Алматы қаласының жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 4 тамыздағы № 3/425 қаулысы. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2023 жылғы 7 тамызда № 1732 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Заңының 4-бабы 9-16) тармақшасына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Алматы қаласының жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Әкімнің міндетін атқарушы А. Амрин

  Қаулыға қосымша
Әкімнің міндетін атқарушы
2023 жылғы 4 тамыздағы
№ 3/425

Алматы қаласының жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу
және пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Алматы қаласынның жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Заңының 4-бабы 9-16) тармақшасына сәйкес әзірленді және Алматы қаласының жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және пайдалануды тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғым пайдаланылады:

      1) басқарушы компания – жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енізу және пайдалану функцияларын жүзеге асыратын компания.

2-тарау. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізудің
мақсаты және міндеттері

      3. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізудің мақсаты Алматы қаласының тұрғындары үшін көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету, оның ішінде көше-жол желісінің өткізу қабілеттілігін жоғарлату, апаттық жағдайларды азайту, қоғамдық көліктің жұмыс істеу тиімділігін арттыру болып табылады.

      4. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесінің міндеттері:

      1) көлік жүйесінің пайдалану тиімділігін арттыру;

      2) жолдағы ыңғайлық пен жайлылықты арттыру;

      3) жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      5. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу, пайдалану және басқару басқарушы компаниямен жүзеге асырылады.

3-тарау. Басқарушы компанияның функциясы

      6. Басқарушы компания:

      1) жол жүрісін ұйымдастыру және жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесі мәселелері бойынша жолдарды қайта жаңғырту және салу кезінде техникалық шарттарды әзірлеу және келісуді;

      2) тұрғын үй объектілерін, коммерциялық жылжымайтын мүлікті, өндірістік кәсіпорындарды, өзге де инфрақұрлым объектілерін қайта жаңғырту мен салуды ескере отырып, көше-жол желісіндегі жол жүрісін қолданыстағы және болжамды ұйымдастыруды көліктік талдауды;

      3) жаңадан әзірленетін және енгізілетін жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесінің техникалық ерекшеліктерін әзірлеу мен келісуді;

      4) жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесімен біріктіруді жүзеге асырады.

4-тарау. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуге
қойылатын талаптар

      7. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу тәртібі:

      1) техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу;

      2) жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу;

      3) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу;

      4) тестік сынаулар;

      5) жол жүрісін басқару жүйесін пайдалануға енгізу.

      8. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу туралы шешім қабылдағанға дейін басқарушы компания:

      1) көше-жол желісінің паспорттарына;

      2) көше-жол желісін құру және қайта жаңғырту жоспарына;

      3) көлік түрлері мен көлік құралдарының түрлері бойынша қозғалыс қарқындылығы мен жылдамдығы туралы алдын ала деректеріне;

      4) жолаушыларды тасымалдаудың жоспарлы сызбанұсқасы мен жолаушылар ағынының статистикасына;

      5) жол қозғалысының қиындау және жол-көлік оқиғаларының ошақтары бойынша статистикасына;

      6) интелектуалды көлік жүйесін енгізу аймағының топологиялық картасына;

      7) көше-жол желісі учаскелерінің өткізу қабілеттілігіне сұраныс сызбасына зерттеу жүргізуі тиіс.

5-тарау. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін
пайдалануға қойылатын талаптар

      9. Интеллектуалды көлік жүйесінің орталық және перифериялық жабдығын күтіп-ұстау, пайдалану, ағымдағы және жоспарлы жөндеу жұмыстары өндіруші зауыт нұсқаулықтарына сәйкес қамтамасыз етілуі тиіс.

      Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйе объектілерін ұзақ мерзімді пайдалану мақсатында жабдықтың толығымен қолданыста болу кезеңіндегі олардың тұрақты функционалдық жарамдылығы қамтамасыз етілуі тиіс.

      10. Орталық және перифериялық жабдықты ағымдағы және жоспарлы жөндеу жұмыстарын басқарушы компания жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады