Қонаев қаласында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Алматы облысы Қонаев қалалық мәслихатының 2023 жылғы 24 қазандағы № 11-37 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2023 жылғы 1 қарашада № 6048-05 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына және Қазақстан Республикасының "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Заңының 16-бабы 4) тармақшасына сәйкес, Қонаев қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қонаев қаласында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі және мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Қонаев қаласы мәслихатының 2016 жылғы 20 маусымдағы № 5-29 "Қапшағай қаласында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3900 болып тіркелген) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Б. Садыков

  Қонаев қаласы мәслихатының 2023 жылғы 24 қазандағы № 11-37 шешіміне қосымша

Қонаев қаласында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы

      1. Осы Қонаев қаласында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің № 84 "Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығымен бекітілген "Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына (бұдан әрі – Шығындарды өтеу қағидалары) сәйкес әзірленді.

      2. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу (бұдан әрі - оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу) "Қонаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мүгедек баланың үйде оқу фактісін растайтын оқу орнының анықтамасы негізінде жүргізеді.

      3. Үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу (толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы мүгедектігі бар балаларды және оларға қатысты ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған мүгедектігі бар балаларды басқа) отбасының табысына қарамастан мүгедектігі бар балаларды ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне беріледі.

      4. Шығындарды өтеу өтініш берілген айдан бастап мүгедектігі бар баланы үйде оқыту фактісін растайтын оқу орнынан анықтамада көрсетілген мерзім аяқталған айға дейін жүргізіледі.

      5. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алуды тоқтатуға әкеп соққан жағдайлар туындағанда (мүгедектігі бар балалардың он сегіз жасқа толуы, мүгедектік мерзімінің аяқталуы, мүгедектігі бар баланың мемлекеттік мекемелерде оқып жатқан кезеңі, мүгедектігі бар баланың қайтыс болуы) төлемдер тиісті жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      6. Оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу үшін өтініш беруші "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес ақционерлік қоғамы немесе "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан 0әрі – портал) осы Шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса шығындарды өтеу қағидаларының 1 немесе 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтінішпен жүгінеді.

      Өтініш беруші оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу өтеу бойынша төлемді тағайындау үшін портал арқылы жүгінген кезде ұсынылған мәліметтерді растау және шығындарды өтеу қағидаларының 2-қосымшасына сәйкес өтініш нысанында көзделген қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.

      7. Мүгедектігі бар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындары оқу жылы ішінде сегіз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тоқсан сайын өтелсін.

      8. Оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуден бас тарту үшін негіздер Шығындарды өтеу қағидаларына 3-қосымшаның тоғызыншы жолында көзделген.

      9. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) олардың қызметкерлерінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 1-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға құқылы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады