БҰЙЫРАМЫН:
1. "Ғарыш инфрақұрылымы объектілерін құруға, пайдалануға және дамытуға арналған шығындарды есептеу әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 194/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19239 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ғарыш инфрақұрылымы объектілерін құруға, пайдалануға және дамытуға арналған шығындарды есептеу әдістемесінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Ғарыш инфрақұрылымы объектілерін құруға, пайдалануға және дамытуға арналған шығындарды есептеу әдістемесі (бұдан әрі – Есептеу әдістемесі) "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 16-1) тармақшасына
сәйкес әзірленді.";
3, 4, 5, 6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы Есептеу әдістемесінде мынадай ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:
1) амортизация – негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің құнын олардың физикалық және сапалық тозуына қарай, өндірілетін өнімнің (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) құнына бөліп ауыстыру;
2) арнайы бағдарламалық қамтылым – белгілі бір сыныптағы міндеттерді шешу үшін әзірленген және құрылған бағдарламалар санаты;
3) ғарыш аппараттарын ұшыру (бұдан әрі – ҒА ұшыру) – ғарыш аппаратын тасымалдағыш зымыранның көмегімен берілген орбитаға шығару;
4) ғарыш аппараты (бұдан әрі – ҒА) – ғарыш кеңістігін зерттеу және (немесе) пайдалану мақсатында ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған техникалық құрылғы;
5) ғарыш жүйесі – ғарыш кеңістігінде міндеттерді шешуге арналған функционалды-өзара байланысқан орбиталды және жерүсті техникалық құралдар жиынтығы;
6) ғарыш инфрақұрылымы объектілері – жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілері мен ғарыш объектілері;
7) ғарыш инфрақұрылымы объектілерін дамыту – ғылыми-зерттеу жұмыстарын, техникалық объектілерді құру, олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін процестерді құруды және/немесе ғарыш инфрақұрылымының жұмыс істеп тұрған объектілерін жаңғыртуды қамтитын іс-шаралар кешені;
8) ғарыш инфрақұрылымы объектісін өндіруге арналған еңбек сыйымдылығы (бұдан әрі – еңбек сыйымдылығы) – ғарыш инфрақұрылымы объектісін өндіруге арналған адам-айлармен өлшенетін жұмыс уақытының саны;
9) орындаушы ұйым – ғарыш инфрақұрылымы объектілерін құру, пайдалану және дамыту жөніндегі бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыруды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъект;
10) өндірістік шығыстар – өндірілетін өнімді (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) дайындаумен байланысты шығындар;
11) сыртқы ұйымдардың қызметі – үшінші тұлғалар көрсететін қызметтер;
12) техникалық қолдау – ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдаланушыларға оларды пайдалану барысында конструкторлық және пайдалану құжаттамасына сәйкес ғарыш инфрақұрылымы объектілерінің пайдалану және техникалық сипаттамаларын қамтамасыз ету бөлігінде көмек көрсету, қауіпсіздіктің талап етілетін деңгейін және ғарыш инфрақұрылымы объектілерінің нысаналы мақсаты бойынша үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында штаттан тыс жағдайларға уақтылы ден қою үшін қажетті іс-шараларды ұйымдастыру;
13) іске қосу-баптау жұмыстары – құрылыс объектілерінде монтаждалған жабдықты пайдалануға беру жөніндегі іс-шаралар кешені.
4. Ғарыш инфрақұрылымы объектілерін құруға, пайдалануға және дамытуға арналған шығындарды анықтауға:
1) нормативтік-техникалық құжаттама (ҚР СТ, ҚР МЕМСТ, ІSO және т.б.);
2) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 сәуірдегі № 525 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12090 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 5, 10 және 11-тармақтарына сәйкес орындалған жұмыстар бойынша құжаттама негіз болады.
5. Ғарыш инфрақұрылымы объектілерін құруға, пайдалануға және дамытуға арналған шығындар инвестициялар құрылымына және орындаушы ұйымдардың қызметін жоспарлау тәртібіне сәйкес:
1) инвестициялар (күрделі шығындар) құрылымына сәйкес Қағидалардың 8, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 33, 37, 39-тармақтарында көрсетілген іс-шараларды іске асыруға арналған шығындарды қамтитын ғарыш инфрақұрылымы объектілерін құруға және/немесе дамытуға;
2) орындаушы орындайтын және оның Қағидалардың 23, 33, 37, 39-тармақтарында көрсетілген іс-шараларды іске асыруға арналған шығындарын қамтитын ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалануға бағытталған өндірістік шығындардан тұрады.
6. Өндірістік шығындардың құрамына:
1) өндіріс ішіндегі шығындар;
2) кедендік төлемдер және тиісті салықтарды қосқанда, баға ұсыныстары негізіндегі мердігерлер жұмыстарының құны;
3) баға ұсыныстары негізінде ҒА ұшыру және/немесе іске қосу-баптау жұмыстарының құны;
4) орташа нарықтық бағалар негізінде есеп айырысу жолымен ҒА ұшырудан бастап орбитаға шығаруға дейінгі аралықтағы сақтандыру құны;
5) ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалануға арналған шығындарды айқындау кезіндегі өзге де шығындар, олар:
пайдалану кезеңінде ғарыш жүйесін сақтандыруға арналған шығындардан;
ҒА басқаруды авторлық сүйемелдеу жөніндегі қызметтерге арналған шығындардан;
ҒА пайдалануды техникалық қолдау жөніндегі қызметтерге арналған шығындардан тұрады.
7. Өндіріс ішіндегі шығындар құрамына:
1) сағаттық мөлшерлемелерді пайдалана отырып, жоба бойынша өндірістік жұмыс күшіне арналған шығыстар ретінде ескерілуі мүмкін адами ресурстарды қамтитын өндірістік жұмыс күшіне арналған шығындар;
2) түрлендіруге және құрастыруға жататын, шикізаттарды, механикалық бөлшектерді, жартылай фабрикаттарды немесе электрлік/электрондық бөлшектерді қоса алғанда, материалдарға арналған шығындар;
3) жобаны жүзеге асыру үшін қажетті технологиялық жабдықтың, аспаптардың, құрылғылардың, арнайы бағдарламалық қамтылымның амортизациясына арналған шығындар;
4) жобаны жүзеге асыру үшін қажетті технологиялық жабдықтарды, аспаптарды, құрылғыларды, арнайы бағдарламалық қамтылымды сатып алуға немесе жалға алуға арналған инвестициялық шығындар;
5) негізгі құралдар мен материалдық емес активтерге қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған шығындар;
6) ғарыш инфрақұрылымы жобаларын іске асыру үшін қажетті өндірістік алаңдарды және/немесе негізгі құралдарды жалға алуға арналған шығындар;
7) құрылыстар мен құрылғыларды жалға алу, сарапшыларды, компьютерлік қызметтерді жалдау, мемлекеттік және басқа да сараптамалар жүргізу, рұқсаттар мен сертификаттар алу, телімді сатып алу және рәсімдеу, алаңды мақсатты пайдалануға дайындаудан тұратын сыртқы ұйымдардың өзге де шығындары кіреді.".
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсiн.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Б. Мусин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Стратегиялық жоспарлау және
реформалар агенттігі
Ұлттық статистика бюросы
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі