Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 2023 жылғы 22 қарашадағы № 82 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 30 қарашада № 10099-10 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес Федоров аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Федоров аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Федоров аудандық мәслихатының төрағасы Б. Исенгазин

  Федоров
  аудандық мәслихатының
  2023 жылғы 22 қарашадағы
  № 82 шешіміне
  1-қосымша

Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі –Заң), "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – ауданның әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      5) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      6) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      7) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 17.10.2024 № 144 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған қатынастарға таратылады).

      3. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері мен атаулы күндердің тізбесі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні - 15 ақпан;

      2) Чернобыль апатын халықаралық еске алу күні - 26 сәуір;

      3) Отан қорғаушы күні - 7 мамыр;

      4) Жеңіс күні - 9 мамыр;

      5) Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні - 29 тамыз.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 17.10.2024 № 144 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған қатынастарға таратылады).

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке және атаулы күндерге арналған әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына табыстары есепке алынбай, бір рет көрсетіледі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген Ауғанстанда әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына, 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      2) Чернобыль апатын халықаралық еске алу күні – 26 сәуір:

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарынан мүгедектігі анықталған адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың отбасыларына, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсеріне байланысты болған азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) Отан қорғаушы күні – 7 мамыр:

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес, осы Қағидалардың 5-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      ұрыс қимылдары жүргізілген басқа елдерде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      4) Жеңіс күні – 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1500000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға:

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлеріне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрыңғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрыңғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      келесі санаттағы адамдарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі:

      Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, көрсетілген Заңның 4-6-баптарында аталған адамдардың отбасыларына;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларында қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      5) Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні – 29 тамыз:

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен аварияларды жоюға қатысқан, сондай-ақ тікелей ядролық сынақтарға қатысқан адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялар, ядролық сынақтар салдарынан мүгедектігі белгіленген адамдарға және олардың мүгедектігі ата-анасының біреуінің радиациялық сәулеленуіне генетикалық байланысты балаларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың отбасыларына, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 17.10.2024 № 144 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған қатынастарға таратылады).

      6. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстары есепке алынбай, ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Заңның 8-бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, ардагерлерге және Заңның 5, 6, 7, 8-баптарында көрсетілген өзге де тұлғаларға, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстары есепке алынбай, ай сайын 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған, диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне, табыстары есепке алынбай, ай сайын екі еселік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      4) туберкулез ауруымен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі адамдарға, табыстары есепке алынбай, ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) білім беру гранттарының иелері, мемлекеттік бюджет төлемдерінің өзге де түрлерін алушылар болып табылатын адамдарды қоспағанда, алғаш рет техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі не жоғары білім (бұдан әрі - білім) алушыларға, Қазақстан Республикасының оқу орындарында білім алуына байланысты, оқу жылы ішінде екі бөлікпен аударылатын нақты құны бойынша оқу ақысын төлеу үшін, 400 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде, жартыжылдықта 1 рет, оның ішінде:

      өтініш берудің алдындағы соңғы он екi айда Қостанай облысы бойынша белгiленген ең төмен күнкөрiс деңгейi шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа кірісі бар отбасылардың жастарына, күндізгі оқу;

      жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен оқуын жалғастыратын халықтың әлеуметтiк жағынан әлсiз топтарына жататын жастарға, табыстары есепке алынбай, күндізгі оқу;

      мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына ұсынымы бар мүгедектігі бар адамдарға, табыстары есепке алынбай;

      6) мүгедектігі бар адамдарға, олардың оңалту орталықтарына жол жүруі мен кері қайтуына байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстары есепке алынбай, бір рет 3 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      7) мүгедектігі бар адамдарға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін дәрілік заттарды сатып алуға байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстары есепке алынбай, бір рет, нақты шығындар мөлшерінде, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен артық емес;

      8) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне табыстары есепке алынбай, бір рет 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа кірісі бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, жылына 1 рет 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      10) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа кірісі бар отбасылардың адамдарына, қайтыс болған күні мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың адамдарына кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, бір рет 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      11) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, табыстарын есепке алынбай, бір рет 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі;

      12) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы санаторийлік-курорттық емделуді ұсынатын ұйымдарға мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емделуге, оларды алып жүретін адамдарға арналған шығындарды өтеу үшін бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, бірақ табысы есепке алынбай, бір ілеспе адамнан артық емес, жылына 1 рет, тұру және тамақтану үшін нақты шығындар мөлшерінде, емдеу рәсімдерін қоспағанда, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тиісті қаржы жылына арналған әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға өткізу кезінде санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызынан аспайды;

      13) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Заңның 5, 6 - баптарында, 7-бабының 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген ардагерлерге санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың нақты құнын өтеуге, Қазақстан Республикасының шегінде, табысы есепке алынбай, жылына 1 рет, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган тиісті қаржы жылына айқындайтын, мүгедектігі бар адамдардың оларды әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жүзеге асыру барысында санаторийлік-курорттық емделу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сомадан артық емес.

      Санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнын өтеу Қостанай облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 маусымдағы № 510 "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шара туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9264 болып тіркелген) шешімімен белгіленген заттай нысаннан жазбаша бас тартылған жағдайда ұсынылады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 17.10.2024 № 144 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған қатынастарға таратылады).

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;

      2) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа кірістің болуы;

      3) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      4) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы негіз болып табылады.

      8. Жан басына шаққандағы орташа кіріс шегі Қостанай облысы бойынша бір реттік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде белгіленеді.

      9. Әлеуметтік көмек бір білім алуға оқу ақысы төлеу үшін көрсетіледі.

      10. Осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек көрсетілген оқиғалар басталған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей көрсетіледі.

      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы органдар айқындайды, содан кейін мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 17.10.2024 № 144 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған қатынастарға таратылады).

      13. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер. Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды;

      3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:

      осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген адамдар өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдардың ата-анасы немесе заң өкілі адамның иммун тапшылығы вирусы ауруын растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген адамдар туберкулезбен ауыру фактісін және амбулаторлық емделуде екенін растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағы 5) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген адамдар білім алғанын, оның құнын және мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасын растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген адамдар тұру фактісін және жол жүру құнын растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген адамдар дәрігер растаған ағымдағы жылға рецептуралық бланкінің көшірмесін және кассалық және/немесе тауар чегін ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген адамдар дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген адамдар өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін табысы туралы, қайтыс болу фактісін, сондай-ақ қайтыс болуды тіркеу кезінде қайтыс болған адамды жұмыссыз ретінде тіркеу фактісін растайтын мәліметтерді ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген адамдар бас бостандығынан айыру орындарынан босату, пробация қызметінің есебінде тұру фактісін растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген адамдар санаторий-курорттық емделуге ақы төленгенін растайтын құжатты, санаторий-курорттық ұйым бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға және онымен бірге жүретін адамға берген орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 13) тармақшасында көрсетілген адамдар әлеуметтік мәртебесін, санаторий-курорттық емделуге ақы төленгенін растайтын құжаттарды, санаторий-курорттық ұйым берген орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін ұсынады.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 17.10.2024 № 144 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған қатынастарға таратылады).

      14. Ай сайынғы әлеуметтік көмек өтініш берген айдан бастап тағайындалады.

      Осы Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін ай сайынғы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдарға әлеуметтік көмек алушылардың өтініштерін сұрамай-ақ көрсетіледі.

      15. Осы Қағидалардың 7-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе ауыл, ауылдық округ әкімі 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округі әкіміне жібереді.

      Ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      18. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.

      19. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа кірісін есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      20. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      21. Өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 17 және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауыл, ауылдық округі әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      22. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда - негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа кірісі әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      24. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Федоров ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      25. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      26. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      27. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Федоров
  аудандық мәслихатының
  2023 жылғы 22 қарашадағы
  № 82 шешіміне
  2-қосымша

Федоров аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Федоров аудандық мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 465 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9450 болып тіркелген) шешімі.

      2. Федоров аудандық мәслихатының "Мәслихаттың 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 465 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № 477 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9630 болып тіркелген) шешімі.

      3. Федоров аудандық мәслихатының "Мәслихаттың 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 465 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2021 жылғы 19 сәуірдегі № 28 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9877 болып тіркелген) шешімі.

      4. Федоров аудандық мәслихатының "Мәслихаттың 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 465 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2022 жылғы 20 сәуірдегі № 115 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27710 болып тіркелген) шешімі.

      5. Федоров аудандық мәслихатының "Мәслихаттың 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 465 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2022 жылғы 14 қыркүйектегі № 150 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29677 болып тіркелген) шешімі.

      6. Федоров аудандық мәслихатының "Мәслихаттың 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 465 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2023 жылғы 21 сәуірдегі № 20 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9978 болып тіркелген) шешімі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады