Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану қағидаларын және Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесіне кіретін функционалдық және ақпараттық сервистердің тізбесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 8 тамыздағы № 565 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 10 тамызда № 33261 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 936 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туралы ережесінің 15-тармағы 57) және 58) тармақшаларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану қағидалары;

      1) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесіне кіретін функционалдық және ақпараттық сервистердің тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
М. Карабаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің
2023 жылғы 8 тамыздағы
№ 565 Бұйрыққа
1-қосымша

Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 936 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туралы ережесінің 15-тармағы 57) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) дерекқор – тұжырымдамалық құрылымға сәйкес ұйымдастырылған деректер жиынтығы, ол осы деректердің сипаттамаларын, сондай-ақ олардың объектілері арасындағы өзара байланыстарды сипаттайды;

      2) жүйені пайдаланушы – Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесінде тіркелген және оның ресурстары мен құрамдастарын өнеркәсіптік саясатты іске асыруға байланысты рәсімдер мен операцияларды автоматтандырылған түрде орындау үшін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;

      3) Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесі – өнеркәсіптің даму жай-күйі туралы ақпаратты көздейтін ақпараттық жүйе (бұдан әрі – жүйе);

      4) Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесінің объектісі – Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесіне кіретін ақпарат, ақпаратты өңдеу процестері, ақпараттық ресурстар, функционалдық және ақпараттық сервистер;

      5) Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесінің субъектісі – Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесінің объектілерін нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін пайдаланатын жүйені пайдаланушы.

2-тарау. Жүйені құру

      3. Жүйе өнеркәсіптік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету, өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілеріне ұсынылатын қолдау туралы хабардар ету және өнеркәсіптің жай-күйі мен оның даму болжамы туралы ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру үшін қажетті ақпаратты жинау және өңдеу процестерін автоматтандыру мақсатында құрылады.

      4. Жүйені құру:

      1) жүйені құру және дамыту мәселелері жөніндегі стратегияны және іс-шаралар жоспарын қалыптастыру;

      2) жүйеге қойылатын функционалдық және техникалық талаптарды айқындау;

      3) жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті, оның ішінде деректерді қалыптастыру және өңдеу бөлігінде ұйымдастырушылық-өкімдік және әдістемелік құжаттарды бекіту;

      4) жүйе субъектілерінің оны құру және жетілдіру саласындағы іс-қимылын үйлестіру;

      5) жүйемен интеграциялануға жататын ақпараттық ресурстардың тізбесін қалыптастыру;

      6) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын ақпараттық жүйелерді құру және дамыту тәртібін сақтау есебінен қамтамасыз етіледі.

3-тарау. Жүйені жүргізу

      5. Жүйені жүргізу бизнес жүргізу процесін оңайлату мақсатында өнеркәсіптің жай-күйі туралы ақпараты қалыптастыруды және онымен алмасуды, өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілеріне өзекті ақпарат беруді, сондай-ақ өнеркәсіптік саясат бойынша болжамдау және шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік органдарды толық және анық ақпаратпен қамтамасыз етуді көздейді.

      6. Жүйені жүргізу мүдделі мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік сектормен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.

4-тарау. Жүйені сүйемелдеу

      7. Жүйені сүйемелдеу жаңғыртуды жүргізбей және қосымша функционалдық талаптарды іске асырмай оның тұтастығын сақтау шартымен жүйенің ақауларын түзету, түрлендіру және жою жөніндегі іс-шараларды көздейді.

      8. Жүйені сүйемелдеу жөніндегі жұмыстарды үйлестіру "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысына сәйкес қамтамасыз етіледі.

5-тарау. Жүйенің жұмыс істеуі

      9. Жүйенің жұмыс істеуі мыналардың:

      1) жүйенің мәліметтерін автоматтандырылған түрде жинауды, сақтауды, өңдеуді, қорытуды жүзеге асыру, сондай-ақ оларды белгіленген тәртіппен жүйені пайдаланушыларға беру;

      2) жалпыға қолжетімді ақпаратты интернет желісінің ашық кеңістігінде (ашық деректер нысанында) осыған неғұрлым ыңғайлы, осындай түрде жарияланған ақпараттың барынша маңызды құндылығын қамтамасыз ететін бейнеде орналастыру;

      3) жүйенің субъектілері арасында мәліметтермен ақпараттық алмасу есебінен қамтамасыз етіледі.

      10. Жүйенің интерфейсі мемлекеттік және орыс тілдерінде жұмыс істейді.

6-тарау. Жүйені пайдалану

      11. Жүйені пайдалану жүйені пайдаланушыларға функционалдық және ақпараттық сервистерге қолжетімділік беруді көздейді.

      12. Жүйе мынадай:

      1) өнеркәсіптік саясаттың іске асырылуы;

      2) өнеркәсіп салаларының дамуы туралы статистикалық деректер;

      3) өндірістік қызметпен байланысты бағыттардың даму нәтижелері;

      4) өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың іске асырылып жатқан шаралары;

      5) өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың іске асырылуы;

      6) жүйеге кіретін функционалдық және ақпараттық сервистердің тізбесіне сәйкес өзге де ақпаратты қамтиды.

  Қазақстан Республикасының
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2023 жылғы 8 тамыздағы
№ 565 Бұйрыққа
2-қосымша

Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесіне кіретін функционалдық және ақпараттық сервистердің тізбесі

      1. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың навигаторы.

      2. Сәйкестікті растау жөніндегі органдардың картасы.

      3. Бірыңғай индустрияландыру картасы.

      4. Инфрақұрылымға қол жеткізу.

      5. Өнеркәсіптік орындарының тізілімі.

      6. Салалық статистика сервистері.

      7. Салалық талдау сервистері.

      8. Ақпараттық-технологиялық шешімдер тізілімі.

      9. Ғылыми-зерттеу институттарының тізілімі.

      10. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ақпараттық-технологиялық сектордың өзара іс-қимыл жасауына арналған алаң.

      11. Цифрлық жобаларды өндіріске енгізу бойынша білім базасы.

      12. Шешімдер тиімділігінің калькуляторы.

      13. Оқыту материалдары мен вебинарлар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады