"Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 352 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің м.а. 2023 жылғы 24 қарашадағы № 94 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 27 қарашада № 33684 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 352 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11460 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру қағидаларында:

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру үшін мынадай біліктілік талаптары белгіленеді:

      1) жергілікті (облысішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалын орындау үшін:

      уәкілетті органмен берілген пайдаланушы сертификатының болуы;

      авиакомпания белгілеген кесте бойынша (резервте сақтауды есепке ала отырып) ұшуды орындау үшін қажетті мөлшерде қолданыстағы ұшу жарамдылығы сертификаттары, бірақ жолаушылар сыйымдылығы бірдей кемінде екі әуе кемесі бар әуе кемелер паркінің болуы (жеке меншіктегі немесе кемінде үш жыл мерзімге жалға алынған (лизингтегі));

      жергілікті (облысішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалдары жоспарланатын әрбір әуежайда персоналдың болуы немесе жерүсті қызмет көрсетуге жасалған шарттың болуы;

      2) өңірлік (республикаішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалдарын орындау үшін:

      уәкілетті органмен берілген пайдаланушы сертификатының болуы;

      авиакомпания белгілеген кестеге сәйкес (резервте сақтауды есепке ала отырып) ұшуды орындау үшін қажетті мөлшерде ұшу жарамдылығы сертификаттары, бірақ жолаушылар сыйымдылығы бірдей кемінде үш әуе кемесі болатын әуе кемесі паркінің болуы (жеке меншікте немесе кемінде үш жыл мерзімге жалға алынған (лизингтегі));

      әуе кемелерінің түрлері бойынша шектеулері бар әуеайлақтарға ұшуларды орындауды қоспағанда, тұрақты емес тасымалдарды орындау немесе жергілікті (облысішілік) жолаушылар авиатасымалдарын орындау бойынша кемінде бір жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, сондай-ақ басқа авиакомпанияның құрамындағы бөлімше ретінде тұрақты рейстерді бір пайдаланушы сертификатымен орындаған авиакомпаниялар;

      автоматтандырылған броньдау және әуе тасымалдарды сату жүйесінде ресурстарды орналастыру бойынша персоналдың болуы;

      өңірлік (республикаішілік) әуе жолаушылар тасымалдарын орындау жоспарланатын әрбір әуежайда персоналдың болуы немесе жерүсті қызмет көрсетуге жасалған шарттың болуы;

      авиамаршрутты пайдалану сәтінен бастап болжанатын авиамаршрут (авиамаршруттар) бойынша ұсынылған кестеге сәйкес кірісті есепке алмағанда күнтізбелік отыз күн ішінде авиакомпанияның ұшуды орындау қабілеттілігін білдіретін қаржылық ресурстардың болуы және жеткіліктігі;

      тасымалдау құжаттарын электрондық және қағаз нысанында ресімдеуді қоса алғанда, автоматтандырылған әуе тасымалдарын сату жүйесінің бірінде ресурстарды орналастыруға жасасқан шарттың болуы;

      авиабилеттерді онлайн-брондауды және сатуды ұсынатын өз интернет-ресурсының болуы және/немесе ұшуды орындау жоспарланатын кемінде екі қалада авиабилеттерді сату офистерінің болуы.";

      8-тармақта:

      11) және 12) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) тұрақты ішкі рейстерді ашу жоспарланатын әрбір әуежайда персоналды жалға алу туралы анықтама немесе әуежайлық және жерүсті қызмет көрсетуге жасалған шарттың көшірмесі;

      12) авиабилеттерді онлайн-брондау және сату мүмкіндігін беретін өз интернет-ресурсының бар-жоғын көрсете отырып анықтама және/немесе ұшуды орындау жоспарланып отырған кемінде екі қалада авиабилеттерді сату офистерінің бар-жоғын көрсете отырып анықтама.";

      13) тармақша алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен :

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Көлік министрінің міндетін атқарушы
С. Аблалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады