Целиноград ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 қарашадағы № 80/12-8 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 4 желтоқсанда № 8659-03 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2-3- тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес, Целиноград аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Целиноград ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Целиноград аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Целиноград аудандық мәслихатының төрағасы Л.Конарбаева

  Целиноград аудандық
мәслихатының
2023 жылғы 27 қарашадағы
№ 80/12-8 шешіміне
1 қосымша

Целиноград ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Целиноград ауданының әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және Целиноград ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар Целиноград ауданының аумағында тұрақты тұратын және тіркелген адамдарға қолданылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 28.06.2024 № 181/23-8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Целиноград ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – Целиноград ауданының әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Целиноград ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесi;

      5) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      6) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      7) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 20.01.2025 № 301/37-8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      4. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері мен атаулы күндер тізбесі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні;

      3) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      4) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні;

      5) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні;

      6) 1 қазан – Қарттар күні;

      7) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні;

      8) 16 желтоқсан –Тәуелсіздік күні.

2–тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейінің шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді орган бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 20.01.2025 № 301/37-8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін жергілікті өкілді орган облыс жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.

      9. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей азаматтардың келесі санаттарына жылына 1 рет көрсетіледі:

      1) 9 мамыр – Жеңіс күніне:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жылына 1 рет–1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасы "Ардагерлер туралы" Заңының 6-бабына сәйкес жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге жылына 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) жылына 1 рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға жылына 1 рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылатын және бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының ордендерімен немесе медальдарымен наградталған не бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының құрметті атақтарына ие болған, не Қазақстан Республикасының құрмет грамоталарымен наградталған, не Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен наградталған адамдарға жылына 1 рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне:

      басқа мемлекеттердің аумағында, атап айтқанда Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне:

      Ауғанстаннан басқа, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне:

      саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына және саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендерге жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) 1 қазан – Қарттар күніне:

      ең төменгі және ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен зейнеткерлерге жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күніне:

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген тәртіпте ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан адамдарға, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, жылына 1 рет 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 28.06.2024 № 181/23-8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      11. Әлеуметтік көмек толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына өтініш бойынша көрсетіледі:

      1) кірістерді есепке алмағанда:

      әлеуметтік маңызы бар аурулары (қатерлі ісіктер, адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру) бар адамдарға, жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      әлеуметтік маңызы бар аурулары (бірінші типті қант диабеті) бар адамдарға жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      амбулаториялық емдеудегі белсенді нысандағы туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 айдан артық емес 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      босатылған күнінен бастап үш айдан кешіктірмей бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      пробация қызметіне тіркелген күнінен бастап үш айдан кешіктірмей пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) үш айдан кешіктірмей бір рет 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 баптарында көрсетілген адамдарға, Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлық-курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 баптарында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темір жол немесе автомобиль жолаушылар көлігімен санаторийге немесе госпитальға емделуге екі жаққа жол жүру құнын өтеуге жөнелту станциясынан емдеу немесе емдеуге жатқызу орнына дейін және кері қайтуға растайтын құжаттарды ұсынған кезде жылына 1 рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына коммуналдық қызметтер үшін шығыстарға ай сайын 1 (бір) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      2) кірістерді ескере отырып жылына 1 рет:

      жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен көп балалы отбасылардан шыққан адамдар, мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан Қазақстан Республикасының колледждерінде күндізгі нысанда ақылы негізде оқитын, жиырма үш жасқа дейінгі студенттерге оқу орнынан анықтама негізінде оқу құнының 100 (жүз) пайызы мөлшерінде;

      жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен көп балалы отбасылардан шыққан, Қазақстан Республикасының жоғары медициналық оқу орындарында күндізгі нысанда ақылы негізде оқитын студенттерге, оқу орнынан анықтама негізінде оқу құнының 100 (жүз) пайызы мөлшерінде;

      жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын адамдарға (отбасыларға) 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      3) кірістерді ескере отырып бір рет:

      бір тұрғын үйді газдандыруға бойынша жұмсалған шығындарды өтеуге әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның меншік иелері не меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын азаматтарға, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, 70 (жетпіс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға жүгінеді және газ құбырын орнату және жүргізуге байланысты болған шығыстарын растайтын акт және/немесе құжат (фискалдық чектердің, түбіртектердің, қызметтерді көрсетуге арналған шарттардың көшірмелері) және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқығының болмауы (болуы) туралы анықтама қоса беріледі.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 28.06.2024 № 181/23-8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.01.2025 № 301/37-8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      Мынадай:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 20.01.2025 № 301/37-8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      13. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Целиноград ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 20.01.2025 № 301/37-8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      14. Мынадай:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 20.01.2025 № 301/37-8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      15. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      16. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Целиноград аудандық мәслихатының 28.06.2024 № 181/23-8 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

  Целиноград аудандық
мәслихатының
2023 жылғы 27 қарашадағы
№ 80/12-8 шешіміне
2-қосымша

Целиноград аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылған тізбесі

      1. Целиноград аудандық мәслихатының "Целиноград ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 28 қазандағы № 444/67-6 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8122 болып тіркелген) шешімі.

      2. Целиноград аудандық мәслихатының "Целиноград аудандық мәслихатының 2020 жылғы 28 қазандағы № 444/67-6 "Целиноград ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2022 жылғы 13 мамырдағы № 143/24-7 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28123 болып тіркелген) шешімі.

      3. Целиноград аудандық мәслихатының "Целиноград аудандық мәслихатының 2020 жылғы 28 қазандағы № 444/67-6 "Целиноград ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2022 жылғы 17 қарашадағы № 192/35-7 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30779 болып тіркелген) шешімі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады