Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 64-бабы 3-тармағына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы "Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы" № 470 бұйрығының 14-3-тармағына сәйкес Павлодар облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес айқындалсын.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына жүктелсін.
3. Осы қаулы ресми қол қойған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Павлодар облысының әкімі | А. Байханов |
Павлодар облысы әкімдігінің 2023 жылғы 15 қарашадағы № 281/4 2023 жылғы _______№__ қаулысына қосымша |
Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру туралы ереже
1. Жалпы ереже
1. Осы Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру туралы ереже Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы № 470 бұйрығы негізінде әзірленді.
2. Ағымдағы қаржы жылына бекітілген бюджет шеңберінде халық қатысатын бюджетті іске асыруға бағытталатын шығыстардың ең төмен көлемі жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді, кредиттер мен қарыздарды қоспағанда, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық" 07 функционалдық тобы бойынша жоспарланатын бюджет шығыстарының жылдық көлемінің 10%-нан төмен болмауы тиіс.
2. Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі
3. Облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі халық қатысатын бюджет шеңберінде тұрғындардың облыстық маңызы бар қалаларды абаттандыру мәселелері бойынша жобалық ұсыныстарын қарауды, іріктеуді және шешім қабылдауды жүзеге асыру үшін ағымдағы қаржы жылының 15 қаңтарына дейінгі мерзімде Сараптамалық кеңесті құрады.
Жобалық ұсыныс – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін Қазақстан Республикасы азаматы дайындаған және берген, іске асырылуы облыстық маңызы бар қала әкімдігінің құзыретіне жататын құжат. Үлгілік жобалық ұсыныстарды облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі ресми интернет-ресурста орналастырады.
4. Сараптамалық кеңестің дербес құрамын облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі құрайды және бекітеді.
Сараптамалық кеңес төраға, төрағаның орынбасары, хатшы және кеңес мүшелері құрамынан тұрады.
Сараптамалық кеңеске мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, қала аумағында қызметін жүзеге асыратын қала тұрғындары, қоғамдық және өзге де ұйымдардың өкілдері кіреді.
Сараптамалық кеңестің төрағасы кеңес құрамына ұсынылған адамдардың арасынан сайланады.
Сараптамалық кеңесте мүшелікті тоқтату өз еркі бойынша немесе жаңа мүшені ұсынумен ұжымдық шешім бойынша жүзеге асырылады.
5. Сараптамалық кеңестің жұмыс органы қаланың тұрғын үй-коммуналдық шарушылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болып табылады.
6. Сараптамалық кеңес отырыс түрінде жұмыс жасайды. Отырыстардағы барлық шешімдер жиналғандар арасынан қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Егер отырысқа Сараптамалық кеңестің жалпы құрамынан жартысынан астамы қатысса, отырыс заңды болып саналады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда облыстық маңызы бар қала әкімдігінің Сараптамалық кеңесі төрағасының дауысы шешуші мәнге ие болады. Форс-мажорлық жағдайда отырыс кеңестің шешімін кезекті рәсімдеумен қашықтықтан өткізу форматында өткізіледі.
7. Сараптамалық кеңестің шешімі отырыс өткізетін күні шығарылады, хаттамамен рәсімделеді және оған төраға, төрағаның орынбасары, кеңес мүшелері және хатшы қол қойғаннан кейін облыстық маңызы бар қала әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылады.
8. Сараптамалық кеңестің функциялары:
1) жобалық ұсыныстың бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес келуі туралы шешім қабылдау;
2) жобалық ұсыныстарды алдын ала қарастыруды өткізу;
3) жобалық ұсыныстарды дауыс беруге арналған тізбеге қосу бойынша шешім қабылдау;
4) халық қатысатын бюджет шеңберінде қаржыландырылатын жобалық ұсыныстардың іске асырылу барысын бақылау, соның ішінде құрылымдық бөлімшелер басшыларының, коммуналдық кәсіпорындардың, мекемелер және ұйымдардың лауазымды тұлғаларының жобалық ұсыныстарды іске асыру мәселелері бойынша есептерін тыңдау;
5) өз отырыстарын ашық өткізу, отырыс хаттамаларын облыстық маңызы бар қала әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау.
3. Жобалық ұсыныстарды беру тәртібі
9. Ағымдағы қаржы жылының 15 қаңтарына дейінгі мерзімде облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі ресми интернет-ресурста және бұқаралық ақпарат құралдарында жобалық ұсыныстарды қабылдау туралы ақпаратты орналастырады.
10. Ағымдағы қаржы жылының 20 қаңтарынан бастап 1 наурызына дейін облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі қала тұрғындарының өтінімдерін келесі санаттар бойынша жобалық ұсынысты қоса берумен қабылдауды жүзеге асырады:
1) аумақты көгалдандыру;
2) тротуарларды жайластыру;
3) тротуарларды, пандустарды салу және жөндеу;
4) ортақ пайдалану орындарын (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де объектілер) құру, жөндеу және жарықтандыру;
5) бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу;
6) қоқыс тасайтын жерлерді жою;
7) ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу;
8) аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру;
9) санитарияны қамтамасыз ету.
11. Жобалық ұсыныстарға қойылатын талаптар:
1) ортақ пайдалану объектісі;
2) қала тұрғындары үшін өзектілігі.
Бұл ретте, оларды бір қаржы жылы ішінде іске асыру мүмкіндігі бар жобалық ұсыныстар басым болып табылады.
12. Жобалық ұсыныстар облыстық маңызы бар қала әкімдігінің интернет-ресурсына электрондық түрде "Халық қатысатын бюджет" бөліміне беріледі.
13. Автор кез келген сәтте өзінің жобалық ұсынысын қарастырудан ала алады.
14. Автор жобалық ұсынысқа шығыстардың шамаман алынған немесе нақты сметалық есебін, сондай-ақ жобаның суретін/эскизін/макетін/схемасын (оларды интернет-ресурстан пайдалануға болады) міндетті түрде қоса береді немесе автор жобалық ұсынысты берген сәтте интернет-ресурста жобаға эскиздерді және шығыстардың сметасын қамтитын үлгілік жобалық ұсыныстардың тізімінен жобалық ұсынысты іске асыруды таңдайды.
15. Беру кезінде бір жобалық ұсынысты іске асырудың шекті құны ағымдағы қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген он бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспауы тиіс.
4. Өтінімдерді іріктеу тәртібі
16. Жобалық ұсыныстарды қабылдау мерзімінің аяқталу қорытындысы бойынша келіп түскен жобалық ұсыныстарды Сараптамалық кеңес ағымдағы қаржы жылының 5 сәуіріне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жобалардың қайталануының болмауына, оларды облыстық маңызы бар қала әкімдігінің іске асыру құзыреттілігінің болуы мәніне талдауды жүзеге асырады.
17. Жобалық ұсыныстарға жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша Сараптамалық кеңес екі жұмыс күні ішінде жобалық ұсыныстарды дауыс беруге жіберу хаттамасын жасайды және оны жасау аяқталған күні Сараптамалық кеңестің жұмыс органы интернет-ресурста орналастырады.
Рұқсат беру хаттамасында жобалық ұсыныстың атауы, оның құны, автордың ТАӘ көрсетіледі және жобалық ұсыныстың эскизі қоса беріледі.
18. Сараптамалық кеңестің жұмыс органы рұқсат беру хаттамасында көрсетілген жобалық ұсыныстарды қала тұрғындарының дауыс беруін өткізу үшін интернет-ресурста орналастырады.
Дауыс беру – облыстық маңызы бар қала әкімдігінің интернет-ресурсында электронды түрде дауыс беру жолымен жобалық ұсыныстар арасында жеңімпаздарды анықтау процесі.
19. Бұл ретте:
1) тұтас емес, фрагменттік сипаты бар (элементтердің бірін орындау болашақта қосымша элементтерді іске асыруды талап етеді);
2) қаланың даму басымдықтарына сәйкес келмейтін;
3) жеке коммерциялық сипаттағы ұсыныстарды іске асыруды көздейтін;
4) қаланың құрамдас бөліктерінде осыған ұқсас іске асырылған жобалары бар жобалық ұсыныстар дауыс беруге жіберілмейді.
20. Кәмелетке толған қала тұрғындары ағымдағы қаржы жылының 24 сәуіріне дейін дауыс беруді жүзеге асырады.
Дауыс беру электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы жүзеге асырылады.
21. Дауыс беру аяқталғаннан кейін облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі дауыс беру нәтижелерін шығарады.
Бұл ретте:
облыс орталығында – кем дегенде 50 тұрғын,
облыстық маңызы бар қалада – кем дегенде 10 тұрғын дауыс берген жобалық ұсыныстар іске асыруға жіберілмейді.
22. Дауыс беру нәтижелерінің негізінде Сараптамалық кеңес ағымдағы қаржы жылының 30 сәуірінен кешіктірілмейтін мерзімде тиісті шешім шығарады.
23. Дауыс беру нәтижелері мен Сараптамалық кеңестің шешімі интернет-ресурста және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
5. Жобалық ұсыныстарды іске асыру және ақпаратты жариялау
24. Сараптамалық кеңестің шешімі негізінде облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі өз құзыреті шегінде жобалық ұсыныстарды іске асыруға кіріседі.
Халық қатысатын бюджеттің жобалық ұсыныстарын қаржыландыру тиісті бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жобалық ұсыныстарды іске асыру жөніндегі бюджеттік өтінімдерді жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жасайды.
25. Жобалық ұсыныстарды іске асыру барысы туралы, сондай-ақ оларды іске асыру қорытындылары туралы ақпарат тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-ы күнінен кешіктірілмей интернет-ресурста міндетті түрде орналастырылуға жатады.
26. Облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі ресми интернет-ресурста және бұқаралық ақпарат құралдарында жобалық ұсыныстарды іске асыру және оларды қаржыландыруға байланысты қаражатты пайдалану туралы ақпаратты орналастырды.
27. Жұртшылық, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тұрғындар жобалық ұсыныстардың іске асырылу барысымен танысуға және мониторингті жүзеге асыруға құқығы бар.
28. Облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері халықпен кездесу барысында оларды халық қатысатын бюджет шеңберінде іске асырылатын жобалық ұсыныстар туралы хабардар етеді.