Жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындау кезінде пайдаланылатын интегралдық микросхемаға қойылатын талаптарды және Интегралдық микросхемаға сәйкестендіру нөмірін енгізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 3 шiлдедегi № 542 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 5 шiлдеде № 33041 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі туралы ережеге сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындау кезінде пайдаланылатын интегралдық микросхемаға қойылатын талаптар;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес интегралдық микросхемаға сәйкестендіру нөмірін енгізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті заңнамада бекітілген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетіне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
М. Ахметжанов

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
2023 жылғы 3 шілдедегі
№ 542 Бұйрығына
1-қосымша

Жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындау кезінде пайдаланылатын интегралдық микросхемаға қойылатын талаптар

      1. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспортын, Қазақстан Республикасының қызметтік паспортын және жол жүру құжатын дайындау кезінде пайдаланылатын интегралдық микросхемаға (чипқа) қойылатын талаптар мыналардың:

      1) есте сақтау көлемі кемінде 64 Кб ISO 14443 (А немесе В) халықаралық стандартқа сәйкес келетін чиптің;

      2) чиптен ақпаратты рұқсатсыз оқудан қорғаудың (Basic Accesss Control);

      3) цифрлық фотоны қоса алғанда, визуалды деректерін чипке жазудың;

      4) биометриялық деректерді (шифрланған түрде екі саусақ таңбаларын) чипке жазу мүмкіндігінің;

      5) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (бұдан әрі - ICAO) ұсынымдарына сәйкес оқу құрылғыларында паспортты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын оқу мүмкіндігінің болуын қамтиды.

      2. Жеке куәлікті және шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға берілген ықтиярхатын дайындау кезінде пайдаланылатын интегралдық микросхемаға қойылатын талаптар мыналардың:

      1) еске сақтау көлемі кемінде 64 Кб дуалді чиптің (екі интерфейсі бар бір чип);

      2) чиптен ақпаратты рұқсатсыз оқудан қорғаудың (Basic Accesss Control);

      3) цифрлық фотоны қоса алғанда, визуалды деректерін чипке жазудың;

      4) биометриялық деректерді (шифрланған түрде екі саусақ таңбаларын) чипке жазу мүмкіндігінің;

      5) ICAO ұсынымдарына сәйкес оқу құрылғыларында жеке куәлікті оқу мүмкіндігінің;

      6) құжат иесінің электрондық-цифрлық қолтаңбасына арналған кілттерді жасау үшін чиптегі криптографиялық қосарлы процессордың болуын қамтиды.

      Криптографиялық қайта өзгертулер алгоритмдері Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландыру орталығы пайдаланатын алгоритмдермен үйлесімді болуы тиіс.

  Бұйрығына
  2-қосымша

Интегралдық микросхемаға сәйкестендіру нөмірін енгізу қағидалары

      1. Осы интегралдық микросхемаға сәйкестендіру нөмірін енгізу қағидалары "Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді және жеке басты куәландыратын құжаттарға орналастырылған интегралдық микросхемаға сәйкестендіру нөмірін енгізудің тәртібін белгілейді.

      2. Интегралдық микросхемаға жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу мамандандырылған жабдықта дербестендіру барысында жүзеге асырылады.

      3. Дербестендіру персонал тарапынан араласуды талап етпейтін толық автоматтандырылған процес дегенді білдіреді.

      4. Дербестендіру екі процестен тұрады: деректерді көрнекі түрде дербестендіру процесі және интегралдық микросхеманы дербестендіру процесі.

      5. Деректерді көрнекі түрде дербестендіру процесі - бұл дербес деректерді, оның ішінде фотобейнесі мен жеке қолын тиісті құжаттарға енгізу.

      6. Интегралдық микросхеманы дербестендіру процесі - бұл дербес деректерді, оның ішінде сәйкестендіру нөмірін, сондай-ақ биометриялық элементтер мен электрондық цифрлық қолтаңбаны оларды әрі қарай сақтау және оқу үшін электрондық құжаттың интегралдық микросхемасына жазу.

      7. Саусақ таңбаларын шифрлау үшін әрбір құжатқа арналған бірегей құпия кілтті жабық өндірістік циклде жасаумен симметриялық шифрлау алгоритмі қолданылады.

      8. Электрондық құжаттарды дербестендіру қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен жабдықталады, ол персонал мен аппаратураның қолжетімділігін бақылау ерекшеліктерімен жұмыстың жабық циклімен қамтамасыз етіледі.

      9. Дербестендірудің тиімділігі мамандандырылған жабдыққа орнатылған басқару және сапаны қамтамасыз ету модульдерінің көмегімен қолдау табады.

      10. Интегралдық микросхеманы дербестендіру процесінің соңында чиптегі жеке деректердегі кез келген өзгерістерді қоспағанда, чипті қорғалған күйге ауыстыру процедурасы асырылады.

      11. Дербестендіру процесі аяқталған сон, құжаттың интегралдық микросхемасына енгізілген ақпарат мамандандырылған жабдықтың бақылап оқу модулімен салыстырылады.

      12. Электрондық құжаттың интегралдық микросхемасында қамтылған ақпаратты рұқсатсыз оқудан қорғау ICAO ұсынымдарына сәйкес "Basic Access Control" деректеріне қол жеткізуді қорғау тетігімен қамтамасыз етіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады