"Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 5 қыркүйектегі № 689 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 12 мамырдағы № 346 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 12 мамырда № 32481 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 5 қыркүйектегі № 689 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8788 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 13-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрі
М. Карабаев

  Қазақстан Республикасының
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің
2023 жылғы 12 мамырдағы
№ 346 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
министрінің міндетін
атқарушының
2013 жылғы 5 қыркүйектегі
№ 689 бұйрығымен
бекітілген

Автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмысын ұйымдастыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмысын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) 13-бабының 13-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар Қазақстан Республикасының аумағында автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      3. Автоматтандырылған өлшеу станцияларының негізгі міндеттері:

      1) нақты уақыт режимінде арнайы бейнебақылау камерасының және өлшеу құралдарының көмегімен автомобиль жолдарындағы көлік құралдарының қозғалысын бақылау және мониторингілеу;

      2) отандық және шетелдік тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасы аумағында белгіленген рұқсат етілген габариттік және салмақтық параметрлерінің сақталуын нақты уақыт режимінде бақылау;

      3) автомобиль жолдары желісінің және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ету және автомобиль жолдарының мерзімінен бұрын нормативтік емес тозуын төмендету;

      4) отандық және шетелдік автокөлік құралдарының жүріп өтуін бақылау арқылы автомобильмен тасымалдаудың қауіпсіздігін арттыру;

      5) Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль көлігі және жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында жасалатын әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау процесінің алдын алу, жолын кесу және автоматтандыру.

      4. Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:

      1) аппараттық-бағдарламалық кешен – белгілі бір типтегі міндеттерді шешу үшін бірлесіп қолданылатын бағдарламалық қамтылым мен техникалық құралдар жиынтығы;

      2) автоматтандырылған өлшеу станциясы – метрологиялық салыстырып тексеруден өткен, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыратын, автоматты режимде жұмыс істейтін, автомобиль көлік құралдарының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмақтық және габариттік параметрлерін, осьтік жүктемелерін және жүру жылдамдығын тіркейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарының, аспаптар мен жабдықтардың зияткерлік көлік жүйесімен интеграцияланған кешені;

      3) автоматтандырылған өлшеу станциясы арқылы дұрыс өтпеу –автоматтандырылған өлшеу станциясы арқылы автокөлік құралдарының тұтас таңбалау сызығын басып немесе қиып өтуі, қарсы қозғалыс жолағына шығып өтуі, жылдамдық режимін бұзып, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері оқылмайтын немесе белгіленген орындардан тыс жерде орнатылған, тіркеу нөмірлік белгілері жоқ көлік құралдарының жүріп өтуі, өлшеу аумағында тежеумен, үдеумен немесе тоқтап жүріп өтуі;

      4) Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор (бұдан әрі – Ұлттық оператор) – "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыратын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам.

      5) автомобиль жолдарын басқарушылар – автомобиль жолдарының меншік иелері болып табылатын немесе мемлекеттік тапсырманы орындау шеңберінде шарттардың, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының, оның ішінде концессия шарттарының, мүлікті сенімгерлік басқару, жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық немесе аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерін өтеусіз пайдалану шарттарының негізінде шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында автомобиль жолдарын басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар.

      6) автокөлік құралдарын өлшеу – міндетті метрологиялық тексеруден өткен және тиісті сертификаты бар стационарлық үлгідегі салмақ өлшеу жабдығы немесе тасымалданатын ұтқыр таразылар көмегімен автокөлік құралдарының жалпы массасы мен білікке түсетін жүктемесін анықтау процесі;

      7) өлшеу ауытқуы – өлшеу нәтижесінің өлшеніліп жатқан шаманың ақиқат (анық) мәнінен ауытқуы.

2-тарау. Автоматтандырылған өлшеу станцияларын қолдану тәртібі

      5. Қазақстан Республикасы аумағында автоматтандырылған өлшеу станциялары жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында орналыстырылады.

      6. Автоматтандырылған өлшеу станцияларында автокөлік құралдарын өлшеу:

      1) автокөлік құралын толық тоқтата отырып, стационарлық үлгідегі автоматтандырылған өлшеу станцияларында;

      2) автокөлік құралының қозғалысындағы автоматтандырылған өлшеу станцияларында жүргізіледі.

      6-1. Автокөлік құралдарының салмақтық параметрлерін айқындаған кезде көліктік дерекқор мен тасымалдау қауіпсіздігі динамикасының мониторингі ақпараттық талдау жүйесі (бұдан әрі – КДҚ АТЖ) автокөлік құралы салмағының өлшенген мәнінен автоматты түрде шегеретін өлшеу ауытқуы ескеріледі.

      Жүк автокөлік құралдарының біліктік жүктемелерін өлшеу кезінде шекті рұқсат етілген қателігі немесе дәлдік тобы осьтік жүктің өлшенетін массасынан – 10% құрайды.

      Жүк автокөлік құралдарынының осьтік жүктерін және жалпы массасын өлшеу кезінде шекті рұқсат етілген қателігі немесе дәлдік тобы осьтік жүктің немесе осьтік топтың өлшенетін массасынан – 3% құрайды.

      7. Автоматтандырылған өлшеу станцияларын тексеру "Өлшеу бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Автоматтандырылған өлшеу станциялары мынадай функцияларды орындайды:

      1) жүріп өтетін автокөлік құралдарын тіркеу, кейін тиісті мәліметтерді интеллектуалды көлік жүйесіне (бұдан әрі - ИКЖ) және көлік дерекқорының ақпараттық-талдамалық жүйесіне (бұдан әрі – КДҚ АТЖ) жіберу;

      2) автокөлік құралдарды түрі бойынша жіктеу;

      3) автокөлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін айырып тану;

      4) автокөлік құралдарының рұқсат етілген салмақтық немесе габариттік параметрлердің асуын анықтау;

      5) есептік деректерді қалыптастыру;

      6) деректерді Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Ахуалдық орталыққа (бұдан әрі – Ахуалдық орталық), ИКЖ және КДҚ АТЖ-ге жіберу;

      7) автокөлік құралдарының автоматтандырылған өлшеу станциясымен дұрыс өтпеуін айқындау.

      8) стационарлық автоматтандырылған өлшеу станцияларында автокөлік құралдарының салмақтық және (немесе) габариттік параметрлерін өлшеудің дұрыс өтпеуін айқындау.

      9. Автоматтандырылған өлшеу станциясымен автомобиль жолдарында автокөліктік құралдарының қозғалысын бақылау және мониторинг мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) автокөлік құралы автоматтандырылған өлшеу станциясы арқылы жүріп өтеді;

      2) нақты уақыт режимінде автокөлік құралының түрі анықталады, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі оқылады, салмақтық және (немесе) габариттік параметрлері айқындаладыы, жүріп өтудің 4 данада сурет тіркелуі жүргізіледі (алдынан көрініс, бүйірден көрініс, алдынан және артынан мемлекеттік тіркеу нөмірі);

      3) аппараттық-бағдарламалық кешен қабылданған деректерді (сурет, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі, біліктер арасындағы қашықтық, доңғалақтардың еңкулігі, жалпы салмағы, білікке түсетін жүктемелер, габариттік параметрлері, жол жүру күні мен уақыты) тіркеп, өңдейді;

      4) автокөлік құралдарының салмақтық габариттік параметрлерінің артуы анықталған кезде фотобейнелер мен автокөлік құралы туралы ақпарат бұзушылықтар туралы есепті қалыптастыру және айыппұл төлеу қажеттілігі мен бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы қалыптастыру үшін ИКЖ және КДҚ АТЖ-де сақталады;

      5) өлшеу нәтижелері бойынша жүргізушіні немесе тасымалдаушыны хабардар ету мақсатында автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылған жерде визуалды шолу үшін қолжетімді жерде орналасқан ауыспалы ақпарат тақтасында автокөлік құралының (автокөлік құралының түрі, маркасы, мемлекеттік тіркеу белгісі, салмақтық және габариттік параметрлері, осьтік жүктемелері және қозғалыс жылдамдығы, сондай-ақ салмақтық-габариттік параметрлердің асып кетуі туралы ақпарат);

      6) қашықтық мониторингтің барлық функциялары Ахуалдық орталыққа автоматтандырылған өлшеу станциясының байланыс арналары арқылы түседі.

      9-1. Техникалық рұқсат етілген ең жоғары массасы он екі тоннадан асатын автокөлік құралдарының иелері автоматтандырылған өлшеу станциялары жұмыс істейтін аймақ арқылы жүріп өткен кезде автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмысын ұйымдастыру қағидаларында айқындалған тәртіппен автоматтандырылған өлшеу станциясында осындай автокөлік құралының нақты салмақтық және габариттік параметрлерінің өлшенуін қамтамасыз етуге міндетті.

      1) белгіленген жол белгілеріне сәйкес бөлінген жолақ бойынша жүру;

      2) автоматтандырылған өлшеу станциясында автокөлік құралының салмақтық габариттік өлшемінен өту;

      3) автокөлік құралы салмақтық габариттік параметрлерін бұзбаған жағдайда жүру бағыты бойынша қозғалысын жалғастырады;

      4) салмақтық габариттік параметрлері бұзылған автокөлік құралы бұзушылықтар жойылғанға дейін автокөлік құралдарының тұрақ орнына жіберіледі;

      5) бұзушылықтар жойылғаннан кейін автокөлік құралы салмақтық габариттік параметрлерінің бақылау өлшемінен өтеді.

      Ескерту. Автокөлік құралдарының меншік иелері, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында автокөлік құралдарын иеленетін тұлғалар, сондай-ақ автокөлік құралын экипажымен қоса жалдау шарты бойынша беру жағдайларын қоспағанда, автокөлік құралдары уақытша иеленуге және пайдалануға берілген тұлғалар; егер автокөлік құралы Қазақстан Республикасының аумағымен халықаралық тасымалдарды жүзеге асырса, көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтанушылар осы баптың 9-1-тармағындағы автокөлік құралдарының иелері деп танылады.

      10. Халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуды жол органымен келісім бойынша Ұлттық оператор жүзеге асырады.

      11. Жол органымен келісу бойынша жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында, елді мекендердің көшелерінде автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату.

      12. Халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмыс істеуін қамтамасыз етуді Ұлттық оператор жүзеге асырады.

      13. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында, елді мекендердің көшелерінде автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

      14. Ұлттық оператор және жергілікті атқарушы органдар:

      1) автоматтандырылған өлшеу станциялары орналасқан аумақты, сондай-ақ автокөлік құралдарын орналастыруға арналған тұрақ орындарын сыртқы жарықтандыруды;

      2) автокөлік құралдарының салмақтық габариттік параметрлерін өлшеу нәтижелері туралы (автокөлік құралының түрі, маркасы, мемлекеттік тіркеу белгісі, салмақтық және габариттік параметрлері, осьтік жүктемелері және қозғалыс жылдамдығы, сондай-ақ салмақтық габариттік параметрлердің асып кетуі туралы ақпарат) автокөлік құралының жүргізушісін көзбен шолып хабардар етуді қамтамасыз ететін жабдықтар орнатуды;

      3) автоматтандырылған өлшеу станцияларының қолдану аймағында жол белгілерін орнатуды, автоматтандырылған өлшеу станцияларының қолдану аймағына кіру және шығу, сондай-ақ автокөлік құралдары жүргізушілерінің әрекеттерін реттеу үшін бағдаршамдар орнатуды;

      4) автоматты режимде жұмыс істейтін және автокөлік құралының маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, фронтальды бейнесін, жалпы түрін (алдыңғы көрінісі, бүйірлік және артқы көрінісі) анықтай отырып, фото - және бейнежазба функциялары бар арнайы техникалық құралдарды автоматтандырылған өлшеу станциялары арқылы өту сәтінде орнату, сондай-ақ автоматтандырылған өлшеу станцияларын айналып өтуіне мемлекеттік өлшеу станцияларын жасыру фактілерін тіркеу белгісін орнатуды;

      5) автоматтандырылған өлшеу станцияларының қолданылу аймағында техникалық рұқсат етілген ең жоғары массасы он екі тоннадан асатын жүк автокөлік құралдары үшін арнайы жолақтармен қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді.

      15. Автоматтандырылған өлшеу станцияларының тізілімін (бұдан әрі – тізілім) жүргізуді Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті жүзеге асырады.

      Ұлттық операторларға және жергілікті атқарушы органдарға тізілімге енгізу үшін автоматтандырылған өлшеу станцияларының орналасқан жері туралы ақпарат қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша беріледі.

  Автоматтандырылған
өлшеу станцияларының
жұмысын ұйымдастыру
қағидаларына қосымша

Автоматтандырылған өлшеу станцияларының операторының атауы

Автоматтандырылған өлшеу станцияларының операторының мекенжайы (индекс, облыс, аудан, қала (кент, ауыл), көше, үй), байланыс телефоны, электрондық пошта мекенжайы

Автоматтандырылған өлшеу станцияларының операторының орналасқан орны

Автоматтандырылған өлшеу станцияларының операторының жұмыс режимi

Автоматтандырылған өлшеу станцияларының операторының түрi және саны

Автоматтандырылған өлшеу станцияларының операторының қызмет ету өңiрi

Автоматтандырылған өлшеу станцияларының операторының тiзiлiмiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар

Автоматтандырылған өлшеу станцияларының операторының тiзiлiмiнен алып тастау

Ескерту

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады