Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Тереңкөл ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Павлодар облысы Тереңкөл аудандық мәслихатының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 3/10 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 11 желтоқсанда № 7438-14 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 46-бабы 2-тармағы 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" № 523 қаулысына сәйкес, Тереңкөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Тереңкөл ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Тереңкөл аудандық мәслихатының 2021 жылғы 30 сәуірдегі "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Тереңкөл ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 5/5 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7289 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Тереңкөл аудандық мәслихатының әлеуметтік сала мен заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Тереңкөл аудандық мәслихатының төрағасы Р. Габидулин

  Тереңкөл аудандық
мәслихатының 2023 жылғы
6 желтоқсандағы
№ 3/10 шешімімен
бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Тереңкөл ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - Павлодар облысы Тереңкөл аудандық мәслихатының 05.08.2024 № 2/20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс), Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармақтарына, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) № 523 қаулысына, Тереңкөл аудандық мәслихатының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Тереңкөл ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 3/10 шешіміне сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау жөніндегі Тереңкөл ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – ЖАО мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Тереңкөл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      8) мереке күндері (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін кент, ауылдық округ әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Әлеуметтік Кодекстің 71-бабы 4-тармағында, 170-бабы 3-тармағында, 229-бабы 3-тармағында, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 10-бабы 1-тармағы 2) тармақшасында, 11-бабы 1-тармағы 2) тармақшасында, 12-бабы 1-тармағы 2) тармақшасында, 13-бабы 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері және атаулы күндердің тізбесін, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің еселігін ЖАО ұсынымы бойынша жергілікті өкілді органдар белгілейді.

      5. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыстардың ЖАО бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

      6. Әлеуметтік көмек біржолғы және мерзімді түрде (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      7. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері және атаулы күндердің тізбесі:

      1) Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығару күні – 15 ақпан;

      2) Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз;

      3) Радиациялық апаттар және апаттардың салдарын жоюға қатысушылар және осы апаттар мен апаттардың құрбандарын еске алу күні – 26 сәуір;

      4) Отан қорғаушылар күні – 7 мамыр;

      5) Жеңіс күні – 9 мамыр;

      6) Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр;

      7) Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – 30 тамыз;

      8) Қарттар күні – 1 қазан;

      9) Қазақстан Республикасының күні – 25 қазан.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      8. Әлеуметтік көмек мынадай санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері:

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілер;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының әскери қызметшілері;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, атап айтқанда:

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар;

      3) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар, атап айтқанда:

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезіндеалған жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан, басқа кезеңдерде әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде немесе майданда болуына байланысты сырқаттану салдарынан, сондай-ақ Ауғанстанда немесе соғыс іс-әрекеттері жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызмет өткеру кезінде мүгедектігі белгіленген әскери қызметшілер;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апат және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялар, ядролық сынақтар салдарынан мүгедектігі белгіленген адамдар, және олардың мүгедектігі ата-анасының біреуінің радиациялық сәулеленуімен генетикалық байланыс тыбалалары;

      4) еңбек ардагерлері:

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар;

      5) Заңның күші қолданылатын басқа да адамдар:

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші реет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы);

      6) зейнеткерлік жасқа толған азаматтар:

      зейнеткерлік жасқа толған, зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерінен төмен алатын азаматтар (адамдар, зейнеткерлер);

      зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерінен төмен алатын 80 және одан жоғары (одан жоғары) жастағы азаматтар (адамдар, зейнеткерлер);

      сотпен немесе Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген тәртіппен саяси қуғын-сүргіндер құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен деп танылған азаматтар;

      7) мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар;

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

      екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

      Қазақстан Республикасының колледждерінде ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдар;

      Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдар;

      18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

      8) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көп балалы аналар (отбасылар);

      9) аз қамтамасыз етілген азаматтар, атап айтқанда:

      табиғи зілзала немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келтірілген азаматтар;

      18 жасқа дейінгі балалары бар отбасылар;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар;

      жұмыссыз ретінде Тереңкөл ауданының Мансап орталығында есепте тұрған азаматтар;

      жетім балалар;

      ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      шұғыл немесе жоспарлы ота жасатқан, оның ішінде бір айдан астам уақытқа созылған ауруға шалдыққан адамдар;

      пешпен жылытылатын жеке тұрғын үй қорында тұратын, жан басына шаққандағы орташа табысы өтініш берген кезде белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан аспайтын отбасылар;

      жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын, бір жасқа дейінгі жасанды тамақтандыруда балалары бар отбасылар;

      10) әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтар.

      9. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган:

      1) мереке күндері және атаулы күндерге біржолғы әлеуметтік көмек:

      15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығару күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде осы Қағидалардың 8-тармағы 3) тармақшасының 1 абзацында, 1) тармақшасының 1 абзацында көрсетілген санаттар үшін;

      8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде осы Қағидалардың 8-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген санат үшін;

      26 сәуір – Радиациялық апаттар және апаттардың салдарын жоюға қатысушылар және осы апаттар мен апаттардың құрбандарын еске алу күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде осы Қағидалардың 8-тармағы 3) тармақшасының 2 абзацында, 2) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін;

      7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде осы Қағидалардың 8-тармағы 5) тармақшасының 1 абзацында,1) тармақшасының 2, 3 абзацтарында көрсетілген санаттар үшін;

      9 мамыр – Жеңіс күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде осы Қағидалардың 8-тармағы 4) тармақшасының, 5) тармақшасының 2 абзацында, 1) тармақшасының 4 абзацында көрсетілген санаттар үшін;

      31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде осы Қағидалардың 8-тармағы 6) тармақшасының 3 абзацында көрсетілген санат үшін;

      30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде осы Қағидалардың 8-тармағы 7) тармақшасының 1, 4, 5 абзацтарында көрсетілген санаттар үшін;

      1 қазан – Қарттар күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде осы Қағидалардың 8-тармағы 6) тармақшасының 1, 2 абзацтарында көрсетілген санаттар үшін;

      25 қазан – Қазақстан Республикасы күніне Мемлекеттік корпорацияның тізімі негізінде осы Қағидалардың 8-тармағы 7) тармақшасының 1, 2, 3 абзацтарында көрсетілген санаттар үшін табыс есебінсіз көмек көрсетеді;

      2) бір жолғы әлеуметтік көмек:

      осы Қағидалардың 8-тармағы 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін өтініш негізінде сауықтыруға арналған 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағы 7) тармақшасының 1 абзацында көрсетілген санат үшін орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісі және шот-фактура қоса берілген өтініш негізінде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды санаторлық-курорттық емделуге алып жүруге 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жол жүруге, тұруға және ілесіп жүретін адамның тамақтануына (сауықтыруға) 55 (елу бес) АЕК мөлшерінде орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін және шот-фактураны қоса бере отырып, өтініш негізінде;

      Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде Қазақстан Республикасы бойынша медициналық мекемелерге жол жүру шығындарын 25 (жиырма бес) АЕК мөлшерінде іс жүзіндегі шығындар бойынша өтеуге 8-тармақтың 7) тармақшасының 1 абзацында көрсетілген санат үшін;

      Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде мүлкіне дүлей зілзала немесе өрт салдарынан залал келтірілген азаматтарға 100 (жүз) АЕК мөлшерінде;

      Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағы 9) тармақшасының 4 абзацында көрсетілген санат үшін қайтыс болу туралы куәлікті қоса бере отырып, өтініш (жақын туыстарының) негізінде азаматтарды жерлеуге 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      Павлодар облысы білім басқармасының "Тереңкөл ауданының білім беру бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұсынатын тізімге сәйкес жетім балаларға 6 (алты) АЕК мөлшерінде;

      Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Тереңкөл аудандық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын ұсынатын тізім негізінде адамның иммун тапшылығы вирусы ауруымен ауыратын адамдарға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Тереңкөл аудандық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын анықтамасын, Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, қоса бере отырып, өтініш негізінде қатерлі ісіктен зардап шегетін және диспансерлік есепте тұрған адамдарға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      ауруды растайтын дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде "қант диабеті"ауруымен ауыратын адамдарға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      ауруды растайтын дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы, Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде дәнекер тінінің жүйелі зақымдануынан зардап шегетін адамдарға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      3) тоқсан сайынғы әлеуметтік көмек:

      осы Қағидалардың 8-тармағы 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін (тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге) өтініш негізінде 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      4) ай сайынғы әлеуметтік көмек:

      Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға гемодиализ орталығына жол жүруге 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағы 7) тармақшасының 2, 3 абзацтарында көрсетілген санаттар үшін (өзіне-өзі қызмет көрсетуге қабілетсіз және денсаулық жағдайы бойынша тұрақты көмекке мұқтаж, еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалары (жұбайы) жоқ, ата-анасын (зайыбын) асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті мүгедектігі бар адамдарға, немесе объективті себептер бойынша оларға тұрақты көмек және күтімді қамтамасыз ете алмайтын жақын туыстары бар адамдарға (егде жасқа байланысты, бірінші, екінші топтағы мүгедектігі, онкологиялық, психикалық аурулары бар, бас бостандығынан айыру орындарында немесе елден тыс тұрақты тұруға кетті немесе басқа елді мекенде тұрады), Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 3 (үш) АЕК мөлшерінде;

      Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу аяқталу мерзіміне дейін тамақтануға, тұруға және жол жүруге 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      аудан әкімі, жоғары оқу орнының басшысы және өтініш беруші қол қойған білім беру қызметтерін көрсетуге арналған үшжақты шарт және жеке басын куәландыратын құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқудың нақты құны бойынша оқуды аяқтау мерзіміне дейін оқуға;

      Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Тереңкөл аудандық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын ұсынатын тізім негізінде амбулаториялық емдеудегі туберкулез ауруымен ауыратын адамдарға 15 (он бес) АЕК мөлшерінде;

      Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Тереңкөл аудандық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын ұсынатын тізім негізінде адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған және диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне немесе адамның иммун тапшылығы вирусымен ауыратын балаларға тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде.

      10. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табысы бар адамдарға көмек көрсетеді:

      бір жолғы әлеуметтік көмек:

      осы Қағидалардың 8-тармағы 9) тармақшасының 4, 8 абзацтарында көрсетілген санаттар үшін қатты отын сатып алуға (жылыту маусымы кезеңіне көрсетіледі) Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде 15 (он бес) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағы 9) тармақшасының 7 абзацында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде 25 (жиырма бес) АЕК мөлшерінде;

      ай сайынғы әлеуметтік көмек:

      осы Қағидалардың 8-тармағы 9) тармақшасының 2 абзацында көрсетілген санат үшін шағын орталықта және мектепке дейінгі балалар мекемесінде балаларды асырап-бағу үшін ата-ана төлемақысының шығыстарын өтеуге Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде 3 (үш) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағы 9) тармақшасының 2 абзацында көрсетілген санат үшін оқудың нақты құны бойынша оқуды аяқтау мерзіміне дейін жоғары оқу орнында оқу ақысын төлеуге Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды және аудан әкімі, жоғары оқу орнының басшысы және өтініш беруші қол қойған білім беру қызметтерін көрсетуге арналған үш жақты шартты қоса бере отырып, өтініш негізінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағы 9) тармақшасының 2 абзацында көрсетілген санат үшін оқу мерзімі аяқталғанға дейін оқу кезеңінде тамақтануға, тұруға және жол жүруге 10 (он) АЕК мөлшерінде Үлгілік қағидалардың 12-тармағы 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағы 9) тармақшасының 10 абзацында көрсетілген санат үшін балалар тамағына Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Тереңкөл аудандық ауруханасы" коммуналдық кемлекеттік кәсіпорыны ұсынатын тізім негізінде 5 (бес) АЕК мөлшерінде.

      11. Алушылардың жекелеген санаттары үшін мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері облыстық ЖАО келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Атаулы күндер және мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша мынадай құжаттарды қоса бере отырып, өтініш береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);

      3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:

      дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;

      әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;

      жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болу фактісін растайтын құжат;

      жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;

      жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      14. Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      15. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      16. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      17. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.

      18. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      19. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      20. Өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Үлгілік қағидалардың 15 және 16-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар қабылданған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      21. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      22. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтінішберуші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтінішберуші бас тартқан, жалтарған;

      3) тұлғаның (отбасының) жанбасына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектенартық болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуге арналған шығыстарды қаржыландыру ағымдағы қаржы жылына арналған Тереңкөл ауданының бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер

      24. Әлеуметтiк көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Тереңкөл ауданының шегiнен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;

      4) алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      25. Артық төленген сомалар ерiктi немесе сот тәртібімен қайтарылуға жатады.

5-тарау. Қорытынды ереже

      26. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi және есепке алу уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргiзедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады