Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Аршалы аудандық мәслихатының 24.06.2024 № 20/4 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Аршалы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Аршалы аудандық мәслихатының "Аршалы ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" 2021 жылғы 23 ақпандағы № 5/2 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8375 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешімнің қосымшасында:
3 тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 226 "Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20498 болып тіркелген) сәйкес есептейді.";
4 тармақтың төртінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:
"мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.";
5 тармақтың бірінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:
"5. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының отбасының (азаматтың) жиынтық табысына 10 % (пайыз) мөлшерінде шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.".
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихаттың төрағасы | А.Балташев |