Қаражал қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережесін бекіту туралы

Жаңа

Ұлытау облысы Қаражал қалалық мәслихатының 2023 жылғы 18 мамырдағы № 30 шешімі. Ұлытау облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 23 мамырда № 19-20 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 12-3) тармақшасына сәйкес Қаражал қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қаражал қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережесі осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихаттың төрағасы З. Оспанова

  Қаражал қалалық мәслихатының
2023 жылғы 18 мамырдағы
№ 30
шешіміне қосымша

Қаражал қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы ереже Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңына сәйкес әзірленді және Қаражал қаласының Құрмет грамотасымен наградтау тәртібін айқындайды.

      2. Құрмет грамотасы:

      1) экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі, білім берудегі, спорттағы, әскери және мемлекеттік қызметтегі, құқық қорғау және қоғамдық қызметтегі елеулі жетістіктері үшін;

      2) халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты және мәдени байланыстарды нығайту бойынша жемісті қызметті жүзеге асырғаны үшін наградтау және ынталандырудың бір нысаны болып табылады.

      3. Құрмет грамотасымен Қаражал қаласының дамуына қомақты үлес қосқан:

      1) азаматтар, мекеме, кәсіпорын және ұйымдардың қызметшілері;

      2) меншік нысанына қарамастан, еңбекте, қоғамдық-саяси қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген шаруашылық жүргізуші субъектілер ұжымдары, ұйымдар, мекемелер, шығармашылық ұжымдары марапатталады.

      4. Құрмет грамотасымен:

      1) наградтау сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдар;

      2) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;

      3) сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп таныған адамдар наградтала алмайды.

      5. Осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген тұлға бес жыл ішінде қаланың Құрмет грамотасымен марапаттауға екі рет ұсыныла алмайды.

      6. Наградтау ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де Қазақстан Республикасының мерекелеріне орайластырылады.

2. Құрмет грамотасымен наградтау тәртібі

      7. Құрмет грамотасымен наградтауға ұсынысты қала әкімінің аппаратына шараның өтетін күнінен кемінде жиырма күнтізбелік күн бұрын меншік нысанына қарамастан мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар, жергілікті өкілі және атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, шығармашылық бірлестіктер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары жолдайды.

      Ұсыныста тегі, аты, әкесінің аты, атқаратын лауазымы немесе (ұйымның, ұжымның) ресми атауы көрсетіледі, нақты еңбек және шығармашылық еңбектері, қаланың дамуына қосқан үлесі баяндалған сипаттама беріледі. Ұсынысқа бірінші басшы қол қояды және мөрмен бекітіледі.

      Ұсынысқа кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі не ұйымның, мекеменің немесе шығармашылық ұжымның құрылтайшылық құжаттары қоса беріледі.

      8. Құрмет грамотасымен наградтау үшін өзінің кандидатурасын өзі ұсынған азаматтардан түскен материалдар, қаралмайды.

      9. Келіп түскен құжаттар алдын ала қарау және наградтау жөнінде ұсыныс әзірленуі үшін, наградтау жөніндегі қала әкімі жанындағы комиссияға (бұдан әрі - Комиссия) жолданады.

      10. Комиссия құрамына жергілікті атқарушы органның мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдары мен уәкілетті органдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары кіреді.

      Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы жеті адамнан кем болмауы тиіс.

      Қаражал қаласы әкімінің әлеуметтік сала мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары Комиссия төрағасы болып табылады.

      11. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп есептеледі.

      12. Комиссия шешімі, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып есептеледі.

      13. Комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады және оның барлық мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      14. Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешімді қала әкімі мен қалалық мәслихаттың төрағасы (немесе олардың міндетін атқарушы тұлғалар) Комиссияның оң қорытындысына сәйкес, бірлескен өкім шығару жолымен қабылдайды.

      15. Құрмет грамотасын тапсыру салтанатты жағдайда наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Құрмет грамотасын қала әкімі және (немесе) қалалық мәслихаттың төрағасы, немесе олардың тапсырмасы бойынша өзге тұлғалар тапсырады.

      16. Наградтау бойынша материалдар қала әкімінің аппаратында сақталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады