Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 114 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 11 желтоқсанда № 33759 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы ережесінің 15-тармағы 422) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің
міндетін атқарушы
И. Шархан

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрі міндетін атқарушының
2023 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 114 Бұйрықпен
бекітілген

Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдардың атауы жазылған мандайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы ережесінің 15-тармағы 422) тармақшасына сәйкес әзірленген және мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және Қазақстан Республикасының аумағындағы әкімшілік ғимараттарда орналастыру тәртібін реттейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік органдар – Конституциямен, заңдарымен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен мемлекеттің атынан:

      мінез-құлықтың жалпыға ортақ қағидаларын белгілейтін актілерді шығару;

      әлеуметтік маңызы бар қоғамдық қатынастарды басқару және реттеу;

      мемлекет белгілеген жалпыға ортақ мінез-құлық қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік мекемелер;

      2) мемлекеттік мекемелер – жергілікті өкілді және атқарушы органның құрылымдық немесе ведомстволық бағыныстағы бөлімшелері.

      3) мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшалар – мемлекеттік органның атауы туралы анықтамалық ақпараты бар қасбеттің қабырғалық элементі;

      4) төсем – маңдайшалардың негіздеріне арналған сәнді рамка.

2-тарау. Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және орналастыру

      3. Маңдайшаны орналастыру орны мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің атауы және орналасқан жері туралы ақпаратты қамтиды.

      Маңдайша ғимараттың қасбетінде үй-жайға кіреберістен 10 метр қашықтық шегінде не мемлекеттік орган немесе мемлекеттік мекеме алып отырған үй-жай шегінде орналасады.

      4. Маңдайшаны көлденең де, сондай-ақ тігінен де орналастыруға болады.

      5. Мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің атауы мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де орналастырылады.

      Мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде және басқа да тілдерде дайындалып, орналастырылған жағдайда олар бір-бірінен жеке орналасқан әртүрлі маңдайша түрінде жасалады.

      6. Маңдайша кемінде 60x80 сантиметр мөлшерінде жасалады. 3/4 арақатынасын сақтай отырып, маңдайша өлшемдерін ұлғайтуға жол беріледі.

      7. Маңдайша қалыңдығы 1 сантиметрден 4 сантиметрге дейінгі төсемге орналастырылады, төсемде мемлекеттік органның атауы жазылған графикалық жазба болады.

      8. Маңдайшаларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы маңдайшаның жоғарғы үштен бір бөлігінің ортасында орналастырылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы диаметрінің арақатынасы мынадай сәйкестіктер бойынша айқындалады:

      көлденең орналасқан жағдайда: маңдайшаның биіктігі елтаңбаның диаметріне 1/5;

      тігінен орналасқан жағдайда: маңдайшаның биіктігі елтаңбаның диаметріне 1/6.

      9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының астына маңдайшаның 2/3 бөлігінен төмен мемлекеттік органның атауы жазылады. Маңдайша мәтіні әріптерінің биіктігі кемінде 3 сантиметрді құрайды. Мемлекеттік мекемелерде, мемлекеттік органның атауы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының үстінде ортада орналасады. Жазбадағы әріптердің мөлшері кемінде 2 сантиметрді құрайды.

      10. Әріптердің шрифті "Book Antiqua"

      11. Кенептің реңі көк түсті, ал әріптер алтын түсті болады.

      12. Маңдайшаның жиегі ені кемінде 3 сантиметр алтын түсті рамкамен қоршалады.

      13. Мәтінде шетелдік сөздерді, оның ішінде латын әріптерімен жазылған сөздерді, қысқартылған атауларды және аббревиатураларды пайдалануға болмайды.

      14. Маңдайшалар мемлекеттік мекеменің ресми атауы немесе бағыныстылығы өзгерген жағдайда, табиғи тозудың және моральдық ескірудің салдарынан, сондай-ақ аумақтық орналасқан жерді ауыстырған (көшкен) кезде ауыстырылады.

      15. Жұмыс уақытының режимі, қабылдау кестесі және басшылардың тегі сияқты басқа да ақпараттық деректерді маңдайшаға немесе мемлекеттік органның не мемлекеттік мекеменің атауымен қатар орналастыруға болмайды.

      16. Қасбеттердегі маңдайшалар тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандырылады.

      17. Мемлекеттік орган және мемлекеттік мекеме маңдайшаларды дайындауды, ресімдеуді және орнатуды жүзеге асырады, сондай-ақ маңдайшаларды пайдаланудың бүкіл кезеңінде тиісті техникалық және эстетикалық жай-күйде ұстайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады