"Қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы не әскери қызметшінің әскери бөлім орналасқан жерді қарумен өз бетінше тастап кетуі туралы ақпаратқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдері қолбасшылығының және әскери полиция органдарының ден қою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі № 351 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі № 899 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 20 қыркүйекте № 33439 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы не әскери қызметшінің әскери бөлім орналасқан жерді қарумен өз бетінше тастап кетуі туралы ақпаратқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдері қолбасшылығының және әскери полиция органдарының ден қою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі № 351 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15530 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы не әскери қызметшінің әскери бөлім орналасқан жерді қаруымен өз бетінше тастап кетуі туралы ақпаратқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдері қолбасшылығының және әскери полиция органдарының ден қою қағидаларында:

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы туралы ақпаратты алған кезде әскери бөлім бойынша кезекші 20 минут ішінде әскери бөлім командиріне, әскери бөлімнің орналасқан жері бойынша әскери полиция органына, әскери-тергеу және аумақтық ішкі істер органына, әскери прокуратураға және әскери қарсы барлау органына баяндайды.

      4. Әскери бөлім қолбасшылығы 30 минут ішінде:

      1) гарнизон бастығын хабардар етеді;

      2) оқиға болған жерді күзетуді қамтамасыз ету және тергеу-жедел тобы келгенге дейін оқиға болған жерге бөгде адамның кіруін шектеу бойынша шаралар қабылдайды, қоршау тобының жетекшісін тағайындайды және оқиға болған жерді күзетуге тартылатын күштер мен құралдар санын айқындайды.";

      7-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) үш сағат ішінде жоғарғы штабқа жеткізілімді және әскери бөлім орналасқан жері бойынша әскери прокуратураға, әскери қарсы барлау органына, әскери-тергеу және аумақтық ішкі істер органына, көліктегі ішкі істер органына, әскери полиция органына, көлік түріндегі әскери қатынас комендатурасына жазбаша хабарлама жібереді. Қаруымен БӨБТК туралы хабарламада (жеткізілімде):

      қаруымен БӨБТК болған жер, уақыты және мән-жайы;

      қару (оқ-дәрілер) саны, атауы, сериясы, нөмірі (партиясы), шығарылған жылы;

      әскери қызметшінің өмірбаяндық деректері;

      барлық отбасы мүшелерінің, туыстары мен таныстарының тұрғылықты жері;

      ауызша суреттелген портреті мен ерекше белгілері;

      киім нысаны және азаматтық киімінің бар болуы;

      жеке куәлігінің не Қазақстан Республикасының азаматы төлқұжатының, болмаған кезде әскери билетінің деректері;

      қылмыстық және өзге де құқық бұзушылық жасауға ниеті, бейімділігі көрсетіледі.

      Хабарламаға (жеткізілімге) қаруымен БӨБТК әскери қызметшінің фотосуреті қоса беріледі;";

      8-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) жоғарғы әскери басқару органына және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Ұлттық қорғанысты басқару орталығына жүргізілген іс-шаралар нәтижесі туралы баяндап, олармен тұрақты байланысты ұстайды;";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Қаруымен БӨБТК әскери қызметші анықталған кезде анықталған жерді қоршау (оқшаулау), медициналық қызметкерді және өрт сөндіру командасын шақырту, көрсетілген іс-шараны аумақтық ішкі істер органының және мемлекеттік күзет қызметінің кезекшісімен келісу бойынша шаралар қабылданады. Қаруымен БӨБТК әскери қызметшіге барлық қашатын жолдың бұғатталғаны және қарсыласудан пайда жоқ екені туралы хабарланады. Қаруымен БӨБТК әскери қызметшіге қаруды көрінетін жерге қойып және оны ұстау мүмкіндігін болдырмайтын арақашықтыққа қарудан алыс тұрып берілу ұсынылады.";

      16-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Қаруымен БӨБТК-ні ұстау кезінде әскери қызметшілердің қаруды қолдануы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары ішкі қызмет жарғысының 10,11-тармақтарында және "Әскери полиция органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери полициясы бас басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасының бастығына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мемлекеттік күзет қызметі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады