Мұнайлы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 23 қазандағы № 6/41 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2023 жылғы 3 қарашада № 4631-12 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Мұнайлы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес Мұнайлы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес тізбе бойынша Мұнайлы аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мұнайлы аудандық мәслихатының төрағасы Б. Билялов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Маңғыстау облысының жұмыспен

      қамтуды үйлестіру және әлеуметтік

      бағдарламалар басқармасы"

      мемлекеттік мекемесі

  Мұнайлы аудандық мәслихатының
  2023 жылғы 23 қазандағы
  № 6/41 шешіміне 1-қосымша

Мұнайлы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мұнайлы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 қаулысына (бұдан әрі-Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1 -тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 28.08.2024 № 20/113 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      6) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      7) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2 - тармаққа өзгеріс енгізілді - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 31.05.2024 № 16/96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағының 2)тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек бір рет ақшалай нысанда келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 21-23 наурыз – Наурыз мейрамы:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған және бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға – 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі:

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 9 мамыр – Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға – 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның, сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      4) 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні:

      жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен тұлғаларға -10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға (балаларға) - 8 (сегіз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) 25 қазан – Республика күні:

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      70 (жетпіс) жастан асқан зейнеткерлерге – 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан тұлғаларға – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      6. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) әлеуметтік мәні бар аурулары (қатерлі ісіктер, туберкулез, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тудыратын ауру) бар, мемлекеттік жәрдемақы алмайтын тұлғаларға, жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай - 26 (жиырма алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырып алған балаларға, ай сайын - Қазақстан Республикасы бойынша 2 (екі) ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінде;

      3) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келгенде, осы жағдай туындаған сәттен бастап алты айдың ішінде, өтініші бойынша, бір рет, табысын есепке алмай - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      4) өтініш берген тоқсан алдындағы Маңғыстау облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар тұлғаларға (жетімдік; ата-ана қамқорлығының болмауы; кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық; кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы; туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі; мүгедектік және (немесе) дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы; әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі; жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы; әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау; баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар); бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы; пробация қызметінің есебінде болуы), жылына 1 рет – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      5) өтініш беру алдындағы он екі айға Маңғыстау облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен жан басына шаққандағы орташа табысы және келісім-шарты болғанда "бакалавр" дәрежесін алу үшін күндізгі нысан бойынша Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында студенттерге (мүгедектігі бар балалар, жетімдік, ата-анасының қамқорлығының болмауы) білім беру қызметтеріне ақы төлеуге, жылына 1 рет;

      6) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген адамдарға санаториялық-курорттық емделуге табыстарын есепке алмай, жылына 1 рет, бірақ кепілдік берілген сомадан артық емес және темір жол көлігінде жол жүру құнын төлеу;

      7) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін адамның уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай, санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға құқығы бар.

      Ескерту. 6 - тармаққа орыс тілінде өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 31.05.2024 № 16/96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 28.08.2024 № 20/113 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.10.2024 № 21/119 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

3 тарау. Қорытынды ереже

      7. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, әлеуметтік көмекті алу үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі, әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту, әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер Үлгілік қағидаларының 3-тарауында келтірілген.

      Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      Ескерту. 7 -тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 28.08.2024 № 20/113 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      9. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Мұнайлы аудандық мәслихатының
  2023 жылғы 23 қазандағы
  № 6/41 шешіміне 1-қосымша

Мұнайлы аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" Мұнайлы аудандық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 3/21 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4503 болып тіркелген).

      2. "Мұнайлы аудандық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №3/21 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Мұнайлы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 10 ақпандағы №15/97 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 26883 болып тіркелген).

      3. "Мұнайлы аудандық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №3/21 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Мұнайлы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 6 қазандағы № 23/143 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 30267 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады