Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 50-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Төмен тұрған құрамдағы әскери қызметшілерді не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы |
Е. Сагимбаев |
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2023 жылғы 30 қыркүйектегі № 79/қе бұйрығымен бекітілген |
Төмен тұрған құрамдағы әскери қызметшілерді не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Төмен тұрған құрамдағы әскери қызметшілерді не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 50-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында (бұдан әрі – ҰҚО) төмен тұрған құрамдағы әскери қызметшілерді не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау тәртібін айқындайды.
2. Бос әскери лауазымдарға төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін уақытша тағайындау олардың қарамағында офицерлік құрамның әскери қызметшілері болмаған жағдайда, қызмет бабында жылжыту тәртібімен, атқаратын әскери лауазымынан босатыла отырып жүзеге асырылады.
3. Азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау тар бағыттағы мамандығы, мамандандырылған білімі, қызметтік іс-қимылдың болжамды учаскесі бойынша қызмет өткеру тәжірибесі, бейіні бойынша магистр, философия докторы (PhD) дәрежесі, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, оқытушылық қызметтің тәжірибесі немесе спорттық жетістіктері (арнаулы мақсаттағы мобильді іс-қимыл бөлімшелерінің әскери лауазымдары және ҰҚО объектілерін қорғауды қамтамасыз ететін әскери лауазымдар үшін) болған кезде, сондай-ақ олардың қарамағында әскери қызметшілер болмаған жағдайда жүзеге асырылады.
4. Офицерлік құрамның бос әскери лауазымдарына уақытша тағайындау үшін мынадай талаптар белгіленеді:
1) ауыстырылатын әскери лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі (азаматтарды қоспағанда);
2) соңғы аттестаттау қорытындысы бойынша жоғары тұрған әскери лауазымға ұсыным (азаматтарды қоспағанда);
3) арнайы тексеру нәтижелері бойынша оң қорытынды;
4) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша әскери қызметке (жұмысқа) жарамдылығы;
5) оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесіне сәйкес алынған жоғары білім бойынша орташа балл кемінде 2,67 (В) (дәстүрлі бағалау шкаласы бойынша кемінде 4 балл).
Тар бағыттағы мамандығы (оның ішінде техникалық немесе медициналық бейін), қызметтік іс-қимылдың болжамды учаскесі бойынша қызмет өткеру тәжірибесі (жұмысы), сондай-ақ магистр, философия докторы (PhD) дәрежесі, бейіні бойынша доктор, ғылыми және (немесе) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, оқытушылық қызмет тәжірибесі немесе спорттық жетістіктері (арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл бөлімшелерінің әскери лауазымдары және ҰҚО объектілерін күзетуді қамтамасыз ететін) болған кезде алынған жоғары білім бойынша оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесіне сәйкес 1,0 (D-) дейін (дәстүрлі бағалау шкаласы бойынша кемінде 3 балл) орташа балды төмендетуге жол беріледі.
5. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамындағы бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау үшін мынадай талаптар белгіленеді:
1) ауыстырылатын әскери лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі (азаматтарды қоспағанда);
2) соңғы аттестаттау қорытындысы бойынша жоғары тұрған әскери лауазымға ұсыным (азаматтарды қоспағанда);
3) мемлекеттік құпияларға рұқсат беру нысандарына байланысты (мемлекеттік құпияларға рұқсат болмаған жағдайда) арнайы тексеру нәтижелері бойынша оң қорытынды;
4) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша әскери қызметке (жұмысқа) жарамдылығы;
5) орта, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімнің болуы.
6. Қатаң сөгіс, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, лауазымын бір сатыға төмендету, әскери атағын бір сатыға төмендету түрінде алынбаған тәртіптік жазалары бар әскери қызметшілер қатарындағы кандидаттар қарауға жатпайды.
7. Тиісті құрамдағы әскери қызметшілерді көрсетілген әскери лауазымдарға тағайындау кезінде әскери қызметшілер не бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындалған азаматтар атқаратын әскери лауазымдарынан босатылады және ҰҚК құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволарының және өзге де органдарының (бұдан әрі – ҰҚК органы) бірінші басшысының бұйрығымен басқа бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындалады, ал әскери лауазымдар болмаған кезде уақытша тағайындалғанға дейін атқаратын әскери лауазымнан төмен емес әскери лауазымдарға тағайындалады. Азаматтар тиісті әскери лауазымдар болмаған кезде белгіленген тәртіппен жұмыстан шығарылады.
2-тарау. Төмен тұрған құрамдағы әскери қызметшілерді не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау тәртібі
8. Әскери қызметші не азамат осы Қағидалардың 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келген кезде бөлімше бастығы кадр бөлімшесімен келісе отырып ҰҚК органы басшысының не ол уәкілеттік берген лауазымды адамның (бұдан әрі – басшы) атына бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау мәселесін қарау туралы баянат береді.
9. Басшының рұқсатын алғаннан кейін кадр бөлімшесі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша алдын ала мәліметтерді ресімдейді және әскери қызметшінің не азаматтың қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру үшін ҰҚК органының жоғары тұрған кадр бөлімшесіне, болмаған жағдайда ҰҚК Кадрлар департаментіне жібереді.
10. Алдын ала мәліметтерді келісу кезінде кадр бөлімшесі осы Қағидалардың 4-тармағы 3), 4) тармақшаларының және 5-тармағы 3), 4) тармақшаларының талаптарына сәйкес іс-шаралар жүргізеді.
11. Аталған іс-шаралар аяқталғаннан кейін кадр бөлімшесі кандидатты зерделеу және тексеру нәтижелері бойынша қорытынды (бұдан әрі - қорытынды) жасайды. Қорытындыға кадр бөлімшесінің бастығы мен басшы қол қояды және баянатпен бірге кандидаттың жеке ісіне қоса тіркеледі.
Бұл ретте қорытындыда кандидаттың жедел-қызметтік іс-қимылдың болжамды учаскесі (бағыты) және оны уақытша тағайындау жоспарланатын әскери лауазым жазылады.
12. Жеке іс тексеру үшін ҰҚК органының жоғары тұрған кадр бөлімшесіне, болмаған жағдайда ҰҚК Кадрлар департаментіне жіберіледі.
13. Төмен тұрған құрамдағы әскери қызметшілерді не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау сараптама комиссиясының хаттамасы негізінде:
1) офицерлік құрам үшін ҰҚК Төрағасының;
2) қатардағы жауынгерлер немесе сержанттық құрамдар үшін ҰҚК органы бірінші басшысының бұйрығымен жүргізіледі.
3-тарау. Сараптама комиссияларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі
14. Әскери қызметшілер не азаматтар қойылатын талаптарға сәйкес келген кезде ҰҚК Кадрлар департаментінде және ҰҚК органдарында сараптамалық комиссиялар құрылады.
15. Сараптамалық комиссияның құрамы:
ҰҚК Кадрлар департаментінде сараптамалық комиссияның төрағасы болып табылатын ҰҚК Кадрлар департаменті бастығының ұсынысы бойынша кадр қызметін бағыттайтын ҰҚК Төрағасы орынбасарының бұйрығымен;
ҰҚК органдарында сараптамалық комиссияның төрағасы болып табылатын Кадр бөлімшесі бастығының ұсынысы бойынша олардың бірінші басшыларының бұйрықтарымен бекітіледі.
16. Сараптамалық комиссия кемінде бес адамнан тұратын тақ саннан құралады, сараптамалық комиссияның төрағасынан, екі орынбасарынан, мүшелерінен (басшы құрам қатарынан) және сараптама комиссиясының хатшысынан тұрады.
Сараптамалық комиссияның қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді сараптамалық комиссияның хатшысы жүзеге асырады. Сараптамалық комиссияның хатшысы сараптамалық комиссияның мүшесі болып табылмайды және шешім қабылдау кезінде дауыс беруге құқығы жоқ.
17. Сараптамалық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді және бекітілген құрамның кемінде үштен екісі болған кезде көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Сараптамалық комиссияның хаттамасына сараптамалық комиссияның төрағасы, төрағасының орынбасары және мүшелері қол қояды.
18. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған жағдайларда, сондай-ақ қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды үнемдеу мақсатында комиссияны ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы қашықтық форматта өткізуге жол беріледі.
Төмен тұрған құрамдағы әскери қызметшілерді не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау қағидаларына қосымша Нысан |
Бос әскери лауазымды ауыстыруға үміткер кандидатқа алдын ала мәліметтер
р/с № | Әскери атағы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған күні, айы, жылы, туған жері | Атқаратын әскери лауазымы, жедел-қызметтік іс-қимыл учаскесі (бағыты) | Білімі, білім беру ұйымының атауы, мамандығы, бітірген жылы, диплом бойынша орташа балл | Қызметтегі (жұмыстағы) өтілі және ауыстыруға болжанатын жедел-қызметтік іс-қимыл учаскесі (бағыты) бойынша | Аттестаттау қорытындысы және ұсынымы (бекітілген күні) | Әскери лауазымға тағайындау үшін ұсынылады (сараптама комиссиясының оң шешімі болған жағдайда) |
Әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасалған |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |