Қазығұрт ауданында тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы

Жаңа

Түркістан облысы Қазығұрт аудандық мәслихатының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы № 9/55-VIII шешiмi. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2023 жылғы 21 желтоқсанда № 6426-13 болып тiркелдi

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 1-тармағының 15) тармақшасына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 97-бабының 5-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына сәйкес, Қазығұрт аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Қазығұрт ауданында тұрғын үй көмегiн көрсетудің мөлшерi мен тәртібі айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Қазығұрт аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихат хатшысының
      міндетін уақытша атқарушы Д. Кубеев

  Қазығұрт аудандық мәслихатының
2023 жылғы 20 желтоқсандағы
№ 9/55-VIII шешіміне 1 қосымша

Қазығұрт ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазығұрт ауданында тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғын жайы ретінде меншік құқығында тұрған тұрғын жайда тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасының (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырылады.

      3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 226 "Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20498 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен есептейді.

      4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді орган 10 пайыздан асырмай белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес пайдалы алаң, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.

      5. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің өсуін өтеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне сәйкес "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын қабылдаған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      7. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде шығыстар сметасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шоттары бойынша жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      8. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      9. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 10 – күніне дейін жүзеге асырады.

  Қазығұрт аудандық мәслихатының
2023 жылғы 20 желтоқсандағы
№ 9/55-VIII шешіміне 2 қосымша

Қазығұрт аудандық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1) Қазығұрт аудандық мәслихатының "Қазығұрт ауданы бойынша тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы" 2019 жылғы 22 қарашадағы № 51/315-VI шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5265 болып тіркелген);

      2) Қазығұрт аудандық мәслихатының "Қазығұрт аудандық мәслихатының 2019 жылғы 22 қарашадағы № 51/315-VI "Қазығұрт ауданы бойынша тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2020 жылғы 21 шілдедегі № 60/369-VI шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5742 болып тіркелген);

      3) Қазығұрт аудандық мәслихатының "Қазығұрт аудандық мәслихатының 2019 жылғы 22 қарашадағы № 51/315-VI "Қазығұрт ауданы бойынша тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2022 жылғы 6 сәуірдегі № 24/106-VIІ шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27532 болып тіркелген);

      4) Қазығұрт аудандық мәслихатының "Қазығұрт аудандық мәслихатының 2019 жылғы 22 қарашадағы № 51/315-VI "Қазығұрт ауданы бойынша тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2023 жылғы 25 мамырдағы № 4/25-VIІІ шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6300-13 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады