Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 29 тамыздағы № 449 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 тамызда № 33354 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3 бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ережесінің 15-тармағының 8-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған Бiлiм беру мониторингін жүзеге асыру қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Стратегиялық жоспарлау және

      реформалар агенттігінің

      Ұлттық статистика бюросы

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім
министрі
2023 жылғы 29 тамыздағы
№ 449 бұйрығымен
бекітілген/

Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі-қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3 бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ережесінің 15-тармағының 8-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру мониторингін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      2) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;

      3) әкімшілік деректер – алғашқы статистикалық деректерді қоспағанда, әкімшілік дереккөздер қалыптастыратын жеке немесе заңды тұлға жөніндегі жеке-дара сандық (сандар көмегімен өлшенетін) және (немесе) сапалық (белгілі бір қағидат және (немесе) белгі бойынша құрылған) деректер және шаруашылық бойынша есепке алу деректері;

      4) білім беру мониторингі – білім беру процестерін жүзеге асырудың жай-күйін және нәтижелері мен шарттары өзгеруінің серпінін, білім алушылар контингентін, білім беру ұйымдары желісін, сондай-ақ олардың қызметі жетістіктерінің рейтингілік көрсеткіштерін жүйелі түрде байқау, талдау, бағалау және болжау;

      5) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      6) ресми статистикалық ақпарат - статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын статистикалық ақпарат;

      7) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Білім беру мониторингін жүзеге асыру субъектілері жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) болып табылады.

      4. Білім беру мониторингін жүзеге асыру объектісі – білім беру жүйесі болып табылады.

2-тарау. Білім беру мониторингін жүзеге асыру тәртібі

      5. Білім беру мониторингі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейлері бойынша жүзеге асырылады.

      6. Білім беру мониторингі:

      1) уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде ақпаратты жинау, жүйелі есепке алу, өңдеу, сондай-ақ сақтау, жаңарту және жинақтау арқылы ЖЖОКБҰ қызметін жүйелі түрде байқау;

      2) әлеуметтік немесе мониторингтік зерттеулер ұйымдастыру (оның ішінде халықаралық салыстырмалы зерттеулер үшін);

      3) білім беру қызметінің нәтижелерін талдау (ұлттық бірыңғай тестілеу, халықаралық салыстырмалы зерттеулер нәтижелерін талдау және салыстыру) түрінде жүзеге асырылады.

      7. Құжаттар мен материалдарды жинақтау:

      1) уәкілетті органның әкімшілік деректерінің;

      2) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылған ресми статистикалық ақпараттының;

      3) білім беру сапасының динамикасына әсер ететін факторларға салыстырмалы талдау жүргізудің;

      4) лицензиялау, ЖЖОКБҰ мемлекеттік аттестаттау және аккредиттеу рәсімдері нәтижелерінің;

      5) білім алушыларды мемлекеттік қорытынды аттестаттау нәтижелерінің;

      6) ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерінің;

      7) кешенді тестілеу нәтижелерінің;

      8) халықаралық салыстырмалы зерттеулер нәтижелерінің;

      9) әлеуметтік зерттеулер нәтижелерінің қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.

      8. Білім беру мониторингін жүзеге асыру кезінде "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде ақпаратты жинауды, жүйелі есепке алуды, өңдеуді, сондай-ақ сақтауды, жаңартуды, жинақтауды және қорғауды ұйымдастыру тәртібі мыналарды қамтиды:

      1) білім беру мониторингін жүзеге асыру субъектілерінің білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде әкімшілік деректерді енгізуі және / немесе өзектендіруі;

      2) осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мерзімдерде уәкілетті органның ақпараттандыру объектісінде деректердің толықтығын, дұрыстығын және уақтылы өзектендірілуін қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асыру;

      3) ЖЖОКБҰ басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен деректерді растау;

      4) уәкілетті органның жүйе мұрағатында сақтау үшін жыл сайын бір күнге деректерді тіркеуі.

      9. Уәкілетті органның ақпараттандыру объектілеріндегі деректерді өзектендіруді білім беру мониторингі субъектілері өзгерістердің туындау фактісі бойынша олар пайда болған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.

      10. Уәкілетті орган жыл сайын қазан айында білім берудің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейлері бойынша әкімшілік деректерді қалыптастыру үшін ақпараттандыру объектілерінде деректерді тіркеуді қамтамасыз етеді. Осы кезеңде уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде деректерді өзектендіру 10 жұмыс күніне дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады. Деректерді өзектендіруді тіркеу және тоқтата тұру мерзімдері туралы субъектілер ақпараттандыру объектілерінде үш жұмыс күні бұрын хабардар етіледі.

      11. ЖЖОКБҰ басшылары меншік нысанына және ведомстволық тиесілілігіне қарамастан ұсынады және уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде немесе онымен интеграцияланған басқа да ақпараттық жүйелерде деректердің толық, дұрыс және уақтылы толтырылуын қамтамасыз етеді.

      12. Білім беру мониторингінің нәтижелері бойынша уәкілетті орган:

      1) уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінің параметрлеріне түзетулер енгізеді;

      2) жыл сайын есепті кезеңнен кейінгі 1 желтоқсанға дейін Ұлттық баяндаманы өзінің ресми интернет-ресурста жариялайды;

      3) жыл сайын есепті кезеңнен кейінгі 1 наурызға дейін Ұлттық статистикалық жинақты өзінің ресми интернет-ресурста жариялайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады