"Медиация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі |
Д. Қыдырәлі |
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі 2023 жылғы 14 маусымдағы № 244-НҚ Бұйрығымен бекітілген |
Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Медиация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу барысында, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) реттеу саласында кәсіпқой медиаторларды даярлау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалар кәсіпқой медиатор мәртебесін алу, медиатордың біліктілігін арттыру көздейді және Заңға сәйкес медиаторларды кәсіби даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын медиаторлар ұйымдардың (бұдан әрі – медиаторлар ұйымдары) медиаторларды кәсіби даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі оқу бағдарламаларын әзірлеуіне және бекітуіне негіз болып табылады.
2-тарау. Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өту тәртібі
3. Кәсіпқой медиаторларды даярлау осы Қағидалардың талаптарына сәйкес әзірленген медиаторлар ұйымдары бекіткен бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады.
4. Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудың мақсаты тыңдаушылардың медиатор ретінде кәсіби негізде қызметін жүргізу үшін қажет білім мен шеберлікті алуы, дағдыларды игеруі, сондай ақ медиаторлардың біліктілігін арттыру болып табылады.
5. Кәсіпқой медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқыту күндізгі оқу нысаны бойынша жүзеге асырылады.
6. Оқу тобының саны 15 (он бес) адамнан аспайтын болып құрылады.
7. Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өтетін адамдар оқу кезеңінде қағаз (электронды) тасымалдағыштардағы оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етіледі.
8. Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан 25 (жиырма бес) жасқа толған жоғары білімі бар адамдар өтеді.
9. Медиаторларды даярлау бағдарламасы "Жалпы медиация курсы" және "Мамандандырылған медиация курсы" бағдарламаларынан тұрады.
10. "Жалпы медиация курсы" Заңның 9-бабының талаптарына сәйкес келетін кәсіпқой медиатор болғысы ниет білдірген адамдарды даярлауға арналған және көлемі кемінде 48 (қырық сегіз) сағатты құрайды.
Оқу басталғанға дейін тұлға медиаторлар ұйымына мынадай құжаттарды:
1) жоғары білім туралы дипломның көшірмесін (дипломның түпнұсқасы ұсынылмаған жағдайда салыстырып тексеру үшін нотариалды куәландырылған көшірмесін);
2) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін;
3) медиаторлар ұйымына ұсынылғанға дейін бір айдан аспайтын уақытта тұлғаның тұрғылықты мекенжайы бойынша берілген наркологиялық және психиатриялық диспансерлердің медициналық анықтамаларын;
4) медиаторлар ұйымына ұсынылғанға дейін бір айдан аспайтын уақытта тұлғаның тұрғылықты мекенжайы бойынша берілген мәліметтер қамтылған соттылығы жоқ екені туралы анықтаманы ұсынуға тиіс.
11. "Мамандандырылған медиация курсы", "Жалпы медиация курсын" өткен адамдарға арналған. "Мамандандырылған медиация курсы" нақты мамандану бойынша кәсіпқой медиаторды дайындауға арналған және көлемі кемінде 50 (елу) сағатты құрайды.
12. Оқу бағдарламаларының мазмұны әрбір оқу бағдарламасы бойынша үлгілік оқу жоспарымен және осы Қағидаларының 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тақырыптармен берілген.
13. Медиаторларды оқыту бағдарламасы теориялық бөлікті (дәріс оқу), практикалық сабақтар, тренингтер, іскерлік ойындар өткізуді көздейді. Медиаторларды оқытудың практикалық бағытына байланысты дәріс сабақтарының көлемі сабақтардың жалпы көлемінің 40 (қырық) пайызынан аспайды.
14. Медиаторларды даярлау жөніндегі 2 (екі) оқу бағдарламасының әрқайсысы қорытынды аттестаттаумен және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысанда сертификат берумен аяқталады.
15. Қорытынды аттестаттауды емтихан комиссиясы жүргізеді, оның құрамын оқытуды жүргізетін медиаторлар ұйымының басшысы айқындайды және медиатордың білімі мен дағдыларын тексерудің 2 (екі) деңгейін қамтиды:
теориялық білім әңгімелесу немесе тестілеу нысанындағы емтиханда тексеріледі;
практикалық дағдылар имитациялық медиация нәтижелері бойынша тексеріледі және бағаланады.
Бұл ретте емтихан комиссиясы 3 (үш) мүшеден – медиаторлар ұйымының 2 (екі) өкілінен және басқа медиаторлар ұйымының 1 (бір) өкілінен тұрады.
16. Қорытынды аттестаттаудың нәтижелері емтихан комиссия мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді және олар тыңдаушылардың назарына жеткізіледі.
17. "Жалпы медиация курсы" және (немесе) "Мамандандырылған медиация курсы" оқу бағдарламалары бойынша оқудан өткен адамдарға оқытуды жүргізетін медиаторлар ұйымы оқудан өткенін растайтын құжат (сертификат) береді.
"Жалпы медиация курсы" оқу бағдарламасы бойынша сертификат алған адамдар, медиатор ретінде кәсіби негізде практикалық қызметті жүргізеді.
"Мамандандырылған медиация курсы" оқу бағдарламасы бойынша сертификат алған адамдар, медиатор ретінде, оның ішінде нақты мамандануы бойынша кәсіби негізде практикалық қызметті жүргізеді.
Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткізу қағидаларына 1-қосымша |
"Жалпы медиация курсы" бағдарламасы бойынша үлгілік оқу жоспары
Р/с № | Тақырыптардың атауы | Барлық сағаты | Оның ішінде | |
Дәріс | Практикалық сабақ | |||
1. | Дауларды баламалы шешу ұғымы және түрлері | 2 | 2 | |
2. | Медиация ұғымы | 2 | 2 | |
3. | Медиация жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасы | 1 | 1 | |
4. | Медиацияның негізгі қағидаттары | 2 | 2 | |
5. | Медиация құралдары | 6 | 2 | 4 |
6. | Медиациядағы қабылдау және коммуникация | 8 | 4 | 4 |
7. | Медиатор және медиация рәсімі | 2 | 2 | |
8. | Медиация рәсімін жүргізу қағидасы | 2 | 2 | |
9. | Медиация рәсімінің нәтижесі | 1 | 1 | |
10. | Медиациядағы ақпарат | 1 | 1 | |
11. | Тараптардың мүдделерімен жұмыс істеу | 6 | 2 | 4 |
12. | Медиациядағы келіссөздер процесінің ерекшеліктері | 4 | 2 | 2 |
13. | Медиация рәсіміне қатысуға тараптардың өкілдерін, сарапшыларды және басқа да тұлғаларды тарту | 1 | 1 | |
14. | Даушарлар ұғымы және оларды жіктеу | 2 | 2 | |
15. | Медиацияда наразылықтармен жұмыс істеу | 2 | 1 | 1 |
16. | Медиацияны алға жылжыту және медиациядағы әдеп нормалары | 2 | 1 | 1 |
17. | Медиацияның шетелдік тәжірибесі | 2 | 2 | |
18. | Қорытынды бақылау | 2 | 2 практикалық тапсырмамен жұмыс істеу, тестілеу | |
19. | Жиыны | 48 | 30 | 18 |
Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткізу қағидаларына 2-қосымша |
"Мамандандырылған медиация курсы" бағдарламасы бойынша үлгілік оқу жоспары
Р/с № | Такырыптардың атауы | Барлық сағаты | Оның ішінде | |
Дәріс | Практикалық сабақ | |||
1. | Азаматтық құқықтық, қатынастардан туындайтын дауларды шешу ерекшеліктері | 5 | 2 | 3 |
2. | Еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын дауларды шешу ерекшеліктері | 5 | 2 | 3 |
3. | Отбасы құқықтық қатынастарынан туындайтын дауларды шешу ерекшеліктері | 6 | 2 | 4 |
4. | Кәмелетке толмағандардың істері бойынша дауларды (даушарларды) шешу ерекшеліктері | 5 | 2 | 3 |
5. | Қылмыстық істер бойынша даушарларды шешу ерекшеліктері | 6 | 2 | 4 |
6. | Корпоративтік дауларды шешу ерекшеліктері | 5 | 2 | 3 |
7. | Қоршаған ортаны қорғау саласында медиацияны қолдану | 5 | 2 | 3 |
8. | Әлеуметтік медиация. Көршілер дауларында медиацияны қолдану | 5 | 2 | 3 |
9. | Этносаралық ерекшеліктер және медиация | 5 | 2 | 3 |
10. | Қорытынды бақылау | 3 | 3 практикалық тапсырмамен жұмыс істеу, тестілеу | |
11. | Жиыны | 50 | 18 | 32 |
Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткізу қағидаларына 3-қосымша |
__________________________________________________________________
(медиаторлар ұйымының атауы)
__________________________________________________________________
СЕРТИФИКАТ № __________________________________________________
(сертификаттың нөмірі) Осы Сертификат
__________________________________________________________________
Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)
___________________________________________________________________
(бағдарлама атауы)
медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқуды табысты аяқтағанын
куәландырады.
_______________________________________ ___________________________
(жаттықтырушы медиатордың (қолы)
Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)
_______________________________________________ ___________________
(медиаторлар ұйымы (қолы)
басшысының Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда))
М.О. ______________________________________________
(сертификатты беру күні)