Талас ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы

Жаңа

Жамбыл облысы Талас аудандық мәслихатының 2023 жылғы 2 қарашадағы № 9-4 шешімі. Жамбыл облысы Әділет департаментінде 2023 жылғы 9 қарашада № 5112 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШТІ:

      1. Осы шешімге қоса беріліп отырған Талас ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары 1 қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес Талас аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Талас аудандық мәслихатының тұрғындарды әлеуметтік-құқықтық қорғау және мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Талас аудандық
      мәслихатының төрағасы К. Садубаев

  Талас ауданының маслихаты 2023 жылғы 2 қарашадағы № 9-4 шешіміне 1 қосымша

Талас ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

      1. Осы Талас ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі-Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылдың 30 маусымындағы № 523 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Жамбыл облысы Талас ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – құны бойынша ең төменгі тұтыну себетінің құнына тең бір адамға шаққандағы ең төменгі ақшалай кіріс;

      5) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіби және өзге де мерекелері;

      7) уәкілетті мемлекеттік орган – "Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      8) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен (бұдан әрі-ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) азаматтарды мұқтаждар санатында, сондай-ақ мереке күндеріне ақшалай көрсетілетін көмек түсініледі.

      4. Азаматтардың мұқтаждар санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылда 1, жылына 1 рет) көрсетіледі:

      5. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі.

      6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек, ақшалай төлем түрінде Талас ауданында тұрғылықты тұратын келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      2) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне және Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуе айлақтардың құрылыс жайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілері, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілерге жылына бір рет – 1500000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден кем емес;

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға жылына бір рет – 60 000 (алпыс мың) теңгеден кем емес;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға жылына бір рет – 100000 (жүз мың) теңгеден кем емес;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарға жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға жылына бір рет – 60000 (алпыс мың) теңгеден кем емес;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің отбасыларына жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына – 50000 (елу мың) теңге жылына бір рет мөлшерінен кем емес;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

       бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерiне жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарға жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына жылына бір рет – 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына жылына бір рет – 50000 (елу мың) теңгеден кем емес;

      3)16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні;

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіппен ақталған тұлғаларға жылына бір рет - 150000 (бір жүз елу мың) теңгеден кем емес.

      7. Талас ауданында тұрғылықты тұратын азаматтардың келесі санаттарына әлеуметтік көмек жылына 1 рет өтініштері бойынша көрсетіледі:

      1) өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтарға (отбасыларға) жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 2 (екі) төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтарға (отбасыларға) арнайы комиссияның анықтауымен төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген көлемінде мынадай негіздер бойынша көрсетіледі:

      жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы;

      жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      баспанасыздық;

      дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы;

      2) Қазақстан Республикасы нормативті құқықтық актісімен бекітілген әлеуметтік мәні бар аурулармен (туберкулез, АИТВ қоспағанда) ауыратын, жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 3 (үш) төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын тұлғаларға (отбасыларға) арнайы комиссияның анықтауымен 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш көлемінде;

      3) санаторий - курорттық емделуден өткен жасына қарай зейнеткерлерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне мүгедектігі бар адамды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделу көрсетілетін мүгедектігі бар тұлғаларды қоспағанда, төменгі күнкөрістің екі еселенген мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа айлық табысы есепке алынып, 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде, санаторий – курорттық орындарда емделгені жөніндегі түбіртекті ұсыну бойынша;

      8. Бір реттік әлеуметтік көмек өтініштері бойынша Талас ауданында тұрғылықты тұратын азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебіне алынған күннен бастап 3 (үш) ай ішінде, кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болған, алдыңғы тоқсандық айлық табысы екі күнкөріс деңгейінен аспаған жағдайда, арнайы комиссияның анықтауымен төменгі күнкөрiс деңгейінің 2 (екі) еселенген көлемінде;

      2) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілгенде, отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы төменгі күнкөрістің жеті еселік мөлшерінен аспайтын тұлғаларға (отбасыларына) арнайы комиссияның анықтауымен 300 (үш жүз) айлық есептік көрсеткішке дейінгі шекте, үш ай ішінде өтініш берілгенде.

      3) тұрғын үйді газдандыруға бір рет әлеуметтік көмек:

      отбасының жан басына шаққандағы айлық табысы 3 (үш) төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде тұратын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жеке меншік иесі немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға, көп балалы аналарға және көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жетім баланың (жетім балалардың) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың (балалардың) қамқоршыларына немесе қорғаншыларына жүргізіледі.

      Әлеуметтік көмектің көлемі бір рет 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын газ құбырын орнатуға және жүргізуге байланысты өтініш берушінің нақты шығындарының негізінде анықталады.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға жүгінеді және Үлгілік қағидалардың 13-тармағында көзделген құжаттар тізбесіне қосымша газ құбырын орнату және жүргізуге байланысты болған шығыстарын растайтын акт және/немесе құжат (чектердің, түбіртектердің көшірмелері, қызметтерді көрсетуге арналған шарт) және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқығының болмауы (болуы) туралы анықтама қоса беріледі.

      9. Ай сайынғы әлеуметтік көмек өтініштері бойынша Талас ауданында тұрғылықты тұратын азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1)туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі тұлғаларға отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселік мөлшерінен аспайтын тұлғаларға ай сайын төменгі күнкөріс мөлшерінде;

      2)адамның иммунтапшылығы вирусын (АИВ) жұқтырған, амбулаториялық жағдайда емделуші отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселік мөлшерінен аспайтын тұлғаларға ай сайын төменгі күнкөріс мөлшерінде;

      3) қалалық бағыттағы жолаушылар көлiгiнде жолақы төлеміне өтемақы, жан басына шаққандағы орташа айлық табысы төменгі күнкөрістің 4 (төрт) еселік деңгейінен аспайтын "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр ана", "І-ші дәрежелі Даңқты аналар", "ІІ-ші дәрежелі Даңқты аналар" алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға, І-топ мүгедектігі бар тұлғаларға, нашар көретін ІІ-топ мүгедектігі бар тұлғаларға, Ауған соғысының, Чернобыль Атом электростанциясы апатын жоюға қатысушыларына және мүгедектігі бар тұлғаларына, тәжік – ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілеріне сонымен қатар, ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан тұлғаларға 1 (бір) айлық есептік көрсеткіш көлемінде.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      11. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      12. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның, не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      13. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Жамбыл облысы Талас ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      14. Әлеуметтік көмек ақшалай түрде екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

  Талас аудандық мәслихатының 2023 жылғы 02 қарашадағы № 9-4 шешіміне 2 қосымша

Талас аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Талас ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаcын бекіту туралы" Талас аудандық мәслихатының 2021 жылғы 25 ақпандағы № 3-3 шешімі (Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 26 ақпанда № 4903 болып тіркелді).

      2. "Талас аудандық мәслихатының 2021 жылғы 25 ақпандағы №3-3 "Талас ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Талас аудандық мәслихатының 30 қараша 2022 жылғы № 34-4 шешімі (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 7 желтоқсанда № 31002 болып тіркелді).

      3. "Талас ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" Талас аудандық мәслихатының 2021 жылғы 25 ақпандағы №3-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Талас аудандық мәслихатының 6 маусым 2023 жылғы № 4-2 шешімі (Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 8 маусымда № 5036 болып тіркелді).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады