"Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит жүргізу және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит бойынша аудиторлық қорытынды ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 21-НҚ нормативтік қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының 2023 жылғы 21 қарашадағы № 19-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 23 қарашада № 33672 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит жүргізу және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит бойынша аудиторлық қорытынды ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 21-НҚ нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12595 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген нормативтік қаулымен бекітілген Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит жүргізу және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит бойынша аудиторлық қорытынды ұсыну қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Арнайы мақсаттағы аудит аудиттелетін қаражатты қамтудың жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған, бір жылда пайдаланылған айлық есептік көрсеткіштің кемінде жиырма мың еселенген мөлшері кезінде аудиттелетін субъектінің бастамасы негізінде (ерікті түрде) жүргізіледі.

      Квазимемлекеттік сектор субъектілері:

      1) бюджеттік кредиттер;

      2) қарыздар (мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздар, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздар);

      3) бюджеттік инвестициялар (заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыру және (немесе) ұлғайту, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру жолымен мемлекет активтерін құру және (немесе) дамыту);

      4) мемлекеттік концессиялық міндеттемелер;

      5) байланысты гранттар;

      6) өз қызметін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, денсаулық сақтау саласында жүзеге асыратын қазыналық кәсіпорындарды, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін ұйымдар мен қорғаныстық тапсырысты іске асыратын ұйымдарды қоспағанда, мемлекеттік тапсырма және мемлекеттік тапсырыс түріндегі бюджет қаражатын пайдаланған кезде аудиторлық қорытындыда бюджет қаражатының қозғалысы бюджеттік бағдарлама әкімшісінен бастап, бюджет қаражатын түпкілікті алушыға дейін көрсетіледі.

      Арнайы мақсаттағы аудит аудиттелетін субъекті (тапсырыс беруші) мен Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін аудиторлық ұйым арасында жасалған арнайы мақсаттағы аудит жүргізу туралы шарт негізінде жүргізіледі.

      Аудит типі Мемлекеттік аудит туралы заңның 3-бабына қарай аудиттелетін субъекті (тапсырыс беруші) мен аудиторлық ұйым арасында жасалған шарттың талаптарымен айқындалады.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Алдағы кезеңге арналған аудит объектілерін айқындау кезінде және мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың аудиторлық іс-шараларын жүргізу кезінде тәуекелдерді басқару жүйесінде есепке алу үшін Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасын (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) және аудиторлық қызмет саласын реттеуді және аудиторлық және кәсіби аудиторлық ұйымдардың аудиторлық қызметін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органды арнайы мақсаттағы аудит жүргізу туралы ақпараттандыру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) арнайы мақсаттағы аудит жүргізуді жоспарлау туралы – аудиттелетін субъектілер жыл сайын жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасына дейін.

      Бұл ретте, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың еншілес және тәуелді заңды тұлғаларына хабарлама шоғырландырылып жіберіледі;

      2) аудиттің басталғаны туралы – аудиторлық ұйым арнайы мақсаттағы аудит жүргізу туралы жасалған шарттың күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде.".

      2. Жоғары аудиторлық палатаның Жоспарлау және даму департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы нормативтік қаулының Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы нормативтік қаулының орындалуын бақылау Жоғары аудиторлық палатаның аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы
Н. Годунова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады