Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы Қостанай қаласы мәслихатының 2023 жылғы 2 қарашадағы № 61 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 13 қарашада № 10081 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Қостанай қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Қостанай қалалық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай қалалық мәслихатының төрағасы О. Байгабулов

  Мәслихаттың
  2023 жылғы 2 қарашадағы
  № 61 шешіміне
  1-қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қостанай қаласы мәслихатының 17.01.2025 № 152 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң), "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша облыстық маңызы бар қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – облыстық маңызы бар қаланың әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      12) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мерекелік және атаулы күндердің тізбесі:

      1) Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күні – 15 ақпан;

      2) Чернобыль апаты туралы еске алудың халықаралық күні – 26 сәуір;

      3) Отан қорғаушы күні – 7 мамыр;

      4) Жеңіс күні – 9 мамыр;

      5) Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні – 29 тамыз;

      6) Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына, табыстарын есепке алмай біржолғы көрсетіледі:

      1) Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күні – 15 ақпан:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы ұрыс кезінде әскери борышын өтеу кезінде бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңінде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      2) Чернобыль апаты туралы еске алудың халықаралық күні – 26 сәуір;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) Отан қорғаушы күні – 7 мамыр:

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес, осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      ұрыс қимылдары жүргізілген басқа елдерде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      4) Жеңіс күні – 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1500000 (бір миллион бес жүз) теңге мөлшерінде;

      Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға:

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелеріне 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан, не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген болған адамдарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар адамдарға теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      келесі санаттағы адамдарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі:

      Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, осы Заңның 4-6-баптарында аталған адамдардың отбасыларына;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      5) Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні – 29 тамыз;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде.

      6. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тұрмыстық қажеттіліктерге, табыстарын есепке алмай, ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Заңның 5, 6-баптарында, 7-бабының 1) - 4) тармақшаларында, 8-бабының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген ардагерлерге және басқа де адамдарғаға, тұрмыстық қажеттіліктерге, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балаларға, табыстарын есепке алмай, ай сайын, ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселік мөлшерінде;

      4) туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емделуде жүрген адамдарға, табыстарын есепке алмай, амбулаториялық емдеу кезеңіне, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) мүгедектігі бар адамдарға, олардың оңалту орталықтарына жол жүруі мен кері қайтуына байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, тоқсан сайын, 3 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      6) оқу жылы ішінде екі бөлікпен аударылатын Қазақстан Республикасында білім алуға байланысты нақты құны бойынша оқу ақысын төлеу үшін 400 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде, жартыжылдықта 1 рет, бiлiм беру гранттарының иелерi, мемлекеттiк бюджет төлемдерінің өзге де түрлерiн алушылар болып табылатын тұлғаларды қоспағанда, алғашқы техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi не жоғары бiлiм (бұдан әрi - бiлiм) алушы тұлғаларға, оның ішінде:

      күндізгі оқу нысаны бойынша, өтiнiш берудің алдындағы соңғы он екi айда ең төмен күнкөрiс деңгейi шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың жастарына;

      күндізгі оқу нысаны бойынша, табыстарын есепке алмай, жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен оқуын жалғастыратын халықтың әлеуметтiк жағынан әлсiз топтарына жататын жастарға;

      табыстарын есепке алмай, мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасында ұсынымы бар мүгедектігі бар адамдарға.

      Бір білім алу үшін оқу ақысына әлеуметтік көмек көрсетіледі;

      7) мүгедектігі бар адамдарға емделуге және тегін медициналық тексеруге, табыстарын есепке алмай, нақты шығындар мөлшерінде жартыжылдықта 1 рет, бірақ жылына 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес;

      8) мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақыдан басқа табысы жоқ, жалғыз басты тұратын мүгедектігі бар адамдарға, жылына 1 рет, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      9) азаматқа (отбасына) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты, табыстарын есепке алмай, біржолғы, 100 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      10) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, жылына 1 рет, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      11) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың адамдарына, қайтыс болған күні еңбек мобильділігі орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың адамдарына кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, біржолғы, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      12) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, табыстарын есепке алмай, біржолғы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      13) мүгедектiгі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес бiрiншi топтағы мүгедектігі бар адамдардың және оларды шипажайлық-курорттық емдеуге алып жүретін адамдардың шығындарын өтеу әлеуметтiк қызмет көрсету порталы арқылы санаторийлік-курорттық емдеудi жүзеге асыратын ұйымдарда, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тиісті қаржы жылына әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға сату кезінде санаторийлік-курорттық емдеу құнының өтемақысы ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызынан аспайтын, табыстарын есепке алмай бiрақ бір алып жүретін адамнан аспайтын адаммен, жылына 1 рет емдеу шараларын қоспағанда, тұруға және тамақтануға нақты шығындар мөлшерінде;

      14) Заңның 5, 6-баптарында, 7-бабының 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ардагерлерге және өзге де адамдарға, Қазақстан Республикасының шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай, жолдаманың нақты құнын өтеуге, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тиісті қаржы жылына әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға оларды сату кезінде санаторийлік-курорттық емделудің құнына өтемақы ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сомадан аспайтын мөлшерде.

      "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шара туралы" Қостанай облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 маусымдағы № 510 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9264 болып тіркелген) шешімімен белгіленген санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеу жазбаша түрде заттай нысаннан бас тартқан жағдайда ұсынылады.

      Санаторийлік-курорттық емделу орнына бару және кері қайтуға жолақысын төлеу санаторийлік-курорттық емдеуді алушының өз қаражаты есебінен жүргізіледі.

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      8. Қостанай облысы бойынша жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі бір еселік ең төмен күнкөрiс деңгейi мөлшерінде белгіленеді.

      9. Осы Қағидалардың 7-тармағының 1), 2) және 7) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек көрсетілген оқиғалар туындаған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей көрсетіледі.

      Мүгедектігі бар адамдарға емделуге және медициналық тексерілуге әлеуметтік көмек емделген және (немесе) медициналық тексерілуден өткен күннен бастап он екі айдан кешіктірілмей көрсетіледі.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек оны алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган айқындайды.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.

      12. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе өкілі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша) жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе Мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінішпен немесе Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.

      Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) Үлгілік қағидаларға 1-2-қосымшаға сәйкес нысанда сұрау салу қалыптастырады.

      АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды).

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген, бірінші рет өтініш жасаған адамдар өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдар адамның иммун тапшылығы вирусы ауруын растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген адамдар туберкулезбен ауыру фактісін және амбулаторлық емделуде екенін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар оңалту фактісін және жол жүру құнын растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 6) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген адамдар білім алғанын, оның құнын және мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасын растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген адамдар тағайындауды және (немесе) емделуден немесе медициналық тексеруден өтуді және емделуге және (немесе) медициналық тексеруге ақы төленгенін растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген адамдар дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген адамдар өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін табысы туралы мәліметтерді, қайтыс болу фактісін, сондай-ақ қайтыс болуды тіркеу кезінде қайтыс болған адамды жұмыссыз ретінде тіркеу фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген адамдар бас бостандығынан айыру орындарынан босату, пробация қызметінің есебінде тұру фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 13) тармақшасында көрсетілген адамдар санаторийлік-курорттық емделуге ақы төлегенін растайтын құжатты, санаторийлік-курорттық ұйым бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға және оны алып жүретін адамға берген орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 14) тармақшасында көрсетілген адамдар әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаттарды, санаторийлік-курорттық емделуге ақы төленгенін, санаторийлік-курорттық ұйым берген орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актінсін ұсынады.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      Өтініш беруші толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

      Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электронды түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.

      Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.

      13. Әлеуметтік көмек өтініш берілген айдан бастап тағайындалады.

      14. Құжаттарды қарау тәртібі, әлеуметтік көмек көрсету мерзімдері, бас тарту негіздері, әлеуметтік көмек төлеуді тоқтату, артық төленген сомаларды қайтару және әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Үлгілік қағидалардың 13-24-тармақтарына сәйкес белгіленді.

      15. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

      16. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.

      Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      17. Үлгілік қағидалардың 28-32-тармақтарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.

      18. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

  Мәслихаттың
  2023 жылғы 2 қарашадағы
  № 61 шешіміне
  2-қосымша

Қостанай қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Қостанай қалалық мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін белгілеудің және мөлшерлерін белгілеудің қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 28 тамыздағы № 511 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9419 болып тіркелген).

      2. Қостанай қалалық мәслихатының "Мәслихаттың "Әлеуметтік көмек көрсетудің, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін белгілеудің және мөлшерлерін белгілеудің қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 28 тамыздағы № 511 шешіміне өзерістер енгізу туралы" 2022 жылғы 5 желтоқсандағы № 168 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31073 болып тіркелген).

      3. Қостанай қалалық мәслихатының "Мәслихаттың "Әлеуметтік көмек көрсетудің, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін белгілеудің және мөлшерлерін белгілеудің қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 28 тамыздағы № 511 шешіміне өзерістер енгізу туралы" 2023 жылғы 14 сәуірдегі № 8 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9972 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады