Терроризм актісін болғызбауға немесе оның жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2023 жылғы 16 маусымдағы № 45/қе бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 19 маусымда № 32839 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 187-бабы бірінші және бесінші бөліктеріне, "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 3-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ереже 15-тармағының 313-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Терроризм актісін болғызбауға немесе оның жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Терроризмге қарсы орталығының штабы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері таныстырылсын.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Төрағасы
Е. Сагимбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Төрағасының
2023 жылғы 16 маусымдағы
№ 45/қе бұйрығымен
бекітілген

Терроризм актісін болғызбауға немесе оның жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Терроризм актісін болғызбауға немесе оның жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 187-бабы бірінші және бесінші бөліктеріне, "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 3-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ереже 15-тармағының 313-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және терроризм актісін болғызбауға немесе оның жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қаржы бөлімшесі – төлемдер жүргізу және ақша аударымдары бойынша міндеттер жүктелген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі - ҰҚК) құрылымдық бөлімшесі немесе ҰҚК аумақтық органының бөлімшесі;

      2) уәкілетті бөлімше – жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметін жүргізуге уәкілетті ҰҚК құрылымдық бөлімшесі немесе ҰҚК аумақтық органының бөлімшесі.

      3. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік немесе ішкі істер органдарына терроризм актісін болғызбауға немесе оның жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамдарға (бұдан әрі – ақпаратты хабарлаған адам) ҰҚК немесе оның аумақтық органдары осы мақсаттарға ҰҚК-нің тиісті қаржы жылына қарастырылған бюджет қаражаттары есебінен сыйақы төлейді.

2-тарау. Терроризм актісін болғызбауға немесе оның жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу тәртібі

      4. Сыйақы келесі тәртіпте белгіленеді:

      1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 255-бабының бірінші және екінші бөліктерінде қарастырылған терроризм актісі туралы қылмыстық істер бойынша – 750 (жеті жүз елу) айлық есептік көрсеткіштері (бұдан әрі - АЕК);

      2) ҚК 255-бабының үшінші және төртінші бөліктерінде қарастырылған терроризм актісі туралы қылмыстық істер бойынша – 1000 (бір мың) АЕК.

      5. Ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы, егер кінәлі адамға қатысты:

      1) айыптау үкімі немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 521-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген жағдайда;

      2) ҚПК 35-бабы бірінші бөлігінің 9), 11) және 12) тармақшаларында қарастырылған негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шыққан жағдайда төленеді.

      6. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеу бөлімшелері осы Қағидалардың 5-тармағында қарастырылған жағдайлар туындаған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде, ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы алу құқығы пайда болғаны туралы талон-хабарлама жолдайды.

      Егер, қылмыстық іс өндірісін Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары жүргізген жағдайда, талон-хабарламаны жолдауды Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тергеу бөлімшелері жүзеге асырады.

      Ақпаратты хабарлаған адамның сыйақы алу құқығы пайда болғаны туралы уәкілетті бөлімше де хабардар етіледі.

      7. Ақпаратты хабарлаған адам сыйақы алу үшін Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік немесе ішкі істер органдарына талон-хабарламаны алған күннен бастап 3 (үш) ай ішінде осы Қағидалардың 8-тармағының 1), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды өткізеді.

      Сыйақыдан бас тартқан жағдайда, ақпаратты хабарлаған адам Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік немесе ішкі істер органдарына тиісті өтініш береді.

      8. Уәкілетті бөлімше немесе Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары келесі құжаттарды жинақтайды:

      1) ақпаратты хабарлаған адамның сыйақы төлеу туралы өтініші;

      2) талон-хабарлама түбіртегінің көшірмесі;

      3) заңды күшіне енген айыптау үкімінің немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы сот қаулысының болмаса ҚПК 35-бабы бірінші бөлігінің 9), 11) және 12) тармақшаларында қарастырылған негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының көшірмесі;

      4) жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілген, ақпаратты хабарлаған адамның жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі;

      5) ақпаратты хабарлаған адамның ағымдағы банктік есепшоты көрсетілген екінші деңгейлі банк анықтамасының түпнұсқасы. Ағымдағы банктік есепшоты болмаған жағдайда, адам өзі кез келген екінші деңгейлі банктен ағымдағы банктік есепшот (бұдан әрі - ағымдағы банктік есепшот) ашады.

      Аталған құжаттарды жинақтау ақпаратты хабарлаған адамның оларды берген күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      9. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары ұсынылған құжаттардың толықтығын және растығын тексерген соң 10 (он) жұмыс күні ішінде оларды Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына жолдайды.

3-тарау. Терроризм актісін болғызбауға немесе оның жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы төлеу тәртібі

      10. Уәкілетті бөлімше ұсынылған құжаттардың толықтығын және растығын тексерген соң 10 (он) жұмыс күні ішінде ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы төлеу туралы бұйрық жобасын әзірлейді.

      11. Ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы төлеу бір рет ұлттық валютада ҰҚК Төрағасының немесе ҰҚК аумақтық органы бастығының тиісті бұйрығының негізінде жүзеге асырылады және міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларында қаражаттар болған жағдайда қазынашылықтың аумақтық бөлімшелері арқылы оның екінші деңгейлі банктегі ағымдағы банктік есепшотына жүргізіледі.

      Міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларында қаражаттар болмаған жағдайда сыйақы төлеу міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларына тиісті өзгерістер енгізген соң күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүргізіледі.

      12. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қаржы бөлімшесі ақпаратты хабарлаған адамды үш күн мерзім ішінде оның екінші деңгейлі банктегі ағымдағы банктік есепшотына ақша қаражаты аударылғаны туралы заңнамада белгіленген тәртіппен хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады