Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 31 мамырдағы № 125 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 мамырда № 32639 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 5-бабы 2-тармағынның 7-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қоса беріліп отырған Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызмет өткеру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейінқолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі төрағасы
Д. Жазыкбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Президентінің Әкімшілігі

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Үкіметінің Аппараты

  Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі төрағасы
2023 жылғы 31 мамырдағы
№ 125 Бұйрыққа
қосымша

Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидалары

      1. Осы Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 5-бабы 2-тармағынның 7-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленетін мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақыларын және сауықтыру жәрдемақыларын есептеу коэффициенттеріне сәйкес лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін өтілге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап мемлекеттік қызметті тоқтатқан кезге дейінгі мемлекеттік қызметте болған бүкіл уақыт енгізіледі.

      3. Лауазымдық айлықақыны белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу үшін, сондай-ақ мына:

      1) Қазақстан Республикасының, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСРО) Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткерген уақыт, сондай-ақ арнайы оқу орындарында оқу және арнайы бастапқы оқу кезеңі;

      2) құқық қорғау органдарында, оның ішінде мемлекеттік фельдъегерлік қызметте, қаржы полициясында (салық полициясында (милицияда), мемлекеттік өртке қарсы қызметте, қылмыстық-атқару жүйесінде, оның ішінде бұрынғы КСРО-ның, бұрынғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тергеу комитетінде лауазымға тағайындалған күннен бастап (оның ішінде тағылымдамашы лауазымында) қызмет өткерген уақыт, сондай-ақ арнайы оқу орындарында оқу және арнайы бастапқы оқу кезеңі;

      3) арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген уақыт, оның ішінде арнаулы (әскери) оқу орындарында оқу кезеңі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдар туралы заңнамасына сәйкес қызметкерлердің еңбек қызметі өтілі еңбек сіңірген жылдарына есептелген уақыт;

      4) Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСРО-ның судья лауазымында және сот аппараттарында (кеңселерінде) мемлекеттік (жауапты) лауазымдарда жұмыс істеген уақыт;

      5) мемлекеттік қызметтегі адамдардың бала үш жасқа толғанға дейінгі оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс, сондай-ақ жалақысы сақталмайтын әлеуметтік демалыстың басқа да түрлерінің уақыты;

      6) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның аумақтық бөлімшелеріндегі қызметші ретінде, сондай-ақ КСРО Мемлекеттік банкі жүйесінде жұмыс істеген уақыт;

      7) 1992 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы мен Қазақстан Республикасының партия, кәсіподақ және комсомол органдарында сайланбалы және өзге де жауапты лауазымдарда жұмыс істеген уақыт;

      8) мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда басшы лауазымдарда немесе нақты мемлекеттік әкімшілік лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес лауазымдарда жұмыс істеген уақыт;

      9) мемлекеттік саяси қызметшілер, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, сондай-ақ "Б" корпусының А-1, А-2, В-1, В-2, С-1, С-2, С-О-1, С-О-2, C-R-1, C-R-2, D-1, D-2, D-О-1, D-О-2, Е-1, Е-2, E-R-1 санаттары үшін квазимемлекеттік сектор және/немесе ірі кәсіпкерлік субъектілерінде басшы лауазымдарда немесе нақты мемлекеттік лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес лауазымдарда жұмыс істеген уақыт;

      10) егер осы лауазымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер лауазымдарына жатқызылған болса, мемлекеттік органдар мен олардың аппараттарына техникалық қызмет көрсеткен және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз еткен қызметкерлер лауазымдарында жұмыс істеген уақыт;

      11) егер қызметші тағайындауға дейін тікелей мемлекеттік қызметте болса, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдардың жолдамасы бойынша халықаралық ұйымдарда немесе басқа мемлекеттерде жұмыс істеген уақыт;

      12) Еуразиялық экономикалық комиссияда және Еуразиялық экономикалық одақтың Сотында жұмыс істеген уақыт;

      13) кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі курстарда жұмыстан қол үзіп оқыған, сондай-ақ қызметші оқуға түскенге дейін мемлекеттік қызметте болса және оны аяқтаған соң мемлекеттік қызметке қайтып келсе, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жолдауы бойынша шетелде оқыған уақыт;

      14) Қазақстан Республикасының Парламенті депутатының, сондай-ақ тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутатының өкілеттігін жүзеге асырған уақыт;

      15) мемлекеттік органның құрылуы кезінде, сондай-ақ арнайы тексеру нәтижелерін алғанға дейін бос мемлекеттік әкімшілік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқарған адамдардың жұмыс істеген уақыты;

      16) мемлекеттік қызметшілерді заңсыз қызметтен шығару кезінен бастап олар мемлекеттік қызметке қайта орналастырылғанға дейінгі уақыт;

      17) мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне кіру кезіндегі сынақ мерзімінен өту уақыты кіреді.

      4. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне лауазымдық айлықақыны белгілеуге құқық беретін өтіліне құқық қорғау органдарында қызмет өткерген және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткерген уақыты кіреді.

      5. Лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін өтілді еңбек өтілін белгілеу жөніндегі комиссия айқындайды, оның құрамын мемлекеттік органның қызметкерлерін лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адам бекітеді.

      Лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін өтілді белгілеу мәселесін қарау үшін:

      1) мемлекеттік қызметшінің өтініші;

      2) мемлекеттік қызметшіні мемлекеттік органдағы мемлекеттік лауазымға тағайындау негіздер болып табылады.

      Лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін өтілді белгілеу жөніндегі комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оның көшірмесі бухгалтерияға беріледі.

      Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік қызметшінің талап етуі бойынша үш жұмыс күні ішінде оған комиссия шешімінен үзінді береді және оны растайды.

      6. Лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін өтілді айқындау үшін еңбек кітапшасы немесе қызметтік тізім негізгі құжаттар болып табылады.

      Еңбек кітапшасы, қызметтік тізім болмаған кезде, сондай-ақ қажетті жазба болмаған не жұмыс кезеңдері туралы қате немесе дәл емес жазбалар болған жағдайда лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін еңбек өтілін растауға еңбек шарты, жұмыс берушінің актілерінен үзінділер, қызметкерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінділер, аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінділер, жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер, жұмыс орнынан анықтамалар немесе қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама, сондай-ақ әскери билет қабылданады. Лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін еңбек өтілін куәлардың айғақтарымен растау Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      7. Осы Қағидалардың 3-тармағының 8-1) тармақшасында көрсетілген ірі кәсіпкерлік субъектісіндегі жұмыс өтілін растайтын құжат ірі кәсіпкерлік субъектісі мына өлшемшарттардың біріне немесе екеуіне сәйкес келетіні: жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан асатын және (немесе) жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің үш миллион еселенген мөлшерінен асатыны туралы мәлімет болып табылады.

      8. Күнтізбелік бір ай ішінде лауазымдық айлықақыны арттыруға құқығы пайда болған қызметшілерге лауазымдық айлықақыны өтілін есепке алумен есептеу осындай құқық пайда болған күннен бастап жүзеге асырылады.

      9. Егер Қазақстан Республикасының енбек саласындағы заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Қағидаларға сәйкес лауазымдық айлықақыны белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілі күнтізбелік есептеумен есепке алынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады