Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыға қойылатын талаптарды, сондай-ақ Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 26 маусымдағы № 62 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 маусымда № 32933 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 15-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыларға қойылатын талаптар;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі бекітілсін.

      2. Осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің жекелеген құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2023 жылғы 26 маусымдағы
№ 62 Қаулыға
1-қосымша

Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыға қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыларға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 15-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыларға қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін Талаптардың 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімін (бұдан әрі – басқарушылар тізілімі) жүргізеді және өзінің интернет-ресурсына орналастырады.

      Басқарушылар тізілімінде көрсетілген мәліметтерді уәкілетті орган инвестициялық портфельді басқарушының Талаптардың 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігінің фактісін айқындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында жаңартып отырады.

2-тарау. Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыларға қойылатын талаптар

      3. Басқарушылар тізіліміне енгізу үшін инвестициялық портфельді басқарушы мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

      1) меншікті капиталдың мөлшері кемінде 440 000 (төрт жүз қырық мың) айлық есептік көрсеткішті құрайды;

      2) басқарушылар тізіліміне енгізілген күннің алдындағы соңғы 36 (отыз алты) ай ішінде Талаптардың 4-тармағында белгіленген тәртіппен есептелген кемінде 5 000 000 000 (бес миллиард) теңге сомасында инвестициялық портфельді басқару тәжірибесінің болуы;

      3) инвестициялық портфельді басқарушының басқарушылардың тізіліміне енгізу күнінің алдындағы соңғы 2 (екі) аяқталған қаржы жылының әрқайсысының нәтижелері бойынша аудиторлық есеппен расталған, қызметінің зиян шеккен фактілерінің болмауы;

      4) басқарушылардың тізіліміне енгізу күнінің алдындағы соңғы 6 (алты) айдың ішінде уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтерді бұзу фактілерінің болмауы;

      5) басқарушылардың тізіліміне енгізу күні уәкілетті органның инвестициялық портфельді басқарушыға және (немесе) оның ірі қатысушысына қатысты қолданған, орындалмаған және (немесе) қолданыстағы қадағалап ден қою шараларының, санкциялардың, әкімшілік өндіріп алулардың және өзге де ықпал ету шараларының болмауы;

      6) басқарушылардың тізіліміне енгізу күні инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі ертерек ден қою шараларын және (немесе) қаржылық жай-күйді жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту шараларын көздейтін орындалмаған іс-шаралар жоспарларының болмауы;

      7) инвестициялық портфельді басқарушыда инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызына иелік ететін (дауыс беру мүмкіндігі бар) және Қазақстан Республикасының резиденті немесе Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ" төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент-ұйымы болып табылатын акционерінің болуы;

      8) басқарушылардың тізіліміне енгізу күні енгізу күнінің алдындағы соңғы 12 (он екі) ай ішінде инвестициялық портфельді басқарушының және (немесе) оның басшы қызметкерлерінің іс-әрекеттерін бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану фактілерінің болмауы;

      4. Талаптардың 3-тармағы 2) тармақшасының мақсаттары үшін уәкілетті орган инвестициялық портфельді басқарушыны басқарушылардың тізіліміне енгізген күннің алдындағы 36 (отыз алты) айдың әрқайсысының соңындағы жағдай бойынша үлестес емес клиенттердің инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық басқаруындағы активтері құнының (қаржы құралдарынан басқа өзге мүліктің құнын, акционерлік қоғамдар болып табылмайтын заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін және дебиторлық берешек сомаларын қоспағанда) орташа арифметикалық мәні есепке алынады.

      5. Инвестициялық портфельді басқарушыда инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызына иелік ететін (дауыс беру мүмкіндігі бар) және Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ" төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент-ұйымы болып табылатын акционері болған жағдайда:

      Талаптардың 3-тармағының 2) тармақшасының талаптарына сәйкес келу мақсаттарында осы Қазақстан Республикасы бейрезидент-ұйымының инвестициялық портфелін басқарудың белгіленген тәжірибесі қабылданады;

      Талаптардың 3-тармағының 3) тармақшасының талабы көрсетілген Қазақстан Республикасының бейрезидент-ұйымына және инвестициялық портфельді басқарушыға қатысты қолданылмайды.

  Қаулығы 2-қосымша

Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі

Қаржы құралының атауы*

1

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары (оның ішінде шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес бастама жасалған), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдеме беруімен және (немесе) кепілімен шығарылған бағалы қағаздар

2

Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары шығарған борыштық бағалы қағаздар

3

Акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлға шығарған борыштық бағалы қағаздар

4

Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес "Қазақстанның Даму Банкі", "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры", "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі", "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамдары шығарған борыштық бағалы қағаздар

5

Мынадай талаптардың біріне сәйкес келетін Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі салымдар:
Standard &Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар немесе Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) ұлттық шкаласы бойынша "kzА-"-тен төмен емес рейтингтік бағасы бар банктер;
банктер бейрезидент бас банкiнің Standard &Poor's (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шкаласы бойынша "А-"-тен төмен емес ұзақ мерзiмдi кредиттiк рейтингi немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегi рейтингi бар резидент еншiлес банктері болып табылады

6

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "А-" тен төмен емес ұзақ мерзімді рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар бейрезидент банктердегі салымдар

7

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ+"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар мынадай халықаралық қаржы ұйымдары шығарған борыштық бағалы қағаздар: Азия даму банкі (the Asian Development Bank);
Америкааралық даму банкі (the Inter-American Development Bank);
Африка даму банкі (the African Development Bank);
Еуропа қайта құру және даму банкі (the European Bank for Reconstruction and Development);
Еуропа инвестициялық банкі (the European Investment Bank);
Еуропалық Кеңестің Даму Банкі;
(the Council of Europe Development Bank);
Жеке Секторды Дамыту жөніндегі Ислам Корпорациясы (the Islamic Corporation for the Development of the Private Sector);
Ислам даму банкі (the Islamic Development Bank);
Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі (the Multilateral Investment Guarantee Agency);
Скандинавиялық инвестициялық банк (the Nordic Investment Bank);
Халықаралық валюта қоры (the International Monetary Fund);
Халықаралық даму қоғамдастығы (the International Development Association);
Инвестициялық Дауларды Реттеу жөніндегі Халықаралық Орталық (the International Centre for Settlement of Investment Disputes);
Халықаралық қайта құру және даму банкі (the International Bank for Reconstruction and Development);
Халықаралық қаржы корпорациясы (the International Finance Corporation);
сондай-ақ, жарғылық капиталындағы Қазақстан Республикасының үлесі кемінде 25%-ды құрайтын халықаралық қаржы ұйымы шығарған бағалы қағаздар

8

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ+"-тен төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар

9

Шетелдік ұйымдар шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздар:
Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингік бағасы бар шетелдік эмитенттердің акциялары және базалық активі осы акциялар болып табылатын депозитарлық қолхаттар;
негізгі қор индекстерінің құрамына кіретін шетелдік эмитенттердің акциялары және базалық активі осы акциялар болып табылатын депозитарлық қолхаттар;
Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингтік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар

10

Қазақстан Республикасының немесе басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздар:
қор биржасында инвесторлардың ауқымды тобы арасында жария ұсыныс (сату) шеңберінде орналастырылған (орналастырылатын) Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік секторы эмитенттерінің акциялары және (немесе) осы акциялар базалық активі болып табылатын депозитарлық қолхаттар;
қор биржасының ресми тізіміне "Негізгі" алаңының "акциялар" секторы "премиум" санатының талаптарына сәйкес келетін, қор биржасының ресми тізіміне енгізілген заңды тұлғалардың акциялары және базалық активі осы акциялар болып табылатын депозитарлық қолхаттар;
негізгі қор индекстерінің құрамына кіретін заңды тұлғалардың акциялары;
Қазақстан Республикасының немесе басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған Standard &Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В+"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар немесе Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) ұлттық шкаласы бойынша "kzBBB"-тен төмен емес рейтингтік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар;
осы эмитенттің бұрын шығарылған бағалы қағаздарына не өзге міндеттемелеріне айырбастау мақсатында эмитент міндеттемелерін қайта құрылымдау шеңберінде шығарылған бағалы қағаздар

11

Сомасы осы мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құнының кемінде 50 (елу) пайызын өтейтін "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамының және (немесе) "Қазақстан Даму банкі" акционерлік қоғамының кепілдігі бар және қор биржасының ресми тізімінің "Негізгі" не "Баламалы" алаңдары "борыштық бағалы қағаздар" секторына енгізілген, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес шағын немесе орта кәсіпкерлікке жатқызылған субъектілер шығарған мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздар

12

Morningstar рейтингтік агенттігінің "3 жұлдыздан" төмен емес рейтингтік бағасы бар Exchange Traded Funds (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс), Exchange Traded Commodities (ETC) (Эксчейндж Трэйдэд Коммодитис), Exchange Traded Notes (ETN) (Эксчейндж Трэйдэд Ноутс) пайлары

13

Басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын, қор биржасының ресми тізіміне енгізілген, қор биржасының ресми тізімі "Аралас" алаңының "инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары" секторының талаптарына сәйкес келетін аралық инвестициялық пай қорларының пайлары

14

Активтерінің құрылымы негізгі қор индекстерінің бірінің құрылымын қайталайтын немесе пайлары бойынша баға белгілеу негізгі қор индекстеріне байланыстырылған Exchange Traded Funds (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) пайлары

15

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ"-ден төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингі бар елдердің шетел валютасы

16

Лондон бағалы металдар нарығының қауымдастығы (London bullion market association) қабылдаған және "Лондондық сапалы өнім беру" ("London good delivery") стандарты ретінде осы қауымдастықтың құжаттарында белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сай келетін тазартылған бағалы металдар және Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің "АА"-ден төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктеріндегі он екі айдан аспайтын мерзімге металл депозиттер

17

Хеджирлеу мақсатында жасалған, базалық активі осы Тізбеге сәйкес зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдары болып табылатын мынадай туынды қаржы құралдары:
опциондар;
фьючерстер;
форвардтар;
своптар;
жоғарыда аталған туынды қаржы құралдарының жиынтығы болып табылатын туынды қаржы құралдары

      Ескертпе:

      * оларға салынатын инвестициялардың жиынтық мөлшері инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері құнының 3 (үш) пайызынан аспайтын осы Тізбенің 11-тармағында көрсетілген қаржы құралдарын қоспағанда, осы Тізбеде көрсетілген қаржы құралдарына зейнетақы активтерін инвестициялау лимиттері инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық декларациясында белгіленеді;

      ** осы Тізбенің мақсаттары үшін негізгі қор индекстері деп мынадай есептік көрсеткіштер (индекстер) түсініледі:

      САС 40 (Compagnie des Agents de Change 40 Index) (Компани дэ Эжон дэ Шанж 40 Андэкс);

      CSI 300 (Shanghai Shenzhen CSI 300 Index) (Шанхай Шенжен Си Эс Ай 300 Индекс);

      DAX (Deutscher Aktienindex) (Дойтче Акциениндекс);

      DJIA (Dow Jones Industrial Average) (Доу Джонс Индастриал Эвередж);

      FTSE 100 (Financial Times Stock Exchange 100 Index) (Файнэншл Таймс Сток Эксчейндж 100 Индекс);

      HSI (Hang Seng Index) (Ханг Сенг Индекс);

      KASE (Kazakhstan Stock Exchange Index) (Казакстан Сток Эксчейндж Индекс);

      KOSPI 200 (Korea Exchange KOSPI 200 Index) (Корея Эксчейндж Кэй Оу Эс Пи Ай 200 Индекс);

      MSCI World Index (Morgan Stanley Capital International World Index) (Морган Стэнли Кэпитал Интернешнл Ворлд Индекс);

      MOEX Russia (Moscow Exchange Russia Index) (Москоу Эксчейндж Раша Индекс);

      NASDAQ-100 (Nasdaq-100 Index) (Насдак-100 Индекс);

      NIKKEI 225 (Nikkei-225 Stock Average Index) (Никкэй-225 Сток Эвередж Индекс);

      Russell 1000 (The Russell 1000 Index) (Зэ Рассэл 1000 Индекс);

      RTSI (Russian Trade System Index) (Рашен Трейд Систем Индекс);

      S&P 500 (Standard and Poor's 500 Index) (Стандард энд Пурс 500 Индекс);

      STOXX Europe Large 200 (The STOXX Europe Large 200 Index) (Зэ Эс Ти Оу Экс Экс Юроп Лардж 200 Индекс);

      TOPIX 100 (Tokyo Stock Price 100 Index) (Токио Сток Прайс 100 Индекс).

  Қаулығы 3-қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актісінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жекелеген құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыға қойылатын талаптарды, сондай-ақ осы зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекіту және "Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 15 ақпандағы № 29 қаулысының 1-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22218 болып тіркелген).

      2. "Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыға қойылатын талаптарды, сондай-ақ осы зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекіту және "Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 15 ақпандағы № 29 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы № 103 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25935 болып тіркелген).

      3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 66 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29609 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер мен толықтыру енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын реттеу және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 7-тармағы.

      4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 2 маусымдағы № 38 қаулысының 3-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32713 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады