2) коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыға, өнеркәсіптік тұтынушыға, өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторға, ірі коммерциялық тұтынушыға не цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаға, цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаға – соңғы тексеру жүргізілген күннен бастап анықталған күнге дейінгі кезеңге, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге пайдалану жауапкершілігі шекарасында газ құбырының өткізгіштік қабілеті бойынша қайта есептеуді жүргізеді.

      Тұтынушыда есепке алу аспабының газ жабдығының параметрлеріне сәйкес келмеу фактісі анықталған жағдайда, тұтынушыға соңғы тексеру күнінен бастап осы Қағидалардың 42 және 43-тармақтарына сәйкес газ шығынын қайта есептеу жүргізіледі.

      Жеткізуші жүргізілетін қайта есептеу кезеңінде есептелген газ көлемін ескере отырып, газ шығынын қайта есептейді.

      Тұрмыстық тұтынушы үшін – есепке алу аспабының көрсеткіштерін алу, ал коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, өнеркәсіптік тұтынушылар, өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар, ірі коммерциялық тұтынушылар, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар не цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғалар үшін – жеткізушінің тұтынушы журналындағы жүргізілген тексеру туралы белгісі, ал ол болмаған кезде, жеткізушінің деректері тексеру фактісі болып табылады.";

      53-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "53. Есепке алу аспаптарын тексеру мерзімі өтіп кеткен жағдайда, тұтынылған газдың көлемін есептеу мынадай тәртіппен:

      1) тұрмыстық тұтынушылар үшін – тұтыну нормалары бойынша;

      2) өнеркәсіптік тұтынушылар, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар, ірі коммерциялық тұтынушылар, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар, не цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғалар үшін – газ жабдығының қуаты бойынша жүргізіледі.";

      60-тармақ мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген тауарлық газды бөлек есепке алуды жүргізу жөніндегі шарттың талаптары бұзылған жағдайларда тоқтатады.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ және мұнай-газ-химия департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
А. Саткалиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады