Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Екібастұз қаласы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 13 қазандағы № 80/8 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 16 қазанда № 7405-14 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес Екібастұз қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Екібастұз қаласы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекiтілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Н. Макраев

  Екібастұз қалалық
мәслихатының 2023 жылғы
13 қазандағы № 80/8
шешіміне қосымша

Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және Екібастұз қаласы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары

      1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және Екібастұз қаласы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2023 жылғы 30 маусымдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" № 523 қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртібін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Екібастұз қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органдарымен (бұдан әрі – ЖАО), Екібастұз өңірінде тұрақты тіркеуі бар мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсетілетін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін Екібастұз қаласы, поселке, ауыл, ауылдық округ әкімінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 29.04.2024 № 153/18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Кодексінің 13-тарауында және және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (әрі қарай – Заң) 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек біржолғы (жылына бір рет) және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын) көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мерекелік және атаулы күндердің тізбесі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;

      3) 26 сәуір – радиациялық авариялар мен апаттардың салдарын жоюға және осы авариялар мен апаттардың құрбандарын еске алуға қатысушылар күні;

      4) 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні;

      5) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      6) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні;

      7) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні;

      8) 1 қазан – Қарттар күні;

      9) 25 қазан – Қазақстан Республикасының күні;

      10) 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 14.08.2024 № 169/21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсетудің санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Әлеуметтік көмек біржолғы (жылына бір рет) және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын) мұқтаж азаматтардың мынадай жекелеген санаттарына беріледі:

      1) дүлей зілзаланың немесеөрттің өрттің туындау орны бойынша дүлей зілзаланың немесеөрттің салдарынан мүлікке нұқсан келтіруге байланысты зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) (меншігінде бір бірліктен астам тұрғын үйі (пәтері, үйі) бар азаматтарды (отбасыларды) қоспағанда) - 100 (жүз)айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерде(бұдан әрі - АЕК) кірісті есепке алмағанда бір рет арнайы комиссияның қорытындысына сәйкес - Үлгілік қағидалардың 12 - тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде (бұдан әрі-АЕК) көрсетеді. Әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі-мүлікке залал келтірілген сәттен бастап алты ай ішінде;

      2) әлеуметтік мәні бар аурулардың салдарынан тіршілік әрекеті шектелген адамдарға (отбасыларға):

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде қатерлі ісіктен зардап шегетін және диспансерлік есепте тұрған адамдарға - табысын ескермей бір рет 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде Павлодар облысы әкімдігі, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы шаруашылық жүргізу құқығындағы "Павлодар облыстық онкологиялық диспансері" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына және тұрғылықты орнына кері қайтуға жол жүру билеттері құнының нақты мөлшерінде (таксиден басқа) - табысын ескермей ай сайын - қатерлі ісіктен зардап шегетін диспансерлік есепте тұрған адамдарға;

      Екібастұз қаласы емханалары ұсынған тізімнің негізінде туберкулезбен ауыратын амбулаториялық емделу кезеңіндегі адамдарға - табысын ескермей ай сайын 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының "Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Екібастұз бөлімшесі ұсынған тізімі негізінде адамның иммунитет тапшылығы вирусын (бұдан әрі - АИТВ) жұқтырған диспансерлік есепте тұрған адамдарға- табысын ескермей бір рет 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының "Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Екібастұз бөлімшесі ұсынған тізімі негізінде АИТВ жұқтырған диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне - табысын ескермей ай сайын тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде;

      Екібастұз қаласының емханалары ұсынатын тізімдер негізінде "I типті, II типті қант диабеті, атап айтқанда инсулинге қажеттілік нысаны" ауруымен зардап шегетін адамдарға - табысын ескермей бір рет 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Екібастұз қаласының емханалары ұсынылған тізімдер негізінде "жүйелі қызыл жегі" ауруымен зардап шегетін және диспансерлік есепте тұрған адамдарға - табысын ескермей бір рет 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      3) "Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Павлодар облысының полиция департаменті Екібастұз қаласының полиция басқармасы" мемлекеттік мекемесінің тізімдері негізінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға - табысын ескермей бір рет 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Павлодар облысы бойынша қылмыстық - атқару жүйесі департаментінің Екібастұз қаласы пробация қызметінің тізімдері негізінде пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға – табысын ескермей бір рет 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде оқу мерзімі аяқталғанға дейін оқытуға әлеуметтік көмек алған студенттерге - оқудың нақты құны бойынша табысын ескермей бір рет;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде оқу кезеңінде тұруға, тамақтануға және тұрғылықты жеріне жол жүруге оқу мерзімі аяқталғанға дейін оқытуға әлеуметтік көмек алған студенттерге - табысын ескермей ай сайын 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      6) Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжатқа қоса "Ардагерлер туралы" Заңның 5 – бабының 1) тармақшасының тоғыз абзацында, 6 - бабының 2) тармақшасының екі, алты абзацтарында, 8-бабының 3) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін сауықтыруға -табысын ескермей бір рет 50 (елу) АЕК мөлшерінде;

      7) Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжатқа қоса тісті протездеуді алғандығын дәлелдейтін құжаттарын (орындалған жұмыстар акті, шот фактура) бере отырып өтініш негізінде "Ардагерлер туралы" Заңның 5 - бабының 1) тармақшасының тоғыз абзацында, 6-бабының 2) тармақшасының екі, алты абзацтарында, 8-бабының 3) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін тіс протездеуге-табысын ескермей бір рет 25 (жиырма бес) АЕК мөлшерінде;

      8) Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1) тармағында көрсетілген құжатқа қоса санаторий-курорттық ем алғандығын дәлелдейтін құжаттарын (орындалған жұмыстар акті, шот фактура) бере отырып, өтініш негізінде жеке көмекшінің қызметін алуға мүгедектігі бар адамдың абилитациясы және оны оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік бөлігінен үзінді көшірмесі бар, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға санаторий-курорттық емделуге еріп жүретін адамның тамақтануы, жол жүруі және тұруына - табысын ескермей бір рет 55 (елу бес) АЕК мөлшерінде;

      9) Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1) тармағында көрсетілген құжатқа қоса санаторий-курорттық ем алғандығын дәлелдейтін құжаттарын (орындалған жұмыстар акті, шот фактура) бере отырып, өтініш негізінде санаторий-курорттық емделуін алуға мүгедектігі бар адамның абилитациясы және оны оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік бөлігінен үзінді көшірмесі бар, мүгедектігі бар балаларға санаторий-курорттық емделуге еріп жүретін адамның тамақтануы, жол жүруі және тұруына - табысын ескермей бір рет 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      10) "Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің тізімі негізінде аймақтық, республикалық, халықаралық жарыстарға дайындалу үшін мүгедектігі бар адамдарға - табысын ескермей бір рет 15 (он бес) АЕК мөлшерінде;

      11) Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1) тармағында көрсетілген құжатты, 12 аптаға дейін жүктілікке тұруы туралы медициналық анықтаманы қоса бере отырып өтініш негізінде 12 аптаға дейін жүктілік мерзімінде есепке тұрған мүгедектігі бар әйелдерге - табысын ескермей бір рет 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      12) Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, 12 аптаға дейін жүктілікке тұруы туралы медициналық анықтаманы қоса бере отырып өтініш негізінде 12 аптаға дейін жүктілік мерзімінде есепке тұрған, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын аз қамтамасыз етілген отбасылардағы әйелдерге - бір рет 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      13) Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1) тармағында көрсетілген құжатты, баланың туу туралы куәлігін қоса бере отырып өтініш негізінде кәмелетке толмаған балалары бар мүгедектігі бар адамдарға - табысын ескермей бір рет 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      14) Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде Екібастұз қаласының колледждерінде білім алатын жетім балалар, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар қатарындағы студенттерге қалаішілік жолаушылар көлігіндегі жолақыға - ай сайын табысын ескермей бір рет 2 (екі) АЕК мөлшерінде;

      15) дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын, Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде шұғыл немесе жоспарлы хирургиялық отадан өткен, шұғыл араласуды қажет ететін, бір айдан аса созылмалы ауруға байланысты өмірлік қиын жағдайға тап болған, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтарға - арнайы комиссия қорытындысына сәйкес бір рет 15 (он бес) АЕК мөлшерінде. Әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі – көрсетілген жағдайлар туындаған сәттен алты ай ішінде;

      16) Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжатқа қоса (жылына бір рет) өтініш негізінде - "Ардагерлер туралы" Заңның 5-бабының, 1) тармақшасының жеті, сегіз, тоғыз абзацтарында, 6-бабының 2) тармақшасының екі, үш, алты абзацтарында, 8-бабының 2), 3) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін коммуналдық қызметтерге тоқсан сайын 10 (он) АЕК мөлшерінде.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 29.04.2024 № 153/18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.08.2024 № 169/21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      8. Атаулы күндер мен мереке күндеріне келесі санаттағы азаматтарға табыс есебінсіз біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілеріне 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлеріне 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылары мен қызметшiлеріне 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      2 ) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне уәкілетті ұйымның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде:

      мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көп балалы аналарына (отбасыларына) 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде;

      3) 26 сәуір - радиациялық апаттар мен апаттардың салдарын жоюға және осы апаттар мен апаттардың құрбандарын еске алуға қатысушылар күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде:

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарына және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқандарына, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарына 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарына 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      4 ) 7 мамыр –Отан қорғаушы күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде:

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      5 ) 9 мамыр –Жеңіс күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде:

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне 2 000 000 (екі миллион) теңге мөлшерінде, сондай-ақ 10 (он) АЕК мөлшерінде азық-түлік жиынтығы;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарына, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, жұмысшылары мен қызметшілеріне 2 000 000 (екі миллион) теңге мөлшерінде, сондай-ақ 10 (он) АЕК мөлшерінде азық-түлік жиынтығы;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарына 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарына 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілер10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарына 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарына 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарына 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарына 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Заңның 46 баптарында аталған адамдардың отбасыларына 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      6) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде:

      сотпен немесе Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіппен саяси қуғын-сүргіндер құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен деп танылған азаматтарына 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атағына ие болған адамдарына 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      7) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының колледждерінде ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарына 30 (отыз) АЕК мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарына 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде;

      8) 1 қазан - Қарттар күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде:

      зейнеткерлік жасқа толған, зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерінен төмен алатын азаматтарына 2 (екі) АЕК мөлшерінде;

      зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең аз мөлшерінен төмен алатын 80 жастағы және одан (асқан) көп жасқа толған азаматтарына 3 (үш) АЕК мөлшерінде.

      9 ) 25 қазан - Қазақстан Республикасының күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарына 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      10) 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде:

      Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқан азаматтарға 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 14.08.2024 № 169/21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері облыстық ЖАОкелісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

3 - тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер Үлгілік қағидаларының 11-24 -тармақтарына сәйкес айкындалды.

      11. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады