Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 34-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Заң департаменті заңнамамен белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аппаратының басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы |
Д. Жазыкбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы 2023 жылғы 4 мамырдағы № 100 бұйрығымен бекітілген/ |
Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 34-бабы 5-тармағына сәйкес әзірленді және зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) консалтингтік көрсетілетін қызметтер – "Шығыстардың экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің, оның ішінде жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу міндетті болып табылатын шығыстар түрлерінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 30 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13301 болып тіркелген) бекітілген Шығыстардың экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің, оның ішінде жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу міндетті болып табылатын шығыстар түрлерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік орган қызметі процесінде туындайтын проблемаларды, мүмкіндіктерді айқындау және бағалау не ахуалды егжей-тегжейлі талдау жөніндегі; жұмыстың қаржылық және басқарушылық тиімділігін (мынадай негізгі қызмет түрлері шеңберінде: басқару консалтингі, әкімшілік-кадрлық консалтинг, қаржылық консалтинг, ІТ-консалтинг, заң консалтингі, мамандандырылған консалтинг, қорғаныс саласындағы консалтинг, консалтингтік көрсетілетін техникалық қызметтер) арттыру үшін, одан әрі іс-қимылды түзеу бойынша тиімді ұсынымдар әзірлеу бойынша көрсетілетін қызметтер;
2) зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың әлеуетті орындаушысы (бұдан әрі – әлеуетті орындаушы) – зерттеулерді, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманы орындауға арналған жобаны (бұдан әрі – жоба) берген заңды және/немесе жеке тұлға;
3) зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың тапсырыс берушісі (бұдан әрі – тапсырыс беруші) – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
3) құнды анықтау – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өткізетін зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын анықтау жөніндегі іс-шаралар;
5) мемлекеттік тапсырма – жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға, Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұйымдарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын оның ұйымдарына, Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитетіне, дербес кластерлік қорға, "Aстана Хаб" халықаралық технологиялық паркіне, дербес білім беру ұйымдарына және олардың ұйымдарына, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын "Елбасы Aкадемиясы" корпоративтік қорына, жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге, бюджеттік инвестициялық жобаларды iске асыруға және мемлекеттің әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылығын және (немесе) әлеуметтік-мәдени дамуын қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мiндеттердi орындауға арналған тапсырыс.
2-тарау. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын анықтау
3. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құны мыналарды қамтиды:
1) тікелей шығыстар:
соңғы жарияланған ресми статистикалық деректерге сәйкес республика бойынша зерттеулерді, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыратын, бірақ тиісті саладағы (кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет) орташа айлығы атаулы жалақыдан аспайтын жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар (жалақы, әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, жұмыс берушілердің әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдары);
іссапар шығыстары (жол жүру, тұру және тәуліктік);
зерттеулер, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырма үшін тікелей қажетті полиграфиялық шығыстар;
ақпараттық көрсетілетін қызметтер (бейне-конференция байланысын жүргізуге арналған платформа, онлайн-сауалнама жүргізуге арналған платформа, деректерді статистикалық талдау бағдарламалары, ақпараттық базаларға қол жеткізу);
көлік шығыстары;
байланыс қызметтері;
аударма қызметтері;
зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету, мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын материалдарды сатып алу;
2) шартты-тұрақты шығыстар:
тартылатын сыртқы сарапшылардың (қосалқы мердігерлер) қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығыстар;
қорларды сатып алу бойынша шығыстар (зерттеулер, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырма үшін қажетті тауарлардың құнын айқындау);
3) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 369-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығы.
4. Тапсырыс беруші жобалардың құнын жинау жөніндегі ақпаратты тапсырыс беруші зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың тақырыптарын бекіткеннен кейін, күнтізбелік отыз күн ішінде, кемінде, үш әлеуетті орындаушыға жібереді.
5. Зерттеулер, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құны осы Қағидалардың қосымшасына сай зерттеулер, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырма құнының есебіне сәйкес айқындалады.
_______________
Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидаларына қосымша |
Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын есептеу
1. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құны, кемінде, үш әлеуетті орындаушыдан алынған жобалар негізінде тікелей шығыстар, шартты-тұрақты шығыстар және қосылған құн салығына сүйене отырып, ең төменгі құны бойынша айқындалады:
Құны = ∑ ТШ + ШТШ + ҚҚС
2. Тікелей шығыстар мен шартты-тұрақты шығыстар сомасы (∑ТШ + ШТШ) мынадай формула бойынша айқындалады:
∑ТШ+ ШТШ = ∑Сеа + Сіш + Спш + Сақ + Скш + Сбқ + Саудқ + Ссс + Сқс
мұндағы:
Сеа – еңбекке ақы төлеу шығындарының сомасы;
Сіш – іссапар шығыстарына арналған шығындар сомасы;
Спш – полиграфиялық шығыстарға арналған шығындар сомасы;
Сақ – ақпараттық көрсетілетін қызметтерге жұмсалған шығындар сомасы;
Скш – көлік шығыстарына арналған шығындар сомасы;
Сбқ – байланыс қызметтеріне арналған шығындар сомасы;
Саудқ – аударма қызметтеріне арналған шығындар сомасы;
Смса – материалдарды сатып алуға арналған шығындар сомасы;
Ссс – тартылатын сыртқы сарапшылардың (қосалқы мердігерлерге) қызметтеріне ақы төлеуіне арналған шығыстар сомасы;
Сқс – қорларды сатып алуға жұмсалған шығыстар сомасы.
_______________