Мәслихаттың 2020 жылғы 13 тамыздағы № 397 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер пен толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Қостанай облысы Меңдіқара ауданы мәслихатының 2023 жылғы 10 сәуірдегі № 24 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 21 сәуірде № 9976 болып тіркелді. Күші жойылды - Қостанай облысы Меңдіқара ауданы мәслихатының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 89 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Меңдіқара ауданы мәслихатының 28.12.2023 № 89 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Меңдіқара аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Мәслихаттың 2020 жылғы 13 тамыздағы № 397 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9380 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгерістер пен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:

      2 - тармақ мына мазмұндағы 4 - 1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4 - 1) мерекелік даталар - Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер;";

      3 - тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органның мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке датаға және мереке күніне ақшалай нысанда көрсететін көмегі түсініледі.";

      5- тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "5. Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні - 15 ақпан мереке дата, Жеңіс күні - 9 мамыр мереке күні болып табылады.";

      7- тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "7. Біржолғы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтардың санаттарына, сондай-ақ мереке датаға және мереке күніне азаматтардың жекелеген санаттарына:

      1) барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдарға, жедел емделуге, табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;

      2) барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдарға, олардың санаторийлерге және оңалту орталықтарына жол жүруі мен кері қайтуына байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, 3 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      3) абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламаларын ұсынысы бар мүгедек баланы алып жүретін ата - анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде табыстарын есепке алмағанда санаторийлік - курорттық емделуге жібереді;

      4) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына), табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 7 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;

      6) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың адамдарына, қайтыс болған күні халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың адамдарына кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Жеңіс күніне орай, табыстарын есепке алмай, 1000000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;

      8) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға, Жеңіс күніне орай, табыстарын есепке алмай:

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі - КСР Одағы) iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу - көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу - көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерге, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      9) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар, Жеңіс күніне орай, табыстарын есепке алмай:

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан, не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар - 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      10) Заңның күші қолданылатын басқа да адамдар:

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар адамдарға теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      11) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      12) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай, табыстарын есепке алмай:

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлеріне, 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшілеріне, 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшілеріне, 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылары мен қызметшiлеріне, 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің басқа да міндеттерін орындау кезінде жарақат алу, контузия алу, мертігу салдарынан немесе соғыс қимылдары жүргізілген Ауғанстанда әскери қызмет өткеру кезінде ауруға шалдығу салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілеріне, 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына, 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде.

      Жеңіс күніне орай Заңның 5, 6, 7, 8 - баптарында көрсетілген басқа ардагерлер мен тұлғаларға табыстарын есепке алмай, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.";

      12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "12. Мереке датаға және мереке күніне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкiлеттi ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.";

      14-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты (жеке басын сәйкестендіру ұшін қажет);

      2) осы Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасы екінші абзацында, 7-тармағының 4, 5) тармақшаларында көрсетілген адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      3) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер ұсынылмайды.".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 15 ақпаннан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

      Аудаңдық мәслихаттың төрағасы К. Рахметкалиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады