Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 203-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекет міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясаты департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсiн.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі |
А. Куантыров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі 2023 жылғы 25 мамырдағы № 79 бұйрығымен бекітілген |
Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне (бұдан әрі – Бюджет кодексі) сәйкес әзірленді және үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау тәртібін белгілейді.
2. Үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы орган борышы лимиттерінің, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерінің мөлшері мың теңгеге дейінгі дәлдікпен дөңгелектенеді.
2-тарау. Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы органдар борышының лимитін айқындау тәртібі
3. Тиісті қаржы жылына арналған үкіметтік борыш лимиті осы Қағидаларға жоспарланып отырған қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыш лимитіне, валюталарды айырбастаудың есептік бағамы ескеріле отырып, жоспарланатын қаржы жылында ішкі нарықтағы үкіметтік қарыз алу және сыртқы нарықтағы үкіметтік қарыз алу есебінен республикалық бюджет тапшылығын қаржыландырудың жалпы көлеміне сүйене отырып, 1-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша қалыптастырылады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.
4. Үкіметтік борыш лимитін нақтылау жоспарланып отырған қаржы жылына белгіленген республикалық бюджет тапшылығының көлемі немесе валюталарды айырбастаудың есептік бағамы өзгерген жағдайларда республикалық бюджетті тиісті қаржы жылы ішінде нақтылау кезінде жүргізіледі.
Бұл ретте тиісті жыл ішінде бюджет параметрлері нақтыланған жағдайда есептеулерде тиісті қаржы жылының басындағы үкіметтік борыштың нақты көлемі қолданылады.
5. Үкіметтік борыш лимиті жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджетті әзірлеу барысында көзделген теңгенің АҚШ долларына есептік бағамына қатысты валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы өзгерген, мемлекеттік бағалы қағаздарды дисконтпен шығарған жағдайларда, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның шетел валютасындағы шотына түскен үкіметтік сыртқы қарыздар сомасына асырылуы мүмкін.
6. Жергілікті атқарушы орган борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстардың көлемі тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттің меншікті кірістері мен жалпы сипаттағы трансферттер сомасының он пайызына тең мөлшерден аспауға тиіс.
7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының тиісті қаржы жылына арналған лимитін айқындау үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның жергілікті атқарушы органдар борышының жоспарланатын кезеңнің басындағы жай-күйі туралы деректері пайдаланылады.
8. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алу және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің тапшылығын қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа түсетін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы түрінде, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік бағдарламаларды, саланы (аяны) дамыту тұжырымдамаларын, ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу объектілерінде тұрғын үй және (немесе) пәтерлер салуды және (немесе) сатып алуды, өтеуін төлеп алуды қаржыландыру үшін, сондай-ақ кәріз тазарту құрылыстарын салу мен реконструкциялауды қаржыландыру, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген іс-шараларды белгіленген тәртіппен қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа түсетін мемлекеттiк бағалы қағаздар шығаруы түрінде, "Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңында айналысқа түсетін ұлттық валютадағы мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруы, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде "жасыл" жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан ұлттық валютада қарыз алуы түрінде қарыз алуды жүзеге асырған кезде борыш лимиті:
1) жергілікті бюджеттің меншікті кірістері мен жалпы сипаттағы трансферттердің сомасы ескеріле отырып;
2) жоспарланып отырған қаржы жылында өз қарыздарына дербес қызмет көрсету және оларды өтеу мүмкіндігі ескеріле отырып қалыптастырылады.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а 30.04.2024 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, бірақ 08.06.2024 кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.9. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын қаржы жылына арналған лимиті жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 желтоқсанына дейінгі мерзімде Бюджет кодексінің 210-бабының 2-тармағына, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша белгіленеді.
10. Жергілікті атқарушы органдар борышының лимитін нақтылау бюджет параметрлері өзгерген жағдайда, республикалық бюджет тиісті қаржы жылы ішінде нақтыланған кезде жүргізіледі.
Елді мекендерді бөлу немесе бөліп шығару жолымен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрылған, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктің шекаралары өзгерген жағдайда борышты бөлу жөніндегі тиісті жергілікті атқарушы органдар арасында жасалған шарттарды ескере отырып, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның деректері негізінде жергілікті атқарушы органдар борышының лимитін нақтылау жүргізіледі.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 15.08.2023 № 150 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3-тарау. Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау тәртібі
11. Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті жылға арналған лимиті жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының, үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемдері негізге алынып қалыптастырылады.
12. Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті қаржы жылына арналған лимиттері осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша айқындалады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.
Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау қағидаларына 1-қосымша |
Үкіметтік борыш лимитін айқындау формулалары
Lgov = Lgov1 + Bdef + (Dgov * E), мұндағы:
Lgov – жоспарланатын қаржы жылына арналған, теңгемен есептелетін үкіметтік борыш лимиті;
Lgov1 – жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыш лимиті.
Бұл ретте тиісті қаржы жылы ішінде бюджет параметрлері нақтыланған жағдайда Lgov1 деп жоспарланып отырған қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыштың нақты көлемі қолданылады;
Bdef – жоспарланатын қаржы жылында ішкі нарықтағы ұлттық валютада үкіметтік қарыз алу есебінен республикалық бюджет тапшылығын қаржыландырудың жалпы көлемі;
Dgov – жоспарланатын қаржы жылында сыртқы нарықта республикалық бюджет тапшылығын үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың АҚШ долларындағы кросс-бағамы ескеріле отырып келтірілген жалпы көлемі;
Е – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджетті әзірлеу барысында көзделген теңгенің АҚШ долларына есептік бағамы.
Жоспарланатын қаржы жылына арналған үкіметтік борыш лимитін айқындау кезінде мынадай талаптар орындалады:
В1 ≤ ExGB * 0,10, мұндағы:
B1 – жоспарланатын қаржы жылына үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындар көлемі;
ExGB – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының көлемі.
Үкіметтік борыштың және | |
жергілікті атқарушы орган | |
борышының лимитін, | |
мемлекеттік кепілдіктер мен | |
мемлекет кепілгерліктерін беру | |
лимиттерін айқындау | |
қағидаларына | |
2-қосымша |
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының лимиттерін айқындау формулалары
Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 23.11.2023 № 178 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын кезеңге арналған лимиті мына формулаға сәйкес айқындалады:
Lslg = Dlg + RtogchLg * k – Plg, мұнда:
Lslg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының жоспарланатын қаржы жылындағы лимиті;
Dlg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылының басындағы борышы;
Бұл ретте тиісті қаржы жылы ішінде бюджет параметрлері нақтыланған жағдайда Dlg-ге жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы жергілікті атқарушы орган борышының нақты көлемі қолданылады.
Бұл ретте елді мекендерді бөлу немесе бөліп шығару жолымен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрылған, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктің шекаралары өзгерген жағдайда тиісті жергілікті атқарушы органдар арасында борышты бөлу бойынша жасалған шарттарды ескере отырып, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның деректері қолданылады.
RtogchLg – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның жоспарланатын қаржы жылында жергілікті бюджеттің меншікті кірістері мен жалпы сипаттағы трансферттердің сомасы бойынша болжамды деректері;
Бұл ретте тиісті қаржы жылы ішінде бюджет параметрлері нақтыланған жағдайда жалпы сипаттағы трансферттердің бекітілген деректері ескеріледі.
k – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы үшін түзету коэффициенті 0,1;
Бұл ретте "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы үшін түзету коэффициенті 0,5;
Plg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылында борышты өтеуге жұмсалатын қаражатының көлемі.
2. Айқындалатын борыш лимиті мынадай талапқа сәйкес келеді:
В2 ≤ RtogchLg * к, мұнда:
B2 – бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның жоспарланатын қаржы жылында тиісті жергілікті атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығындардың жоспарланатын көлемі бойынша болжамды деректері.
Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау қағидаларына 3-қосымша |
Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау формулалары
Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау кезінде мынадай талаптар сақталады:
LGgov ≤ (ExGB * 0,15) - В1-B2, мұндағы:
LGgov – жоспарланатын қаржы жылына арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиті;
ExGB – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының көлемі;
В1 – жоспарланатын қаржы жылына үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындар көлемі;
В2 – жоспарланатын қаржы жылына арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындар көлемі.