Тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалануға жарамсыз деп тану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2023 жылғы 19 шiлдедегi № 774 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 24 шiлдеде № 33131 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 332-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалануға жарамсыз деп тану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрінің
міндетін атқарушы
Е. Биржанов

  Қазақстан Республикасының
Қаржы министрінің
міндетін атқарушы
2023 жылғы 19 шілдедегі
№ 774 бұйрығымен
бекітілген

Тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалануға жарамсыз деп тану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалануға жарамсыз деп тану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 332-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген және тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалануға жарамсыз деп тану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар шеңберінде мынадай қысқартулар пайдаланылады:

      1) Комиссия – тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалануға жарамсыз деп тану мәселелері жөніндегі комиссия;

      2) мемлекеттік кірістер органы – тауарды жою кедендік рәсімімен орналастыруды бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы.

2-тарау. Тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалануға жарамсыз деп тану тәртібі

      3. Тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалануға жарамсыз деп тану мақсатында (бұдан әрі – қалдықтар) мемлекеттік кірістер органының шешімімен Комиссия құрады.

      Комиссия құрамына мемлекеттік кірістер органының, оның аумақтық бөлімшелерінің, салалық және өзге де мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және оның филиалдарының өкілдері енгізіледі.

      Мемлекеттік кірістер органының өкілі Комиссия төрағасы болып табылады. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды. Комиссия мүшелерінің саны кемінде 5 (бес) адамды құрайды.

      4. Мемлекеттік кірістер органы Комиссия мүшелеріне отырыс өткізілгенге дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын қазақ және орыс тілдерінде материалдарды қоса бере отырып, отырыс өткізу туралы хабарлама жіберуді қамтамасыз етеді. 

      5. Комиссия мүшелері міндетті түрде Комиссия отырысы өткізілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде мемлекеттік кірістер органына қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалану мүмкіндігі және (немесе) мүмкін еместігі туралы сараптамалық қорытынды (қорытындылар) ұсынады. 

      6. Комиссия шешімі қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады. 

      Комиссияның шешімі осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген сараптамалық қорытынды (қорытындылар) ескеріле отырып қабылданады және хаттамамен ресімделеді.

      7. Қалдықтарды одан әрі пайдалану үшін жарамсыз деп тану күні Комиссия шешімінде көрсетілген күн болып танылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады