Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің м.а. 2023 жылғы 5 мамырдағы № 11-1-4/214 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 11 мамырда № 32459 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 2-1-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарларын әзірлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық құқық департаменті заңнамада көрсетілген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушы
К. Умаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушы
2023 жылғы 5 мамырдағы
№ 11-1-4/214 Бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарларын әзірлеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарларын әзірлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 2-1-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы жоспарын (бұдан әрі – ағымдағы жоспар) және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың перспективалық жоспарларын (бұдан әрі – перспективалық жоспар) әзірлеу тәртібін айқындайды.

      2. Ағымдағы жоспар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша алдағы жылға жасалады. Перспективалық жоспар осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кейінгі үш жыл мерзімге жасалады.

2-тарау. Ағымдағы және перспективалық жоспарларды әзірлеу тәртібі

      3. Ағымдағы және перспективалық жоспарлардың жобаларын (бұдан әрі – жоспарлар жобалары) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) орталық мемлекеттік органдар ұсынған халықаралық шарттарды жасасу тұжырымдамасының (бұдан әрі – тұжырымдама) негізінде әзірлейді.

      4. Орталық мемлекеттік органдар тиісінше ағымдағы немесе перспективалық жоспарлардың жобаларына қосу үшін келесі күнтізбелік жылы не одан кейінгі үш жылда жасасу көзделетін халықаралық шарттар бойынша тұжырымдамаларды жыл сайын 25 қыркүйектен кешіктірмей Министрлікке енгізеді.

      5. Тұжырымдамалар Министрлікке қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.

      6. Орталық мемлекеттік органдар жоспарлардың жобаларына қосу үшін тұжырымдамаларды уақтылы ұсынбаған жағдайда, Министрлік оларды қарамай кері қайтарады.

      7. Жоспарлардың жобаларына қосу үшін халықаралық шарттарды жасасу бойынша ұсыныстар болмаған жағдайда, тиісті мемлекеттік орган көрсетілген мерзімде Министрліктің атына ұсыныстардың жоқ екені туралы хат жібереді.

      8. Министрлік ұсынылған тұжырымдамаларды 25 қазанға дейін қарап, халықаралық шарттарды жасасудың сыртқы саяси орындылығы туралы қорытынды береді.

      9. Халықаралық шарт жасасудың сыртқы саяси орындылығы болмаған жағдайда, Министрлік бұл туралы тұжырымдаманы ұсынған орталық мемлекеттік органды хабардар етеді.

      10. Халықаралық шарт жасасудың сыртқы саяси орындылығы болған жағдайда, Министрлік оны халықаралық шарт жасасудың ұсынылатын мерзіміне байланысты тиісті жоспар жобасына енгізеді.

      11. Жоспарлардың жобаларын әзірлеу кезінде Министрлік жоғары дәрежедегі халықаралық іс-шаралар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің қатысуымен өтетін халықаралық іс-шаралар кестелерін ескереді.

      12. Жоспарлардың жобалары жыл сайын 10 қарашадан кешіктірілмей Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауына шығарылады.

      13. Жоспарлардың жобалары Комиссия туралы ережеде көзделген тәртіппен Комиссия шешімімен мақұлданады.

      14. Комиссия мақұлдаған ағымдағы және перспективалық жоспарлар 25 қарашадан кешіктірілмей Қазақстан Республикасының Президентіне келісуге жіберіледі.

      15. Қазақстан Республикасының Президентімен келісілген ағымдағы және перспективалық жоспарлар (бұдан әрі – келісілген жоспарлар) он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Парламентіне, Үкімет Аппаратына және өкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі.

      16. Келісілген жоспарларға өзгерістер:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Басшысының тапсырмасы;

      Орталық мемлекеттік орган келісілген жоспарларда көзделмеген халықаралық шартты жасасу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Басшысының тапсырмасына бастамашылық жасағанға дейін, аталған орталық мемлекеттік орган Министрлікке келісілген ағымдағы жоспарға өзгеріс енгізу шұғылдығының негіздемесін және тиісті тұжырымдаманы алдын ала жібереді. Министрлік ұсынылған негіздеме мен тұжырымдаманы қарап, оларды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде халықаралық шарт жасасудың сыртқы саяси орындылығы туралы қорытынды береді. Орталық мемлекеттік орган тиісті өтінішті Қазақстан Республикасының Президентіне немесе Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Басшысына жіберген кезде Министрліктің халықаралық шартты жасасудың сыртқы саяси орындылығы туралы қорытындысын қоса береді;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Комиссияның шешімі негізінде енгізіледі.

      17. Ағымдағы жылы келісілген перспективалық жоспарға енгізілген халықаралық шартқа қол қою туралы ұсыныс енгізілген жағдайда, оны ағымдағы жоспарға көшіру талап етілмейді.

      18. Егер халықаралық шарттың жобасын шет мемлекетпен немесе халықаралық ұйыммен келісу барысында халықаралық шарттың атауына қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер енгізілген жағдайда, келісілген жоспарлардағы тиісті жобаның атауына өзгерістер енгізу талап етілмейді

      19. Орталық мемлекеттік органдардың ағымдағы және перспективалық жоспарларды орындауын жалпы бақылауды Министрлік жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттарын
жасасудың ағымдағы және
перспективалық жоспарларын
әзірлеу қағидаларына
1-қосымша

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың __________ жылға арналған ағымдағы жоспары

Р/с №

Халықаралық шарт жасасуды ұсынатын орталық мемлекеттік органның атауы

Жасасу ұсынылатын халықаралық шарттың атауы

Халықаралық шарт жасасудың болжамды мерзімдері

Халықаралық шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындаудың болжамды мерзімдері

Ескертпелер

Қазақстан Республикасының атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар (мемлекетаралық)







Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар (үкіметаралық)







Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар (ведомствоаралық)







  Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттарын
жасасудың ағымдағы және
перспективалық жоспарларын
әзірлеу қағидаларына
2-қосымша

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың __________ жылдарға арналған перспективалық жоспары

Р/с №

Халықаралық шарт жасасуды ұсынатын орталық мемлекеттік органның атауы

Жасасу ұсынылатын халықаралық шарттың атауы

Халықаралық шарт жасасудың болжамды мерзімдері

Халықаралық шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындаудың болжамды мерзімдері

Ескертпелер

Қазақстан Республикасының атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар (мемлекетаралық)







Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар (үкіметаралық)







Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары атынан жасасу ұсынылатын халықаралық шарттар (ведомствоаралық)








Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады