Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Түркістан облысы Отырар аудандық мәслихатының 2023 жылғы 13 қазандағы № 6/41-VIII шешiмi. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2023 жылғы 20 қазанда № 6382-13 болып тiркелдi

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабына сәйкес Отырар аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Отырар аудандық мәслихатының төрағасы У. Ұзақов

  Отырар аудандық
мәслихатының 2023 жылғы
13 қазандағы № 6/41-VIII
шешіміне 1 қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына (бұдан әрi – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – Отырар ауданның әкімдігінің (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Отырар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мерекелік күндерге әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына бір рет ақшалай төлем түрінде көрсетіледі:

      1) 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні:

      көпбалалы аналарға, оның ішінде:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған-біржолғы 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні:

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, 1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі – КСР Одағы) ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – бір реттік 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе соғыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттердегі соғыс қимылдары кезінде қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе жаралану, контузия алу, мертігу, ауыру салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына – біржолғы 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы (бұдан әрі Чернобыль АЭС) апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы обьектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға (Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға) – бір реттік 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына – біржолғы 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – біржолғы 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – біржолғы 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарға – біржолғы 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға – біржолғы 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – біржолғы 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне – біржолғы 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге – біржолғы 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, жарақат алуы салдарынан не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған бұрынғы КСР Одағы мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – біржолғы 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған азаматтарға – біржолғы 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына – біржолғы 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға – біржолғы 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – біржолғы 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – біржолғы 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – біржолғы 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне, "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылатын және бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының ордендерімен немесе медальдарымен наградталған не бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының құрметті атақтарына ие болған, не Қазақстан Республикасының құрмет грамоталарымен наградталған, не Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен наградталған адамдарға – біржолғы 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарына, соларға теңестірілген адамдарға және еңбек ардагерлеріне санаторий-курорттық емделуге – біржолғы 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарына жол жүру шығындарын өтеу үшін:

      ТМД елдеріне – біржолғы 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының аумағында – біржолғы 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына сондай-ақ зейнеткер болып табылатын саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдарға:

      Саяси қуғын-сүргін құрбандарына, мүгедек болып қалған және зейнеткер болып табылатын, саяси қуғын-сүргіндер салдарынан зардап шеккен адамдарға тұрғын үйді ұстау, коммуналдық қызмет көрсетулер (орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтілерге қызмет көрсету) үшін, телефонды пайдаланғаны үшін, қалалық жолаушылар көлігінің барлық түрімен (таксиден басқа) жүруге және теміржолда, су, әуе, қалааралық көліктер жылына бір рет жүруге жұмсалатын шығындарды төлеу үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы– біржолғы 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) басылымдарға жазылу үшін – Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарына бір жолғы 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға, батыр аналар, мүгедектігі бар адамдарға, мұқтаж жауынгер-Ауғандықтарға, Чернобыль АЭС-ның апатын жоюға қатысушыларына, біржолғы 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жартыжылдықта бір рет;

      6) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:

      үйде оқып және тәрбиеленіп жатқан мүгедектігі бар балаларға – 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) 25 қазан - Республика күні:

      ең төмен мөлшердегі зейнетақы алушылар ішінен зейнеткерлік жастағы адамдарға – 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлерге – бір реттік 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - Түркістан облысы Отырар аудандық мәслихатының 29.03.2024 № 13/76-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.

      6. Мұқтаждардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі:

      1) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өрт оқиғасы орын алған мекенжайда тұрақты тіркеуде тұратын азаматтарға (отбасыларға) жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай-біржолғы 400 (төрт жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;

      2) адамның вирустық иммун тапшылығын (бұдан әрі – АИТВ) жұқтырған және диспансерлік есепте тұрған балалардың немесе АИТВ-мен ауыратын балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде ай сайын тағайындалады.

      3) АИТВ-мен ауыратын адамдарға әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде біржолғы;

      4) туберкулезбен ауыратын амбулаториялық емдеудегі адамдарға әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген, жан басына шаққандағы орташа табысы өтініш жасалған тоқсанның алдындағы облыс бойынша белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын отбасыларға, табыстарын есепке алмай Қазақстан Республикасының жоғары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімдерінде оқитын жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – біржолғы 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;

      6) әлеуметтік мәні бар аурулардың айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі деп танылған мүгедектігі бар азаматтарға – біржолғы 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;

      әлеуметтік мәні бар ауруларға жатпайтын өте сирек кездесетін аурулармен (ағзадағы тамырлардың тарылуы - "Даун" синдромы) ауыратын мүгедектігі бар адамдарға – бір реттік 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;

      7) жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын жалғызілікті қарт адамғарға – біржолғы 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;

      8) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға – біржолғы 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;

      9) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға – біржолғы 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - Түркістан облысы Отырар аудандық мәслихатының 29.03.2024 № 13/76-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.

      7. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Түркістан облысы әкімдігінің келісімі бойынша біріңғай мөлшерде белгіленеді.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмектен бас тарту, тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Отырар аудандық
мәслихатының 2023 жылғы
13 қазандағы № 6/41-VIII
шешіміне 2 қосымша

Күші жойылған кейбір шешімдердің тізбесі

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" Отырар аудандық мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы № 56/267-VI шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5699 болып тіркелген);

      2. "Отырар ауданының мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы № 56/267-VІ "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Отырар аудандық мәслихатының 2021 жылғы 23 желтоқсандағы № 11/62-VII шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26599 болып тіркелген);

      3. "Отырар ауданының мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы № 56/267-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Отырар аудандық мәслихатының 2022 жылғы 28 қыркүйектегі № 19/111-VII (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29888 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады