Біржан сал ауданында әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидаларын бекiту туралы

Жаңартылған

Ақмола облысы Біржан сал ауданы мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № С-8/5 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 18 қантарда № 8689-03 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес, Біржан сал ауданының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Біржан сал ауданында әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекiтілсін.

      2. Біржан сал ауданы мәслихатының келесі шешімдерінің күші жойылды деп танылсын:

      1) "Біржан сал ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Біржан сал ауданы мәслихатының 2021 жылғы 2 ақпандағы № С-2/2 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8352 болып тіркелген);

      2) "Біржан сал ауданы мәслихатының 2021 жылғы 2 ақпандағы № С-2/2 "Біржан сал ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Біржан сал ауданы мәслихатының 2022 жылғы 30 қарашадағы № С-23/17 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31024 болып тіркелген).

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Біржан сал ауданы мәслихатының төрағасы Н.Куатова

  Біржан сал ауданы
мәслихатының
2023 жылғы 26 желтоқсандағы
№ С-8/5 шешіміне
қосымша

Біржан сал ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Біржан сал ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және Біржан сал ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Біржан сал ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – Біржан сал ауданының әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – Біржан сал ауданының "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Біржан сал ауданы мәслихатының 27.09.2024 № С15/2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3. Осы Қағидалар Біржан сал ауданының аумағында тұрақты тұратын адамдарға қолданылады.

      4. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері мен атаулы күндердің тізбесі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;

      3) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні;

      4) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      5) 31 мамыр – Саяси қуғын - сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні;

      6) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні;

      7) 1 қазан – Қарттар күні;

      8) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні;

      9) 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күні.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;

      2) ең төмен күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      3) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      4) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы негіз болып табылады.

      8. Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді орган бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.

      9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін жергілікті өкілді орган облыс жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      11. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей жылына 1 рет азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) 15 ақпанға - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда), 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 8 наурызға – Халықаралық әйелдер күні:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 7 мамырға – Отан қорғаушы күні:

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 9 мамырға – Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне, 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілерге, 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшiлерге, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға, 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға, 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-6-баптарында аталған адамдардың отбасыларына, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерiне, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 31 мамырға – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні:

      мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпте ақталған саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендерге 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) 29 тамызға – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) 1 қазанға – Қарттар күні:

      ең төменгі және ең төменгі мөлшерінен төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге, 4 (төрт) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) қазан айының екінші жексенбісіне – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні:

      мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) 16 желтоқсанға – Тәуелсіздік күні:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қуғын-сүргіндерге ұшыраған адамдарға, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      12. Әлеуметтік көмек өтініш бойынша, толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарының біріне кірістері есепке алынбай көрсетіледі:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) бір рет үш айдан кешіктірмей 145 (жүз қырық бес) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      2) денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған әлеуметтік маңызы бар аурулары (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, қатерлі ісіктер, бірінші типті қант диабеті) бар адамдарға (отбасыларға) аурулардың бір түрі бойынша жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) амбулаториялық емдеудегі белсенді түрдегі туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 ай бойы 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға, босатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) Қазақстан Республикасының медициналық колледждерінде күндізгі нысан бойынша ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жиырма үш жасқа дейінгі көп балалы отбасылардан шыққан балаларға және атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға оқу орнынан анықтама негізінде Біржан сал ауданында жұмыс істеуді ескере отырып, жылына 1 рет оқу құнынан 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;

      7) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық қызметтер үшін шығындарына ай сайын 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;

      8) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5 және 6-баптарында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасы шегінде санаторийліқ-курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5 және 6-баптарында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темір жол немесе автомобиль жолаушылар көлігімен санаторийге немесе госпитальға емделуге екі жаққа жол жүру құнын өтеуге жөнелту станциясынан емдеуге жатқызу орнына дейін және кері қайтуға растайтын құжаттарды ұсынған кезде жылына 1 рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      10) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5 және 6-баптарында көрсетілген адамдарға, коммуналдық қызмет шығындарын төлеуге ай сайын 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бірақ 7 айдан артық емес.

      13. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарының біріне өтініш бойынша кірістері ескеріле отырып көрсетіледі:

      1) жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен көпбалалы отбасылар қатарындағы студенттерге, Қазақстан Республикасының жоғары медициналық оқу орындарында күндізгі нысан бойынша ақылы негізде оқитын оқу орнымен жасалған шарттың, аудан әкімі, студент және жұмыс беруші арасында жасалған шарттың көшірмелері, оқу орнынан алынған анықтаманың, көпбалалы отбасы мәртебесін растайтын анықтаманың негізінде, жылына 1 рет Біржан сал ауданында жұмыс істеуді ескере отырып, оқу құнынан 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;

      2) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын адамдарға (отбасыларға) жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      14. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      15. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      16. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Біржан сал ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      17. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      18. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      19. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады