Басқарушы компанияға берілген активтерді басқару қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 1061 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 9 қазанда № 33523 болып тіркелді.

      "Заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабының 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Басқарушы компанияға берілген активтерді басқару қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Қаржы министрі
2023 жылғы 5 қазандағы
№ 1061 бұйрығымен
бекітілген

Басқарушы компанияға берілген активтерді басқару қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 04.10.2024 № 667 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Басқарушы компанияға берілген активтерді басқару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 33-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және басқарушы компанияның Заңда көзделген негіздер бойынша басқарушы Компания мүлкінің құрамына түскен активтерді басқару тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:

      1) активтерді басқару – басқарушы компанияның меншігіне заң шеңберінде қайтарылған активтерді қабылдау, олардың сақталуын қамтамасыз ету, активтерді ұстау және активтерге билік ету, активтерді өткізуден түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз ету болып табылады;

      2) арнаулы мемлекеттік қор – Заңмен айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын, сондай-ақ заңсыз иемденген активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шығыстарын қаржыландыру мақсатында түсімдерді есепке жатқызу және ақшаны жұмсау үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты;

      3) аукцион – қатысушылар өз ұсыныстарын жария түрде мәлімдейтін, оның ішінде тізілімнің веб-порталын пайдалана отырып электрондық форматта өткізілетін сауда-саттық нысаны;

      4) басқарушы компания – Заңға сәйкес құрылған заңды тұлға;

      5) бірыңғай оператор – мемлекеттік мүлікті есепке алу және ұйымдастыру саласындағы бірыңғай техникалық саясатты іске асыру жөніндегі міндеттер жүктелген Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша айқындалған жарғылық капиталында мемлекет қатысатын заңды тұлға;

      6) комиссия – активтерді қабылдау, активтерге билік ету тәсілін айқындау, активтерді сату жөніндегі функциялар мен іс-шараларды, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес активтерді басқаруға байланысты өзге де функциялар мен міндеттерді, орындау үшін құрылатын басқарушы компанияның комиссиясы және (немесе) комиссиялары;

      7) комиссиялық сыйақы – басқарушы компания ұстайтын активтерді өткізуден бастап активтерді сатудан түскен қаражатты Заңға сәйкес арнаулы мемлекеттік қорға аударуға дейінгі қаражаттың бір бөлігі;

      8) коммерциялық конкурс – ұсынылған өтінімдерге, оның ішінде коммерциялық ұсыныстарға сәйкес сатып алушыларды іріктеу жолымен өткізілетін активтерді конкурстық негізде сату;

      9) консервациялау – активтердің коммерциялық тартымдылығын, құндылығы мен құнын сақтау міндетінде белгіленген кезеңге және шектерде активтерді сыртқы факторлардың ықпалынан қорғау жөніндегі іс-шаралар кешені;

      10) консультант – компания, оның ішінде активтерді басқару үшін қажетті консультациялық қызметтер көрсететін халықаралық компания;

      11) сарапшы – арнаулы және (немесе) техникалық білімі, тәжірибесі мен біліктілігі бар, активтерді басқару үшін қажетті тиісті қызметтер көрсететін заңды және (немесе) жеке тұлғалар;

      12) тендер – басқарушы компания қабылданған бастапқы шарттар негізінде басқарушы компания үшін шарттың ең жақсы талаптарын ұсынатын тендерге қатысушылардың бірімен шарт жасасуға міндеттенетін активті мүліктік жалдауға беру (жалға алуға), сенімгерлік басқаруға беру, сондай-ақ активті сату жөніндегі сауда-саттық нысаны;

      13) тізілімнің веб-порталы – интернет желісінде www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша орналастырылған интернет-ресурс, тізілім деректеріне бірыңғай кіру нүктесін ұсынады.

      Осы тарауда көрсетілмеген өзге де терминдер, ұғымдар мен анықтамалар Заңға сәйкес түсіндіріледі.

2-тарау. Басқарушы компания мүлкінің құрамына активтерді қабылдау тәртібі

      3. Ақшалай нысандағы активтерді қоспағанда, Заңның 4-тарауында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған активтер басқарушы компания мүлкінің құрамына түседі.

      4. Ақшалай нысанда қайтарылған активтер тікелей Арнаулы мемлекеттік қорға есептеледі.

      5. Активтер басқарушы компанияға оның жарғылық капиталын арттырмай беріледі.

      6. Активтерді басқару мақсаттары үшін басқарушы компания активтерге меншік құқығын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес ресімдейді.

      7. Активтерді комиссия қабылдайды.

      8. Комиссияның құрамы мен функцияларын басқарушы компанияның атқарушы органы бекітеді.

      9. Комиссияның міндеттері активтің болуы мен жай-күйін анықтау, активке құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын зерделеу, активті қабылдауды жүзеге асыру, активтерге билік ету тәсілін және сарапшылардың, консультанттардың қызметтерін тарту қажеттілігін айқындау болып табылады.

      10. Қажет болған жағдайда (активтің күрделілігі, шектеулі уақытша және еңбек ресурстары және активтің ерекшелігіне байланысты басқа да мән-жайлар) активке құқықтарды, активтің болуы мен жай-күйін растау, технологиялық тұтастығы мен техникалық жай-күйін айқындау және актив туралы өзге де мәліметтерді белгілеу үшін басқарушы компания сарапшыларды және (немесе) консультанттарды тартады.

      11. Активтің мәлімделген жай-күйіндегі сипаттамалардың оның нақты жай-күйімен сәйкестігі, сондай-ақ активтің алғашқы қаралымы кезінде белгіленуі мүмкін өзге де кемшіліктер (айқын кемшіліктер) анықталған жағдайда, комиссия қабылданатын активтің сәйкес келмеу актісін еркін нысанда жасайды, ол активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.

      12. Актив жоғалған және (немесе) оған құқық белгілейтін, сәйкестендіру құжаттары болмаған, сондай-ақ басқарушы компанияның меншігіне активті қабылдауға кедергі келтіретін комиссия анықтаған өзге де негіздер болған жағдайда, басқарушы компания активті қабылдаудан бас тарту туралы тиісті қорытындыны активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға жібереді. Бас тарту туралы қорытынды еркін нысанда жасалады.

      13. Актив басқарушы компания мүлкінің құрамына қабылданғаннан кейін Заңға сәйкес әр түрлі жағымсыз сыртқы факторлар мен шығындардың әсерінен жоғалту (бұзылу, ұрлау, бүліну, бүлдіру) тәуекелдерін азайту, шығыстарды оңтайландыру бойынша шаралар қабылданады, олар мыналарды қамтиды, бірақ:

      1) күзет қызметтерін көрсететін ұйымдарды тартумен;

      2) коммуналдық қызметтермен және өзге де қызмет көрсететін ұйымдармен шарттар жасасумен;

      3) қажет болған жағдайда мүлікті әртүрлі жағымсыз сыртқы факторлардың әсерінен жоғалту (бұзылу, ұрлану, бүліну, бүлдіру) қаупінен сақтандырумен;

      4) инфрақұрылым объектілеріне техникалық қызмет көрсету жөнінде шаралар қолданумен шектелмейді;

      5) басқарушы компания активтерді басқару тәсілі туралы шешім қабылданғанға дейін сарапшыларды тартады, барлық қажетті шараларды қабылдайды, сондай-ақ активтің үздіксіз жұмысын және (немесе) қызметін, активтерді ұстауды, пайдалануды және сақтауды қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін контрагенттермен келісімдер жасайды немесе қайта жасайды.

3-тарау. Басқарушы компанияның активтерін есепке алу тәртібі

      14. Басқарушы компания бухгалтерлік есепті жүргізеді және басқарушы компанияның мүлкінің құрамына қабылданған өз қаражаты мен активтері бойынша қаржылық есептілікті бөлек ұсынады.

      15. Басқарушы компанияға берілген активтер:

      1) кепіл заты болып табылмайды;

      2) кредиторлардың талабы бойынша өндіріп алынбайды;

      3) тыйым салу немесе мүлікке өзге де ауыртпалық салу мәні болып табылмайды;

      4) басқарушы компанияның және үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша инкассалық өкіммен өндіріп алынбайды;

      5) мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету мәні болып табылмайды;

      6) регрессиялық талаптар тәртібімен өндіріп алынбайды;

      7) міндеттемелер бойынша, оның ішінде басқарушы компанияның міндеттемелері бойынша қамтамасыз ету мәні болып табылмайды.

      16. Басқарушы компания Заңға сәйкес өзінің құрамына түскен активтер туралы ақпаратты тізілімнің веб-порталында орналастырады.

      17. Басқарушы компания мүлкінің құрамына активті қабылдау активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган ұсынған бағалау туралы есепке сәйкес активтің құны бойынша жүзеге асырылады. Көрсетілген құн активтің басқарушы компанияға берілгенін растайтын құжаттарда көрсетіледі.

      Актив мүліктің құрамына қабылданғаннан кейін басқарушы компания комиссия шешімі негізінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган жүргізген бағалауды пайдаланады, немесе қажеттілігіне қарай активке тәуелсіз бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізеді.

4-тарау. Активтерді басқару әдістері

      18. Активтерді басқару, оларды ұстау мынадай тәсілдердің бірімен:

      1) жеке және (немесе) заңды тұлғаларды тартпай дербес;

      2) өзге де ұйымдарды, жеке және (немесе) заңды тұлғаларды, кәсіби сарапшыларды, шетелдік және халықаралық ұйымдарды тарта отырып жүзеге асырылады.

      19. Активтерді мемлекет меншігіне беруді қоспағанда, басқарушы компанияға келіп түскен активтер "Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысымен бекітілген Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасында айқындалған тәртіппен міндетті түрде іске асырылуға жатады (бұдан әрі- № 1103 Сыйға тарту қағидасы).

      20. Актив түріне байланысты активтерге билік етудің мынадай тәсілдері қолданылады:

      1) мүліктік жалдауға беру (жалға алу);

      2) сенімгерлік басқаруға беру;

      3) консервация;

      4) іске асыру;

      5) № 1103 сыйға тарту қағидасында көрсетілген тәртіпте активтерді мемлекеттік меншікке беру;

      6) басқарушы компания айқындайтын және активті өтеусіз иеліктен шығаруды активті өтеусіз пайдалануға беруді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына және актив орналасқан елдің заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдер.

      21. Активтерді сату туралы немесе активтерге билік етудің өзге тәсілі туралы шешімді комиссия мынадай факторларды ескере отырып қабылдайды:

      1) активтің жеке ерекшеліктері;

      2) активтердің құрамы мен құрылымы;

      3) актив бойынша өндірістік, коммерциялық қызмет туралы қолда бар мәліметтер;

      4) активтің құнын бағалау;

      5) нарықты зерттеу;

      6) экономикалық орындылығы;

      7) осы активке қатысты қажетті ақпаратты қамтиды.

5-тарау. Активтерді мүліктік жалдауға беру (жалға алу) тәртібі

      22. Активті басқарушы компания активтің ерекшелігін, нарықтық бағаларды ескере отырып, объектінің орналасқан жерін, техникалық жай-күйін және пайдалану мүмкіндігін және активтің құнын және оның орналасқан жерін ескере отырып айқындалатын басқа да факторларды ескере отырып, мүліктік жалдауға (жалға алуға) береді.

      23. Активтің мүліктік жалдауға беру (жалға алу) құны, күрделі немесе ағымдағы жөндеу қажет болған жағдайда басқарушы компания түзетеді.

      24. Жалпы пайдаланымдағы үй-жайларды мүліктік жалдауға беру (жалға алу) үшін төлемақы құны активтің жалпы ауданнан алынған ауданның үлесіне пропорционалды түрде есептеледі.

      25. Қазақстан Республикасының аумағында жер учаскелерін мүліктік жалдауға берудің (жалға алудың) ең төменгі шекті мәндері "Жер учаскелеріне төлемақының базалық ставкаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 2 қыркүйектегі № 890 қаулысына сәйкес айқындалады.

      26. Жеке тұлғалар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар жалға алушылар болып табылады.

      27. Қазақстан Республикасында активті мүліктік жалдауға беру (жалға алуға) тізілімнің веб-порталы арқылы тендерлік негізде жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі активтерді беру, осы актив орналасқан шет мемлекеттің заңнамасында айқындалады.

      28. Егер актив меншік құқығын қайта рәсімдеу сәтінде мүліктік жалдауға беру (жалға алуға) берілген жағдайда басқарушы компания тендер өткізбей әрекеттегі жалға алушылармен шарттарды қайта жасайды.

      29. Активті Қазақстан Республикасының аумағында мүліктік жалдауға беру (жалға алуға) жөніндегі жоспарланатын тендер туралы хабарландыруды басқарушы компания тізілімнің веб-порталында, басқарушы компанияның интернет-ресурсында, сондай-ақ қажет болған жағдайда өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. Активті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру туралы хабарландыру мыналарды:

      1) тендерді өткізу күні мен уақытын;

      2) әлеуетті жалға алушылар тарапынан өтінімдерді қабылдаудың аяқталу мерзімдерін;

      3) активті мүліктік жалға берудің (жалға алудың) ұсынылатын құнын;

      4) тендерге қатысуға кепілдік жарнаның мөлшерін;

      5) активтің қысқаша сипаттамасын, оның орналасқан жерін, мүліктік жалдауға беру (жалға алуға) мерзімін қамтиды, активті мақсатты пайдалану және қажет болған жағдайда басқа мәліметтерді қамтиды.

      30. Басқарушы компания осы Қағидалардың талаптарына сәйкес тендердің шарттарын, бастапқы жалдау мөлшерлемесін және кепілдік жарнаның мөлшерін айқындайды.

      Ұсынылатын кепілдік жарнаның мөлшері қатысушы енгізген бастапқы жалға алу мөлшерлемесінің 15 (он бес) пайызын құрайды. Кепілдік жарнаның соңғы мөлшері тараптардың келісімімен анықталады.

      Бастапқы жалға алу мөлшерлемесі активті мүліктік жалдауға беру (жалға алуға) туралы шешім қабылданған күнгі активтің орташа нарықтық жалдау мөлшерлемесіне сәйкес келеді.

      Қазақстан Республикасында орналасқан активтер бойынша бастапқы жалға алу мөлшерлемесі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 212 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10467 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға беру (жалға алуға) қағидаларына сәйкес есептелген жалдау мөлшерлемесінен кем болмауға тиіс.

      31. Қатысушылар бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына тендер өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мөлшерде, мерзімде және тәртіппен кепілдік жарнаны енгізеді.

      32. Тендер өткізу кезінде объект үшін жалға алу ақысының ең көп сомасын ұсынған және басқарушы компанияның талаптарына жауап беретін жалғыз қатысушы немесе тендер қатысушысы жеңімпаз болып танылады.

      33. Қатысушылар ұсынған жалдау ақысының сомалары сәйкес келген (тең) кезде өтінімді бұрын тіркеген қатысушы жеңімпаз деп танылады.

      34. Тендер қорытындысы бойынша тендер нәтижелері туралы хаттама қалыптастырылады, оған басқарушы компанияның уәкілетті адамы және тендер өткізілетін күні жеңімпаз қол қояды.

      35. Тендер қорытындысы бойынша жеңіске жеткен және мүліктік жалдауға беру (жалға алу) шартын жасасқан қатысушының кепілдік жарнасы, мүліктік жалдауға беру (жалға алу) шарты бойынша тиесілі төлемдер есебіне жатқызылады.

      36. Тендер нәтижелері туралы хаттамаға не жеңімпаз шартқа қол қоймаған жағдайда бірыңғай оператор кепілдік жарнаны қайтармайды.

      Қалған барлық жағдайларда, бірыңғай оператор кепілдік жарналарды осы қатысушының деректемелерін көрсете отырып, электронды цифрлық қолтаңбаны (бұдан әрі – ЭЦҚ) пайдалана отырып, тізілімнің веб-порталында тендерге қатысушы қол қойған кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініш берілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайтарады.

      37. Активті мүліктік жалдауға беру (жалға алуға) жөніндегі тендер басталған сәтте тіркелген қатысушылар болмаған жағдайда, тендер өткізілмеген деп танылады.

      Активті мүліктік жалдауға беру (жалға алуға) жөніндегі қайталама тендер бірінші тендер күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізіледі.

      Қайталама тендер өтпеді деп танылған жағдайда, комиссия тендер шарттарын өзгерту туралы не өткізілмеген тендер шарттарында әлеуетті жалдаушыларды (жалға алушыларды) дербес іздеу туралы шешім қабылдайды.

      38. Әлеуетті жалдаушылар/жалға алушылар тарапынан Қазақстан Республикасында орналасқан активтер бойынша қайталама тендер кезінде өтінімдерді қабылдау мерзімі ішінде Тізілімнің веб-порталында активтерді мүліктік жалдауға беруге (жалға алуға) арналған өтінімдер болмаған кезде басқарушы компания комиссияның шешімі негізінде активті мүліктік жалдауға беруге (жалға алуға) әлеуетті жалдаушыларды (жалға алушыларды) іздеу бойынша тендер шарттарына өзгерістер енгізуге құқығы бар.

      39. Мүліктік жалдауға беру (жалға алу) шарты жеңімпазбен 3 (үш) жұмыс күні ішінде жасалады.

6-тарау. Активтерді сенімгерлік басқаруға беру тәртібі

      40. Осы Қағидалардың 41-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы активті сенімгерлік басқаруға беру тізілімнің веб-порталын пайдалана отырып, тендер өткізу жолымен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі активтерді сенімгерлік басқаруға беру, осы актив орналасқан шет мемлекеттің заңнамасында айқындалады.

      41. Активтерді тендерді өткізбей сенімгерлік басқаруға беруді басқарушы компания активті сақтау және жоғалтуға жол бермеу үшін оны жедел басқаруды қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған жағдайда жүзеге асырады.

      42. Жеке тұлғалар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар сенімгерлік басқарушы болып табылады.

      43. Қазақстан Республикасында орналасқан актив бойынша тендер өткізу туралы хабарландыру басқарушы компанияның интернет-ресурсында және тізілімнің веб-порталында оны өткізгенге дейін кемінде күнтізбелік 15 (он бес) күн бұрын жарияланады және оған мыналар кіреді:

      1) активтің қысқаша сипаттамасы, орналасқан жері, нысаналы пайдаланылуы және қажет болған жағдайда актив туралы басқа да мәліметтер;

      2) тендерді өткізу күні мен уақыты;

      3) әлеуетті сенімгерлік басқарушылардың өтінімдерін қабылдаудың аяқталу мерзімі;

      4) тендерге қатысуға кепілдік жарнаның мөлшері;

      5) сенімгерлік басқаруға беру мерзімі;

      6) Комиссияның тиісті шешімі болған кезде әлеуетті сенімгерлік басқарушыларға қойылатын талаптар;

      7) сенімгерлік басқаруға беру шарттары;

      8) тендер жеңімпазын айқындау тәртібі.

      44. Қатысушылар бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген мөлшерде, мерзімде және тәртіппен кепілдік жарнаны енгізеді.

      Ұсынылатын кепілдік жарнаның мөлшері бес жүз еселік айлық есептік көрсеткішті құрайды. Кепілдік жарнаның соңғы мөлшері тараптардың келісімімен анықталады.

      45. Тендер тізілімнің веб-порталында "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген демалыс және мереке күндерін қоспағанда, сейсенбіден жұмаға дейін өткізіледі. Тендер Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден 13:00-ге дейінгі кезеңде басталады және тендер өткізілетін күні аяқталады.

      46. Келіп түскен өтінімдерді басқарушы компания тендер өткізілген күні қарайды.

      Өтінімдерді ашу тендер өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген тендер күні мен уақыты басталған кезде тізілімнің веб-порталы арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

      Өтінімдерді, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелерін басқарушы компания тендерге жіберілген қатысушыларды айқындау мақсатында тізілімнің веб-порталында қарайды.

      Қатысушы хабарландыруда көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда басқарушы компания себебін көрсете отырып, қатысушыны тендерге жібермейді.

      47. Активті сенімгерлік басқаруға беру кезінде 2 (екі) және одан да көп өтінімге рұқсат беру кезінде тендер өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген берудің ең жақсы шарттарын ұсынған қатысушы жеңімпаз деп танылады. Шарттары бірдей 2 (екі) және одан да көп өтінімге рұқсат беру кезінде өтінімді бұрын тіркеген қатысушы жеңімпаз деп танылады.

      48. Егер активті сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі тендерге қатысқанға дейін жалғыз қатысушы жіберілген жағдайда, басқарушы компания онымен қатысушының өтінімінде көрсетілген шарттарда шарт жасасады.

      49. Тендер қорытындысы бойынша тендер нәтижелері туралы хаттама тізілім веб-порталында қалыптастырылады, оған басқарушы компанияның уәкілетті тұлғасы және тендер өткізілетін күні жеңімпаз қол қояды.

      50. Активті сенімгерлік басқаруға беру шартына тендер өткізілген күннен бастап 10 (он) күнтізелік күн ішінде қол қойылады.

      51. Тендер қорытындысы бойынша жеңіске жеткен және сенімгерлік басқару шартын жасасқан қатысушының кепілдік жарнасы оған ЭЦҚ пайдалана отырып, тендер қорытындысы бойынша жеңіп алған қатысушы тізілімнің веб-порталында қол қойған кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініш берген күннен бастап деректемелерді көрсете отырып, 3 (үш) жұмыс күні ішінде қайтарылады.

      52. Бірыңғай оператор тендер нәтижелері туралы хаттамаға не жеңімпаз шартқа қол қоймаған жағдайда кепілдік жарнаны қайтармайды.

      Барлық басқа жағдайларда, бірыңғай оператор кепілдік жарналарды осы қатысушының деректемелерін көрсете отырып, ЭЦҚ пайдалана отырып, тізілімнің веб-порталында тендерге қатысушы қол қойған кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініш берілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайтарады.

      53. Активті сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі тендер басталған сәтте тіркелген қатысушылар болмаған жағдайда, мұндай тендер өтпеді деп танылады.

      Активті сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі қайталама тендер бірінші тендер күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмей өткізіледі.

      Қайталама тендер өтпеді деп танылған жағдайда, комиссия тендер шарттарын өзгерту туралы не өткізілмеген тендер шарттарында әлеуетті сенімгерлік басқарушыларды өз бетінше іздеу туралы шешім қабылдайды.

      54. Сенімгерлік басқару шарты бойынша пайда алушы басқарушы компания болып табылады.

      55. Егер сенімгерлік басқару шартында өзгеше көзделмесе, сенімгерлік басқарушы актив орналасқан елдің заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқару кезінде өзі жүргізген қажетті шығыстарды өтеуге құқылы.

      56. Сенімгерлік басқарушы басқарушы компанияға сенімгерлік басқару шартында белгіленген мерзімдерде және тәртіппен өз қызметі туралы есеп береді.

      57. Егер сенімгерлік басқару шартында сыйақы көзделген болса, сенімгерлік басқарушының сыйақы алуға құқығы бар.

      Сыйақы мөлшері, сенімгерлік басқарудың қолданылу мерзімі, сондай-ақ сенімгерлік басқарудың шарттары сенімгерлік басқару шартында айқындалады.

7-тарау. Активтерді консервациялау тәртібі

      58. Мүліктік жалдауға беру (жалға алуға) немесе активті сенімгерлік басқаруға беру, залал алу тәуекелдерінің туындауы экономикалық тұрғыдан орынсыз болған кезде басқарушы компания активті консервациялау туралы шешім қабылдайды.

      59. Активті консервациялау басқарушы компанияның ыстық/суық суды, кәрізді, газды, қалааралық және халықаралық телефон байланысын, интернетті, кәбілді теледидарды, домофон қызметтерін және қажет болған жағдайда басқа да ықтимал қызметтерді өшіру жөніндегі коммуналдық қызметтерге жүгінуі арқылы жүзеге асырылады.

      60. Консервациялауға ұшыраған активке қатысты осы Қағидаларда көзделген активтерді басқару жөніндегі оны іске асыруға бағытталған іс-шаралар орындалады.

8-тарау. Активтерді сату тәртібі

      61. Активтерді сату Арнаулы мемлекеттік қорды толықтыру мақсатында жүзеге асырылады және басқарушы компанияның оның мүлкінің құрамына келіп түскен, оның ішінде алдын ала мүліктік жалдауға беру (жалға алуға) берілген, сенімгерлік басқаруға, сондай-ақ консервацияланған активтерді басқарудың негізгі мақсаты болып табылады.

      62. Активті сатуды басқарушы компания өткізілген сауда-саттық нәтижелері бойынша белгіленген сату бағасы бойынша жүзеге асырады.

      Ұсынылатын кепілдік жарнаның мөлшері мыналарды құрайды:

      1) активтерді өткізу объектісінің бастапқы бағасынан 15 (он бес) пайызды - бастапқы бағасы кемінде айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерін құрайтын активтерге қатысты;

      2) активтерді өткізу объектісінің бастапқы бағасынан 10 (он) пайызды - бастапқы бағасы айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын активтерге қатысты.

      Кепілдік жарнаның соңғы мөлшері тараптардың келісімімен анықталады.

      63. Комиссияның активті сату туралы шешім қабылдауы осы Қағидалардың 21-тармағының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      64. Активтерді сату Заңның және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес мынадай тәсілдермен:

      1) аукцион нысанындағы сауда-саттықты өткізу (оның ішінде электрондық);

      2) тендер нысанындағы сауда-саттықты өткізу (оның ішінде электрондық);

      3) қор биржасында активтерді сату (биржа қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады);

      4) коммерциялық конкурс ұйымдастыру жолымен (оның ішінде электрондық);

      5) Қазақстан Республик асы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін тұлғаларға стратегиялық, сондай-ақ өзге де ерекше сипаттамалары бар активтерді сату;

      6) активтің орналасқан жері бойынша жаңадан құрылған еншілес ұйымның қатысушыларына осындай үлесті одан әрі өткізу мақсатында қайтарылған активтердің мүлкі түріндегі салымды жарна және (немесе) толықтыру құқығымен еншілес ұйымдар құру;

      7) басқарушы компания тарапынан активті сату фактісі болмаған жағдайда, басқарушы компания активті бұрынғы иесіне сатады, ал ол уәкілетті орган ұсынған бағалау туралы есепке сәйкес бағадан төмен емес бағаға сатып алады;

      8) активтің орналасқан не тіркелген жерінің талаптарына сәйкес өзге де тәсілдермен жүзеге асырылады.

      65. Басқарушы компания заңды тұлғалардың акцияларын немесе жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерін сату туралы шешім қабылдаған кезде "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша серіктестіктер туралы", "Акционерлік қоғамдар туралы", "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде не заңды тұлға қызметін жүзеге асыратын елдің заңнамасында көзделген талаптар сақталады.

      66. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі активтерді сату осы актив орналасқан шет мемлекеттің заңнамасымен айқындалады, оның ішінде тапсырма шарты бойынша және (немесе) актив иесінің сенімхаты бойынша активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша сатылады.

      67. Активті сатып алу-сату шартында активтің құнын толық төлегенге дейін оның сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптар көзделеді.

      68. Төлемдерді уақтылы өтеуді қамтамасыз ету басқарушы компанияның сатып алушы сатып алған активке немесе сатып алу-сату шартында көзделген өзге тәсілге кепіл беру құқығы болып табылады.

      69. Аукцион нысанындағы электрондық сауда-саттық активтерді өткізудің таңдаулы тәсілі болып табылады және тізілімнің веб-порталында өткізіледі.

      70. Басқарушы компания аукцион өткізуге дайындық шеңберінде активті өткізу үшін қажетті материалдарды жинауды жүргізеді, сондай-ақ сауда-саттық өткізу туралы хабарландыруды жариялауды және әлеуетті қатысушылардың сауда-саттықта сатылатын активке қол жеткізуін (қажет болған жағдайда) қамтамасыз етеді.

      71. Аукцион активке бағаны көтеру әдісін қолдана отырып жүзеге асырылады.

      72. Активті сатудың бастапқы бағасы, осы Қағидаларда көзделген жағдайларды қоспағанда, активтің орналасқан жері бойынша ел заңнамасының талаптарына сәйкес бағалаушы айқындайтын алғашқы бағаға тең.

      73. Алғашқы сауда-саттыққа актив бағаны көтеру әдісін қолдана отырып аукционға қойылады.

      Екінші сауда-саттыққа актив бастапқы бағаның 85 (сексен бес) пайызы мөлшерінде бастапқы бағаны белгілей отырып, бағаны көтеру әдісін қолдана отырып аукционға қойылады.

      Үшінші сауда-саттыққа актив бастапқы бағаның 70 (жетпіс) пайызы мөлшерінде бастапқы бағаны белгілей отырып, бағаны көтеру әдісін қолдана отырып аукционға қойылады.

      Аукцион нысанындағы әрбір келесі сауда-саттық алдыңғы аукцион күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмей өткізіледі.

      Егер жалғыз қатысушы бастапқы бағадан кем емес баға ұсынса, актив сауда-саттықтың жалғыз қатысушысына сатылады.

      Бағаны өзгерту қадамы келесідей белгіленеді:

      1) активтің айлық есептік көрсеткіштің 20000 еселенген мөлшеріне дейінгі мөлшердегі бастапқы немесе ағымдағы бағасы кезінде өзгеріс қадамы 10 (он) пайыз мөлшеріндегі бағаны көтеруге арналған аукционда белгіленеді;

      2) активтің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіштің 20000-нан 50000 еселенген мөлшеріне дейінгі мөлшерде болған кезде өзгеріс қадамы 7 (жеті) пайыз мөлшерінде бағаны көтеруге арналған аукционда белгіленеді;

      3) активтің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіштің 50000 еселігінен 100000 еселенген мөлшеріне дейінгі мөлшерде болған кезде өзгерту қадамы 5 (бес) пайыз мөлшерінде белгіленеді;

      4) активтің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіштің 100000 еселенген мөлшерінен 250000 еселенген мөлшеріне дейінгі мөлшерде болған кезде өзгеріс қадамы бағаны 2,5 пайыз мөлшерінде көтеруге арналған е аукционына белгіленеді;

      5) активтің айлық есептік көрсеткіштің 250000 еселігінен 500000 еселенген мөлшеріне дейінгі мөлшердегі бастапқы немесе ағымдағы бағасы кезінде өзгеріс қадамы 1 (бір) пайыз мөлшердегі бағаны көтеруге арналған аукционда белгіленеді;

      6) активтің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 500000 еселенген мөлшерінен және одан жоғары болған кезде өзгеріс қадамы бағаны 0,5 пайыз мөлшерінде көтеруге арналған аукционда белгіленеді.

      Бағаны өзгерту қадамын белгілеу аралығы 5 (бес) минутты құрайды.

      74. Әрбір сатылған мүлік объектісі бойынша аукцион нәтижелері аукцион өткізілетін күні басқарушы компанияның уәкілетті адамы және жеңімпаз қол қоятын сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамамен:

      1) егер сауда-саттық тізілімнің веб-порталында өткізілсе, электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, сауда-саттық өткізілетін күні;

      2) егер сауда-саттық өзге тәсілмен өткізілсе, күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде ресімделеді.

      75. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама аукцион нәтижелерін және жеңімпаздың және басқарушы компанияның сату бағасы бойынша активті сатып алу-сату шартына қол қою міндеттемелерін тіркейтін құжат болып табылады. Жеңімпаз сатып алу-сату шартына аукцион өткізілген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен аспайтын мерзімде қол қояды.

      76. Жеңімпаз сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға не белгіленген мерзімде сатып алу-сату шартына қол қоймаған жағдайда, басқарушы компания сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды (тізілімнің веб-порталын пайдалана отырып сауда-саттық өткізу кезінде акт қалыптастырылады).

      77. Егер актив аукцион арқылы өткізілмеген жағдайда, басқарушы компания тізілімнің веб-порталында соңғы аукцион өткізілген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей, мыналарды көрсете отырып, тендерді жариялайды:

      1) активтің орналасқан жері бойынша ел заңнамасының талаптарына сәйкес бағалаушы айқындайтын нарықтық құнға тең активті өткізудің бастапқы бағасы;

      2) кепілдік жарнаның мөлшері;

      3) 60 (алпыс) айдан аспайтын бөліп төлеу мерзімі (активті бөліп-бөліп сату кезінде). Бұл ретте, келесі енгізілетін сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесін негізге ала отырып, пайыздар есептеледі;

      4) әлеуетті сатып алушыға қойылатын талаптар.

      Тендер осы Қағидалардың 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49 және 50-тармақтарында айқындалған тәртіпке сәйкес өткізіледі.

      78. Егер актив тендер арқылы өткізілмесе, басқарушы компания тізілімнің веб-порталында әлеуетті сатып алушылардың ұсынылған коммерциялық ұсыныстарына сәйкес соңғы тендер өткізілген күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірмей мыналарды көрсете отырып, коммерциялық конкурс жариялайды:

      1) активтің орналасқан жері бойынша ел заңнамасының талаптарына сәйкес бағалаушы айқындайтын нарықтық құнға тең активті өткізудің бастапқы бағасы;

      2) 60 (алпыс) айдан аспайтын кепілдік жарнаның мөлшері және бөліп төлеу мерзімі (активті бөліп-бөліп сату кезінде). Бұл ретте, кейіннен енгізілетін сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сатып алу-сату шартын жасасу күніне арналған базалық ставкасын негізге ала отырып, сыйақы есептеледі;

      3) активті сатудың басқа шарттары;

      4) әлеуетті сатып алушыға қойылатын талаптар.

      Коммерциялық конкурс осы Қағидалардың 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49 және 50-тармақтарында айқындалған тәртіпке сәйкес өткізіледі.

      79. Егер Қазақстан Республикасындағы актив коммерциялық конкурста өткізілмеген жағдайда, онда активті сату қағидалардың 8-тарауының талаптарына сәйкес оны нақты сатқанға дейін, оның ішінде басқарушы компанияның халықаралық алаңдарда және (немесе) платформаларда активті сату құқығымен жүзеге асырылады.

      80. Аукцион, тендер, коммерциялық конкурс өткізу шартында тізілімнің веб-порталында аукционға, тендерге және коммерциялық конкурсқа қатысу үшін кепілдік жарна хабарландыруға сәйкес мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына енгізіледі.

      81. Сауда-саттықта (аукционда, тендерде, коммерциялық конкурста) жеңіске жеткен және сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепілдік жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесілі төлемдер есебіне жатқызылады және басқарушы компанияның шотына 3 (үш) жұмыс күні ішінде жіберіледі.

      82. Сатушы кепілдік жарнаны:

      1) жеңімпазға-сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына қол қойылмаған жағдайларда;

      2) сатып алушыға - сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелер орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда қайтармайды.

      Барлық басқа жағдайларда кепілдік жарналар өтініш берілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бірыңғай операторға (тізілімнің веб-порталын пайдалана отырып сатқан жағдайда) немесе сатушыға қайтарылады.

      Кепілдік жарналар сауда-саттыққа қатысушы, жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініште көрсететін деректемелерге қайтарылады.

      83. Тізілімнің дерекқорында бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына кепілдік жарнаның түскені туралы мәліметтер болған жағдайда, тізілімнің веб-порталы өтінімді қабылдауды және аукционға, тендерге және коммерциялық конкурсқа қатысушыларды жіберуді жүзеге асырады. Тізілімнің дерекқорында бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына кепілдік жарнаның түскені туралы мәліметтер болмаған кезде тізілімнің веб-порталы қатысушының өтінімін қабылдамайды.

      Автоматты тексеру нәтижелері бойынша тізілімнің веб-порталы тізілімнің веб-порталында көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына өтінімнің қабылданғаны немесе өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы электрондық хабарлама жібереді.

      84. Тізілімнің веб-порталын пайдаланбай актив сатылған жағдайда, кепілдік жарна хабарландыруда көрсетілген басқарушы компанияның банктік деректемелеріне аударылады.

      85. Аукционда, тендерде, коммерциялық конкурста активті өткізу кезінде активке меншік құқығын қайта ресімдеу бойынша шығыстар активті сатып алушыға жүктеледі.

      86. Активке меншік құқығын қайта ресімдеу бойынша шығыстар осы Қағиданың 64-тармағының 5-тармақшасына сәйкес активті сатып алушыға жүктеледі.

9-тарау. Активтерді басқарудан түскен қаражатқа билік ету тәртібі

      87. Активті басқару бойынша әрекет нәтижесінде түскен қаражат басқарушы компанияның жеке шотында жинақталады және 7 (жеті) жұмыс күні ішінде төлеу осы Қағидалардың 10-тарауында айқындалған комиссиялық сыйақыны шегергенде арнаулы мемлекеттік қорға аударылады.

10-тарау. Комиссиялық сыйақы төлеу тәртібі

      88. Басқарушы компания алдағы жылға арналған республикалық бюджеттен қаржыландыру болмаған жағдайда, өз қызметі үшін комиссиялық сыйақы алады, оның шамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      Басқарушы компанияның комиссиялық сыйақы сомасы басқарушы компанияның тиісті қаржы жылындағы ағымдағы шығыстарын қаржыландыру үшін қажетті қаражат сомасымен шектеледі.

      Комиссиялық сыйақы сомасын басқарушы компания активті сатудан түскен қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға аударылғанға дейін ұстайды.

11-тарау. Ақпараттың құпиялылығы

      89. Басқарушы компания активтерді қабылдау, есепке алу, басқару, беру және өткізу барысында белгілі болған объект иесінің жеке басын сәйкестендіру бөлігінде қайтарылған активтер бойынша мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етеді.

      Активтердің мөлшері мен сипаттамалары активтің бұрынғы меншік иесіне тиесілігін тікелей көрсетпесе, мәліметтерді ашу құпия ақпаратты жария ету, ашу және беру болып табылмайды.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады