"Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды технологиялық дамытуға инновациялық гранттар беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 5 қазандағы № 370/НҚ бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы № 107/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 25 мамырда № 32565 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды технологиялық дамытуға инновациялық гранттар беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 5 қазандағы № 370/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21380 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды технологиялық дамытуға инновациялық гранттар беру қағидаларында:

      2-тармақта:

      6) тармақша алып тасталсын;

      16) тармақша алып тасталсын;

      3-тармақтың екінші және үшінші бөлімдері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бұл ретте уәкiлеттi орган инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институтын тарту арқылы белгіленген басым бағыттар қатарынан барлық немесе жекелеген басым бағыттар бойынша жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындарды технологиялық дамытуға инновациялық гранттар беру бойынша конкурс өткізеді.

      Инновациялық гранттар акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі инновациялық қызмет субъектілеріне берілмейді.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Қаржы жылының соңында есептелетін ұлттық институттың ағымдағы шотындағы қаражат қалдықтары уәкілетті органға және тиісінше мемлекеттік бюджетке қайтаруға жатпайды, келесі қаржы жылында инновациялық гранттар беруге жұмсалады.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Ұлттық институттың инновациялық гранттар беру жөніндегі қызметтеріне уәкілетті орган республикалық бюджет қаражаты есебінен ақы төлейді.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды технологиялық дамытуға инновациялық гранттар беру рәсімі мынадай кезеңдерді қамтиды:

      1) ұлттық институттың осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген қоса берілген құжаттармен бірге берілген осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінімді (бұдан әрі – өтінім) қабылдауы, тіркеуі, олардың толықтығын алдын ала тексеруі өтінімді алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Өтінімдерді алдын ала тексеру аяқталғаннан кейін ұлттық институт өтінімде көрсетілген өтінім берушінің электрондық поштасына анықталған ескертулер туралы хабарламаны (олар болған жағдайда) жібереді.

      Өтінім беруші хабарламада көрсетілген ескертулерді оларды алған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жояды.

      Өтінім беруші ескертулерді көрсетілген мерзімде жоймаған жағдайда, ұлттық институт өтінімді одан әрі қараусыз қалдырады.

      Өтінім берушінің ескертулерді жою кезеңінде, өтінімді қарау мерзімі өтінім берушіге анықталған ескертулер туралы ресми хабарлама автоматтандырылған жүйе арқылы жіберілген сәттен бастап тоқтатыла тұрады және олар жойылғаннан кейін қайтадан жаңартылады;

      2) өтінім берушінің құжаттарын ұлттық институт алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қайта тексеру (анықталған ескертулер туралы өтінім берушіге хабарлама жіберілген кезде) жүзеге асырылады.

      Ұлттық институт инновациялық гранттар беру процесіне қатыстырылмаған үшінші тұлғаларға, ұлттық институттың акционерін және уәкілетті органды қоспағанда, өтінім туралы ақпаратты жарияламауды қамтамасыз етеді;

      3) ұлттық институттың 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес Сараптама жүргізу рәсіміне қойылатын талаптарда көрсетілген жобаларды бағалау өлшемшарттары негізінде өтінімге сараптама жүргізуі;

      4) сараптама қорытындысын алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтінімге сараптама жүргізу нәтижелері бойынша қорытындыны қалыптастыру және Кеңестің қарауына жіберу;

      5) Кеңестің отырысын ұйымдастыру және инновациялық грантты беру не бермеу туралы шешім қабылдау.

      Өтінімдерді ашық және жан-жақты қарау және инновациялық грантты беру не бермеу туралы шешім қабылдау мақсатында ұлттық институтта Кеңес құрылады. Кеңестің қызметін ұйымдастыру, оның мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу және құрамы ұлттық институттың актісімен реттеледі.

      Осы Қағидалардың 9-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген рәсімдердің жалпы мерзімі 20 (жиырма) жұмыс күнін құрайды;

      6) ұлттық институт жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды технологиялық дамытуға инновациялық грант беруден мынадай:

      өтінім беруші инновациялық грант алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігі анықталған;

      өтінім берушінің және (немесе) инновациялық грант беру үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуі;

      егер инновациялық жобаға бұрын мәлімделген мақсаттарға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсетілген болса;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі ұзартылған жағдайларды қоспағанда, салық берешегінің және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің болуы;

      инновациялық грант беруден бас тарту туралы Кеңестің дәлелді шешімі;

      технология иесінің немесе өтінім берушімен технология бойынша құқықтарды беруді жүзеге асыратын тұлғаның аффилиирленуі жағдайында бас тартады.

      7) шартқа қол қою немесе өтінім берушіге инновациялық грантты беруден дәлелді бас тартуды жіберу.

      Кеңес шешім қабылдаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ұлттық институт өтінім берушіні шартқа қол қою қажеттілігі туралы хабардар етеді немесе инновациялық грант беруден негізделген бас тартуды жібереді.

      Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген рәсімдердің жалпы мерзімі 56 (елу алты) жұмыс күнінен аспайды.

      Егер тиісті қаржы жылына инновациялық гранттар алуға мәлімделген соманың жалпы мөлшері уәкілетті орган тиісті қаржы жылына бөлген сомадан асып кетсе, грант алушылардың тізімін қалыптастыру өтінім беру кезектілігі қағидаты бойынша жүзеге асырылады;

      8) грант алушының ұсынылған инновациялық грант бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдауы.

      Грант алушы келісімшартқа қол қойылған сәттен бастап жобаны аяқтау туралы ұлттық институт шешімі қабылданғанға дейін өнімнің жаңа түрін өндіру үшін өндірісті құруға және (немесе) өндіріс процес(тер)ін автоматтандыруға немесе оңтайландыруға бағытталған қарсы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді.

      Грант алушы ұлттық институт жобаны аяқтау туралы шешім қабылдаған сәттен бастап 3 (үш) жыл ішінде жыл сайын өткізілген инновациялық өнім көлемін инновациялық грант сомасының кемінде 10 %-ына ұлғайтуға және инновациялық өнім экспортының көлеміне инновациялық грант сомасының кемінде 10 %-ына қол жеткізуге бағытталған қарсы міндеттемелерді қабылдайды.

      Грант алушы "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" басым бағыты бойынша грант алған және тәжірибесін кеңейткен кезде, грантты игеру мерзімі ішінде Сенім білдірілген бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімдері тізіліміне іріктеуден өтуі немесе өнеркәсіптік сертификат алуы тиіс.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Кеңес отырысына өтінім беруші өзінің жобасын бетпе-бет немесе аудио және бейне тіркеуі бар телекоммуникациялар құралдары арқылы таныстыру үшін шақырылады.

      Қарау нәтижелері бойынша Кеңес өтінім берушіге инновациялық грант беру туралы немесе оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.";

      14-тармақ мынадай редакцияда мазмұндалсын:

      "14. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды технологиялық дамытуға инновациялық грант лицензиялық келісімшарт бойынша негізделген шығындардың 70 (жетпіс) пайызына дейінгі және (немесе) бағдарламалық қамтылымды, жинақтауыштарды және (немесе) құрал-жабдықтарды сатып алу үшін негізделген шығындардың 50 (елу) пайызына дейінгі мөлшерде, басым бағыттар бойынша 400 000 000 (төрт жүз миллион) теңгеден аспайтын сомада беріледі, соның ішінде мынадай мақсаттар үшін шығындарды өтеу үшін бөлінеді:

      1) бағдарламалық қамтылымды және электрондық өнеркәсіп өнімін сатып алу, оның ішінде өтінім берушінің персоналын кастомизациялау, енгізу және оқыту бойынша шығындар;

      2) жұмыс істеп тұрған кәсіпорын бұлтты технологиялар арқылы провайдер қызмет көрсететін дайын бағдарламалық қамтылымды пайдаланатын SaaS моделі бойынша бағдарламалық қамтылымды жалға алу бойынша қызметтер;

      3) технологияның меншік иесінен сатып алынатын технологияның ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық құжаттаманы және (немесе) құрал-жабдықтарды сатып алу;

      4) енгізілген технологияны одан әрі пайдаланумен байланысты инженерлік-техникалық персоналды оқыту, оның ішінде шетелдік мамандарды тарта отырып оқыту;

      5) өнімің өнеркәсіптік дизайнын әзірлеу;

      6) технологиялық процесті сынақтан өткізу;

      7) өнімді сертификаттау.

      Өтінім берушіге мынадай өлшемшарттар белгіленеді:

      мәлімделген салада 3 (үш) жылдан кем емес коммерциялық қызмет етуі;

      біліктіліктің қажетті деңгейі бар инженерлі-техникалық персоналдың болуы;

      өтінім берушінің жалпы жылдық табысы соңғы 3 (үш) жылда жобаның толық сомасынан кем емес болуы.";

      мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:

      "15-1. Инновациялық грант беруден бас тарту негіздері мынадай:

      1) өтінім берушінің, инновациялық грант алу үшін өтінім беруші ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігін осы Қағидалардың талаптарына сәйкессіздіктерін анықтау;

      2) Гранттық қаржыландыру жөніндегі кеңестің теріс шешімі.";

      18-1-тармақ алып тасталсын;

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Өтінім беруші ұлттық институтқа автоматтандырылған жүйе арқылы мынадай құжаттарды қамтитын өтінімдерді ұсынады:

      1) беру шарттарын көрсете отырып, технологияларды беру немесе тиісті шарттарды көрсете отырып, әзірлемені және (немесе) электрондық өнеркәсіп өнімін енгізу туралы тараптардың ниетін растаушы құжат көшірмесі;

      2) осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша құрылымы бойынша жобаның бизнес-жоспары;

      3) соңғы 3 жылдағы қаржылық есептілік (қаржылық есептіліктің жыл сайынғы аудитін жүргізуге міндетті тұлғалар да көрсетілген уақыт кезеңі үшін аудиторлық есептерді ұсынады);

      4) жобаны іске асыру үшін қаражаттың болуын (екінші деңгейдегі банктерден алынған анықтамалар мен шоттардан үзінді көшірмелерді қоса алғанда) немесе екінші деңгейдегі банктің кредит/кредит желісін беруге дайындығын растайтын құжаттар;

      5) лицензиялық шартта көзделген жабдықты, жиынтықтауыштарды және көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, коммерциялық ұсыныстар алынған жобаның құрамдас бөліктері (іс-шаралары) бойынша кемінде үш коммерциялық ұсыныс пен техникалық ерекшелік;

      6) соңғы 12 (он екі) айдағы қаржы моделі. Даму жоспары болған жағдайда (Excel форматында).

      7) болжамдарды ескере отырып іске асыру бойынша 5 (бес) жылға арналған қаржы моделі (Excel форматында).

      8) өтінім берушінің аффилирленген тұлғаларының тізімі.

      Өтінім беруші Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда ұлттық институт өтінімді қабылдаудан бас тартады.";

      Мынадай мазмұндағы 24-тармақпен толықтырылсын:

      "24. Лицензиялық шартты, ерекше құқықтарды (басқаға беру) беру туралы шартты Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органында тіркеу жобаны іске асыру аяқталғанға дейін өткізіледі.".

      көрсетілген Қағидаларға 3-қосымшаның 1-тармағы 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) саладағы жұмыс тәжірибесі;".

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Инновацияларды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму,
инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
2023 жылғы 24 мамырдағы
№ 107/НҚ Бұйрыққа
қосымша
  Жұмыс істеп тұрған
кәсіпорындарды технологиялық
дамытуға инновациялық
гранттар беру қағидаларына
2-қосымша

Сараптама жүргізу рәсіміне қойылатын талаптар

      1. Жобаларға сараптама жүргізуді ұлттық институт жүзеге асырады, қажет болған жағдайда сараптама жүргізу үшін отандық және (немесе) шетелдік жеке және (немесе) заңды тұлғалар тартылады.

      2. Жобаларды бағалау өлшемшарттары келесідей құрылған:

      1) ғылыми техникалық артықшылықтар;

      жүйелік проблемаларға жүгіну дәрежесі: енгізілетін технологияны пайдаланатын компаниялар саны, ауқымдылығы және индустриясы/әлеуетті қолдану үшін нарық көлемі;

      инновациялығы;

      зияткерлік меншік;

      2) экономикалық қайтарым;

      әлеуетті экономикалық нәтиже (құрылымы бойынша бизнес-жоспар және қаржылық моделі негізінде).

      3) өтінім берушінің мүмкіндіктері, ресурстары және материалдық базасы:

      персоналдың біліктілігі мен басқару қабілеті;

      елеулі зерттеу жұмыстары;

      зияткерлік меншік (патенттер, авторлық құқықтар және куәліктер);

      сериялық өндіріске енгізілген технологиялар;

      әзірленген өнеркәсіптік процестер мен өнімдер;

      шығу тегіне, көлемі мен мақсатына ұқсас жобаларды басқару тәжірибесі;

      ресурстар және материалдық база;

      халықаралық серіктестер, ресурстар және кәсіпорындар;

      4) өтінім берушінің өндірістік процестерінің технологиялылық өлшемшарттары:

      жоғары технологиялық;

      жоғары деңгейдегі орташа технологиялық;

      төмен деңгейдегі орташа технологиялық;

      төмен деңгейдегі технологиялық;

      5) жобаны іске асырудың құқықтық аспектілері:

      жобаны іске асырудың ерекше шарттары мен шектеулері;

      құқықтық тәуекелдер (салықтық берешектер, сотта іс қаралуы, үлестес болуы, уәкілетті мемлекеттік органдар бекіткен заңды тұлғаның қызметін шектейтін тізілімдерде болу және т.б.);

      6) өтінім берушінің ағымдағы қаржылық жағдайы:

      активтердің өтімділік деңгейі;

      қаржылық тәуелділік коэффициенті;

      инвестицияларды қайтару көрсеткіші (соңғы есепті жыл үшін).

      Сарапшылар мынадай бағыттар бойынша жобаға сараптама жүргізеді:

      1) технологиялық сараптама аналогтармен салыстырғанда, жобаның техникалық іске асырылуы мен технологиялық орындылығын белгілеу мақсатында жүргізіледі;

      2) қаржы-экономикалық сараптама нарықты, жобаның экономикалық орындылығын, бәсекеге қабілеттілік өлшемшарттарын, маркетингтік стратегияны, жұмыстарды мәлімделген мерзімдерге, көлемі мен мазмұнына және қаржыландырудың сұратылып отырған сомасына бөлу мақсатында жүргізіледі;

      3) құқықтық сараптама ұсынылған құжаттардың мазмұнын қолданыстағы заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан жан-жақты құқықтық талдау мақсатында жүргізіледі.

      Технологиялық, қаржылық-экономикалық және құқықтық сараптамалар жобалар бойынша бір мезгілде жүргізіледі.

      3. Ұлттық институт сыртқы отандық және шетелдік сарапшылар мен сараптамалық ұйымдардың тізбесін, оның ішінде Қазақстан Республикасы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың ұсынымдары негізінде қалыптастырады.

      4. Әрбір сарапшымен өтінімдерге сараптама жүргізу үшін сарапшыларды тартқан кезде ұлттық институт сараптамалық қызметтер көрсетуге шарт жасасады, оның нысаны ұлттық даму институтының актілерімен реттелетін болады.

      5. Сараптама жүргізу тәртібі және бағалау парағының нысаны ұлттық институттың актілерімен регламенттеледі.

      6. Өтінімді дайындауға тікелей қатысқан, сондай-ақ өтінім берушімен үлестес болып табылатын сарапшының өтінімді бағалауды жүргізуіне жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады