Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 12 шiлдедегi № 21-VIII ҚРЗ.

            ЗҚАИ-ның ескертпесі!
            Қолданысқа енгізілу тәртібін 38-баптан қараңыз
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
      Ескертпе!
      ҚР Конституциялық Сотының 11.07.2023 № 20 нормативтік қаулысын қараңыз.

      Осы Заң қазақстандықтардың қазіргі және келешек ұрпағының мүддесі үшін, Қазақстан халқының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, құқық үстемдігін, әлеуметтік әділеттілікті, Қазақстан халқының игілігі үшін оның экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында, заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару (бұдан әрі – активтерді қайтару) жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңның мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) адал иемденуші – осы Заңның 2-бабында аталған тұлғалармен үлестес емес, мүлікті өтеулі түрде және нарықтық шарттарда иемденген әрі бұл ретте мүліктің заңсыз иемденілген активтерге қатысы бар екенін бiлмеген немесе бiлуге тиiсті болмаған тұлға;

      2) адал кредитор – осы Заңның 2-бабында аталған тұлғалармен үлестес емес, аталған тұлғалармен жасалған мәмілелерден туындаған, олардың мүлкімен қамтамасыз етілген мүліктік талап ету құқықтары бар тұлға, оның ішінде қарыз берушiлер, сондай-ақ жалға алушылар;

      3) активтер – Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тысқары жердегі мүліктік игіліктер мен құқықтар (мүлік), оған қоса осындай мүліктен алынған (алынатын) кез келген мүліктік игілік пен құқық (мүлік);

      4) активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы;

      5) активтерді түрлендіру – активті, оның нысанын немесе түрін материалдық, қаржылық немесе заңдық тұрғыдан өзгертудің және (немесе) түрлендірудің кез келген нысаны, осындай өзгерту және (немесе) түрлендіру не қосу тәсіліне қарамастан, активті басқа активке ішінара немесе толық қосу, оның ішінде валютаны, валюталық құндылықтарды, бағалы қағаздарды немесе өзге де қаржы құралдарын бір түрден басқа түрге конвертациялау, бағалы қағаздарды немесе өзге де қаржы құралдарын қатысу үлестеріне конвертациялау, өзге активтерді басқа актив түрлеріне конвертациялау, активті өзге активке айырбастау, активті ақшалай соманы төлеуге немесе өзге де қарсы ұсынуға айырбастау үшін өткізу және бағыты ұқсас өзге де әрекеттер;

      6) активті бақылау (бұдан әрі – бақылау) – активті кез келген түрде тікелей немесе жанама басқару мүмкіндігі және (немесе) активтің заң жүзiндегi тағдырын кез келген тәсілмен, оның ішінде жанама түрде және кез келген негізде бір немесе бірнеше тұлға мен ұйым арқылы, активтер тұлғаның (тұлғалар тобының) меншігінде, пайдалануында, иелігінде және (немесе) бақылауында болған не болжам бо йынша болған кезең ішінде айқындау мүмкіндігі;

      7) активті номиналды иеленуші – өзге тұлғаның мүддесі үшін және (немесе) тапсырмасы бойынша активтің меншік иесінің (иеленушінің, пайдаланушының) құқықтарын жүзеге асыратын тұлға;

      8) әкімшілік-билік ресурстары (байланыс, ықпал) – тиісті субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының кәсіпкерлік қызметті жүргізуінің бәсекелестік емес қолайлы жағдайын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін қабылдауға не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шешімдер қабылдауына (актілер қабылдауына, әрекеттер жасауына, әрекетсіздігіне), сол сияқты мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жарғылық капиталына мемлекет тікелей немесе жанама қатысатын өзге де ұйымдардың шешімдер қабылдауына тұлғаның ықпал ету мүмкіндігі;

      9) әлеуметтік жобалар – денсаулық сақтау, білім беру саласындағы, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарын, мүгедектігі бар адамдарды, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, ауыл жастарын, жұмыссыздарды, моноқалалар, ауылдық елді мекендер тұрғындарының мұқтажы үшін коммуналдық және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым объектілерін қолдау саласындағы жобалар және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де жобалар;

      10) заңсыз иемденілген активтер – соттың осы Заңда көзделген негіздер бойынша пайда болуы түсініксіз активтер деп тануына байланысты мемлекетке қайтарылуға жататын активтер;

      11) пайда болуы түсініксіз активтер – тиісті тұлға активтер құнының өзінің заңды кірістерінің не осындай активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарын жабудың өзге де заңды көздерінің мөлшеріне сәйкес келуін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа дәлелдей алмаған, субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының активтері;

      12) туыстық қатынастары бар адамдар – ата-аналар (ата-ана), балалары және олардың жұбайлары (зайыптары), бала асырап алушылар және олардың жұбайлары (зайыптары), асырап алынған балалар және олардың жұбайлары (зайыптары), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (қарындастар) және олардың жұбайлары (зайыптары), ата, әже, немерелер, шөберелер және олардың жұбайлары (зайыптары), арғы ата, арғы әже;

      13) үстеме кірістер – әкімшілік-билік ресурстарын (байланысты, ықпалды) пайдалану нәтижесінде (пайдалану арқылы) алынған, алу шарттары мен мөлшері (сомасы) осы Заңға сәйкес белгіленетін кірістер.

2-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасында заңсыз алынған қаражатқа (кірістерге) иемденілген Қазақстан Республикасының аумағындағы активтер не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі активтер меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында болатын (болған) не болжам бойынша болатын (болған) жеке тұлғаларға – Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға, "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген заңды тұлғаларға, сол сияқты құрылған (тіркелген) еліне қарамастан, заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымдарға қатысты Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады.

      2. Осы Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрған жеріне және меншігінде, иелігінде немесе бақылауында Қазақстан Республикасының аумағындағы активтердің болуына (болмауына) қарамастан, оларға қатысты қолданылады.

      3. Осы Заң, егер шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар бұрын Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған болса не Қазақстан Республикасының салық резиденттері болып табылса, мұндай адамдардың тұрған жеріне және меншігінде, иелігінде немесе бақылауында Қазақстан Республикасының аумағындағы активтердің болуына (болмауына) қарамастан, оларға қатысты қолданылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігі аталған тұлғалардың немесе олардың үлестес тұлғаларының Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған не Қазақстан Республикасының салық резиденті болған кезеңде заңсыз иемденген активтеріне қатысты қолданылады.

      4. Осы Заң осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың үлестес тұлғалары болып табылатын (болып табылған) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қолданылады.

      Осы Заң шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген заңды тұлғаларға, сол сияқты құрылған (тіркелген) еліне қарамастан, заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымдарға, оның ішінде осы баптың 13-тармақтарында аталған және (немесе) Қазақстан Республикасында заңсыз алынған қаражатқа (кірістерге) иемденілген Қазақстан Республикасының аумағындағы активтер не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі активтер меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында тікелей немесе жанама түрде болатын (болған) не болжам бойынша тікелей немесе жанама түрде болатын (болған) не осы баптың 1 – 3-тармақтарында аталған тұлғалардан активтерді иемденген тұлғалардың үлестес және (немесе) байланысты тұлғалары болып табылатындарға (болып табылғандарға) қатысты да қолданылады.

      5. Осы баптың 14-тармақтарында көзделген ережелер ескеріле отырып, осы Заңның заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы нормалары мынадай белгілерге сәйкес келетін тұлғаларға қатысты қолданылады:

      1) осы Заңда көзделген көздерден өздеріне қатысты мынадай:

      осы адамның жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік заңды тұлғада немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындауды көздейтін лауазымды атқаратын адам болып табылатыны (болып табылғаны) туралы және (немесе) жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын (атқарған) адамдарға және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғада немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын (орындаған) адамдарға қатысты әкімшілік-билік ресурстарының (байланыстың, ықпалдың) болуы (оның ішінде, бұрын болуы) туралы;

      әкімшілік-билік ресурстарын (байланысты, ықпалды) пайдалану нәтижесінде (пайдалана отырып) активтерді және (немесе) кірістерді (оның ішінде, бұрын алынған активтерден) алу (оның ішінде, акцияларын (жарғылық капиталдарға қатысу үлестерін) жеке тұлға иеленетін заңды тұлғаларды қоса алғанда, тікелей немесе үлестес тұлғалар арқылы) туралы мәліметтер бар (жиынтығында) жеке тұлғалар (бұдан әрі – субъект);

      2) субъектілермен үлестес жеке және заңды тұлғалар.

      6. Шешімдерді (әрекетті, әрекетсіздікті) тікелей және (немесе) жанама немесе өзге де түрде айқындауға және (немесе) әрқайсысы (тұлғалардың бірі) қабылдайтын шешімдерге (жасайтын әрекеттерге, әрекетсіздікке) қандай да бір ықпал етуге мүмкіндігі бар және (немесе) болған, төменде санамаланған негіздердің бірі бойынша субъектілермен немесе өзара байланысты жеке және (немесе) заңды тұлғалар субъектілердің үлестес тұлғалары болып табылады:

      1) туыстық қатынастары бар адамдар, жұбайы (зайыбы), оның ішінде бұрынғы жұбайы (зайыбы), жұбайымен (зайыбымен) туыстық қатынастары бар адамдар, оның ішінде бұрынғы жұбайымен (зайыбымен) туыстық қатынастары бар адамдар;

      2) туыстар, жұбайының (зайыбының) туыстары, сондай-ақ бұрынғы жұбайының (зайыбының) туыстары;

      3) жеке тұлғаның асырауындағы не онымен бірлесіп шаруашылық жүргізетін адамдар;

      4) осы бапта көзделген субъектінің немесе өзге де жеке тұлғаның әрекеттерді айқындауға нақты мүмкіндігі болатын, оның ішінде оларға, заңның, өзге де құқықтық актінің немесе құрылтай құжатының күшіне орай олардың атынан әрекет етуге уәкілеттік берілген адамдарға, сондай-ақ заңды тұлғаның немесе заңды тұлға құрмайтын бірлестіктің (ұйымның) басқару органдарының мүшелеріне нұсқау беруге мүмкіндігі болатын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және құрылған (тіркелген) еліне қарамастан, заңды тұлға құрмайтын бірлестіктер (ұйымдар);

      5) субъектілердің және олармен үлестес тұлғалардың тапсырмасы бойынша және (немесе) мүдделерінде өзгеше түрде әрекет ететін тұлғалар, оның ішінде осындай субъектілердің және олармен үлестес тұлғалардың мүлкін сенімгерлік басқарушылар болып табылатын, сол сияқты аталған субъектілердің және олармен үлестес тұлғалардың активін өзге де иемденушілер, номиналды немесе нақты иеленушілер болып табылатын тұлғалар;

      6) субъектілермен және олармен үлестес тұлғалармен жасалған келісімнің және (немесе) өзге де уағдаластықтың негізінде мүлікті иеленетін, пайдаланатын немесе оған билік ететін тұлғалар;

      7) субъектілермен және олармен үлестес тұлғалармен ортақ меншігі бар тұлғалар;

      8) субъектілерге және олармен үлестес тұлғаларға ортақ коммерциялық және экономикалық мүдделер арқылы байланысты жеке және заңды тұлғалар;

      9) субъектілер және (немесе) олармен үлестес тұлғалар тікелей және (немесе) жанама түрде бақылайтын заңды тұлға;

      10) трастық қорларды және (немесе) басқа да ұқсас құрылымдарды құруға тартылған, сондай-ақ құрылтайшыларын, қаржы ұйымдарын, оның ішінде банктерді, пайда алушыларды, басқарушыларды және активтерді басқарудың және (немесе) иеленудің және (немесе) пайдаланудың трастық және өзге де ұқсас құрылымына қатысы бар өзге де тұлғаларды қоса алғанда, трастық қорларды және (немесе) басқа да ұқсас құрылымдарды иеленуге және (немесе) басқаруға тартылған тұлғалар;

      11) комиссия субъектілермен және олармен үлестес тұлғалармен үлестес деп таныған өзге де жеке және (немесе) заңды тұлғалар.

      7. Осы баптың 16-тармақтарында көзделген ережелер ескеріле отырып, осы Заңның тұлғаларды тізілімге енгізу, активтерді ашып көрсету жөнінде декларациялар тапсыру туралы, сол сияқты осындай тұлғалар активтерінің пайда болуы түсініксіз активтер деп танылуына байланысты оларды мемлекет меншігіне айналдыру туралы нормалары өздерінің (сол сияқты олардың мұрагерлерінің және құқықтық мирасқорларының) меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында жиынтық мөлшері айлық есептік көрсеткіштің он үш миллион еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын активтер болатын тұлғаларға қолданылады.

      Тұлға (тұлғалар тобы) активтерінің жиынтық мөлшері кез келген қолжетімді дереккөздер, оның ішінде бухгалтерлік, салықтық, аудиторлық есептілік мәліметтері, активтердің кадастрлық, баланстық, нарықтық, бағалау құны туралы мәліметтер, активтерді иемдену немесе кейіннен иеліктен шығару бағасы туралы мәліметтер, бұқаралық ақпарат құралдарындағы талдамалық шолулар мәліметтері және басқа да мәліметтер негізінде айқындалады.

      Осы тармақтың мақсаттары үшін айлық есептік көрсеткіш оның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, тұлға (тұлғалар тобы) активтерінің жиынтық мөлшері айқындалатын кезеңде қолданыста болатын (қолданыста болған) мөлшеріне сәйкес айқындалады. Егер тұлға (тұлғалар тобы) активтерінің жиынтық мөлшері бұрын қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасында айлық есептік көрсеткішті белгілеу көзделмеген кезеңдегі күнге айқындалған болса, мұндай кезең үшін айлық есептік көрсеткіштің мәні – оның Қазақстан Республикасының заңнамасында алғаш рет белгіленген мәні болады.

      8. Субъектілер және (немесе) олардың үлестес тұлғалары өздеріне тиесілі активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын осы Заңда белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша сотта дәлелдеуге міндетті.

3-бап. Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      3. Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасында реттелген құқықтық қатынастарға активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның мыналарды:

      1) құжаттарды (ақпаратты) талдау, қорыту, деректерді талдауға жәрдемдесу саласындағы арнаулы бағдарламалық қамтылымды (лицензиялық бағдарламалық қамтылымды) және өзге де бағдарламалық-техникалық жабдықты;

      2) активтердің пайда болуы туралы мәліметтерді іздеу, жинау, өңдеу және талдау; активтерді қайтару мәселелері бойынша халықаралық-құқықтық ынтымақтастық мәселелері бойынша бағалау, аудит жүргізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, кәсіби заңдық және өзге де (консультациялық) көрсетілетін қызметтерді;

      3) мемлекетке қайтарылуға жататын активтердің құқықтық мәртебесін, құқықтық тиесілілігін, меншік құқығын анықтауға, сондай-ақ осындай активтерді қайтаруға байланысты азаматтық талап қою мен өзге де процестік құжаттарды дайындау, шетелдік соттарда және шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарына ұсыну және қолдап отыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;

      4) шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) активтерді қайтару мәселелері бойынша шет мемлекеттердің соттарында және өзге де құзыретті органдары мен ұйымдарында және халықаралық ұйымдарда мүдделерді білдіру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;

      5) қайтарылуға жататын активтерге аудит, бағалау жүргізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуы бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды.

4-бап. Активтерді қайтарудың негізгі қағидаттары

      1. Активтерді қайтару мынадай:

      1) заңдылық;

      2) активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандырудың басымдығы;

      3) жариялылық, ашықтық және есеп берушілік;

      4) процеске қатысушылардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғаудың басымдығы;

      5) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жасауы;

      6) азаматтық айналымды, адал иемденушілер мен адал кредиторлардың құқықтарын қорғау;

      7) активтерді қайтару жөніндегі шаралар мен тетіктердің пропорционалдылығы (шамалас болуы) қағидаттарының негізінде жүзеге асырылады.

      2. Активтерді заңсыз иемдену және шығару фактілері туралы хабарлаған немесе активтерді қайтаруға өзгеше түрде жәрдемдесетін адам Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне, "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекет қорғауында болады.

5-бап. Осы Заңның мақсаттары мен міндеттері

      1. Осы Заңның мақсаттары активтерді қайтару және (немесе) оларды Қазақстан Республикасындағы заңды экономикалық айналымға тарту, оларды заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қоғамда әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру болып табылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу мынадай міндеттерді шешу арқылы іске асырылады:

      1) активтерді шығару саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру;

      2) активтерді қайтару бойынша халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту;

      3) мемлекеттік саясатты қалыптастыру және қайтарылған қаражатты қоғамның игілігі үшін тиімді пайдалану;

      4) экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға, активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мен жою және олардың салдарын жою.

2-тарау. АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛЕТТІ ОРГАННЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ, ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ ЖӘНЕ КОМИССИЯНЫҢ ҚЫЗМЕТІ

6-бап. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның құзыреті

      Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган:

      1) активтерді қайтару жөніндегі қызметті мемлекет атынан және оның мүддесі үшін жүзеге асырады;

      2) активтер туралы ақпаратты іздеуді, жинауды, келіп түскендерін өңдеуді, қорытуды, бағалауды, активтердің пайда болуы туралы мәліметтерді талдауды жүзеге асырады;

      3) активтерді қайтару мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауды және мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;

      4) комиссия қалыптастырған тізілімді жүргізуді жүзеге асырады;

      5) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер, бітімгершілік келісімдер, Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес кінәні мойындау және активтерді қайтару туралы процестік келісімдер және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де келісімдер жасасады;

      6) активтерді қайтару мақсатында қылмыстық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық және азаматтық-құқықтық салаларда халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      7) заңсыз иемденілген активтерді іздеу (ашып көрсету), пайда болуын растау саласында, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдану және мемлекетке қайтару саласында халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      8) комиссияның қызметін қамтамасыз ететін жұмыс органының функцияларын жүзеге асырады;

      9) осы Заңда көзделген негіздер бойынша мемлекет атынан жеке және заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуге, сол сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс жүргізуге бастама жасайды;

      10) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;

      11) активтерді қайтару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

      12) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды адамдардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпарат пен материалдарды сұратады және алады;

      13) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бірлесіп, активтерді ашып көрсету туралы декларацияның нысаны мен оны ұсыну тәртібін бекітеді;

      14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

7-бап. Активтерді қайтару саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл

      1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен, арнаулы мемлекеттік органдармен, уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен өзара іс-қимылды:

      1) активтерді заңсыз иемденуге қарсы іс-қимыл жасау үшін ақпаратты жинау, талдау және мониторингтеу;

      2) банк құпиясын, сақтандыру құпиясын, микрокредит беру құпиясын және бағалы қағаздар нарығындағы құпияны қоспағанда, осы Заңға сәйкес тізілімге енгізілген тұлғаларға қатысты активтерді заңсыз иемдену және (немесе) шығару туралы өз қызметі процесінде алынған ақпаратты, сондай-ақ қызметтік, коммерциялық, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер мен құжаттарды сұрату арқылы жүзеге асырады.

      Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру ұйымдары, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар тізілімге енгізілген тұлғалар бойынша банк құпиясын, сақтандыру құпиясын, микрокредит беру құпиясын және бағалы қағаздар нарығындағы құпияны құрайтын ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның бірінші басшысы не оның міндетін атқаратын адам қол қойған, осы Заңға сәйкес қалыптастырылған тізілімнен үзінді-көшірме қоса берілген жазбаша сұрау салуы бойынша ұсынады.

      3) "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында ұсынылуына тыйым салынған мәліметтерді қоспағанда, қылмыстық іс жүргізу және жедел-іздестіру қызметі барысында алынған, активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға байланысты мәліметтерді сұрату арқылы жүзеге асырады.

      2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар, уәкілетті мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері:

      1) активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға активтерді қайтару жөніндегі шараларды жүзеге асыру, сондай-ақ комиссияның жұмыс органының функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды ұсынады;

      2) өзі дербес анықтаған кезде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға жеке және заңды тұлғалардың деректемелерін көрсете отырып, күдікті операциялар туралы, оның ішінде нарықтық құнынан анық ерекшеленетін бағамен тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) экспорттау (импорттау) жөніндегі мәмілелер туралы хабар береді.

8-бап. Комиссия

      1. Заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді қайтару мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау мақсатында комиссия құрылады.

      Комиссия тұрақты негізде жұмыс істейді және оны Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқарады.

      Комиссияның ережесі мен мүшелерінің дербес құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      Комиссия мүшелерінің дербес құрамы Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де адамдардан құралады.

      2. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      3. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган және комиссияның мүшелері алынған мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.

      4. Комиссия қызметінің өзге де мәселелері ол туралы ережеде реттеледі.

9-бап. Комиссияның функциялары

      1. Комиссияның негізгі функциялары:

      1) активтерді заңсыз иемденудің, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарудың себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған жүйелі шаралар бойынша ұсынымдарды тұжырымдау;

      2) активтерді мемлекетке қайтару тәсілдері мен тетіктері бойынша ұсынымдарды тұжырымдау және (немесе) оларды Қазақстан Республикасындағы заңды экономикалық айналымға тарту;

      3) активтер туралы ақпаратты және декларацияланған активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын растайтын өзге де мәліметтерді қарау;

      4) әлеуметтік-экономикалық тәуекелдерді және өзге де факторларды ескере отырып, тізілімді қалыптастыру болып табылады.

      2. Комиссия әлеуметтік, саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттігін назарға ала отырып, активтер – өңірлік даму жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қала құраушы заңды тұлғалардың тізбесіне енгізілген заңды тұлғалар бойынша ұсынымдарды тұжырымдайды.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ұсынымдарды міндетті түрде бекітуге тиіс.

      3. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган комиссияның ұсынымдарын қарауға міндетті.

10-бап. Активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі жыл сайынғы ақпарат

      1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі ақпаратты (бұдан әрі – жыл сайынғы ақпарат) жыл сайын дайындайды, ол өзінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      2. Жыл сайынғы ақпаратта активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі қызмет қорытындыларын талдау және бағалау, активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою тұрғысынан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылады.

      3. Жыл сайынғы ақпаратты дайындау және оны жариялау тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бекітеді.

3-тарау. ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕНІЛГЕН ЖӘНЕ ШЫҒАРЫЛҒАН АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР

11-бап. Активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратты мониторингтеу мен талдау

      1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган мыналарды:

      1) активтерді заңсыз шығару схемасына тартылған тұлғалар тобын, сондай-ақ үлестес және өзге де тұлғалар тобын;

      2) тізілімге енгізілуге жататын тұлғалар активтерінің жиынтық мөлшерін;

      3) активтерді заңсыз иемдену, оның ішінде оларды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығару белгілері мен мән-жайларын;

      4) тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің тиісті нарығында экономикалық ресурстарды шоғырландыру себептерін, жағдайлары мен мән-жайларын;

      5) активтерді қайтару стратегияларын дайындауға қажетті өзге де мәліметтерді айқындау мақсатында заңсыз шығарылған активтер туралы ақпаратты іздеуге, жинауға, келіп түскендерін өңдеуге, қорытуға, бағалауға бағытталған, активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратты мониторингтеу мен талдауды жүзеге асырады.

      Активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратқа мониторинг пен талдау жүргізу қағидаларын Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бекітеді.

      2. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген ақпарат көзі тұлғаны тізілімге одан әрі енгізу мақсатында мониторингтеу мен талдау үшін ақпарат көздері болып табылады.

      Субъект және (немесе) онымен үлестес тұлғалар активтерінің жиынтық мөлшері активтер тұлғаның (тұлғалар тобының) меншігінде, пайдалануында, иелігінде және (немесе) бақылауында болған не болжам бойынша болған кезең ішінде кез келген қолжетімді ақпарат көздерінің негізінде айқындалады.

      3. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган ақпаратқа мониторинг пен талдау жүргізу барысында субъектілерден және (немесе) олардың үлестес тұлғаларынан, мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардан қосымша ақпаратты талап етіп алдыруға, активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруге және өзге де іс-шараларға бастама жасауға құқылы.

      4. Ақпаратты талдау нәтижелері мемлекеттік органдардың тексерулер жүргізуі үшін, сондай-ақ тізілімді қалыптастыру үшін негіз бола алады.

12-бап. Активтерді қайтару жөніндегі шаралар құрамы

      1. Активтерді қайтаруға бағытталған шараларға: активтерді іздеу (ашып көрсету), олардың пайда болуын растау жөніндегі шаралар, алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары, активтерді ерікті немесе мәжбүрлі түрде қайтару, тәркіленген немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активтерді басқару жөніндегі шаралар және өзге де шаралар жатады.

      2. Қайтарылуға жататын активтердің болу фактісін анықтауға, олардың нақты және заңды тұрған жерін айқындауға, активтердің және активтерді иеленетін немесе бақылайтын тұлғалардың арасындағы корпоративтік, нақты және өзгедей байланыс схемаларын анықтауға және активтердің қайтарылуына бағдарланған одан арғы жұмысты жүргізуге қажетті өзгедей ақпаратты анықтауға бағытталған шаралар жиынтығы активтерді іздеу (ашып көрсету) жөніндегі шараларға жатады.

      3. Активтерді қалыптастырудың (иемденудің), олардың пайда болуының, ұлғайтылуының заңдылығын растауға, мәліметтер мен дәлелдемелерді талдауға және бағалауға бағытталған шаралар жиынтығы активтердің пайда болуын растау жөніндегі шараларға жатады.

      4. Алдын ала қамтамасыз ету шараларына, қамтамасыз ету шараларына Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, шет мемлекеттердің заңнамасында көзделген шаралар жатады.

      5. Активтерді ерікті немесе мәжбүрлі түрде қайтару жөніндегі шараларға осы Заңның 4-тарауының ережелерінде көзделген шаралар жатады.

      6. Тәркіленген немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активтерді басқару жөніндегі шараларға:

      1) активтерді басқаруға қабылдау;

      2) активтерді ұстауға және олардың сақталуын қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстарды көтеру;

      3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі активтерді өткізгенге не Қазақстан Республикасына қайтарғанға дейін оларды сыртқы (сенімгерлік) басқарушыларды тағайындау;

      4) тәркіленген немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активтерді өткізуді қоса алғанда, активтерге билік ету шарттарын айқындау;

      5) алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары қабылданған кәсіпорындардың, сондай-ақ мемлекет кірісіне айналдырылған кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      6) активтерді басқару және оларға билік ету бойынша өзге де мәселелер жөніндегі шаралар жатады.

      7. Осы Заңда көзделген шаралар шет мемлекеттерге құқықтық көмек беру қажет болған кезде де қабылдануы мүмкін.

13-бап. Тізілім

      1. Комиссия активтерді қайтару мақсаттары үшін активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның ұсынысы бойынша тізілімді қалыптастырады.

      2. Тізілім иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы расталуға жататын активтер меншігінде, иелігінде немесе бақылауында болатын (болған) немесе болжам бойынша болатын (болған) субъектілер және (немесе) олардың үлестес тұлғалары туралы, сондай-ақ субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының мұрагерлері мен құқықтық мирасқорлары туралы мәліметтерді қамтиды.

14-бап. Тізілімді қалыптастыру тәртібі

      1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган ақпаратты мониторингтеу және талдау негізінде субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының, сол сияқты субъектілер және (немесе) олардың үлестес тұлғалары мұрагерлерінің және құқықтық мирасқорларының меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында болатын (болған), болжам бойынша болатын (болған), жиынтық мөлшері айлық есептік көрсеткіштің он үш миллион еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына қисынды түрде күмән келтірген жағдайда, субъектіні және (немесе) оның үлестес тұлғаларын тізілімге енгізу мәселесі комиссияның қарауына шығарылады.

      2. Субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына қисынды түрде күмән келтіруге мынадай белгілердің бірін көрсететін мәліметтер негіз болып табылады:

      1) субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында болатын (болжам бойынша болатын) активтер құнының заңды кірістер не осындай активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарды жабудың өзге де заңды көздері мөлшеріне, оның ішінде бастапқы (тіпті оған дейінгі) активтерге қатысты да және бастапқы (тіпті оған дейінгі) кірістерге (шығыстарды жабу көздеріне) қатысты да сәйкес келмеуі.

      Осы Заңның мақсаттары үшін субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының заңды кірістеріне немесе активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарын жабудың өзге де заңды көздеріне Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық талаптарын сақтай отырып, заңды жолмен иемденілген кірістер, оның ішінде активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарды жабудың заңды көздері, тіпті бастапқы активтерге дейінгілері және бастапқы активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарды жабу көздеріне дейінгілері жатады;

      2) субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының жиынтығында осы Заңда белгіленген шекті мәннен асатын активтерді осындай тұлғалардың бірі жауапты мемлекеттік лауазымға немесе мемлекеттік заңды тұлғада немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқару функцияларын орындауды болжайтын лауазымға орналасқаннан кейін (орналасқан кезде) иемденуі;

      3) "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына заңсыз жолмен пайда болған активтер тиесілі деп болжауға жеткілікті негіз беретін мәліметтердің анықталуы;

      4) субъектілерге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына қатысты шетелдік сот шығарған айыптау үкімінің болуы;

      5) салықтық және өзге де жеңілдіктер мен преференциялар, мемлекеттік қолдау, мемлекеттік көмек беру және алу шарттарын, мемлекеттік-жекешелік жобаларға қатысу, кредиттік ресурстарға қол жеткізу, мемлекеттік сатып алуға, сол сияқты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуына не жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуына қол жеткізу шарттарын, мемлекет не квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан экономикалық және (немесе) заңдық мәні субъект және (немесе) оның үлестес тұлғалары активтерінің қаржылық орнықтылығы мен пайда әкелуін қолдау болатын кез келген өзге де әрекеттер мен шараларды қоса алғанда, субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының кәсіпкерлік қызметті жүргізуі үшін бәсекелестік емес қолайлы заңнамалық (нормативтік, реттеушілік) және өзгедей жағдайлардың болуы;

      6) мәмілелердің экономикалық тұрғыдан орынсыздығы белгілерін, мәмілелердің нарықтық емес жағдайларын қоса алғанда, субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының кәсіпкерлік қызметі жағдайларының аномальды белгілерінің болуы;

      7) субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғасының екінші деңгейдегі банкке, Қазақстанның Даму Банкіне, оның ішінде мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысқан (кез келген нысанда) және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан депозиттерге қаражат орналастыру, депозиттік және өзге де шоттар бойынша шарттарды қайта қарау, екінші деңгейдегі банктер шығарған облигацияларды иемдену, екінші деңгейдегі банктердің облигациялық бағдарламаларының шарттарын қайта қарау және экономикалық және (немесе) заңдық мәні екінші деңгейдегі банктің, Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық орнықтылығын қолдау болатын өзге де әрекеттер түрінде қолдау алған екінші деңгейдегі банкке, Қазақстанның Даму Банкіне (бұдан әрі – мемлекеттік қолдау алған банктер) көрінеу қайтарылмайтын кредиттер (қарыздар) алу, нарықтық емес жағдайларда не Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын және банктің ішкі құжаттарын бұза отырып, кредиттер (қарыздар) алу арқылы не өзге жолмен залал келтіруі туралы мәліметтердің болуы;

      8) субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес, қылмыстық кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операцияларға тартылу белгілері қамтылатын мәліметтердің болуы;

      9) экономикалық ресурстардың тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің тиісті нарығында нақты шоғырлануы, оның ішінде тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие болатын және (немесе) ие болған нарық субъектілерінің акцияларын (жарғылық капиталдарға қатысу үлестерін) иелену жолымен шоғырлануы туралы мәліметтердің болуы.

      3. Комиссия отырыста қарау қорытындысы бойынша тізілімді қалыптастырады.

      4. Тізілім тұлғаны (тұлғалар тобын) енгізу арқылы және мынадай мәліметтерді:

      жеке тұлғалар үшін – тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірін (салық төлеушінің нөмірін, өзге де баламалы ұқсас деректемелерді, бар болса), азаматтығын;

      заңды тұлғалар үшін атауын, тіркеу нөмірін, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, тұрған (тіркелген) жерін көрсету арқылы қалыптастырылады.

      5. Тұлғаның (тұлғалар тобының) тізілімде болуының шекті мерзімі тұлғаны тізілімге енгізген күннен бастап бір жылды құрайды.

      Көрсетілген мерзімнің өтуі:

      1) сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысушылар процестік құқықтарды іске асырған;

      2) тізілімге енгізілген тұлғаларға қосымша сұрау салу жіберілген;

      3) уәкілетті мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберілген;

      4) аудит, ревизиялар, тексерулер, ақпаратты, құқықтық көмекті сұратуға байланысты талап қоятын және өзге де іс-шаралар жүргізілген әрі шетелдік соттармен және уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі, оның ішінде активтерді қайтаруды қамтамасыз етуге бағытталған өзге де арнаулы іс-шаралар жүргізілген;

      5) тізілімге енгізілген субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілген;

      6) тізілімге енгізілген субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізілген;

      7) шет мемлекеттердің құзыретті органдары мен ұйымдарына немесе халықаралық ұйымдарға құқықтық көмек туралы сұрау салу, ақпарат беру туралы сұрау салу, активтерге тыйым салу, өзге де алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау немесе оларды тәркілеу және дәлелдемелер алу туралы сұрау салу жіберілген;

      8) шетелдік соттарға және шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарына азаматтық талап қою ұсынылған;

      9) азаматтық немесе қылмыстық іс бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу және Қазақстан Республикасының атынан ақпарат, мәліметтер немесе құжаттар алу шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе өзге де әрекеттерді жүзеге асыру үшін шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен бірлескен тергеп-тексерулер шеңберінде шет мемлекеттің аумағында тергеу әрекеттері жүргізілген;

      10) активтерді іздеуге (ашып көрсетуге), пайда болуын растауға, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдануға, сақталуын қамтамасыз етуге, басқаруға, өткізуге және қайтаруға қатысты шет мемлекеттер соттарының немесе өзге де құзыретті органдарының шешімдері танылған және орындалған;

      11) тұлға (тұлғалар тобы) активтерді қайтару жөніндегі шараларға байланысты Қазақстан Республикасына және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына немесе мемлекеттік органдарының лауазымды адамдарына қарсы шет мемлекеттердің соттарына не төреліктерге талап қою берген;

      12) активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның сұрау салуы бойынша мемлекеттік органдардың өз өкілеттіктерін іске асыруына байланысты әкімшілік актілеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қатысты тұлғаның (тұлғалар тобының) талап қоюы бойынша Қазақстан Республикасының соттары әкімшілік істерді қозғаған;

      13) активтерді ерікті түрде қайтару шеңберінде келісу рәсімдері мен өзге де рәсімдер жүргізілген жағдайларда үзіледі.

      Тұлғаның (тұлғалар тобының) тізілімде болу мерзімі өтуінің үзілуіне негіз болған мән-жайлар белгіленген тәртіппен аяқталғаннан кейін осы мерзімнің өтуі қайта басталады.

      Тұлға тізілімде болудың шекті мерзімі өткен соң тізілімнен шығарылған болып есептеледі. Тұлғаны тізілімнен шығару үшін комиссияның шешімі талап етілмейді.

      Тұлға тізілімнен шығарылғаннан кейін оған қатысты активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның осындай активтерді пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру туралы талап қоюы берілмейді.

      Тұлғаның (тұлғалар тобының) тізілімде болу мерзімінің тоқтатыла тұруы, қайта басталуы немесе тоқтатылуы туралы тізілімге енгізілген тұлғаларға осы Заңның 15-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен хабарланады.

      Тұлға (тұлғалар тобы) бұрын тізілімге енгізілген сол бір негіздер бойынша субъектіні тізілімге қайтадан енгізуге жол берілмейді.

15-бап. Тізілімге енгізілген тұлғаларды хабардар ету

      1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тізілімге енгізілген тұлғаларды тізілімге енгізілгені туралы, сондай-ақ тізілімге енгізілген тұлғаның өзіне тиесілі активтерді (немесе олардың бір бөлігін) кез келген нысанда өтеулі немесе өтеусіз иеліктен шығару, кез келген нысанда ауыртпалық салу, сенімгерлік басқаруға беру ниеті жөнінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға алдын ала (екі ай бұрын) хабарлау қажеттігі туралы хабардар етеді.

      Хабарламада тұлғаны тізілімге енгізу негізі көрсетілуге тиіс.

      2. Хабардар ету жазбаша түрде не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жеткізудің тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де тәсілдермен, оның ішінде:

      1) электрондық пошта мекенжайына;

      2) ұялы байланыстың абоненттік нөміріне;

      3) электрондық үкімет жүйесіндегі жеке кабинетіне;

      4) жеткізу фактісінің тіркелуін қамтамасыз ететін басқа да электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, өзге де тәсілдермен жүргізіледі.

      Тұлға хабарламаны қабылдаудан бас тартуына байланысты қайтарған жағдайда, тиісті түрде хабардар етілген болып есептеледі.

16-бап. Алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыз

      1. Активті елден шығару немесе түрлендіру, оған ауыртпалық салу тәуекелі туындаған не активтерді мемлекетке қайтаруды қиындататын немесе мүмкін етпейтін өзге де мән-жайлардың туындау тәуекелі болған жағдайда, оның ішінде тізілімге енгізілген тұлғадан (тұлғалар тобынан) өзіне тиесілі активтерді (немесе олардың бір бөлігін) кез келген нысанда өтеулі немесе өтеусіз иеліктен шығару, кез келген нысанда ауыртпалық салу, сенімгерлік басқаруға беру ниеті туралы алынған ақпарат (хабарлама) бойынша активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау мақсатында сотқа арыз жолдайды.

      2. Алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыз Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес көзделген соттылық қағидалары сақтала отырып, сотқа беріледі.

      3. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тізілімге енгізілген тұлғалардың активтеріне тыйым салу және (немесе) активтерді іздеу мен қайтаруды қиындатуды немесе мүмкін етпеуді мақсат ететін әрекеттердің жолын кесуге бағытталған өзге де шаралар қабылдау нысанындағы құқықтық көмек туралы арыздармен, өтінішхаттармен және сұрау салумен шетелдік соттарға және (немесе) шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарына жүгінеді.

      4. Сот бұдан бұрын мемлекеттің мүліктік мүдделерін қамтамасыз ету бойынша алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдаған мүлікті иемденген тұлғалар адал иемденушілер болып табылмайды.

      5. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тиісті активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қоюды кейіннен бермеген жағдайда, алдын ала қамтамасыз ету шаралары меншік иесінің активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органды осы Заңның 15-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес күні бұрын хабардар етпей, тиісті активтерді иеліктен шығару немесе иеліктен шығару ниеті жөніндегі әрекеттеріне байланысты қабылданған жағдайларды қоспағанда, активтің меншік иесі алдын ала қамтамасыз ету шараларын негізсіз қабылдау арқылы өзіне келтірілген шығынның (нақты залал көлемінде) өтемін Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша сот тәртібімен талап етуге құқылы.

17-бап. Алдын ала қамтамасыз ету шаралары

      1. Сот активтерге қатысты алдын ала қамтамасыз ету шараларын активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның арызы бойынша, осы Заңға сәйкес активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қою берілгенге дейін қабылдайды.

      Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыз берген кезде активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қоюды бір мезгілде беру талап етілмейді.

      2. Судья алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызды тұлғаларды хабардар етпей және сот отырысын өткізбей, сотқа келіп түскен күні қарап, шешеді.

      Сот осы бапта көзделген арызды қарау кезінде тізілімге енгізілген тұлғаның (тұлғалар тобының) жиынтық активтері мөлшерінің осы Заңда көзделген шекті мәнге арақатынасын тексермейді.

      Судья арызды қарау нәтижесі бойынша алдын ала қамтамасыз ету шарасын қабылдау туралы немесе арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

      3. Мыналар:

      1) субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының активтеріне тыйым салу;

      2) субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының белгілі бір әрекеттерді жасауына, оның ішінде қарыз міндеттемелерінің және өзге де міндеттемелердің туындауына бағытталған мәмілелерді жасасуына, үшінші тұлғалардың кепілге қою және өзге де құқықтарымен активтерге ауыртпалық салуына тыйым салу;

      3) басқа тұлғалардың орындалу мерзімі басталған міндеттемелер бойынша мүлікті субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына беруіне немесе субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына қатысты заңда немесе шартта көзделген өзге де міндеттемелерді орындауына тыйым салу;

      4) активті өткізуді тоқтата тұру алдын ала қамтамасыз ету шаралары бола алады.

      4. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган қаржы ұйымдарының акцияларын тікелей немесе жанама иеленетін тұлғаларға қатысты сотқа қаржы ұйымдарының акцияларын, сондай-ақ қаржы ұйымдарының акцияларын тікелей немесе жанама иеленетін тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) пайдалануға тыйым салу түрінде алдын ала қамтамасыз ету шарасын қабылдау туралы арыз жібере алады, онда, оның ішінде:

      1) барлық немесе жекелеген мәселелерге қатысты акциялар бойынша дауыс беруге тыйым салу;

      2) субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының акциялар бойынша дивидендтер төлеуіне және алуына тыйым салу;

      3) жоғарыда аталған тұлғалар таратылған жағдайда мүлікті бөлуге қатысуға тыйым салу көзделуі мүмкін.

      5. Сот, қажет болған жағдайларда, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның арызы бойынша осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға сай келетін өзге де алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдауы мүмкін.

      Сот бірнеше алдын ала қамтамасыз ету шарасын қабылдай алады. Қазақстан Республикасының соттары алдын ала қамтамасыз ету шараларын Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі активтерге қатысты да қабылдауы мүмкін.

      6. Осы бапта көрсетілген тыйым салулар бұзылған кезде кінәлі тұлғалар заңдарда белгіленген жауаптылықта болады.

      7. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган субъектілерден және (немесе) олардың үлестес тұлғаларынан алдын ала қамтамасыз ету шаралары туралы сот ұйғарымдарын орындамаудан келтірілген залалды өтеуді сот тәртібімен талап етуге құқылы.

      8. Сот, егер алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы мәселені қарау кезінде арызда қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы ескеріле отырып:

      1) арызда (тізімдемеде) көрсетілген активтердің арызда көрсетілген жауапкердің (жауапкерлердің) меншігінде, пайдалануында, иелігінде және (немесе) бақылауында болатыны;

      2) арызда көрсетілген жауапкердің (жауапкерлердің) осы Заңның тұлғаны (тұлғалар тобын) тізілімге енгізу тәртібі мен негіздеріне қатысты ережелерін тиісінше сақтау негізінде тізілімге енгізілгені туралы негізді болжамдар жасауға мүмкіндік беретін жеткілікті мәліметтер қамтылмайтынын анықтаса, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау жөніндегі арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.

      Бұл ретте, заңды тұлға акцияларының (үлестерінің) он және одан көп пайызын тікелей немесе жанама иеленген кезде бақылау болжанады. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган арызда заңды тұлғалардың акциялары (үлестері) пакеттерінің жоғарыда көрсетілгеннен аз мөлшеріне, сондай-ақ бақылаудың өзге де негіздеріне қатысты тиісті мәліметтер мен дәлелдерді көрсетеді.

      9. Соттың ұйғарымында алдын ала қамтамасыз ету шаралары қабылданатын мерзім көрсетіледі.

      Мерзім екі айдан аспауға тиіс. Бұл мерзім активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның өтінішхаты бойынша ақылға қонымды, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы соттың ұйғарымы шығарылады.

      10. Алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарымға сот ұйғарымы шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.

      Соттың алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарымына шағым беру ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрмайды.

      11. Алдын ала қамтамасыз ету шарасын қабылдау туралы ұйғарым дереу орындалуға тиіс.

      Сот алдын алу шараларын қабылдау туралы ұйғарымды дереу орындау үшін Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 158-бабында белгіленген тәртіппен жібереді. Ұйғарымның көшірмелері активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға және өзіне қатысты алдын ала қамтамасыз ету шаралары қабылданатын тұлғаға (тұлғалар тобына) ұйғарым шығарылған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.

18-бап. Активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну тәртібі

      1. Тізілімге енгізілген тұлғалар декларацияланған активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын растайтын мәліметтерді (құжаттарды) қоса бере отырып, осындай тұлғалардың (тұлғалар тобының) меншігіндегі, пайдалануындағы, иелігіндегі және (немесе) бақылауындағы активтерді, оның ішінде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тысқары жердегі активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсынуға құқылы.

      2. Активтерді ашып көрсету туралы декларация және оған қоса берілетін мәліметтер (құжаттар) активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде:

      1) хабарлама табыс етілген (алынған) күннен бастап бір ай мерзімде;

      2) дәлелді себептерге байланысты құжаттарды жинау және дайындау үшін неғұрлым ұзақ мерзім қажет болған жағдайда, хабарлама табыс етілген (алынған) күннен бастап үш ай мерзімде ұсынылуы мүмкін.

      Осы баптың мақсаттары үшін дәлелді себептерге мынадай себептердің біріне:

      тұлғада (тұлғалар тобында) тиісті ақпарат пен мәліметтерді растайтын құжаттардың болмауына және оларды Қазақстан Республикасындағы және (немесе) шет мемлекеттердегі мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан сұрату (алу) қажеттігіне;

      адамның госпитальдарда, санаторийлерде және басқа да емдеу мекемелерінде емделуде болуына, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде және тергеу изоляторларында болуына байланысты мәліметтерді (құжаттарды) бір ай мерзімде ұсынудың объективті түрде мүмкін болмауы жатады.

      Тұлға дәлелді себептер болған жағдайда, хабарламаны алған күннен бастап бір ай мерзім өткенге дейін активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органды бұл туралы хабардар етуге құқылы.

      3. Активтерді ашып көрсету туралы декларацияда Қазақстан Республикасының аумағында да, оның шегінен тысқары жерде де болатын (болған) активтер және активтер иемденілген қаражаттың пайда болуы туралы, тіпті олардың бастапқы пайда болуына дейін, сондай-ақ бұрын алынған активтерден түскен кірістер туралы түбегейлі ақпарат көрсетіледі.

      Декларациялауға жататын актив түрлері активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бірлесіп бекітетін активтерді ашып көрсету туралы декларацияның нысанында белгіленеді.

      Активтерді ашып көрсету туралы декларация декларацияланатын мүлік туралы мынадай мәліметтерді:

      1) есепті кезеңдегі кірістерді;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында болатын (болған) ақшаны;

      3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болатын (болған) ақшаны;

      4) Қазақстан Республикасының аумағында болатын (болған) жылжымайтын мүлікті;

      5) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болатын (болған) жылжымайтын мүлікті;

      6) Қазақстан Республикасының аумағында болатын (болған) көлік құралдарын;

      7) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болатын (болған) көлік құралдарын;

      8) Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін;

      9) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін;

      10) Қазақстан Республикасының аумағында болатын (болған) бағалы қағаздарды;

      11) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болатын (болған) бағалы қағаздарды;

      12) цифрлық активтерді;

      13) Қазақстан Республикасының аумағында болатын (болған) қарыздарды;

      14) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болатын (болған) қарыздарды;

      15) активтердің пайда болуы туралы ақпаратты қамтитын өзге де мәліметтерді көрсетуге арналған.

      4. Тізілімге енгізілген тұлғалардың активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсынбауы активтерді қайтару бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген шараларды қабылдауға кедергі болмайды.

      5. Активтерді ашып көрсету туралы декларацияда ұсынылған мәліметтер декларацияны ұсынған субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғасының коммерциялық құпиясын құрайды.

19-бап. Активтерді ашып көрсету туралы декларацияны және оған қоса берілетін мәліметтерді қарау тәртібі

      1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активтерді ашып көрсету туралы декларацияны және оған қоса берілетін мәліметтерді қарау кезінде тізілімге енгізілген тұлғалардан қосымша ақпарат сұратуға, аудитке, активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруге бастама жасауға, активтерді қайтаруға байланысты талап қоюды беруге, сондай-ақ өзге де іс-шараларды жүзеге асыруға құқылы.

      Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активтерді қайтару бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген шараларды іске асыру мақсатында, активтерді ашып көрсету туралы декларацияның ұсынылған-ұсынылмағанына қарамастан, осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасауға құқылы.

      Тізілімге енгізілген тұлғалар активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның сұрау салуына жиырма жұмыс күні ішінде жауап беруге құқылы.

      2. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның активтерді ашып көрсету туралы декларацияны, сондай-ақ оған қоса берілген және тізілімге енгізілген тұлға (тұлғалар тобы) қосымша ұсынған материалдарды қарау мерзімі олар ұсынылған күннен бастап алты айдан аспауға тиіс. Көрсетілген мерзімнің өтуі:

      1) сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысушылар процестік құқықтарды іске асырған;

      2) тізілімге енгізілген тұлғаларға қосымша сұрау салу жіберілген;

      3) уәкілетті мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберілген;

      4) тізілімге енгізілген тұлғаға (тұлғалар тобына) қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілген;

      5) аудитке, тексерулерге, ревизияларға бастама жасалған, активтерді қайтаруға байланысты талап қою берілген, сондай-ақ ақпаратты, құқықтық көмекті сұратуға байланысты өзге де іс-шаралар және шетелдік соттармен және уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі, оның ішінде активтерді қайтаруды қамтамасыз етуге бағытталған өзге де арнаулы іс-шаралар жүзеге асырылған;

      6) активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру жүргізілген жағдайларда үзіледі.

      3. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активтерді ашып көрсету туралы декларацияны және оған қоса берілетін мәліметтерді қарау қорытындысы бойынша бұдан кейінгі шаралар туралы мәселені комиссияның қарауына енгізеді.

      4. Егер субъект ұсынған активтерді ашып көрсету туралы декларацияны талдау қорытындысы бойынша активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына қисынды түрде күмән келтіруге негіздер жоқ екені не субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының осы Заңның 14-бабының 2-тармағында көзделген белгілерге сәйкес келмейтіні анықталатын болса, субъект және (немесе) оның үлестес тұлғалары осы мәселе комиссияда қаралғаннан кейін тізілімнен шығарылуға жатады.

      Осы баптың мақсаттары үшін активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына қисынды түрде күмән келтіруге негіздердің болмауы тұлғаның меншігіндегі активтер құнының заңды кірістердің не осындай активтерді иемденуге жұмсалатын шығыстарды жабудың өзге де заңды көздерінің мөлшеріне, оның ішінде бастапқы (тіпті оған дейінгі) активтерге қатысты және бастапқы (тіпті оған дейінгі) кірістерге (шығыстарды жабу көздеріне) қатысты мөлшеріне сәйкес келуін білдіреді.

      5. Комиссия активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға мынадай шаралардың бірін қабылдауды:

      1) активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қоюмен сотқа жүгіну үшін негіздердің жоқ екенін тануды және субъектіні тізілімнен шығаруды;

      2) активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісім жасасуды (комиссияның қайтарылатын активтердің мөлшерін қарауы және комиссияның қарауына енгізілген келісім жобасында ұсынылатын өзге де ерікті түрде қайтару шарттары ескеріле отырып, субъектіден және (немесе) оның үлестес тұлғаларынан тиісті жолданым болған жағдайда);

      3) декларацияны және оған қоса берілетін материалдарды (қажет болған кезде, ақпарат, мәліметтер мен құжаттар беруге сұрау салу жібере отырып) комиссияның қарауына қайта шығара отырып, қосымша зерделеуді;

      4) активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қоюмен сотқа жүгіну үшін негіздерді жеткілікті деп тануды ұсынуға құқылы.

20-бап. Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру

      1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган жүргізетін активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру оның басшысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын зерттеуге бағытталған, активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді жүзеге асырады.

      2. Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру осы Заңның қолданылу саласына жататын субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының активіне қатысты жүргізіледі.

      3. Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді жүргізу туралы қаулы шығарылады, ол прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосында тіркеледі.

      Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру алпыс жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      Қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажет болған кезде активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізу мерзімі алпыс жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

      Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру сараптама, басқа активтер бойынша өзге де қарсы тексеру тағайындалған жағдайларда, сондай-ақ шет мемлекеттерден мәліметтер мен құжаттар алу қажет болған кезде және тексеру жүргізуге кедергі келтіретін өзге де жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін.

      Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.

      4. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді жүзеге асыру кезінде:

      1) егер құжаттар, ақпарат активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынуды талап етуге;

      2) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізудің белгіленген мерзімінен асыруға;

      3) заңдылық пен қоғамдық тәртіпке, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін, сондай-ақ адамдардың өміріне және денсаулығына орны толмас зардап келтіру қатері бар жағдайларды қоспағанда, тексерілетін активтің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіруге құқылы емес.

      Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидаларын Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бекітеді.

21-бап. Иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы тексерудің нысанасы болатын активтің меншік иесі болып табылатын субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының құқықтары мен міндеттері

      1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді жүзеге асырып жатқан кезде, иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы тексерудің нысанасы болатын активтің меншік иесі болып табылатын субъект және (немесе) оның үлестес тұлғасы не оның уәкілетті өкілдері:

      1) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізуге келген адамдарды:

      тиісті активке қатысты активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау туралы қаулыны ұсынбаған;

      активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосында тіркеу міндетті болғанда, мұндай тіркеусіз жүргізген;

      осы Заңның 20-бабында көрсетілген мерзімдер өтіп кеткен;

      активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау туралы қаулыда аталмаған адамдар активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізген жағдайларда, объектіге кіргізбеуге;

      2) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізу нысанасына қатысы жоқ мәліметтер мен құжаттарды ұсынбауға;

      3) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау туралы қаулыға, сондай-ақ активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның және оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, актілеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) осы Заңда белгіленген тәртіппен шағым беруге құқылы.

      2. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді жүзеге асырып жатқан кезде, иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы тексеріліп жатқан активтің меншік иесі болып табылатын субъект және (немесе) оның үлестес тұлғасы не оның уәкілетті өкілдері:

      1) иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы тексеріліп жатқан активтің меншік иесі болып табылатын субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғасының аумағы мен үй-жайларына активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдарының кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.

      Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдарының және тексеруге тартылған адамдардың режимдік объектілердің аумағы мен үй-жайларына кіруі рұқсаттама режимі және объектішілік режим туралы белгіленген талаптар ескеріліп қамтамасыз етіледі;

      2) прокуратура органдарының лауазымды адамдарына заңдылықтың сақталуын тексеру нәтижелері туралы анықтамаға қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін ұсынуға;

      3) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау туралы қаулымен және оның нәтижесі туралы анықтамамен танысып, оны қол қойып алуға;

      4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы талаптарға сәйкес активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді жүзеге асыратын адамдар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.

22-бап. Активтерді қайтаруға байланысты жолданымдарды немесе шағымдарды қарау тәртібі

      1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы тексерудің нысанасы болатын активтердің меншік иесі болып табылатын субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының не оның уәкілетті өкілдерінің жолданымдарын қарайды.

      Жолданымдар активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралады.

      Жолданымды қарау мерзімі жолданымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтау қажеттігіне байланысты активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган басшысының немесе оның орынбасарының уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге дейін ұзартылуы мүмкін, бұл туралы тұлғаға мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.

      2. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның және оның лауазымды адамдарының тұлғалар құқықтары мен міндеттерін қозғайтын шешімдеріне, актілеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдар тұлғаға актінің қабылданғаны немесе әрекеттің жасалғаны (әрекетсіздік) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей, жоғары тұрған лауазымды адамға беріледі. Шағым жасау мерзімі дәлелді себеппен өткізіп алынған жағдайда, бұл мерзімді шағым берген тұлғаның өтінішхаты бойынша жоғары тұрған лауазымды адам қалпына келтіруі мүмкін.

      Шағымды қарау мерзімі келіп түскен күнінен бастап екі айды құрайды.

      Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шешімімен келіспеген жағдайда, оның әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.

23-бап. Субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының құқықтық кепілдіктері

      1. Субъектінің не оның үлестес тұлғаларының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына кедергі келтіру мақсатында оған қандай да бір нысанда ықпал етуге жол берілмейді.

      2. Осы Заңда субъектінің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру мәселелері бойынша активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға жолданымдар беру, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шешімдеріне, актілеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау құқығына кепілдік беріледі.

      3. Активтер келісімдер негізінде ерікті түрде қайтарылған және тұлғалар жауаптылықтан босатылған жағдайда, олар активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға ұсынған ақпаратты оның өзі, өзге де уәкілетті мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдар:

      1) өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша оларға талап қоюмен және арыздармен соттарға жүгіну;

      2) көрсетілген келісімдерді жасасқан күннен кейін осы келісімдерді жасасқан тұлғаларға қатысты тіркелген жаңа қылмыстық істерді тергеп-тексеру;

      3) көрсетілген келісімдер жасалған күнге дейін көрсетілген келісімдердің нысанасы болып табылатын активтерге байланысты емес іс-әрекеттерге қатысты тіркелген қылмыстық істерді тергеп-тексеру;

      4) көрсетілген келісімдер жасалған күннен кейін осы келісімдерді жасасқан тұлғаларға қатысты тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс бойынша жаңа іс жүргізуді қозғау;

      5) көрсетілген келісімдер жасалған күнге дейін көрсетілген келісімдердің нысанасы болып табылатын активтерге байланысты емес іс-әрекеттерге қатысты тіркелген әкімшілік іс жүргізулерді жүзеге асыру үшін пайдалана алмайды.

      4. Активтерді мемлекетке ерікті түрде қайтару туралы келісімнің, бітімгершілік келісімнің немесе кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімнің немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, оның ішінде шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жасалған өзге де келісімдердің барлық талабын орындаған субъект және (немесе) оның үлестес тұлғалары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

4-тарау. АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ТӘСІЛДЕРІ МЕН ТӘРТІБІ

24-бап. Активтерді қайтару тәсілдері (тетіктері)

      1. Активтерді қайтару ерікті немесе мәжбүрлі сипатта болуы мүмкін.

      2. Активтерді ерікті түрде қайтару заңсыз иемденілген активтердің барлығын немесе бір бөлігін мемлекетке беру арқылы жүзеге асырылады.

      3. Активтерді мәжбүрлеп қайтару осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен, Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады.

25-бап. Активтерді ерікті түрде қайтару

      1. Тізілімге енгізілген тұлғалар, сондай-ақ меншігінде, иелігінде немесе бақылауында активтер болатын өзге де тұлғалар өздерінің меншігіндегі, пайдалануындағы, иелігіндегі немесе бақылауындағы активтерді:

      1) активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісім;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес бітімгершілік келісім;

      3) Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес кінәні мойындау және активтерді қайтару туралы процестік келісім;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де келісімдер жасасу арқылы мемлекетке ерікті түрде қайтаруға құқылы.

      2. Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісім және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де келісімдер активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қою берілгенге дейін тұлға мен активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалады.

      3. Қазақстан Республикасының соттарында активтерді мемлекеттің кірісіне айналдыру туралы азаматтық істер қозғалған тұлғалармен жасалған бітімгершілік келісімдерді тиісті азаматтық істі қарайтын сот бекітуге тиіс.

      4. Шет мемлекеттердің қолданылатын заңнамасына сәйкес жасалған, активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдердің тарабы болып Қазақстан Республикасының атынан активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган әрекет етеді.

      Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісім жобасын дайындау барысында тұлғамен бірлесіп, келісу рәсімдерін жүргізеді, соның шеңберінде мемлекетке беруге жататын активтер тізбесі және оларды беру шарттары айқындалады.

      Шарттар ақшаны төлеуді, активтердің бір бөлігін немесе барлығын беруді, толық алынбаған салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасын, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдардың сомасын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу салдарынан туындаған, келтірілген залалдың сомасын, тұлға активтерді иеленген жалпы кезеңде алған үстеме кірістердің, бірақ мемлекетке келтірілген залалдан, субъект және (немесе) оның үлестес тұлғалары активті иемдену кезінде қабылдаған орындалмаған инвестициялық және өзге де міндеттемелерден және өзге де іс-шаралардан кем емес сомасын мемлекетке өтеуді көздеуі мүмкін.

      Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімнің шарттарын айқындау кезінде активті дамытуға қосқан үлесі, активтен алынған кірістерді қайта инвестициялау, құрылған жұмыс орындарының саны және активтің тиімділігі мен пайдаланылу шарттарын сипаттайтын өзге де факторлар ескеріледі.

      Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімнің шарттарында тұлға кәсіпкерлік қызметті жүргізудің, оның ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген бәсекелестік емес қолайлы жағдайларына байланысты, сол сияқты тиісті тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер нарығында экономикалық ресурстарды нақты шоғырландыру нәтижесінде, оның ішінде тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие болатын және (немесе) ие болған нарық субъектілерінің акцияларын (жарғылық капиталдарға қатысу үлестерін) тікелей немесе жанама иелену жолымен үстеме кірістер алған жағдайда, тұлға активтерді иеленген жалпы кезеңде алған осындай үстеме кірістердің сомасын қайтару көзделуге тиіс.

      Тұлға алған үстеме кірістердің сомасын есептеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімнің шарттарында Қазақстан Республикасына қаражатты қайта инвестициялауды, кәсіпорындарда қосымша жұмыс орындарын құруды, өндірістік қуаттарды экологиялық тұрғыдан жаңғыртуға инвестицияларды және тараптар келіскен басқа да шараларды қоса алғанда, мемлекет пен Қазақстан Республикасы халқының бұзылған мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған қажетті шараларды іске асыру да көзделуге тиіс.

      Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімді жасасу, оның ішінде қайтарылуға жататын активтерді (көлемін, құрамын), активті дамыту жөніндегі шараларды және өзге де шараларды айқындау шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      5. Активтерді қайтаратын тұлға келісім жасалатын күнге дейін бес жұмыс күнінен ерте емес уақытта, қайтарылатын активтерге өз есебінен орындалған тәуелсіз бағалауды ұсынуға тиіс, оның нәтижелері мемлекетке қайтарылуға жататын соманы айқындау кезінде есепке алу үшін активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға берілуге тиіс.

      6. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімнің шарттары орындалмаған жағдайда, активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы және шығыстардың, оның ішінде талап қоюға байланысты шығыстардың сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінеді.

      Келісім жасасқан тұлғалардың өздеріне қатысты активтерді мәжбүрлеп қайтару жөніндегі шаралар қолданылатын өзге де активтері кейіннен анықталған жағдайда, мұндай тұлғалар келісімдерді жасасқан күнгі жағдай бойынша активтерді иеленудің жалпы кезеңінде алған үстеме кірістердің сомасын мемлекетке толық көлемде қайтаруға, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залалды өтеуге міндетті.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген ережелер активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның келісім жасасқан тұлғалардың кейіннен анықталған барлық өзге де активтерін, сол сияқты олармен байланысты үстеме кірістер мен залалдарды толық көлемде мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру жөніндегі шараларды іске асыру құқықтарын жоққа шығармайды.

      7. Осы бапта көзделген шарттар активтерді ерікті түрде қайтару жөніндегі келісімдерге, бітімгершілік және өзге де келісімдерге енгізілуге тиіс.

26-бап. Активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру негізі

      1. Активтерді пайда болуы түсініксіз активтер деп тану Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарылған шешімдері бойынша активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыруға негіз болады.

      2. Азаматтық сот ісін жүргізуде активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру үшін негіздер мыналарға:

      1) қылмыстық сот ісін жүргізу қағидалары бойынша айыптау үкімінің болуына;

      2) қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің аяқталуына, ақтау үкімінің шығарылуына, қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің тоқтатылуына;

      3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген тәртіппен тіркелген және жүргізілетін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің болуына;

      4) іс-әрекеттерді жасау кезінде қолданыста болған заңдарға сәйкес қылмыстық деп сараланатын және жазаланатын осы іс-әрекеттерге қатысты қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдерінің өтуіне;

      5) осы Заң қолданысқа енгізілген күнге дейін қабылданған, мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық жасау және (немесе) қылмыстық жауаптылықтан босату туралы заңнамалық актілердің (тиісті заңнамалық актілердің шарттары бойынша заңдастыруға жатпайтын, сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыс санаттарын жасау нәтижесінде алынған мүлікке қатысты) болуына қарамастан қолданылуы мүмкін.

      3. Азаматтық сот ісін жүргізуде активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру осы іс-әрекеттерді жасау кезінде қолданылған заң нормаларына сәйкес іс-әрекеттердің заңдылығы, қылмыстылығы және жазалануы мәселелерін саралау кезінде жүзеге асырылады.

27-бап. Активтерді азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде мәжбүрлеп қайтару ерекшеліктері

      1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тізілімге енгізілген тұлға активтерінің иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына қисынды күмән келтірген жағдайда, комиссия материалдарды қарағаннан кейін прокурор барлық қажетті мән-жайларды қарау негізінде, комиссияның ұсынымдарын негізге ала отырып, мұндай активтерді пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мемлекет кірісіне айналдыру туралы сотқа талап қоюды беру жөнінде шешім қабылдайды.

      2. Прокурордың активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қоюы:

      1) субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының, олардың мұрагерлерінің және құқықтық мирасқорларының;

      2) активтерді субъектілерден және (немесе) олардың үлестес тұлғаларынан өтеусіз түрде не нарықтық емес жағдайларда иемденген не осындай мүліктің қылмыстық не өзге де заңсыз жолмен пайда болғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған өзге де (осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген) тұлғалардың меншігіндегі активтерге қатысты берілуі мүмкін.

      Осы Заңның 26-бабы 2-тармағының 1)5) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар осы тармақта көрсетілген азаматтық талап қоюды қайтаруға негіз болмайды, талап қоюды беруге және оларды сот ісін жүргізуге қабылдауға, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен істі қарауға және соттың шешім шығаруына кедергі келтірмейді.

      Активтерді пайда болуы түсініксіз активтер деп тану негізі бойынша берілетін талап қоюға комиссия хаттамасынан үзінді-көшірме қоса тіркеледі.

      Талап қоюды қарау осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріліп, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.

      Соттың істі қарау мерзімі істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап алты айдан аспайды.

      Істі қарау мерзімі оның нақты күрделілігі, іске қатысатын тұлғалардың мүдделері ескеріле отырып, қисынды әрі жеткілікті болуы есепке алынып, қосымша бір жылға дейінгі мерзімге ұзартылуы мүмкін.

      Жауапкердің келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.

      3. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, адал иемденушіден активті талап ету жүргізілмейді.

      Егер мемлекетке қайтарылуға жататын актив адал иемденушіге берілсе немесе оны сәйкестендіру, бөлу немесе мемлекеттің кірісіне айналдыру мүмкін болмаса, онда активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тиісті талаптарды мәлімдеген кезде сот шешімімен жауапкерден талап қою берілген кездегі жағдай бойынша, көрсетілген активтің нарықтық құны мөлшеріндегі сома өндіріп алынуы мүмкін.

      4. Егер мемлекетке қайтарылуға жататын активке адал кредиторлардың заңмен қорғалатын құқықтарымен, сондай-ақ өзге де тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтарымен ауыртпалық салынса, онда талапкердің талап етуі бойынша сот шешімімен актив мемлекет кірісіне айналдырылуы мүмкін не жауапкерден талап қою берілген кездегі жағдай бойынша, көрсетілген активтің нарықтық құны мөлшеріндегі сома өндіріп алынуы мүмкін.

      Актив мемлекет кірісіне айналдырылған кезде адал кредиторлар мен өзге де тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарында не шарттарда көзделген негіздер бойынша олардың қолданылу мерзімі өткенге немесе тоқтатылғанға дейін сақталады.

      Активтер мемлекет кірісіне айналдырылған жағдайда, жосықсыз кредиторлардың өздері қамтамасыз ететін міндеттемелер бойынша активтерге қатысты мүліктік құқықтары соттың осындай активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешімі заңды күшіне енген кезден бастап тоқтатылады.

      Өтеусіз түрде не нарықтық емес жағдайларда шарттар жасасқан және тізілімге енгізілген тұлғаларға қатысты үлестес болып табылатын, үлестес болуын сот анықтаған тұлғалар адал кредиторларға (кез келген мүліктік құқықты адал иемденушілерге) жатпайды.

      5. Егер мүлікке тұлғамен үлестес заңды тұлғаның немесе онымен туыстық қатынастары бар тұлғаның мүліктік құқықтарымен ауыртпалық салынса не егер мүлік тиесілі болатын тұлға осы мүліктік құқықтардың бенефициары болса, онда осы құқықтар соттың мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешімі заңды күшіне енген кезден бастап тоқтатылады.

      6. Прокурор банкке көрсетілген мемлекеттік қолдау сомалары шегінде, зиян келтірген тұлғалардың әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) келтірілген осындай зиянды, сондай-ақ егер мұндай әрекеттердің (әрекетсіздіктің) салдарынан банктер алынған мемлекеттік қолдау сомаларын мемлекетке өз бетінше қайтара алмайтындай жағдайда болса, мемлекеттің банкке мемлекеттік қолдау көрсетуге жұмсалған шығыстарын өтеуді мемлекеттің атынан талап етуге құқылы. Тұлғалардың өздері келтірген зиянды және мемлекеттің банкке мемлекеттік қолдау көрсетуге жұмсалған шығыстарын өтеуі банктің мемлекетке қайтаруға тиісті сомаларының мөлшерін осындай зиян мен шығыстардың өтелген сомасы шегінде азайтады.

      7. Активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қоюда тұлға (тұлғалар тобы) активті иеленген бүкіл кезең ішінде алған үстеме кірістерді қайтару, мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талаптар, активтерді қайтару бойынша жүргізілген шығыстарды өтей отырып, бөтеннің иелігінен талап етіп алдыру туралы талаптар және өзге де заңды талаптар қамтылуы мүмкін.

28-бап. Пайда болуы түсініксіз активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру

      1. Пайда болуы түсініксіз активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қоюды қарау кезінде мынадай мән-жайлар:

      1) активтерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер (сипаттамасы, тұрған жері және өзге де мәліметтер);

      2) активтердің жауапкерге тиесілі болуы және жауапкерге не оның үлестес тұлғаларына қатысты тізілімге енгізу үшін осы Заңда көзделген негіздердің болуы;

      3) жауапкердің не оның үлестес тұлғаларының активтерді иемдену құны немесе ол болмаса, иемдену кезіндегі нарықтық құны, егер құны белгіленбесе, онда талап қою берілген кездегі нарықтық құны;

      4) жауапкердің не оның үлестес тұлғаларының заңды кірістерінің не активтерді иемдену үшін пайдаланылған шығыстарын жабудың өзге де заңды көздерінің мөлшері және осындай кірістер не оларды иемдену үшін шығыстарды жабу көздері мөлшерінің сәйкестігі;

      5) істі дұрыс қарау үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар дәлелденуге жатады.

      Талапкер осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мән-жайларды ақылға қонымды анықтылық дәрежесінде дәлелдеуге тиіс.

      Жауапкер осы тармақтың 3)4) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар бойынша айқын әрі сенімді дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.

      Егер талапкер жауапкердің талап қойылған активтерді тікелей немесе жанама түрде иемденуі (алуы) заңнаманы, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерін не өзге де тұлғаларды қоса алғанда, мемлекеттің, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің, жарғылық капиталына мемлекет тікелей немесе жанама қатысатын ұйымдардың мүліктік құқықтарына не мүдделеріне залал келтіруге алып келген елеулі түрде бұзу арқылы жүзеге асырылғанын анықтылығын ескере отырып дәлелдесе, онда жауапкер олай емес екендігіне айқын әрі сенімді дәлелдемелер ұсынуға тиіс. Егер талапкер жауапкердің талап қойылған активтерді тікелей немесе жанама түрде иемденуі (алуы) заңнаманы, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерін не өзге де тұлғаларды қоса алғанда, мемлекеттің, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің, жарғылық капиталына мемлекет тікелей немесе жанама қатысатын ұйымдардың мүліктік құқықтарына не мүдделеріне залал келтіруге алып келген елеулі түрде бұзу арқылы иемденілген (алынған) өзге де активтерді (өзге де активтерді не олардан түскен кірістерді) пайдаланудан немесе өткізуден түскен кірістерді тарта отырып жүзеге асырылғанын анықтылығын ескере отырып дәлелдесе, онда жауапкер олай емес екендігіне дәлелдемелер ұсынуға тиіс. Егер жауапкер сотқа осындай дәлелдемелерді ұсынбаса, онда сот тиісті активтерді толығымен не олардың бір бөлігін иемденудің (алудың) заңды көздері пайдаланыла отырып, иемденілген (алынған) деп тани алмайды.

      Өзге мән-жайларды өз талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде оларға сілтеме жасайтын тұлға Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген дәлелдеудің жалпы қағидалары бойынша дәлелдейді.

      2. Талап қою нысанасы болып табылатын активтер, егер жауапкер осы Заңға сәйкес мән-жайларды дәлелдемесе немесе талапкер көрсеткен мән-жайлардың болуын жоққа шығармаса, сот шешімі негізінде пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мемлекеттің кірісіне мәжбүрлеп өтеусіз айналдырылуға жатады.

      3. Активтерді пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қою үшін талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайды.

      Активтерді пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қою үшін талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі тұлға (тұлғалар тобы) активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсынған күннен басталады. Егер декларация ұсынылмаса, талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі тұлға (тұлғалар тобы) активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсынуға құқылы болған мерзім өткен күннен басталады.

29-бап. Сот шешімі және оның орындалуы

      1. Сот шешімі Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 223-бабының талаптарына сәйкес шығарылады.

      2. Егер істі қарау кезінде талап қоюдың нысанасы болып табылатын активтер кредиторлардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз ететіні анықталса, сот шешімінде осындай кредиторлардың осы Заңға сәйкес адалдығы немесе жосықсыз екендігі туралы тұжырым болуға тиіс.

      Активтер, оның ішінде қолма-қол ақшасыз нысандағы ақша, құжатсыз бағалы қағаздар бойынша талап қою қанағаттандырылған жағдайда, сот шешімінде осындай активтерді сәйкестендіру үшін жеткілікті ақпарат (шот деректемелері, шот иесі туралы деректер, активтерге құқықтарды есепке алуды жүргізетін тұлға туралы деректер және басқа да деректер) қамтылуға тиіс.

30-бап. Активті ақшалай баламада тәркілеу не мемлекет кірісіне айналдыру мүмкіндігі

      1. Осы Заңда көзделген активтерді қайтару тәсілдері (тетіктері), алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары ішінара немесе толық өзгертілген немесе түрлендірілген не өздеріне активтер ішінара немесе толық қосылған активтерге қатысты, осындай өзгерту, түрлендіру не қосу тәсіліне қарамастан қолданылуы, сол сияқты осындай активтерді пайдалану арқылы алынған нәтижеге, өнімдерге, кірістерге қатысты қолданылуы да мүмкін.

      2. Егер заңсыз иемденілген активтер басқа активтерге толық немесе ішінара қосылған болса, заңсыз иемденілген активтердің белгіленген құнына сәйкес келетін қосылған активтердің бір бөлігі ғана қайтарылуға жатады. Тыйым салу және өзге де алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары заңсыз иемденілген активтерге қатысты белгіленуі мүмкін.

      3. Егер қайтарылуға жататын активтерді заттай қайтару мүмкін болмаса, прокурор сотқа тиісті талап қоюды берген күнге осындай активтердің ақшалай немесе өзге де мүлік түріндегі құны өтелуге жатады.

31-бап. Азаматтық іс жүргізуді қозғаудың өзге де негіздері

      1. Осы тараудың қағидалары бойынша Қазақстан Республикасының сотында активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы істер бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және заңнамасында көзделген жағдайларда, тікелей шет мемлекеттің құзыретті органының арызы бойынша қозғалуы мүмкін.

      2. Сот Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда, тәркіленген мүлікті немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активті не оның ақшалай баламасын толығымен немесе бір бөлігін шет мемлекетке беру туралы шешім шығаруға құқылы.

5-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОР ЖӘНЕ БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯ

32-бап. Арнаулы мемлекеттік қор

      1. Арнаулы мемлекеттік қор – Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын, сондай-ақ активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шығыстарын қаржыландыру мақсатында түсімдерді есепке жатқызу және ақшаны жұмсау үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты.

      2. Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес Республикалық бюджет комиссиясында орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары міндетті түрде қарала отырып жүзеге асырылады.

      Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Арнаулы мемлекеттік қор қаражатының түсімдері мен жұмсалуы туралы ақпаратты жыл сайын жариялауға тиіс.

      3. Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері мыналар болып табылады:

      1) ақша, оның ішінде осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған мүлікті өткізуден түскен ақша;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқарушы компанияның меншігіне не оның активтерді басқару жөніндегі қызметі нәтижесінде түскен өзге мүлікті өткізуден алынған ақша.

      Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатын пайдалану және мониторингтеу тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

      Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.

33-бап. Басқарушы компания

      1. Басқарушы компания Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз құрылтайшысы және қатысушысы болатын коммерциялық ұйым болып табылады.

      Басқарушы компанияның мақсаттары осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу болып табылады.

      2. Басқарушы компанияның мүлкі:

      1) осы Заңда көзделген тәртіппен қайтарылған активтер;

      2) өз қаражаты есебінен құралады.

      Ақшалай нысанда қайтарылған активтер тікелей Арнаулы мемлекеттік қордың есебіне жатқызылады.

      Басқарушы компания өз қаражаты бойынша және осы Заң мен Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген тәртіппен қайтарылған активтер бойынша бухгалтерлік есепке алуды жүргізеді және бөлек қаржылық есептілікті ұсынады.

      3. Басқарушы компанияның міндеттері:

      1) мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау;

      2) мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету;

      3) активтерге билік ету;

      4) активтерді өткізуден түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз ету болып табылады.

      4. Басқарушы компанияға берілген активтер:

      1) кепіл нысанасы бола алмайды;

      2) кредиторлардың талабы бойынша өндіріп алынбайды;

      3) мүлікке тыйым салу немесе өзге де ауыртпалық салу нысанасы бола алмайды;

      4) басқарушы компания мен үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша инкассолық өкіммен өндіріп алынбайды;

      5) мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы бола алмайды;

      6) регрессиялық талаптар тәртібімен өндіріп алынбайды;

      7) өзге де міндеттемелер бойынша, оның ішінде басқарушы компанияның міндеттемелері бойынша қамтамасыз ету нысанасы бола алмайды.

      5. Басқарушы компания алдағы жылға арналған республикалық бюджеттен қаржыландыру болмаған жағдайда, өз қызметі үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы, оның шамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      Комиссиялық сыйақылар сомасы тиісті қаржы жылында басқарушы компанияның ағымдағы шығыстарын қаржыландыру үшін қажетті қаражат сомасымен шектеледі.

      6. Басқарушы компанияны құру кезінде қамқоршылық кеңес құралады, оның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар кіре алады.

      7. Басқарушы компанияға берілген активтерді басқару тәртібін мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

      8. Басқарушы компанияның осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу жөніндегі қызметі бөлігінде осы Заңда реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы қолданылмайды.

      Бұл ретте, басқарушы компанияның қызметі мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Сот мүліктің мемлекет меншігіне түсуіне негіз болған актінің күшін жойған (тиісті бөлігін өзгерткен) жағдайда, басқарушы компания мүлікті заттай қайтаруды жүргізеді. Егер мүлік Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізілген болса, оны өткізуден алынған қаражат шегінде құнын өтеу жүргізіледі. Шығын Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабының 4-тармағына сәйкес өтелуге жатады.

34-бап. Басқарушы компанияның қызметіне аудит

      1. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган басқарушы компанияның активтерді тиісінше басқармау фактілерін немесе активтерді заңсыз иеліктен шығару немесе оған өзге де билік ету әрекеттерін анықтаған жағдайда, бұл туралы активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға, тиісті құқық қорғау органдарына осы фактілерді тексеруі және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қабылдауы үшін хабарлайды және тиісті активтерді басқарушыны немесе басқарушы компанияның лауазымды адамдарын шеттету жөніндегі іс-шараларды кейінге қалдырмай жүзеге асырады.

      2. Басқарушы компания қамқоршылық кеңестің ұсынуы бойынша жылдық қаржылық есептілікке аудит жүргізу үшін үш жылда бір реттен жиілетпей аудиторлық ұйымды тарта алады.

6-тарау. АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ МАҚСАТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

35-бап. Активтерді қайтару мақсатындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықтың жалпы қағидаттары

      1. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасына сәйкес шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен және ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен активтерді іздеу (ашып көрсету), пайда болу заңдылығын растау саласында, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдану, қайтару саласында халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      Тиісті халықаралық шарт болмаған жағдайда, халықаралық-құқықтық ынтымақтастық өзаралық қағидат негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Активтерді қайтару мақсатындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасында көзделген тәртіппен, мыналар:

      1) құқықтық көмек туралы сұрау салу жіберу, шет мемлекеттердің құзыретті органдарынан келген құқықтық көмек туралы сұрау салудың орындалуына жәрдемдесу;

      2) заңсыз иемденілген активтерге қатысты, сондай-ақ активтерді заңсыз шығаруға қатысы бар жеке тұлғаларға, ұйымдарға және бенефициар меншік иелеріне, басқа да байланысты құқық бұзушылықтарға, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операцияларға қатысты ақпарат, мәліметтер мен құжаттар беру туралы сұрау салу жіберу, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарынан келген осындай сұрау салудың орындалуына жәрдемдесу;

      3) шет мемлекеттердің құзыретті органдары мен ұйымдарына немесе халықаралық ұйымдарға активтерге тыйым салу, өзге де алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау немесе активтерді тәркілеу және дәлелдемелер алу туралы сұрау салу жіберу, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарынан келген осындай сұрау салудың орындалуына жәрдемдесу;

      4) активтердің құқықтық мәртебесін немесе оларға меншік құқығын анықтау туралы талап қоюмен (арыздармен) шетелдік соттарға жүгіну;

      5) шетелдік және халықаралық соттарда, аралық соттарда (төрелік органдарда), сондай-ақ шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда активтерді іздеу және қайтару мәселелері бойынша мемлекеттің мүддесін білдіру;

      6) активтерді іздеуге (ашып көрсетуге), пайда болу заңдылығын растауға, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдануға, сақталуын қамтамасыз етуге, басқаруға, өткізуге және қайтаруға қатысты шет мемлекеттердің соттарының немесе өзге де құзыретті органдарының шешімдерін тану және орындау;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де әрекеттерді іске асыру арқылы жүзеге асырылады.

      3. Сыртқы саяси қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган дипломатиялық құралдар мен әдістер арқылы Қазақстан Республикасынын шегінен тысқары жердегі заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді қайтаруға жәрдемдесуді қамтамасыз етеді.

      4. Осы Заңда көзделген негіздер бойынша не халықаралық шарттарда немесе тиісті шет мемлекеттің заңнамасында көзделген ұқсас негіздер бойынша активтерді тәркілеу не өзге де алып қою туралы шетелдік сот шешімдері, сол сияқты шет мемлекеттің соты осындай мүлікке қатысты қабылдаған алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары Қазақстан Республикасының аумағында танылады және орындалады.

      Шет мемлекеттердің сот актілерін тану және орындау тәртібі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасында айқындалады.

      5. Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында және халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда, шет мемлекеттің құзыретті органдары активтерді қайтаруға не осындай активтерді заңсыз иемденуге байланысты шығынды өтеуге бағытталған азаматтық талап қоюмен, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыздармен, өзге де арыздармен Қазақстан Республикасының соттарына өз бетінше жүгінуге құқылы.

      6. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы шет мемлекеттің құзыретті органдарының тергеп-тексеру нысанасы болып табылатын активтерге қатысты шет мемлекеттің құзыретті органдары тәркілеу туралы шешім қабылдайды деп пайымдауға қисынды негіздер болған кезде осындай активтерге қатысты қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызбен Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқылы. Мұндай арыз шет мемлекеттің құзыретті органының өтінуі болмаған кезде де өзаралық қағидаттарында берілуі мүмкін.

      7. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының аумағында болатын және шет мемлекеттің аумағында жасалған қылмыстың не өзге де құқыққа қайшы іс-әрекеттің нысанасы, құралы болып табылатын, сол сияқты осындай қылмыс не өзге де құқыққа қайшы іс-әрекет жасау арқылы алынған нәтиже, өнім немесе кіріс болып табылатын активтерге қатысты азаматтық талап қоюмен, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыздармен, өзге де арыздармен Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқылы. Мұндай арыз шет мемлекеттің құзыретті органының өтінуі бойынша да, өтінуі болмаған кезде де берілуі мүмкін. Бұл ретте, шет мемлекеттің аумағында қылмыс не өзге де құқыққа қайшы іс-әрекетжасаған тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тарту талап етілмейді.

      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен, 4 және 5-тармақтарда және осы тармақтың бірінші абзацында көзделген азаматтық талап қою, арыздар бойынша өндіріп алу қолданылған активтер аумағында тиісті қылмыс не өзге де құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған шет мемлекетке не осындай активтердің меншік иелеріне беріледі. Бұл ретте, егер Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдары және шет мемлекеттің құзыретті органдары немесе ұйымдары немесе халықаралық ұйымдар өзгеше уағдаласпаса, активтерді іздестіру, тыйым салу, тәркілеу және қайтару барысында Қазақстан Республиканың мемлекеттік органдары мен жеке кәсіпкерлік субъектілері шеккен шығыстар өтелуге жатады.

      8. Қылмыстық процесс шеңберінде активтерді қайтару мақсатындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасында көзделген тәртіппен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 559-бабының ережелеріне сәйкес орталық органдар арқылы құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу жіберу жолымен жүзеге асырылады.

36-бап. Активтерді қайтару мақсатындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастық шеңберінде ақпарат алмасу ерекшеліктері

      1. Активтерді іздеу (ашып көрсету), пайда болуын растау мәселелері, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдану, қайтару мәселелері бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ақпарат, мәліметтер мен құжаттар алмасу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында немесе заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады, бұл ретте шет мемлекет немесе халықаралық ұйым Қазақстан Республикасында қолданылатынмен бірдей оны қорғаудың ұлттық режимін қамтамасыз етуі, тек сот ісін жүргізу мақсаттары немесе сұрау салуда айқындалған өзге де мақсаттар үшін ғана пайдалануы, сондай-ақ ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының алдын ала келісімінсіз үшінші тұлғаларға ұсынбауы шарт.

      Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы немесе Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органы шет мемлекеттің құзыретті органына немесе ұйымына немесе халықаралық ұйымға берілетін ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды пайдаланудың қосымша шарттары мен шектеулерін белгілеуге құқылы.

      2. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттен немесе халықаралық ұйымнан алынған мәліметтер немесе құжаттар тиісті мәліметтерді немесе құжаттарды ұсынған шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның келісімі болған кезде басқа шет мемлекетке немесе халықаралық ұйымға олардың сұрау салуы бойынша ұсынылуы мүмкін.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

37-бап. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдарының жауаптылығы

      Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдары активтерді қайтару процесінде өздерінің қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттер жасаған (әрекетсіздік танытқан) жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

38-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін осы Заңның 7, 1231-баптарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады