Ырғыз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 333 "Ырғыз ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық мәслихатының 2023 жылғы 11 мамырдағы № 16 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 16 мамырда № 8351 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық мәслихатының 2023 жылғы 15 қыркүйектегі № 56 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық мәслихатының 15.09.2023 № 56 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Ырғыз аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Ырғыз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 333 "Ырғыз ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7502 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:

      Көрсетілген шешімнің қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ырғыз аудандық
мәслихатының төрағасы
М. Турымов

  Ырғыз аудандық мәслихатының 2023 жылғы 11 мамырдағы № 16 шешіміне қосымша
  Ырғыз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 333 шешімімен бекітілген

Ырғыз ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары
1–тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ырғыз ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрi – Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай–ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – "Ырғыз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті ауылдық округ әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай–ақ мереке күндеріне ақшалай түрде көрсететін көмек түсініледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

      5. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17 бабында, Қазақстан Республикасы 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын – сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.

2–тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, алушылардың тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 9 мамыр – Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 2 140 000 (екі миллион бір жүз қырық мың) теңге мөлшерiнде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлеріне – 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының күші қолданылатын басқа да адамдарға -150 000 (жүз елу мың) теңге;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;

      2) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні:

      бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, он алты жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай бір рет– 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде.

      3) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:

      Қазақстан Республикасы 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын – сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңына сәйкес Қазақстандағы 1986 жылғы 17 – 18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан адамдарға – 120 000 (жүз жиырма мың) теңге мөлшерінде:

      4) әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға, атап айтқанда: амбулаторлық емдеудегі онкологиялық аурулармен ауыратын және туберкулез ауруынан зардап шегетін тұлғалар – "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ырғыз аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған тізімдеріне және адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын жұқпасы бар тұлғалар Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Облыстық ЖИТС алдын алу және оған күрес жөніндегі орталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған анықтамаларға сәйкес табысы есепке алынбай, ай сайын, бірақ жылына 6 (алты) айдан аспайтын уақытқа – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7. Өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:

      1) мынадай негіздер бойынша өмірлік қиын жағдайда деп танылған адамдарға (отбасыларға):

      жетімдік; ата-ана қамқорлығының болмауы; кәмелетке толмағандардың қараусыздығы қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық; туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі; дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы; әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі; жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы; әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау; баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар); бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы; пробация қызметінің есебінде болу; кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы кезінде - адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының бір еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 60 000 (алпыс мың) теңгеден артық емес мөлшерінде;

      2) көп балалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының бір еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 140 000 (жүз қырық мың) теңге мөлшерінде;

      3) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) осы жағдай туындаған сәттен бастап алты ай ішінде табиғи зілзаланың немесе өрттің пайда болған жері бойынша жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, бір рет 300 000 (үш жүз мың) теңгеден артық емес мөлшерінде.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Осы Қағидалар Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында тұрақты тұратын адамдарға қолданылады.

      10. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      11. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

3–тарау. Қорытынды ереже

      12. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е–собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнің дерекқорын пайдалана отырып жүргiзіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады