Кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу, кері қайтарып алу, оның қолданысын қайта бастау және тоқтату қағидаларын, сондай-ақ аккредиттеуден кейінгі шарттың үлгілік нысаны мен талаптарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 9 қыркүйектегі № 381 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 12 қыркүйекте № 33407 болып тіркелді

      "Кәсіптік біліктілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 23-бабының 4-тармағына, 25-бабы 2-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу, кері қайтарып алу, оның қолданысын қайта бастау және тоқтату қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Аккредиттеуден кейінгі шарттың үлгілік нысаны мен талаптары бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ұлттық біліктілік және болжау жүйесін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
С. Жакупова

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
2023 жылғы 9 қыркүйектегі
№ 381 бұйрығына
1-қосымша

Кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу, кері қайтарып алу, оның қолданысын қайта бастау және тоқтату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу, кері қайтарып алу, оның қолданысын қайта бастау және тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Кәсіптік біліктілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу, кері қайтарып алу, оның қолданысын қайта бастау және тоқтату тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:

      1) біліктілік бағдарламасы – кәсіптік біліктілігін тануға үміткер кандидаттың кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал олар болмаған кезде белгілі бір жабдықты, әдіснаманы және (немесе) құралдарды пайдалана отырып, белгілі бір жұмыс жағдайларында білімді, машық пен дағдыны қолдануға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау үшін пайдаланылатын шаралар кешені;

      2) кәсіптік біліктілікті тану – кандидаттың кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал олар болмаған кезде біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау және ол туралы шешім қабылдау рәсімі;

      3) кәсіптік біліктілікті тану орталығы (бұдан әрі – тану орталығы) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген, кәсіптік біліктілікті тануды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде кәсіптік біліктілікті тану бойынша басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат – кандидаттың кәсіптік біліктілігінің белгілі бір кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындауға қойылатын талаптарға сәйкестігін куәландыратын құжат;

      6) кәсіптік біліктілігін тануға үміткер кандидат (бұдан әрі – кандидат) – өзінің кәсіптік біліктілігін тану үшін өз еркімен, дербес немесе жұмыс берушінің жолдамасы бойынша жүгінген жеке тұлға;

      7) кәсіптік стандарт – формалды және (немесе) формалды емес, және (немесе) информалды білім беру ескеріле отырып, білімге, машыққа, дағдыға, жұмыс тәжірибесіне, біліктілік деңгейі мен құзыреттілікке, кәсіптік қызметтің нақты бір саласындағы еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін жазбаша ресми құжат;

      8) кәсіптер тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) – кәсіптік біліктіліктерді тану жүзеге асырылатын кәсіптер бойынша электрондық нысанда жүйеленген ақпарат жиынтығы;

      9) өтініш беруші – кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін аккредиттеуге өтінім берген заңды тұлға;

      10) салалық жұмыс тобы – өтініш берушілер оларды аккредиттеу кезінде ұсынған материалдарды қарау мақсатында құрылған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кәсіпкерлер палатасы жанындағы консультативтік-кеңесші орган;

      11) Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы (бұдан әрі - цифрлық платформа) – Заңның 6-бабының 1-тармағында көзделген және "сareer.enbek.kz" домендік атаудағы ақпаратты қамтитын "Электрондық еңбек биржасы" Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасының порталы.

2-тарау. Тану орталықтарын аккредиттеу тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – Ұлттық палата) тану орталықтарын аккредиттеуді уәкілетті органмен келісу бойынша ерікті және өтеусіз негіздерде жүргізеді.

      4. Аккредиттеу мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды:

      1) өтінімді және ұсынылған құжаттарды қабылдау, қарау;

      2) ұсынылған құжаттардың сараптамасы;

      3) өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру;

      4) аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау;

      5) аккредиттеу аттестатын беру;

      6) аккредиттеуден кейінгі шарт жасасу.

      5. Өтініш беруші облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кәсіпкерлер палатасына (бұдан әрі – өңірлік палата) мынадай құжаттарды қағазда немесе цифрлық платформа арқылы электрондық нысанда қазақ және орыс тілдерінде ұсынады:

      1) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша аккредиттеуге өтініш, онда өтініш беруші кәсіптік біліктіліктерін тануды жүзеге асыратын кәсіптердің атауы да көрсетіледі;

      2) өтініш берушіні заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      3) меншік құқығында, шаруашылық жүргізу, жедел басқару құқығында, бірлескен қызмет туралы шарт негізінде немесе кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі жұмыстарды орындау үшін талап етілетін үй-жайларды, жабдықтар мен материалдық ресурстарды уақытша иелену мен пайдалануда болуын растайтын құжат;

      Кәсіптік біліктілікті тануды жүргізу үшін жабдықтар мен материалдық ресурстардың тізбесін тану орталығы біліктілік бағдарламасында көрсетеді;

      4) біліктілік бағдарламаларының жобалары;

      5) мынадай талаптарға сәйкес келетін кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін білікті персонал туралы мәліметтер:

      саланың (аясының) тиісті бағыты бойынша кемінде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;

      салалық біліктілік шеңберіне сәйкес мәлімделген кәсіптер бойынша талаптарға сәйкес тиісті білім деңгейінің болуы;

      кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болмауы.

      Өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, өңірлік палата 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге қайтару себептерін көрсете отырып, электрондық нысанда құжаттарды қайтарады не бұрын қағаз нысанда ұсынылған құжаттарды оған қол қойғызып, қолма-қол тапсырады.

      Құжаттардың толық топтамасы болған кезде құрамы өңірлік палатаның бұйрығымен бекітілетін салалық жұмыс тобы өтініш келіп түскен күннен бастап есептелетін 9 (тоғыз) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарға сараптама жүргізеді.

      6. Ұсынылған құжаттарға сараптама жүргізу кезінде:

      1) өтініш берушінің заңды тұлға мәртебесінің болуы;

      2) өтініш берушінің меншік, шаруашылық жүргізу, жедел басқару құқығында, бірлескен қызмет туралы шарт негізінде немесе тізбесі біліктілік бағдарламасының жобасында айқындалған үй-жайларды, жабдықтар мен материалдық ресурстарды уақытша иелену мен пайдалануда болуы;

      3) Тізілімде ұсынылған кәсіптердің болуы;

      4) біліктілік бағдарламалары жобаларының Заңның 17-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен Біліктілік бағдарламаларын әзірлеу және бекіту қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкестігі;

      5) өтініш берушіде осы Қағидалардың 5-тармағының 5) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келетін білікті персоналдың болуы ескеріледі.

      7. Ұсынылған құжаттарды сараптау нәтижелері ұсынылған құжаттардың Қағидалардың 6-тармағына сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы салалық жұмыс тобының қорытындысымен ресімделеді.

      Салалық жұмыс тобы ұсынылған құжаттардың сәйкестігі туралы қорытынды шығарған кезде өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкері оны шығарған күннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге сараптау қорытындылары бойынша ескертулерді көрсете отырып, құжаттарды электрондық нысанда қайтарады не бұрын қағаз нысанда ұсынылған құжаттарды оған қол қойғызып, қолма-қол тапсырады.

      Салалық жұмыс тобы ұсынылған құжаттардың сәйкестігі туралы қорытынды шығарған кезде өңірлік палата 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге электрондық нысанда жолдайды не оған қолын қойғызып, оны тексеру туралы жазбаша хабарлама береді.

      8. Құжаттарда берілген ақпараттың нақты жай-күйіне сәйкестігін бағалау мақсатында өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеруді өтініш берушінің орналасқан жері бойынша салалық жұмыс тобы оған хабарламаны қолма-қол немесе электрондық нысанда өтініш берушінің байланыс деректерінде көрсетілген электрондық поштаға жіберген күннен кейін есептелетін 10 (он) жұмыс күні ішінде жүргізеді.

      Өтініш берушінің орналасқан жері бойынша тексеру аяқталған күннен кейін есептелетін 1 (бір) жұмыс күні ішінде салалық жұмыс тобы құжаттарда берілген ақпараттың өтініш берушінің орналасқан жері бойынша нақты жай-күйіне сәйкестігін бағалау туралы есеп қалыптастырады.

      Салалық жұмыс тобы ұсынылған құжаттардағы ақпараттың өтініш берушінің орналасқан жері бойынша нақты жай-күйіне сәйкессіздігі туралы есепті шығарған кезде өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкері оны зерттеп-қараған күннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге құжаттарды электрондық нысанда қайтарады не бұрын қағаз нысанда ұсынылған құжаттарды қол қойғызып қолма-қол тапсырады, өтініш берушіні тексеру қорытындысы бойынша өтініш берушіге қол қою арқылы табыс етеді.

      Салалық жұмыс тобы ұсынылған құжаттардағы ақпараттың өтініш берушінің орналасқан жері бойынша нақты жай-күйіне сәйкестігі туралы есеп шығарған кезде оны аккредиттеу жөніндегі құжаттар 3 (үш) жұмыс күні ішінде өңірлік кеңестің қарауына шығарылады.

      Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкері өңірлік кеңестің шешімі шығарылған күннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде оны, сараптама қорытындысын және өтініш берушінің орналасқан жері бойынша тексеру есебін Ұлттық палатаға жібереді.

      9. Ұлттық палата Өңірлік палата ұсынған құжаттарды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде оларды аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешімнің жобасын қоса бере отырып, уәкілетті органға келісуге жібереді.

      10. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен кейін есептелетін 3 (үш) жұмыс күні ішінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешімнің жобасын келіседі;

      2) бас тарту себептерін негіздей отырып, аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешімнің жобасын келісуден бас тартады.

      Тану орталығын аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді Ұлттық палата уәкілетті органның шешімін алған күннен кейін есептелетін 10 (он) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды сараптау және оның орналасқан жері бойынша тексеру нәтижелері негізінде қабылдайды.

      11. Ұлттық палата аккредиттеу туралы шешім қабылданған күннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде:

      аккредиттеу аттестатын беруді жүзеге асырады;

      цифрлық платформада аккредиттелген тану орталықтарының тізіліміне деректерді (тану орталығының атауы, сериялық нөмірін, салалық тиесілігін, кәсіптік біліктіліктерін тану жүзеге асырылатын кәсіпті көрсете отырып, аккредиттеу аттестатын беру күні) енгізеді;

      Тану орталығымен аккредиттеуден кейінгі шарт жасайды.

      Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі аккредиттеу аттестаты берілген күннен бастап 3 (үш) жылға белгіленеді.

      Аккредиттеуден бас тартқан кезде өтініш берушіге шешім қабылданған күннен кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда бас тарту себептері көрсетілген жауап жіберіледі.

      Аккредиттеуден бас тарту жөніндегі шешіммен келіспеген жағдайда, өтініш беруші осы шешімге сот тәртібімен шағымданады.

      Сотта шағымдануға Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағымданғаннан кейін жол беріледі.

3-тарау. Аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу, кері қайтарып алу, қайта бастау және қолданысын тоқтату тәртібі

      12. Тану орталығы қайта ұйымдастырылған (қосылған, біріктірілген, бөлінген, бөліп шығарылған, қайта құрылған) кезде аккредиттеу аттестаты қайта ресімделуге жатады.

      Тану орталығы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу негіздерінің бірі туындаған күннен кейін есептелетін 5 (бес) жұмыс күн ішінде өңірлік палатаға аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу туралы өтініш береді.

      Өңірлік палата ұсынылған құжаттарды осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес қарайды.

      Ұлттық палата өңірлік палатаның шешімін алған күннен кейін есептелетін 10 (он) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге аккредиттеу аттестатын қолма-қол немесе электрондық нысанда қайта рәсімдеу туралы шешім жібереді.

      Қайта рәсімдеу кезінде аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі үзілмейді.

      13. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аккредиттеу аттестатын мынадай жағдайларда:

      1) тану орталығының аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы жазбаша өтініші болғанда;

      2) кәсіптік біліктілікті тану тәртібі бұзылғанда;

      3) аккредиттеу өлшемшарттарын және аккредиттеуден кейінгі шарт талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде тану орталықтарының қызметін мониторингтеу қорытындылары бойынша;

      4) тану орталықтарында кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат алған адамдарға қатысты расталған шағымдар анықталғанда кері қайтарып алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында белгіленген жағдайда, осы адамға берілген кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат жойылуға жатады. Кәсіптік біліктілікті тану туралы күші жойылған құжат туралы мәліметтерді тану орталығы оның күші жойылған күннен бастап 1 (бір) күн ішінде кейіннен цифрлық платформада орналастыру үшін Ұлттық палатаға ұсынады.

      Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімді Ұлттық палата оқиғалар басталған және (немесе) осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген бұзушылықтар анықталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қабылдайды.

      Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімнің көшірмесі цифрлық платформада орналастырылған аккредиттелген тану орталықтарының тізілімінен тану орталығы туралы мәліметтерді қоспағанда, осы шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде цифрлық платформа арқылы электрондық нысанда тану орталығына жіберіледі.

      14. Тану орталығы аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешім алған күннен бастап жұмыс 30 (отыз күн) ішінде аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға негіз болған анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларды жою туралы мәліметтерді Ұлттық палатаға ұсынуға міндетті.

      Аккредиттеу аттестатын қайта бастау не қайта бастаудан бас тарту туралы шешімді Ұлттық палата анықталған бұзушылықтарды жою туралы мәліметтерді тану орталықтары ұсынған күннен бастап есептелетін 10 (он) жұмыс күні ішінде қабылдайды.

      Азаматтардың денсаулығына, тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге және қауіпсіздігіне байланысты бұзушылықтар анықталған жағдайда аккредиттеу аттестатының қолданысы қайта басталмайды.

      Аккредиттеу аттестаттарының қолданысы қайта басталуға жатпайтын тану орталықтарының тізбесі, сондай-ақ олардың құрылтайшылары (қатысушылары) туралы мәліметтер Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.

      15. Аккредиттеу аттестатының қолданысы мынадай негіздер бойынша:

      1) аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешім болғанда;

      2) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі тоқтатылғанда;

      3) тану орталығының қызметі тоқтатылғанда (таратылғанда);

      4) кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімі болғанда тоқтатылады.

  Кәсіптік біліктілікті тану
орталықтарын аккредиттеу,
аккредиттеу аттестатын қайта
рәсімдеу, кері қайтарып алу,
оның қолданысын қайта бастау
және тоқтату қағидаларына
қосымша
Нысан

Аккредиттеуге өтініш

Тану орталығының атауы


Тану орталығының БСН


Заңды мекенжайы


Байланыс деректері


Электрондық пошта


Салалық тиістілік


Кәсіптік біліктілікті тануды жүзеге асыратын кәсіптер тізбесі


Кәсіптік біліктілікті тануды жүзеге асыратын кәсіптер тізбесі


Өтініш берілген күні


  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
2023 жылғы 9 қыркүйектегі
№ 381 бұйрығына
2-қосымша

Аккредиттеуден кейінгі шарттың үлгілік нысаны мен талаптары

__________________

20 __ жылғы "____" __________

(жасалған орны)


      Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – Ұлттық палата) және ________________________________ кәсіптік біліктілікті тану орталығы (бұдан әрі – Тану орталығы), бірлесіп "Тараптар" деп аталып, "Кәсіптік біліктілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осы шартты (бұдан әрі – Шарт) жасасты және төмендегілер туралы келісімге келді:

1-тарау. Шарттың мәні

      1. Тану орталығы Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасына сәйкес кәсіптік біліктілікті тануды жүзеге асырады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – Ұлттық палата) кәсіптік біліктілікті тану орталықтарының қызметін мониторингтеуді жүзеге асырады.

2-тарау. Шарттың тараптары

      2. Ұлттық палата:

      1) Тану орталығын орналасқан жері бойынша зерттеп-қарайды;

      2) Тану орталықтарының қызметі туралы ақпаратты сұратады.

      3. Тану орталығы:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кәсіптік біліктілікті тану рәсімін жүргізеді;

      2) цифрлық платформада тіркеледі және тану орталығының құрылымы мен қызметі, біліктілік бағдарламасы және кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі көрсетілетін қызметтің құны туралы ақпаратты жариялайды;

      3) кандидаттарға кәсіптік біліктілікті тану рәсімін өткізу тәртібі туралы ақпаратты, кәсіптік біліктілікті тану үшін қажетті құжаттар тізбесін ұсынады;

      4) кәсіптік біліктілікті тану процесінде Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік және санитариялық-гигиеналық нормалар саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтайды және осы талаптар бұзылған кезде дереу ден қояды;

      5) біліктілік бағдарламаларын әзірлейді және бекітеді;

      6) цифрлық платформаны жүргізу тәртібіне сәйкес кәсіптік біліктілікті тану туралы берілген құжаттар туралы мәліметтер жолдайды;

      7) кәсіптік біліктілікті тану мәселелері бойынша апелляцияларды қарау тәртібін сақтайды;

      8) кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметтің құнын белгілейді;

      9) кәсіптік біліктілікті тану туралы ақпаратты сұратады.

      4. Тараптар осы Шарттың қолданылу мерзімі ішінде аккредиттеу субъектілерінің тізіліміне енгізілуге жататын ақпаратты қоспағанда, Шарттың және оны орындау барысында алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді.

3-тарау. Тану орталықтарының қызметін мониторингтеу

      5. Тану орталықтарының қызметін мониторингтеу Ұлттық палатаның тану орталықтарының кәсіптік біліктілікті тану рәсімін жүргізуі нәтижелерін бақылауы арқылы жүзеге асырылады.

      6. Тану орталығының әрекеттеріне және (немесе) әрекетсіздігіне үш және одан да көп шағымдар түскен кезде Өңірлік палата оны орналасқан жері бойынша тексереді. Орналасқан жері бойынша тексеру туралы Тану орталығы тексеру басталғанға дейін үш жұмыс күні бұрын қағаз немесе электрондық нысанда хабардар етіледі.

4-тарау. Шартты өзгерту, тоқтату және бұзу талаптары

      7. Ұлттық палата өтініш беруші осы Шарттың 3-тармағының 8) және 9) тармақшаларынан басқа, 3-тармақта көрсетілген талаптарды орындамаған және тану орталықтарының мониторингі кезінде анықталған сәйкессіздіктерді белгіленген мерзімде жоймаған жағдайда, бұл туралы өтініш берушіні болжамды бұзу күніне дейін кемінде отыз жұмыс күні бұрын хабардар ете отырып, осы Шартты біржақты тәртіппен бұзады. Бұл жағдайда хабарламада көрсетілген күн осы Шартты бұзу күні болып есептеледі.

      8. Осы Шарт мынадай жағдайларда тоқтатылады:

      1) Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттеу аттестатының қолданылуын тоқтату;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес осы шартты бұзу;

      3) кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы.

5-тарау. Дауларды шешу тәртібі

      9. Осы Шартты іске асыру процесінде туындауы мүмкін келіспеушіліктер болған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер жолымен шешеді.

      10. Шарт бойынша Тараптар арасындағы реттелмеген дауларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы негізінде олардың құзыретіне сәйкес сот органдары қарайды.

6-тарау. Басқа да талаптар

      11. Осы Шарт Тараптар оған қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.

      12. Осы Шарт Тараптардың әрқайсысы үшін бір-бірден қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды.

      13. Осы Шартқа барлық өзгерістер мен толықтырулар осы Шарт сияқты нысанда жасалған және Тараптар қол қойған жағдайда ғана жарамды болады.

      14. Осы Шартта көзделмеген барлық өзге жағдайларда Тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алады.

7-тарау. Тараптардың деректемелері

Ұлттық палата


Тану орталығы

___________________________________


___________________________________

(Ұлттың палатаның деректемелері, БСН,
пошталық мекенжайы, телефондары,
банктік сәйкестендіру коды (БСК),
жеке сәйкестендіру коды (ЖСК),
бенефициар коды)


(Тану орталығының деректемелері, БСН,
телефондары, пошталық мекенжайы,
банктік сәйкестендіру коды (БСК),
жеке сәйкестендіру коды (ЖСК),
бенефициар коды)

___________________________________


___________________________________

(Ұлттың палата өкілінің лауазымы, қолы)
мөр орны (бар болса)


(Тану орталығы өкілінің лауазымы, қолы)
мөр орны (бар болса)


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады