"Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 маусымдағы № 239 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2023 жылғы 7 қыркүйектегі № 331 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 8 қыркүйекте № 33398 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 маусымдағы № 239 бұйрығына (Нормативтiк құқықтық актiлердің мемлекеттiк тізілімінде № 17131 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексі 121-бабының 11-тармағына және 184-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда:

      19-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "19. Іздестіру, барлау және бағалау ұңғымаларын бұрғылау кезінде жобалау құжатқа сәйкес мақсатты деңгейжиектерде міндетті түрде керн іріктеледі. Жете зерттеу (жете барлау өндіру кезеңінде) жөніндегі іс-шаралар шеңберінде бағалау ұңғымаларындағы және пайдалану ұңғымалардағы кернді іріктеу қажеттілігін жер қойнауын пайдаланушы айқындайды және жобалау құжатында белгіленеді.";

      26-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "26. Бағалау жұмыстары барлау жұмыстарының жобасында белгіленген, табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжалды жиектері шегінде жер қойнауы учаскесінде (учаскелерінде) жүргізіледі.";

      35-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "35. Барлау кезеңінде орындалған геологиялық-барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша қорларды есептеу бойынша есеп жасалады және жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізіледі.";

      40-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "40. Барлау жұмыстарының жобасында мыналар негізделеді:

      1) қолда бар тарихи деректердің көлемі және мәні, барлау жұмыстарын жүргізу үшін барлау учаскесінің зерттелу дәрежесі;

      2) барлау жұмыстарының міндеттері;

      3) далалық геологиялық-геофизикалық зерттеулердің жоспарлы көлемдері мен әдістемесі, жобалау ұңғымалардың саны мен орналасқан жері, олардың жобалау тереңдіктері және осындай жұмыстарды жобалау кезінде бұрғылау реттілігі;

      4) осындай жұмыстарды жобалау кезінде кернді және шламды іріктеу аралықтары, зертханалық зерттеулер (кернге стандартты және арнайы талдау жүргізу);

      5) бұрғылау процесінде мұнай-газы бар деңгейжиектерді сынау және бағанда сынамалау тәртібі;

      6) ұңғымаларды ашық оқпанда және бағанда геофизикалық зерттеу кешені, ұңғымаларды гидродинамикалық зерттеу кешені, тереңдіктегі және үстіңгі флюидтер сынамаларын іріктеу және зертханалық зерттеу;

      7) барлау жұмыстарын жүргізу кезінде жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар;

      8) барлау жұмыстарын орындау көлемдері мен мерзімдері;

      9) инвестициялар және геологиялық-барлау жұмыстарының күтілетін тиімділігі;

      10) сынамалау кезінде әрбір жобалау ұңғыма бойынша мұнай мен газдың болжанатын дебиті;

      11) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету сомасының мөлшері;

      12) барлау учаскелері көрсетілген жоспарлы жұмыстар көлемінің негіздемесі.";

      47-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "47. Барлау жұмыстары жобасының жобалау шешімдеріне жүргізілетін мониторинг көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға авторлық қадағалау жөніндегі жыл сайынғы ақпараттық есеп бере отырып, жер қойнауын пайдаланушының жобалау құжат бойынша жұмыстарды сүйемелдеуін қамтиды.";

      56-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "56. Сынамалап пайдалану жобасы көмірсутектердің қорларын жедел есептеу негізінде әзірленеді.";

      60-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "60. Сынамалап пайдалану жобасында сынамалап пайдалану түрлерінің, әдістерінің, тәсілдерінің және технологияларының сипаттамасы, сондай-ақ сынамалап пайдалану барысында көмірсутектерді өндірудің болжалды көлемдері болу қажет. Сонымен қатар сынамалап пайдалану жобасында мыналар көрсетілуге тиіс:

      1) сынамалап пайдаланудың мақсаттары, міндеттері мен мерзімдері;

      2) ұңғымаларды геологиялық-геофизикалық және гидродинамикалық зерттеулердің, керн мен қабат флюидтерін зертханалық зерттеудің ұсынылатын кешенінің түрлері, көлемдері мен мерзімдері, кернді, мұнайдың, газ бен судың тереңдіктегі, үстіңгі сынамаларын іріктеу;

      3) ұңғымалар жұмысының технологиялық тұрғыдан негізделген шарттарын белгілеу мақсатында арнайы режимдік зерттеулер бағдарламасы: мұнай ұңғымалары бойынша кенжарлық қысым қанығу қысымынан жоғары және төмен болғанда, ал газ конденсатты ұңғымалар бойынша - кенжарлық қысым конденсацияның басталу қысымынан жоғары және төмен болғанда; газ факторы және конденсатты-газ факторы, сулану және басқа параметрлер бойынша, сондай-ақ жыныстың қаңқасын бұзбай ұйғарынды депрессияларды бағалау үшін;

      4) бұрын бұрғыланған іздестіру және бағалау ұңғымаларының саны мен нөмірлері және сынамалап пайдалануға қатысатын ұңғымалардың саны мен нөмірлері;

      5) озық жобалау өндіруші және қысыммен айдау, сондай-ақ жобалау бағалау ұңғымаларының саны мен орналасу орындары, олардың арасындағы қашықтық, кернді іріктеу аралықтары мен оларды зертханалық зерттеу;

      6) көмірсутектерді өндірудің болжалды көлемдері, жұмыс агентін айдау көлемдері; ұңғымаларды пайдалану тәсілдері, сағалық және ішкі ұңғымалық жабдық;

      7) жинау жүйесіне және ұңғымалардың өнімін кәсіпшілік дайындауға, шикі газды кәдеге жаратуға және (немесе) қайта өңдеуге, қысыммен айдау ұңғымаларының қабылдағыштық коэффициентін анықтауға қойылатын талаптар мен ұсынымдар;

      8) газ және газ конденсатты кенжатындар үшін, өндіру кезеңіне ұсынылатын игеру нұсқасының техникалық-экономикалық көрсеткіштері және оның тиімділігін бағалау өлшемшарттары;

      9) кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) жете барлау жөніндегі іс-шаралар;

      10) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету сомасын есептеу.";

      71-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "71. Сынамалап пайдалану кезінде жобалау шешімдердің іске асырылуына жүргізілетін жыл сайынғы авторлық қадағалауды сынамалап пайдалану жобасын жасаған тартылатын жобалау ұйым жүргізеді.";

      78-тармақ алып тасталсын;

      81-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "81. Көмірсутек кен орындарын мына жағдайларда игеруге енгізуге рұқсат етіледі:

      1) барлау жұмыстары жүргізілсе;

      2) 3 миллион тонна мұнайдан немесе 3 миллиард текше метрге дейін шикі газдан қоры шығарылатын қорлары кен орындары үшін көмірсутек шикізаты кен орындарының статикалық геологиялық модельдері салынса;

      3) белгіленген тәртіппен бекітілген базалық жобалау құжатын іске асыруға 5 жыл өткеннен кейін кен орындарының статикалық геологиялық модельдері және 3 миллион тонна мұнайдан немесе 3 миллиард текше метр астам шикі газдан шығарылатын қорлары көмірсутек шикізаты кен орындарының цифрлық геологиялық-гидродинамикалық модельдері салынса;

      4) сынамалап пайдалану жүргізілсе (қажеттілік болғанда);

      5) көмірсутектердің қорларын есептеу жөніндегі есеп жасалса және мемлекеттік жер қойнауы сараптамасының оң қорытындысы алынса;

      6) өндіру учаскесінің кеңістіктік шекаралары айқындалса;

      7) көмірсутектер кен орнын игеру жобасы жасалса және Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысы алынса;

      8) кен орнын жайластыру орындалса;

      9) күкіртті сутекті және күкіртті органиканы қамтитын газдарды күкірттен тазарту және экологиялық қауіпсіз пайдалану жөніндегі барлық мәселелер шешілсе, сондай-ақ кен орнын игеруге беру басында өнеркәсіптік құрамда этан, пропан-бутан, көміртектің қостотығы, гелий және газдың басқа құрамдастары болған жағдайда, оларды пайдалану тиімділігі мен бағыттары анықталса;

      10) газ конденсатты кен орнын қабат қысымын сақтамай өнеркәсіптік игеруге беру тиімділігі негізделсе;

      11) көмірсутектер кен орындары үшін шикі газды қайта өңдеу бағдарламасы бекітілсе;

      12) Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа заңдарында көзделген техникалық жобалау құжат сараптамаларының оң қорытындысы бекітілсе және алынса.";

      85-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "85. Игеру жобасы, оған толықтырулар және/немесе өзгерістер шеңберінде кен орнын қайта бұрғылаудан кейін немесе геологиялық құрылым және/немесе геологиялық қорлар туралы түсінік айтарлықтай өзгергенде, алынған жаңа деректердің негізінде қорлар қайта есептеледі және жаңа жобалау құжат немесе игеру жобасына толықтыру жасалады.";

      105-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "105. Кенжатындарды сынамалап пайдалану кезінде ұңғымаларға жүргізілген арнайы режимдік зерттеулердің деректері бойынша, кенжар қысымдарының сәйкесінше қанығу қысымынан және конденсация басталғандағы қысымнан төмен түсуі салдарынан мұнай және конденсат бойынша өнімділік коэффициенті азаюының дәрежесі (тәуелділігі) анықталуға тиіс. Кенжар қысымдарының қанығу қысымынан және конденсация басталғандағы қысымнан төмендеуінен мұнай және конденсат бойынша өнімділік коэффицентінің дәрежесі (тәуелділігі) тиісінше іздестіру және бағалау ұңғымаларын сынау кезеңінде ұңғымаларға жүргізілген арнайы режимдік зерттеулерінің деректері бойынша анықталуы мүмкін.";

      107-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "107. Көмірсутектер кен орнын игеру жобасында мыналар негізделеді:

      1) пайдалану объектілерін бөлу;

      2) ұңғымаларды пайдалану тәсілдері мен режимдері;

      3) ұңғымалар торын орналастыру және тығыздығының жүйелері;

      4) қабатқа әсер етудің түрлері;

      5) өндіруші және қысыммен айдау ұңғымаларының кенжарлық қысымдары;

      6) қабатқа айдау үшін агентті таңдау;

      7) мұнай кен орындарында шикі газды қайта өңдеу (кәдеге жарату) қажеттілігі және газ/газ конденсатты кен орындарында қабат газын тауарлық күйге дейін қайта өңдеу;

      8) әрбір пайдалану объектісі бойынша қолданыстағы өндіруші және қысыммен айдау ұңғымаларының арақатынасы;

      9) кенжатындар бойынша өтемақы коэффициенті;

      10) қабат және кенжарлық қысымның қанығу қысымына немесе конденсация қысымына арақатынасы;

      11) қабат қысымының кенжарлық қысымға арақатынасы;

      12) ұңғымалар бойынша газ факторының барынша рұқсат етілетін мәні;

      13) көмірсутектерді өндіру көлемдері;

      14) қабат қысымын арттыру үшін жұмыс агентін кері айдау көлемдері;

      15) пайдалану ұңғымаларын іске қосу көрсеткіштері.

      Кен орнын игеру жобасын және оған өзгерістерді және/немесе толықтыруларды жобалау немесе игеруді талдау кезінде осы тармақтың 10)-15) тармақшаларында көрсетілген көрсеткіштердің диапазондарын немесе шекті рұқсат етілетін мәндерін негіздеу қажет.";

      113-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "113. Негізгі өнімді (сұйық көмірсутектер) шығару коэффициентінің азаюына әкелетін газ бүркемесінен газды жобалық құжатта көрсетілмеген негізсіз шығаруға және мұнайды қабат жағдайында газсыздандыруға жол берілмейді.";

      126-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "126. Мұнай және мұнай-газ кен орындарын (кенжатындарын) игеру жөніндегі жобалық құжатта ұңғымалардың арнайы режимдік зерттеулерінің деректері негізінде мұнайдың газбен қанығу қысымына қатысты кенжарлық қысымның негіздемесі келтірілуге тиіс. Олай болмаған жағдайда, кенжарлық қысымы қанығу қысымынан төмен болатын ұңғымаларды пайдалануға тыйым салынады.";

      266-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "266. Ұңғымалардың өнімі кенжардан жер бетіне көтерілетін фонтандық тәсіл қабат энергиясы есебінен жүзеге асырылады, мұнай кенжатындарын игерудің бастапқы кезеңінде пайдаланылады. Ұңғымаларды игерудің кейінгі кезеңдерінде фонтандық әдісімен пайдалануға тыйым салынбайды.";

      269-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "269. Сұйықтықты бетіне шығару үшін жабдықтарды пайдалану және жөндеу жүйесін ұйымдастыруда қалыптасқан өндірудің табиғи-климаттық жағдайларының ерекшеліктеріне қарай, арнайы сорғылық жабдық қолданылады.";

      317-және 318-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "317. Ұңғымаларды күрделі жөндеу кезінде:

      1) жөндеу және оқшаулау жұмыстары;

      2) басқа горизонттарға көшу немесе қабаттарды енгізу;

      3) ұңғымаларды міндеті бойынша санаттан санатқа ауыстыру;

      4) ұңғымаларды пайдалану немесе оларды жөндеу (сору-компрессорлық құбырларды, электр-ортадан тепкіш сорғыларды, тереңдіктің сорғыларын, ұңғымаларды тазалау және басқаларын) процесіндегі аварияларды жою;

      5) пакер-сөндіргіштермен жабдықталған ұңғымаларды жөндеу, екi қабатты бiрiктiрiп-сұрыптап пайдалануға арналған жабдық, ұңғыманың екiнші оқпанын кесу;

      6) қысыммен айдау ұңғымаларын жөндеу: қабылдағыш профилін теңестіру, қысыммен айдау суының басқа қабаттарға төгілуін жою, шегендеу бағандарының тұтастығы мен тығыздығын қалпына келтіру және т.б.;

      7) қосымша перфорация және дүмпу;

      8) ұңғымаларды консервациялау, консервациядан шығару немесе жою жұмыстары орындалады.

      318. Егер мамандандырылған ұйым жүргізген ғылыми дәлелденген талдау өнімді кен орындарының герметикаланбау қаупін болдырмаса, қуаты аз шинасы бар қабат кен орындарының шөгінділерінің ашылуына жол беріледі.";

      329-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "329. Жер қойнауын пайдаланушылар пайдалану объектілерін игеруді бақылауды жер қойнауын пайдаланушылар немесе олардың тапсырмасы бойынша осы қызмет түріне тиісті, базалық жобалау құжаттарының және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес лицензиялары бар мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.";

      412-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "412. Өнімді жоюға мүмкіндік болмаған жағдайда газды бейтараптандырусыз немесе өртеусіз барлауға және пайдаланылатын ұңғымаларды игеруге және зерттеуге тыйым салынады.";

      461-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "461-1. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және уран өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдаланушылар пайдалану блогының, кен орнының қышқылдандырылуына және игерілуіне мынадай кезеңдік стационарлық бақылауларды орындауды қамтамасыз етеді:

      жерасты суларының деңгейі:

      бақылау (процесті бақылауға арналған ұңғымалар, аралас көкжиектерді бақылауға арналған ұңғымалар, көлденең ағуды бақылауға арналған ұңғымалар) тоқсанына бір рет;

      геофизикалық зерттеулер:

      жерасты шаймалаудың технологиялық ұңғымаларында жалпы санының кемінде 30%-ы (сору және айдау), бақылау ұңғымаларында (процесті бақылауға арналған, аралас көкжиектерді бақылауға арналған, көлденең ағуды бақылауға арналған ұңғымалар) жылына бір рет.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай игеру және өндіру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
міндетін атқарушы
А. Хасенов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Экология және табиғи ресурстар министрі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады