Инвесторлар үшін "бір терезені" ұйымдастыру қағидаларын, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы № 11-1-4/327 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 27 маусымда № 32910 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-1-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған инвесторлар үшін "бір терезені" ұйымдастыру қағидалары, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер Министрі
М. Нұртілеу

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі


      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер Министрі
2023 жылғы 26 маусымдағы
№ 11-1-4/327 бұйрығымен
бекітілген

Инвесторлар үшін "бір терезені" ұйымдастыру қағидалары, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы инвесторлар үшін "бір терезені" ұйымдастыру қағидалары, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.

      Қағидалар сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлерде инвесторларды тарту және сүйемелдеу, сондай-ақ инвесторлар үшін мемлекеттік қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметтің тиімділігін арттыру арқылы Қазақстан Республикасының инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында әзірленді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) инвестициялық жоба – мемлекеттік-жекешелік әріптестік инвестициялық жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа өндірістерді құруды, қолданыстағы өндірістерді кеңейтуді және (немесе) жаңартуды көздейтін іс-шаралар кешені;

      2) инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы – құны 500 (бес жүз) миллион теңгеден асатын экономиканың шикізаттық емес салаларында іске асырылатын және пысықталатын инвестициялық жобалардың тізбесі, олардың бастамашылары инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган қалыптастыратын жеке кәсіпкерлік субъектілері (отандық және шетелдік инвесторлар) болып табылады;

      3) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – арнайы инвестициялық келісімшарттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын инвестициялық келісімшарттар жасасу және олардың орындалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;

      4) инвестицияларды тарту саласындағы өңірлік ұйым (бұдан әрі – өңірлік ұйым) – инвестицияларды тарту және инвесторларды сүйемелдеу мақсатында жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      5) инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания (бұдан әрі – Ұлттық компания) – инвестициялық жобаларды іске асыру шарттарының перспективаларын талқылау кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүдделерін білдіретін ұлттық компания мәртебесі бар заңды тұлға;

      6) инвестор – Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;

      7) инвесторды "бір терезе" қағидаты бойынша сүйемелдеу – инвестицияларды тарту саласындағы Ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, инвестицияларды тарту саласындағы өңірлік ұйымдар тарапынан инвесторға ақпараттық, консультациялық, ұйымдастырушылық жәрдемдесу жөніндегі іс-шаралар кешені;

      8) инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты (бұдан әрі – "бір терезе" қағидаты) – инвесторлардың құжаттарды жинауға және дайындауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын шектеуді көздейтін, Ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, өңірлік ұйымдар тарапынан инвесторларға ұйымдар көрсететін мемлекеттік қызметтерді алуға жәрдемдесудің орталықтандырылған нысаны;

      9) Инвесторларды тарту мәселелері жөніндегі кеңес (бұдан әрі –Инвестициялық штаб) – Қазақстан Республикасының аумағында пысықталатын және инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясат шеңберінде әлеуетті инвесторлармен жұмысты жандандыруға бағытталған инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау, оның ішінде кейінге қалдыру шарттарын, сондай-ақ Үкімет басшылығының деңгейінде шешімдер қабылдауды талап ететін инвестициялық жобалар бойынша мәселелерді қарауды ескере отырып тұжырымдау мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган;

      10) көрсетілген қызметті беруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдар, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ заңды тұлғалар;

      11) фронт-офистер жүйесі – консультацияларды, мемлекеттік қызметтерді көрсету, кездесулер, келіссөздер және Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылымын өткізу үшін қажетті инфрақұрылымы бар арнайы бөлінген алаңдарда жүзеге асырылатын осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген мүдделі органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін үш деңгейлі (сыртқы, орталық және өңірлік деңгей) жүйе;

      12) Task Force – Ұлттық компанияның инвестициялар туралы келісімдерге қол қойылуға тиіс инвестициялық жобалар пулын қалыптастыруға және сүйемелдеуге жауап беретін инвестициялар тарту саласындағы құрылымдық бөлімшесі;

      13) "Investor relationship management" ақпараттық мониторинг жүйесі (бұдан әрі – IRM) – қазақстандық, шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін инвесторлар, инвестициялық жобалар, өндірістік алаңдар және әлеуетті инвесторлардың ақпараттық сауалдары туралы толық, дұрыс және өзекті ақпарат қамтылған бірыңғай ақпараттық алаң.

2-тарау. Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, өңірлік ұйымдардың инвесторларды "бір терезе" қағидаты бойынша сүйемелдеуін ұйымдастыру тәртібі

      3. Осы Қағидалар шеңберінде инвесторларға қызметтер көрсету сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлердегі фронт-офистер жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

      Инвестициялық саясатты іске асыруға және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге, сондай-ақ инвесторлардың Қазақстан Республикасында өндірілген өнімдерін ілгерілетуге жауапты Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері, Ұлттық компанияның өкілдіктері мен өкілдері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдіктері мен өкілдері сыртқы деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері болып табылады.

      Ұлттық компания, Task Force, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары, Қазақстан Республикасының "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және өнеркәсіптік-инновациялық қызметті қолдау және кәсіпкерлікті дамыту саласындағы басқа да ұйымдар орталық деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері болып табылады.

      Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарының бөлімшелері, Ұлттық компанияның өңірлік өкілдіктері және өкілдері, Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары айқындайтын өңірлік ұйымдар, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ инвестициялық саясатты іске асыруға, инвестициялық жобаларды іске асыруға және сүйемелдеуге жауапты өнеркәсіптік-инновациялық қызметті, инвестициялық қызметті қолдау мен шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсететін ұйымдардың өкілдіктері мен өкілдері өңірлік деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері болып табылады.

      4. Сыртқы және орталық деңгейдегі фронт-офистердің қызметін ұйымдастыру және қаржыландыру – республикалық бюджеттен, өңірлік деңгейдегі фронт-офистер – жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      5. Экономиканың барлық салаларында инвестициялар көлемі 7500000 (жеті миллион бес жүз мың) айлық есептік көрсеткіштен басталатын инвестициялық жобаларды іске асыратын инвесторларға қатысты "бір терезе" қағидаты бойынша қызметтер көрсетуді Task Force жүзеге асырады.

      Экономиканың барлық салаларында инвестициялар көлемі 150000 (бір жүз елу мың) айлық есептік көрсеткіштен басталатын инвестициялық жобаларды іске асыратын инвесторларға қатысты "бір терезе" қағидаты бойынша қызметтер көрсетуді Ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері жүзеге асырады.

      Экономиканың барлық салаларында инвестициялар көлемі 150000 (бір жүз елу мың) айлық есептік көрсеткіштен аз инвестициялық жобаларды іске асыратын инвесторларға қатысты "бір терезе" қағидаты бойынша қызметтер көрсетуді өңірлік ұйымдар жүзеге асырады.

      6. Инвесторларды "бір терезе" қағидаты бойынша сүйемелдеу фронт-офистермен мынадай функцияларды орындау арқылы жүзеге асырылады:

      6-1. сыртқы деңгейдегі фронт-офис субъектілерінің функциялары:

      1) әлеуетті инвесторларды ақпараттық-консультациялық қолдау, оның ішінде Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат беру;

      2) әлеуетті инвесторлардың, оның ішінде трансұлттық компаниялардың Қазақстан Республикасына сапарларын ұйымдастыру;

      3) шетелдік компанияның, оның ішінде зәкірлі және трансұлттық компаниялардың Қазақстан Республикасына инвестициялау ниеттерін растайтын құжаттарға қол қою;

      4) экономиканың барлық салаларында әлеуетті шетелдік инвесторларды сәйкестендіру;

      5) болу елінде үкіметтік, үкіметтік емес және корпоративтік секторлардың компанияларымен іскерлік байланыстар орнату;

      6) шетелдік инвесторлардың жалпы дерекқорын қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының елшілігін немесе консулдығын хабардар ете отырып, жетекшілік ететін елде ірі компаниялармен, оның ішінде зәкірлі және трансұлттық компаниялармен кездесулер өткізу;

      7) қайта инвестициялауға ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасында инвесторлар өндірген өнімді ілгерілету және инвестицияларды тарту мәселелері бойынша екіжақты сапарларға, іскерлік кеңестерге қатысу;

      8) болу еліндегі іскерлік қоғамдастықтарда инвестициялық ұсыныстарды ілгерілету;

      9) болу елінің аумағында инвестициялық сипаттағы іс-шараларды (роуд-шоу, бизнес-форумдар, дөңгелек үстелдер) ұйымдастыру және қатысу арқылы Қазақстан Республикасының инвестициялық имиджін ілгерілету;

      10) болу елдерінің мүдделі топтарын Қазақстан Республикасында және болу елінде алдағы болатын ең маңызды инвестициялық іс-шаралар туралы хабардар ету;

      11) шетелдік ірі компаниялардың тізбесін қалыптастыру;

      12) кездесулердің, ұйымдастырылған сапарлардың және қол қойылған меморандумдардың қорытындылары бойынша қол жеткізілген инвестициялық уағдаластықтардың іске асырылуына талдау және мониторинг жүргізу;

      13) қайта инвестициялауға ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасында инвесторлар өндірген өнімді ілгерілету;

      14) елдік талдауды қалыптастыру үшін ақпарат жинау;

      15) инвесторлардың жүйелі проблемалық мәселелері бойынша ұсыныстарды анықтау және енгізу;

      16) тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз ету және уәкілетті органға есеп ұсыну;

      17) мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақтылы көрсетуді қамтамасыз ету;

      18) инвестициялық жобалар мен бастамалар бойынша IRM-дағы ақпаратты қалыптастыру және өзектендіру;

      19) инвестициялық қызмет туралы деректерді жыл сайын жаңарта отырып, елдік инвестициялық бағдарламаларды әзірлеуге қатысу;

      6-2. орталық деңгейдегі фронт-офис субъектісінің функциялары:

      1) Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша талдамалық зерттеулер жүргізу;

      2) инвесторлардың қызметін сүйемелдеуді қамтамасыз ету, оның ішінде инвесторлардың мемлекеттік органдармен, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерімен, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен кездесулерін ұйымдастыру, инвестициялық тақырып бойынша бизнес-форумдар, конференциялар және семинарлар өткізу, жұмыс істеп тұрған және перспективалы инвесторлардың дерекқорын қалыптастыру және жүргізу, инвесторлардың туындайтын мәселелерін шешуге жәрдем көрсету;

      3) Қазақстан Республикасының қолайлы инвестициялық имиджін ілгерілету, оның ішінде инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпарат беру;

      4) инвесторлармен келіссөздер қорытындысы бойынша қол жеткізілген ресми уағдаластықтарды іске асыру мониторингін жүргізу;

      5) инвесторлардың қатысуымен іске асырылатын өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға мониторинг жүргізу;

      6) мемлекеттік қызметтерді, сондай-ақ ұйымдар көрсететін қызметтерді алуда инвесторларды сүйемелдеу бөлігінде "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторлармен өзара іс-қимыл жасау;

      7) өңірлік деңгейдегі фронт-офистердің мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақтылы көрсетуіне мониторингті жүзеге асыруда уәкілетті органға жәрдем көрсету;

      8) инвесторларға қаржыландыруды құрылымдау және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін рұқсат беру құжаттарын алу мәселелері бойынша жәрдем көрсету;

      6-3. өңірлік деңгейдегі фронт-офис субъектілерінің функциялары:

      1) тиісті өңірдің инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша талдамалық зерттеулер жүргізу;

      2) инвесторлардың қызметін ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету, оның ішінде жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерімен, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен кездесулер ұйымдастыру, инвестициялық тақырып бойынша бизнес-форумдар, конференциялар және семинарлар өткізу, инвесторлардың өңірлік дерекқорын қалыптастыру және жүргізу;

      3) өңірдің қолайлы инвестициялық имиджін ілгерілету, оның ішінде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат беру;

      4) инвесторлармен келіссөздер қорытындысы бойынша қол жеткізілген ресми уағдаластықтарды іске асыру мониторингін жүргізу;

      5) өңір аумағында инвесторлардың қатысуымен іске асырылатын өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға мониторинг жүргізу;

      6) Ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері өткізген, оның ішінде шет мемлекеттің аумағында ұйымдастырған инвестициялық тақырып бойынша іс-шараларға қатысу;

      7) Ұлттық компанияға және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктеріне өңірдегі инвестициялық қызмет, оның ішінде инвестицияларды талап ететін өнеркәсіптік-инновациялық жобалар, инвесторлар туралы өзекті ақпаратты тұрақты түрде ұсыну;

      8) мемлекеттік қызметтерді, ұйымдар көрсететін қызметтерді алу кезінде инвесторларды сүйемелдеу бөлігінде "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторлармен өзара іс-қимыл жасасу;

      9) инвесторлардың туындаған мәселелерін шешуге, оның ішінде құрылтай құжаттарына сәйкес қолда бар өкілеттіктер шегінде орталық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен кездесулерге бастамашылық ету жолымен көмек көрсету;

      10) инвесторларға инженерлік коммуникациялар жүргізуге, жер учаскелері бойынша ақпарат алуға, оларды ресімдеуге, беруге, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру үшін рұқсат беру құжаттарын алуға жәрдем көрсету.

      Осы Қағидалардың 6-тармағы төртінші абзацының 2), 8) және 9) тармақшаларында көзделген өңірлік деңгейдегі фронт-офистер субъектілерінің функцияларын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарын қоспағанда, өңірлік деңгейдегі фронт-офистердің барлық субъектілері жүзеге асырады.

3-тарау. Орталық және өңірлік деңгейде инвестицияларды тарту үшін инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді ұйымдастыру мәселесі бойынша уәкілетті органның Ұлттық компаниямен және оның өңірлік өкілдерімен және өкілдіктерімен, өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл тәртібі

      7. Ұлттық компаниямен және оның өңірлік өкілдерімен және өкілдіктерімен, өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл шеңберінде уәкілетті орган:

      1) кеңестерді ұйымдастыру және жұмыс топтарын құру жолымен проблемалық мәселелерді шешу бойынша инвесторларға жәрдем көрсетеді;

      2) Инвестициялық штабтың отырысына инвестициялық ахуалды және инвестициялық, оның ішінде іске асырылуында прогресс жоқ жобаларды жақсарту жөніндегі мәселелерді шығарады;

      3) инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешу бойынша жүргізілген жұмыс туралы ақпарат сұратады;

      4) инвестордың сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне (салық салу, технологиялар трансферттері, визалық қолдау), олар бойынша заң жобаларының Тұжырымдамалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарынан тыс қаралуы түзетулерге бастамашылық жасайды.

      8. Уәкілетті орган фронт-офистермен өзара іс-қимыл шеңберінде:

      1) сыртқы және орталық фронт-офистердің мақсаттары мен міндеттерін айқындайды;

      2) фронт-офистер қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      3) олардың тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін әзірлейді және фронт-офистерге жібереді;

      4) фронт-офистердің қызметіне баға береді;

      5) Ұлттық компанияның орталық және өңірлік деңгейдегі фронт-офистердің қызметі туралы есебін қабылдайды;

      6) орталық және өңірлік деңгейдегі фронт-офис субъектілерінің мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақтылы көрсетуі бойынша мониторингті жүзеге асыру үшін Ұлттық компаниядан ақпарат сұратады;

      7) Ұлттық компанияның елдік және өңірлік талдау нәтижелерін, сондай-ақ инвестициялар тарту саласындағы халықаралық тәжірибені сұратады;

      8) инвесторлармен өткізілген кездесулер мен келіссөздер қорытындылары туралы ақпарат сұратады;

      9) Ұлттық компанияның және өңірлік ұйымдардың инвестициялық іс-шараларының тақырыбын, өткізу күнін және орнын келіседі;

      10) сыртқы деңгейдегі фронт-офистердің қызметі бойынша есептілікті қабылдайды;

      11) Task Force және барлық деңгейдегі фронт-офистердің қызметіне өз ұсыныстарын енгізеді.

4-тарау. Ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, өңірлік ұйымдардың инвестициялар тарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелермен, мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, мемлекеттік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тәртібі

      9. Фронт-офистермен өзара іс-қимыл шеңберінде қызмет берушілер:

      1) фронт-офис субъектілерінің өтініші бойынша инвесторлардың мемлекеттік қызметтерді және олармен байланысты қызметтерді алуға арналған өтінімді дайындау және ресімдеу үшін қажетті материалдарды, құжаттарды және өзге де ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етеді;

      2) фронт-офис субъектілерінің өтініші бойынша электрондық немесе жазбаша нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін уақтылы түсіндіруді қамтамасыз етеді.

      10. Ұлттық компания және Task Force сыртқы деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) сыртқы деңгейдегі фронт-офис субъектілерінің сұрауы бойынша:

      инвестормен кездесулер өткізеді, қажет болған жағдайда оның тиісті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, оның ішінде өңірлік деңгейде кездесулерін қамтамасыз етеді;

      Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу үшін құжаттарды жинау, дайындау және ресімдеу кезінде ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетеді;

      2) Қазақстан Республикасының және өңірлердің инвестициялық әлеуеті, инвестициялық ахуалы туралы талдамалық және ақпараттық материалдарды жібереді, оларда:

      ахуал, халық, коммуналдық қызметтердің, электр энергиясының тарифтері, бағыттар, логистика;

      өңірлер бойынша бөле отырып, инвестицияларды талап ететін инвестициялық жобалар және тауаша инвестициялық жобалар;

      шетелдік инвесторлар үшін әлеуетті серіктестер;

      дайын және жоспарланып отырған индустриялық алаңдар;

      кадрлық әлеует;

      мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат қамтылады;

      3) инвесторлармен жұмысты жақсарту бойынша семинарлар өткізеді;

      4) IRM жұмысын және оған қол жеткізуді қамтамасыз етеді және рұқсат береді;

      5) елдік инвестициялық талдау жүргізу үшін ақпарат сұратады.

      11. Ұлттық компания және Task Force өңірлік деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) өңірлік деңгейдегі фронт-офистер субъектілерінің сұрау салулары бойынша мемлекеттік қолдауды ұсыну шаралары, тәртібі, шарттары мен көлемдері туралы ақпаратты, оның ішінде инвесторлар үміткер болуы мүмкін қолдау құралдары туралы ақпаратты ұсынады;

      2) инвесторлармен жұмысты жақсарту бойынша семинарлар өткізеді;

      3) Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында құжаттарды жинау, дайындау және ресімдеу кезінде ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетеді;

      4) IRM жұмысын қамтамасыз етеді;

      5) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға ақпарат беру мақсатында атқарылған жұмыс туралы есепті сұратады;

      6) өңірлік инвестициялық талдауды қалыптастыру үшін ақпарат сұратады.

      12. Уәкілетті органмен, Ұлттық компаниямен және Task Force-пен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде өңірлік деңгейдегі фронт-офистер:

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін бірлесіп күш-жігер жұмсайды;

      2) өңірдің инвестициялық әлеуеті, инвестициялық ахуалы туралы талдамалық және ақпараттық материалдарды жібереді оларда:

      климаты, халқы, коммуналдық көрсетілетін қызметтердің, электр энергиясының тарифтері, бағыттар, логистика туралы және басқа да ақпарат;

      инвестициялық жоба бойынша жартыжылдық негізде өзекті ақпараты және есеп-қисабы бар (қаржылық көрсеткіштер, тұтыну, экспорт және импорт, экспорттық әлеует және басқа да ақпарат), инвестицияларды талап ететін тауаша инвестициялық жобалар;

      шетелдік инвесторлар үшін әлеуетті әріптестер;

      дайын және жоспарланып отырған индустриялық алаңдар;

      кадрлық әлеует туралы ақпарат қамтылады;

      3) инвестициялар көлемі 150000 (бір жүз елу мың) айлық есептік көрсеткіштен аз және экономиканың барлық салаларында іске асырылатын инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыс туралы есептер ұсынады;

      4) іске асырылатын және әлеуетті инвестициялық жобалардың қажетті өзекті ақпараты бар бірыңғай пулын тиісті салалық мемлекеттік органдармен келісу бойынша тоқсан сайынғы негізде жібереді;

      5) шетелдік инвестициялар қатысатын табысты инвестициялық жобалардың іске асырылуын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау бойынша бірлескен жұмысты жүргізеді;

      6) өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында әзірленетін таныстырылымдық-имидждік материалдардың инвестициялық жобаларын келісуге жібереді;

      7) инвестордың сұратуы бойынша ақпаратты өтініш тіркелген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жібереді;

      8) дипломатиялық арналар арқылы шетелдік тараппен инвестициялық ынтымақтастық туралы ресми хат алмасуды жүргізеді.

      13. Сыртқы деңгейдегі фронт-офистер өңірлік деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл шеңберінде:

      1) елдік және өңірлік талдаулармен алмасуды жүзеге асырады;

      2) инвесторлардың жергілікті әріптестерді іздестіру туралы сұрау салуларын жолдайды;

      3) әлеуетті инвесторлар туралы ақпарат береді.

      14. Өңірлік деңгейдегі фронт-офистер сыртқы деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл шеңберінде:

      1) инвесторларды іздестіру туралы сұрау салулар жібереді;

      2) әлеуетті тауашалар туралы ақпарат береді.

      15. Сыртқы деңгейдегі фронт-офистер орталық деңгейдегі фронт-офиспен өзара іс-қимыл шеңберінде:

      1) инвесторларға консультациялар беру үшін қажетті ақпаратты сұратады;

      2) елдік инвестициялық талдау үшін ақпарат береді;

      3) әлеуетті инвесторлардың тізбесін қалыптастырады және ұсынады;

      4) дайын инвестициялық ұсыныстарды, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша дайындалған ұсыныстарды таргеттей отырып, әлеуетті инвесторлармен нақты келіссөздер жүргізеді.

      16. Уәкілетті органмен, Ұлттық компаниямен және Task Force-пен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде орталық деңгейдегі фронт-офистер:

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін бірлесіп күш-жігер жұмсайды;

      2) бірлескен бұйрықпен инвесторларға қызметтер көрсету және оларды мемлекеттік органдарда сүйемелдеу шеңберінде өзара іс-қимыл жасау үшін жауапты адамдарды және ақпарат, сондай-ақ қызметтер ұсыну мерзімдерін айқындайды;

      3) инвестициялар көлемі 150000 (бір жүз елу мың) айлық есептік көрсеткіштен басталатын инвестициялық жобаларды, оның ішінде көлемі 7500000 (жеті миллион бес жүз мың) айлық есептік көрсеткіштен басталатын және экономиканың барлық салаларында іске асырылатын инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыс туралы есептер ұсынады;

      4) іске асырылатын және әлеуетті инвестициялық жобалардың қажетті өзекті ақпараты бар бірыңғай пулын жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша тоқсан сайынғы негізде жібереді;

      5) инвестициялық жоба бойынша жартыжылдық негізде өзекті ақпараты мен есеп-қисабы бар (қаржылық көрсеткіштер, тұтыну, экспорт және импорт, экспорттық әлеует), инвестицияларды талап ететін тауаша инвестициялық жобалар бойынша ақпарат жібереді;

      6) ақпаратты инвестордың сұратуы бойынша өтініш тіркелген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жібереді;

      7) мемлекеттік қолдау көрсету шаралары, тәртібі, шарттары мен көлемі туралы ақпарат, оның ішінде инвесторлар үміткер болатын ықтимал қолдау құралдары туралы ақпарат алмасады;

      8) Қазақстан Республикасындағы және шет елдердегі инвестициялық іс-шараларға (бизнес-форумдар, роуд-шоулар, конференциялар, семинарлар, вебинарлар) қатысады;

      9) дипломатиялық арналар арқылы шетелдік тараппен инвестициялық ынтымақтастық туралы ресми хат алмасуды жүргізеді;

      10) экономиканың жекелеген салаларының инвестициялық мүмкіндіктерін және мемлекеттік қолдау шараларын таныстыру мақсатында әзірленетін таныстырылымдық-имидждік материалдардың инвестициялық жобаларын келісуге жібереді;

      11) бірлескен бұйрық негізінде шетелдік инвестициялар қатысатын табысты инвестициялық жобалардың іске асырылуын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау бойынша бірлескен жұмыс жүргізеді.

      17. Уәкілетті орган және Ұлттық компания фронт-офистер жүйесімен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде инвестордың сұратуы бойынша ақпарат алмасады;

      2) Қазақстанның инвестициялық ахуалы, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар үшін өңдеуші өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау туралы бірлескен семинарлар(вебинарлар) өткізеді.

5-тарау. Инвесторлардың инвестициялық қызметін жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар көрсететін мемлекеттік және басқа да қызметтер көрсету процесінің мониторингі, сондай-ақ инвестицияларды тарту үшін инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мониторингінің тәртібі

      18. Инвесторларды сүйемелдеу, сондай-ақ фронт-офистер субъектілері ұсынатын инвесторлар үшін мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді уақтылы және сапалы ұсыну жөніндегі қызметтің мониторингін уәкілетті орган жүзеге асырады.

      19. Уәкілетті орган қызметті бағалау және түйінді көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жүргізілетін жұмыс шеңберінде тоқсан сайынғы негізде ұлттық компания және сыртқы деңгейдегі фронт-офис субъектілері ұсынатын ақпарат негізінде фронт-офис субъектілерінің жобаларды сүйемелдеу процесіне, сондай-ақ мемлекеттік және басқа да қызметтер көрсетуіне мониторинг жүргізеді.

      20. Өңірлік деңгейдегі фронт-офистер субъектілері есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде атқарылған жұмыс туралы есепті ұлттық компанияға жібереді.

      Ұлттық компания өзінің өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінен, өңірлік деңгейдегі фронт-офис субъектілерінен алынған деректер негізінде өңірлік және орталық деңгейдегі фронт-офис субъектілерінің қызметі туралы тоқсан сайынғы жиынтық есепті қалыптастырады және есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей жиынтық есепті уәкілетті органға жібереді.

      21. Сыртқы деңгейдегі фронт-офис субъектілері есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-күнінен кешіктірмей атқарылған жұмыс туралы есепті уәкілетті органға жібереді.

      22. Мониторинг нәтижелері ұсыныстарды әзірлеу, сондай-ақ туындайтын жүйелі және жедел мәселелерді шешу бойынша тиісті шараларды уақтылы анықтау және қабылдау үшін пайдаланылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады