"Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 7 қарашадағы № 829 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 169 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 28 желтоқсанда № 33837 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік қорғаныстық тапсыры шеңберінде ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 7 қарашадағы № 829 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19602 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында:

      2-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберіндегі ғылыми зерттеулер (бұдан әрі – ғылыми зерттеулер) – мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, қару-жарақтың, әскери техниканың, техникалық және арнайы құралдардың жаңа үлгілерін жасау, жарақтандыруда тұрған қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерін жаңғырту саласындағы қолданбалы және іргелі ғылыми зерттеулер, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар;";

      2-тармақтың 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберіндегі тәжірибелік үлгі – мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауға арналған тактикалық-техникалық тапсырмаға (техникалық өзіндік ерекшелікке, тактикалық-техникалық сипаттамаларға) осындай үлгінің сәйкестігін сынаулар жүргізу арқылы тексеру, қабылданған техникалық шешімдердің дұрыстығын тексеру, сондай-ақ қарулануға қабылдау және кейіннен сериялап жасауға беру мүмкіндігін айқындау үшін жаңадан әзірленген, пысықталған немесе түзетілген (жаңғырту мақсатында) конструкторлық-технологиялық құжаттама бойынша тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау барысында дайындалған әскери мақсаттағы тауарлардың (өнімдердің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімдердің) үлгісі.";

      26-тармақтың 2-бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде тәжірибелік үлгілерді қабылдау мүдделі орталық атқарушы органдармен, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 қарашадағы № 862 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19645 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген Тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың нәтижелеріне сынақтар жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Қорғаныс-өнеркәсіп кешені департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
К. Шарлапаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ғылым және жоғары білім министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасығы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мемлекеттік күзет қызметі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады