Темір ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 2023 жылғы 31 қазандағы № 88 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 6 қарашада № 8431 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Темір аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Темір ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Темір аудандық
мәслихатының төрағасы
Б. Шаимов

  Темір аудандық мәслихатының 2023 жылғы 31 қазандағы № 88 Темір аудандық мәслихатының 2023 жылғы № шешімімен бекітілді

Темір ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары
1 - тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Темір ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтөбе облысы Темір ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай–ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) уәкілетті орган – "Темір аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа кірісі – отбасының жиынтық кірісінің айына отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2 тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 10.05.2024 № 188 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген әлеуметтік көмек шаралары осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

2 - тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмек мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 9 мамыр – Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 2 140 000 (екі миллион жүз қырық мың) теңге мөлшерiнде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерiнде;

      Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерiнде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік

      Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушыларының екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғаныстанда әскери қызметін өткергеннен кейін қайтыс болған әскери қызметшілердің ата–аналарына және екінші рет некеге тұрмаған зайыбына 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      2) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай:

      мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы мүгедектігі бар адамдарға 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде;

      3) 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай:

      Қазақстандағы 1986 жылдың 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси құғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген адамдарға 120 000 (жүз жиырма мың) теңге мөлшерінде.

      Ескерту. 5 тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 10.05.2024 № 188 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табысты есепке алмағанда:

      әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға, атап айтқанда:

      амбулаторлық емдеудегі онкологиялық аурулармен ауыратын адамдарға және туберкулезбен ауратын адамдарға – "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Темір аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған тізімдеріне және адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған адамдарға "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған анықтамаларға сәйкес табысы есепке алынбай, ай сайын, бірақ жылына 6 (алты) айдан аспайтын уақытқа 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      7. Бір рет берілетін әлеуметтік көмек алушыларға мынадай негіздер бойынша беріледі:

      1) жетімдік; ата–ана қамқорлығының болмауы; жасының егде тартуына байланысты өзіне–өзі күтім жасай алмауы; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы; пробация қызметінің есебінде болу – адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының бір еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде;

      2) көп балалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, арызы бойынша, бір рет, жан басына шаққандағы орташа табыстың біржолғы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын мөлшерін ескере отырып 140 000 (жүз қырық мың) теңге мөлшерінде;

      3) табиғи зілзала немесе өрттің шыққан орны бойынша табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтардың (отбасылардың) бір рет жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Әлеуметтік көмек, егер жоғарыда аталған тұлғалар толық мемлекеттік қамсыздандыруында болмаған жағдайда көрсетіледі.

3 - тарау. Әлеуметтік көмекті көрсету тәртібі

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын ЖАО белгілейді, содан кейін уәкілетті ұйымға не өзге де ұйымдарға сұраныс жіберу арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады.

      Ескерту. 9 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 10.05.2024 № 188 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе қала, ауылдық округінің әкіміне Үлгілік қағидалардың 12-тармағына сәйкес құжаттарды қоса бере отырып, өтінішті ұсынады.

      11. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмекті алу үшін өтініштерін беру мерзімі:

      тиісті жағдайлар туындаған сәттен бастап алты айдан кеш емес.

      12. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Темір ауданының бюджетiнде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4 - тарау. Көрсетiлетiн әлеуметтiк көмектi тоқтату және қайтару үшiн негiздемелер

      13. Әлеуметтiк көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Темір ауданының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық - әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      14. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      15. Осы Қағидалар Ақтөбе облысының Темір ауданында тұрақты тұратын адамдарға қолданылады.

5 - тарау. Қорытынды ереже

      16. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е–собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнің дерекқорын пайдалана отырып жүргiзеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады